Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғыз­бау мәселелері туралы, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт, нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.
«Келешек» білім беру бағдарламасы енгізіледі
304
оқылды

Кейбір заңнамалық актілерге ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері туралы заң жобасы жөнінде Мәдениет және ақпарат минис­трі Аида Балаева баяндады. Ол түзетулер Президенттің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы» Жарлығына сәйкес әзірленгенін және үш үлкен ба­ғыт­ты қамтитынын айтты. 

– Заң жобасы министрліктің құзыретін заңнамалық тұрғыдан шамадан тыс реттеу мәселесін шешеді. Атап айтқанда, бұрын заңнамаға сілтенетін министрліктің мойнындағы төл міндет­терді, соның ішінде ішкі процедураларға және басқа мемлекеттік органдармен қарым-қатынас мәселелеріне қатысты нормалар енді министрліктің ережесімен реттелетін болады. Сонымен қатар заң жобасы креа­тивті өндірісті қолдаудың нақты шараларын көздейтін мемлекеттік саясатты анықтайтын өзгерістерді ұсынады,  – деді министр.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Құдайберген Бексұлтанов заң жобасында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесінің қызметін құқықтық тұрғыда реттейтін нормалар көзделгенін атап өтті. Президент Жолдауындағы тапсырмаларды орындау мақсатымен дайындалған жүйе ата-аналарға балаларының білім алуына капитал қалыптастыру үшін қаржылық қолдау көрсету­ге арналған. «Келешек» жүйесі ата-аналарға мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушы банктен шот ашуға мүмкіндік береді. 5 жасқа толған балалардың шотына мемлекет бюджеттен 60 АЕК, жетім балаларға 120 АЕК мөлшерінде біржолғы бастапқы білім беру капиталын төлейді. 

Ата-аналар баланың шотына жыл сайынғы ең төменгі жарнаны салып отыруы қажет. Оның көлемі әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары үшін – 12 АЕК және қалғандарына – 24 АЕК. Бұл ретте салымдарға мемлекеттік сыйлықақы қосылады, ол инфляцияны ескере отырып, жинақтың өсуіне ықпал етеді. Жинақ барлық бала үшін 5 пайыз, әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары үшін 7 пайыз.

Қаражатты шетелде оқуға да пайдалануға, білім беру грантын иеленген жағдайда басқа білім деңгейін алуға, тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады. Егер жыл сайынғы жарна талаптары орындалмаса, салымшы келісімшартты бұзса, бала азаматтығын ауыстырса, мемлекеттен бөлінген бастапқы капитал бюджетке қайтарылады. 

Бұдан соң Мәжіліс дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов заң жобасын қабылдаудың мақсаты – дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшін ең төменгі жас­ты белгілеу, аккредиттелген спорт федерацияларының мәртебесін республикалық және өңірлік федерациялардан ұлттық федерацияларға өзгерту, басым спорт түрлерін қаржыландыру және спорт түрлерін саралау жүйесін алып тастау екенін атап өтті. Сондай-ақ түзетулер аясында жоғары жетістіктер спорты деген түсінік еніп, оған кіретін спорт түрлері нақтыланды. Бұл  – Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпия, Азия және Параа­зия ойындары бағдарламасына енгізілген спорт түрлері мен ұлттық спорт түрлері. 

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Нартай Сәрсенғалиев түзетулерде спорттық медицинаны дамытуға, спортшыларды даярлау стандарттарын әзірлеуге және бекітуге, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбауға бағытталған нормалар көзделгенін айтты. 

– Легионерлерге мемлекеттің бюджетінен де, квазимемлекеттік сектордың бюджеті есебінен де қаржы бөлуді тоқтату туралы норма қабылданды. Оған қоса, бюджет қаржысының нақты қайда жұмсалуы керектігі айқын жазылды. Ерекше жандарға көрсетілетін ерекше көмек «спортшыны алып жүретін адам» түсінігімен заңға енгізіліп, оның шығындарын өтеу жолы да нақ­тыланды, – деді депутат қосымша баяндамасында.

Депутат, «AMANAT» пар­тия­сы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібекұлы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында еліміздің туристік әлеуетіндегі мәселелерді көтерді. 

«Соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Мұндай түйт­кілді мәселе «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында да қарастырылған. Түркістан облысының Теріскей аумағының бүгінгі халі мүшкіл. Мұнда Қызылкөл демалыс аймағы болатын. Аудан орталығынан небәрі 40 шақырым қашықта жатқан Қызылкөл туристерден босамайтын. Дегенмен бүгінде көлдің суы тартылып қалды. Мұның соңы экологиялық апатқа әкеп соғуы мүмкін. Осы орайда Қызылкөл санаторийін қайта жаңғырту керек деп есептеймін. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Құмкент ауылдық округін қалыптасқан жағдайға байланысты экологиялық аумақ деп танып, ауыл азаматтарына өтемақы төлеуді, Созақ ауданының туристік әлеуетін нығайтуды сұраймын», – деді депутат.

Ал келесі депутат Сергей Понамарев Премьер-министр Олжас Бектеновке бұқаралық спортты дамыту мәселесін кө­теріп, депутаттық сауал жолдады. 

«Үш ай бұрын Олимпиада ойындары аяқталды, бұл Қазақстандағы спорттың жай-күйіне наразылық туғызды. Алда жаңа ойындар, Әлем чемпионаттары мен кубоктары күтіп тұр. Бүгінде  басты сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Бұқаралық спортты дамыту үшін төрт жыл бұрын «Артспорт» бағдарламасы іске қосылды, идея жақсы, бірақ іске асыру көп шу шығарды. Са­йып келгенде, әлеуметтік осал балалар үйлесімді даму мүм­кін­дігінсіз қалды. Ал «Артспорт»  бағдарламасы сәтсіздікке ұшырады. Осыған байланысты, біз қысқа мерзімде өңірлік бағдарламалардың жұмысына бірқатар өзгерістер мен түзетулер енгізуді ұсынамыз. Біріншіден, бақылауды күшейту үшін есепке алудың техникалық мүмкіндігін табу, жеткізушілермен жасалған шарттарға жаттықтырушылар мен нұсқаушылардың біліктілігіне қойылатын талаптарды, үй-жайлардың өлшемдері мен жабдықталуын сұраймыз», – деді С.Понамарев.