Қазір бармағынан бал тамған аспаздар қатары жастармен толығып жатыр. Әсіресе, жаңа буынның ішінде ұлдардың жиі кездесуі бұл саланың сұранысқа ие екенінің дәлелі болса керек. Мәселен, Нұржан Дүйсен аспаз болуды 10 жасынан бастап армандаған.
Нұржан «Мишлен»  жұлдызын иеленгісі келеді
641
оқылды

Ол осы күнге дейін Астанадағы «Қазжол Астана» қонақүйінде және Delish кофеханасында тәтті тағамдар әзірлеп, тәжірибе жинақтаған. Бозбаланың бір күнде 200 круассан пісірген кезі де болыпты. 

Нұржан – Жаңаөзен қаласының тумасы. 9-сынып­ты бітірген соң Маңғыстау жастарына арналған «Жарқын Болашақ» бағдарламасының қатысушысы атанады. Кейін елордадағы Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжіне оқуа түсіп, кәсіби білімін жетіл­дірді. «Аспаз-кондитер» мамандығында оқитын жас өреннің «аспаздықты меңгерсем» деген ынтасы бала кезден басталып, білікті маман болуға жетеледі.

– Отбасында бес ағайындымыз. Үйдің тұңғышы­мын. Әкем мен анам күні бойы жұмыста болған соң үй шаруасына үлгере бермейтін. Балалардың үлкені болғандықтан анам маған жылдам дайындалатын тағамдарды әзірлеуді үйреткен еді. Одан кейін өзім де интернет ақтарып, түрлі тағамның дайындау тәсілін меңгере бастадым. Қазір 16 жастамын, – дейді сту­дент. 

Нұржан 9-сыныпты аяқтаған соң Жаңаөзен поли­техникалық колледжіне аспаз мамандығына құжат тапсырған. Алайда сол уақытта анасы мен туыс аға­ларынан «Жарқын Болашақ» бағдарламасымен Астанаға тегін оқуға түсуге болатынын естіп, бағын сынап көруді шешкенін айтты.

– Әкем алғашында қарсы болды, бірақ анам мен ағаларым осы бағдарламаға тапсырып көруге кеңес берді. Бағдарлама ұйымдастырушыларынан толық­қанды ақпарат алып, құжат тапсырып, грант иегері атанғанымды естіп қатты қуандым, – дейді ол.

Аспаздықты үйрену жолындағы ең есте қаларлық тәжірибесі ретінде Нұржан  «Қазжол Астана» қонақ­үйінде көмекші болған кезін айтады. Ол қонақүй мейрам­­ханасында бір күнде ең көп круассан дайын­дапты. 

– Сабақтан тыс уақытта колледждегі кондитер цехына барып, тағамдарды әзірлеу барысын бақылаймын. Ал жазғы демалыста фаст-фуд өнімдерін дайындайтын дәмханада қызмет етіп, табыс таптым. Көпке танымал Delish кофеханасында бірнеше рет тәжірибеден өтіп, десерттерді безендіру тәсілін үйрендім. Ыстық цехта да машығымды шыңдадым, – деп жиған тәжірибесімен бөлісті студент. 

Нұржанның Астанада аспаздық машығын шыңдап, танымал мамандардан тәжірибе алуына мүмкіндік берген – «Жарқын болашақ» бағдарламасы «ҚазМұнайГаз» бен Samruk-Kazyna Trust компания­лары. Жоба аясында Маңғыстау өңірінің 12-22 жас аралығындағы жастары еліміздің алдыңғы қатарлы білім ордаларында грантқа оқуға түсіп, арнайы шәкірт­ақыға ие бола алады. 

Нұржан оқуын сәтті аяқтаған соң халықаралық деңгейдегі қонақүйлерде қызмет еткісі келеді. 

– «Мишлен» жұлдызын иеленген аспаздарды үнемі қадағалап отырамын. Болашақта өзім де ерекше рецептер тауып, жаңа тағам түрін ойлап тапқым келеді. Француз аспазшысы Седрик Гроле сияқты бесжұлдызды қонақүйде қызмет етіп, кондитер үйін ашсам деген арманым бар, – деп сөзін түйіндеді болашақ аспаз.

С.БЕГІМБАЙ