Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қиын жағдайға тап болған отбасылардың несиесі кешіріліп, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды, халықтың несиеге тәуелділігін төмендету бойынша жаңа заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр.
«Қарызсыз қоғам» жаңа қаржылық мәдениет қалыптастыруда
619
оқылды

Дегенмен күрделі әлеуметтік мәселені шешу үшін қоғамда жаңа «қаржылық мәдениет» қалыптастыру маңыздылығы туындады. Осы орайда «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру жөнінде тың бастама көтерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны қолдап, «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында оның ауқымын жалпыхалықтық деңгейге шығаруды тапсырды.

Бұл жұмысқа Үкімет пен Ұлттық банк қосылды. Жобаның ауқымын кеңейту туралы тиісті органдармен арнайы меморандум әзірленді. Құжат аясында 9 мемлекеттік орган, 12 банк, Қазақстан Қаржыгерлерінің қауымдастығы және Микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы жобаны іске асыруға қосылды.

Азаматтарға консультациялық көмек көрсету үшін барлық өңірде «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселері құрылды. Мұнда арнайы мамандар қарызға белшеден батып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетіліп, қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйретіп жатыр.

Жалпы, жоба былтырғы жылы еліміздің 8 өңірде бастау алып, 65 мыңнан астам адам қаржылық сауаттылығын арттырды. Барлық аймақтағы азаматтар бұл жобаға қолдау білдіріп, оны жалғастыруды сұрады. Нәтижесінде, биыл еліміз бойынша 800 мыңға жуық адамды оқыту жоспарланды. Бұған қоса, мектеп, колледж және жоғары оқу орнына арналған оқу құралдары әзірленеді. Бұл қадам 100 мыңға жуық студент пен 450 мың жоғары сынып оқушыларының сауатын арттыруға мүмкіндік береді.

Облыстағы жұмыстарға келсек, қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан бөлек азаматтарға сарапшылар мен заңгер тарапынан курстарға қатысушылармен жеке консультациялар өткізіліп, оларды жұмысқа орналастыру бойынша enbek.kz порталына тіркеуден бастап олардың банктермен борыштық сұрақтарын реттеу, жеке кәсіп ашу, бизнес жоспарлар даярлау, депозиттер ашу, отбасылық бюджетті құрау және тағы басқа жұмыстар атқарылуда.

Сондай-ақ азаматтарға «Стоп кредит» қызметін пайдалану түсіндірілуде. Жоба басталғалы облыста курстарға қатысушы 3 400 азаматпен осындай жұмыстар жүргізілді.

Сонымен бірге биыл тамыз айында қаржылық сауаттылық курстарының мектептер мен колледждерде және жоғарғы оқу орындарында басталуына орай, облыс бойынша 5 университет, 30 колледждер оқытушылары мен 278 мектеп мұғалімдері арнайы курстардан өтіп, сертификаттар алды.

Биыл Қызылорда облысы бойынша 11 мың азаматты оқыту жоспарланса бүгінге дейін олардың 86 пайызы оқу курсынан өтті. Оқу курстары жыл соңына дейін жалғасады.

Әсет ҚАЛИ