Ұлтымыздың өсіп-өркендеуін мақсат тұтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс деп халыққа түйін сөз тастайды.
Азаматтарымыз өмірге деген байсалды және байыпты көзқараста болуы керектігіне назар аударып, сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті және арлы адамдарымыз көп болуы қажет екенін үнемі айтып, басымдық беріп отыр. Президенттің байламды тұжырымының түпкі мәні – өзгерістердің өміршеңдігін көргіміз келсе, Әділетті Қазақстанды құру идеясына адалдық танытып, салмақты пікір, сара тұжырым жасай білуімізге жетелейді, ұлтымыздың жаңа сапасы боп түзілуімізді меңзейді.
Ел Президенті күнделікті міндеттерден бөлек, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарға ден қоюымыздың мәні зор екенін айтты. Уақытпен санаспай жұмыс жүргізетін, әрбірімізден енші-үлесімізді талап ететін басты нәрсе – бұл қоғам тәрбиесі. Біз құруға талпынып жатқан жасампаз қоғамның құндылықтарын бойымызға сіңіріп, жаңа саяси мәдениет жағдайына сай болуымыз үшін – жаңа қоғамдық этика жүйесіне адал болуымыз тиіс. Әр ісімізге, әр сөзімізге лайықты болып жауап бермей, Әділетті қоғам құру мүмкін емес екені айқындалып келеді.
Елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түсіп жатқан бүгінгідей ұлы өзгерістер кезеңінде мемлекетшілдік ұстанымға айнымастай берік болуымыз керек-ақ. Ел тізгінін ұстап, халқымыздың жүгін қайыспай көтерген Мемлекет басшысына жәрдем көрсетуімізді елдіктің белгісі деп білуіміз қажет.
Жаратқаннан түскен Құран Кәрімде «Адамды құт иесі қылдық» делінеді. Ақиқат сөздің мәнін ашқан ислам ғұламалары адам – өз ісінің жаратушысы екенін айтады. Бәріміздің пендеге тән артық-кемді қылықтарымыз, мінездеріміз болғанымен, елдің қамы, ұлттың болашағы дегенде аярлық танытуымыз, қайрат көрсетпеуіміз – ең әуелі азаматтығымызға сын. Еліміздің өркенді дамуында бізге білек пен жүректің күші ғана емес, байсалды ақыл, терең білім де қажет екенін білуге тиіспіз.
Қазір біз ғаламтор дейтін тегеуірінді күштің құрығында өмір сүріп келеміз. Адамды адамға айдап салған, әлсізді келеке-мазақтың астына алған, дұрысты бұрыс етіп көрсетіп, елдің ықыласын өзіне аударған шақтың куәгері болып отырмыз. Кімнің кім екенін анығына жетіп, ажыратып алу аса қажет болып тұрған қазіргі кезеңде біреудің айтағына еріп кетпес үшін де білімді болуың керек. Зейінді адам дәйекті дәлелдерге ғана сүйенеді, ақиқат туын көтергендер біреуге орынсыз күйе жақпайды, байыпты тұжырым жасауға қабілетті болады және қоғамға ненің пайдалы екенін дөп басып білетін қасиетке ие болып табылады.
Ақиқат жолы – оңай жол емес екенін айтқан Мемлекет басшысы шындық пен шынайылық қоғамда басты қағида болуы керектігіне баса мән берді. «Ақпарат арнасы адалдық алаңына айналуға тиіс. Бұл келісім ашықтық, сенім және адалдық қағидаларына негізделуі қажет. Әр азамат, әр маман өз ісіне адал болса, қоғамның сенімі артады. Ал сенім мен адалдық – Әділетті қоғамның басты құндылықтары», – деген болатын Мемлекет басшысы.
Қоғамдық этиканы заң жүзінде бекіту мүмкін емес, ол адамдардың бір-біріне деген ара қатынасы, ол – терең түсіністікпен, бұқара санасының өзгеруімен, рухани құндылықтар жүйесінің қатысуымен орнығатын қасиет.
Адалдықты басымдық етіп белгілеген қоғам бөлінбейтін біртұтас ұлт болып қызмет етуге бекініп, ұлттық және мемлекеттік мүдде тұрғысынан іс-қимыл жүргізеді. Мұндай елдің саяси жағынан тұрақтылығы айқындалып, ашықтыққа негізделген демократиялық принциптері беки түседі. Ішкі бірлігіміз алға жылжуымыздың кепілі болып, әлеуметтік әділдіктің орнығуына септеседі. Халқымыздың қанына сіңген жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттер біздің ұлттық ерекшелігіміз болып қала береді.
Белгілі ғұлама әл-Фарабидің еңбектерінен асқан қайырымдылық пен мейірімділікке тәрбиелейтін еңбек жоқ. Ғұлама алысқа көз жүгірте отырып, өз заманындағы, қоғамдағы іс-әрекеттерді бағамдай келе адамдар бір-біріне қайырымдылық, жанашырлық жасауы арқылы мейірімділікке, адал болуға шақырады, адал бола отырып ұлы қоғам құруға болатынын еңбектерінде жазады. Әділ басшы болудың бірнеше қасиетін ажыратып талдайды.
Жеке жауапкершілігін жіті сезінетін азамат тәрбиелеу – барша қоғам болып атқаратын абыройлы міндет болуы шарт. Бұл жөнінде Президент: «Әділдік пен жауапкершілік – тығыз байланысты ұғымдар. Басқаша айтсақ, жауапкершілік болмаса, әділдік те болмайды. Әркім өз ісіне, міндетіне жауапкершілікпен қараса, жеке азамат та, бүкіл ел де табысқа жетеді. Әділдіктің қуаты – осында», – деген болатын. Заң мен тәртіптің орнығуына бәріміз жауаптымыз. «Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуге тиіс. Барша азамат, барлық жерде, соның ішінде әлеуметтік желіде де заңды мүлтіксіз сақтауы керек. Заңға қайшы келетін, қоғамға іріткі салатын және арандатушылық пиғылдағы кез келген әрекетке қатаң тыйым салынады. Біз «жасампаз плюрализмді толық қолдаймыз, елге іріткі салатын радикализмге түбегейлі қарсымыз» деген қағидатты берік ұстанамыз», – деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Адалдықтың тағы бір маңызды өлшемі – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік. Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алатыны Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында айтылды.
Ақиқат сөздің алдаспаны болған хәкім Абай адам баласы естілердің сөзіне құлақ түре жүріп естілікке ұмтылатынын айтып кеткен болатын. Адам баласының ішкі рухани болмысы жүрек таразысына безбенделіп тұратын болса, ол имандылықтың белгісі деп атап көрсетіледі екен. Осы мақаламызға арқау етіп белгілеген адалдық ұғымы шын мәнінде Жаратқанның ұлы нығметі болған имандылықтан бастау алып тұрғанын байқаймыз.
Қоғамда баласын тастап кеткен ана, ата-анасын қарттар үйіне өткізетін бала табылып жататыны жасырын емес. Осы бір қазақ ұлтының қанында жоқ безбүйректік қоғамда көп болмаса да табылып жатқаны ойлантады. Тереңірек қарасаңыз, мәселе оңалту орталығымен, балалар үйімен, қарттар үйімен шешілмейді, ол уақытша ғана бассауғалау, уақытша мемлекет тарапынан қамқорлық. Ол жерде психологтер, мамандар бар. Әрине, жағдай да жасалған, ал күйзелген жанның жарасын кім емдей алсын. Осының бәрі адал ана, адал бала, адал әке құндылығының кеміп бара жатқандығы. Қорланған қыздар, кәмелетке толмағандар мәселесі – қоғамды ойландыратын күрделі мәселе. Заңға өзгеріс енгізіліп, заңның кейбір баптары қатаңдады. Әйелдер қанаты тарапынан заңды өзгертуге ұсынысымызды да бердік. Ол, әрине дұрыс, алайда қорқынышпен сананы өзгерте аламыз ба? Кешенді ұлттық тәрбие керек. Ата-әжесімен бірге тұрған баланың орны бөлек. Әже мен ата баланы еркелетіп қана емес, күнделікті жұмсап, еңбекке баулиды. Қанша дегенмен ата-ана жұмыста болған кезде әже мен ата балаға бас-көз болатыны сөзсіз. Қазақта «Әй дейтін әжесі жоқ, қой дейтін қожасы жоқ» деп бекер айтылмаған. Сөздің төркінінде көп пайым жатыр. Осының бәрі адалдық ұғымының сананың бір түкпірінде қалып қоюында, кейбір адамдардың рухани құндылыққа қарағанда материалдық құндылыққа көбірек иек артатынын көрсетеді.
Шәкірім Құдайбердіұлынан қалған көсемсөзде «Бәріне қанағат қыл да, еңбек қыл» делінсе, Шоқан Уәлихановтан қалған асыл сөзде «Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ» деп айтылады. Демек, адалдықты рухани қажеттілік деп тануымыз тиіс.
Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,
«AMANAT» партиясы
Түркістан облыстық филиалы
атқарушы хатшысының орынбасары,
облыстық мәслихаттың депутаты,
Әйелдер қанатының кеңесшісі