Алайда жаңа жобалармен қатар «сақалды құрылыс» пен «қызыл сызыққа» салынған нысандардың да саны артуда. Кемшіліктерді түзетіп, олқылықтардың орнын толтыру бағытында Жамбыл облысында ауқымды шаралар қолға алынған. Бірақ «қызыл сызыққа» салынған нысандар әлі күнге көзге шыққан сүйелдей болып тұр.
Сәулет және қала құрылысы басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, бүгінге дейін облыс көлемінде 93 «қызыл сызықтағы» нысан анықталған екен. Оның 91 заң талаптары бойынша сүрілсе, 2 нысанға сот үкімі енді шыққан. Аталған екі нысанның қожайынына да заңсыз ғимаратты өз есебінен сүру міндеттелген. Бұдан бөлек, 38 дүңгіршек заңдастырылған.
– Кейінгі жылдары бұл бағыттағы жұмыстарды күшейттік. «Қызыл сызықтың» үстіне салынған нысандар көп жағдайда Тараз қаласы мен моноқалаларда кездеседі. Жіті тексерістердің нәтижесінде 91 нысанды сүріп отырмыз. Енді жуырда тағы 2 нысан сүріледі. Бұдан бөлек, келер жылдың наурыз айында тағы тексеріске шығамыз. Сол кезде заңсыз нысандардың тағы құрылысы анықталатын болса, ол ғимараттарды да заң шеңберінде сүреміз. Біздің алдымызда ең бірінші кәсіпкерлерді тәртіпке шақырып, заң бәріне ортақ екенін ұғындыру мақсаты тұр, – дейді Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев.
Негізі, «сақалды құрылыс» пен «қызыл сызықтағы» нысандар бірнеше жылдың бедерінде билік өкілдерінің бас ауруына айналып келеді. Себебі заңсыз салынған немесе құрылысы тоқтап қалған нысандардың дені қалтасы қалың, «көкесі» мен «жәкесі» мықтылардың иелігінде болып келген. Сондықтан ол ғимараттарға басшылардың тісі бата бермейтін. Алайда Айтқазы Қарабалаевтың сөзіне сүйенсек, соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар күшейіп, «өзім білемге салғандар» сабасына түскен көрінеді. Оған дәлел ретінде басқарма бүгінде облыс көлемінде бірде-бір сақалды құрылыстың жоғын айтады. «Қызыл сызықта» тұрған нысандар да бұзылып бітіпті.
Әрине, батыл әрі кешенді шаралар болса, біраз тірлік ретке келетіні анық. Алайда облыс көлемінде бірде-бір «сақалды құрылыс» немесе «қызыл сызықтағы» нысан қалмады деп айту қиын. Себебі «бармақ басты, көз қыстымен» заңсыз құрылыс нысындары бүркемеленіп қалатыны анық. Десе де, тексеріс жұмыстары ерекше екпін алғаны қуантады. Бұл ретте Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің де атқарып отырған жұмысын ерекше атап өткен жөн. Шаһар басшысы биыл рұқсат құжаттары толық алынбастан салынып жатқан 130 нысанды анықтаған. Аталған нысандардың 10-ында «қызыл сызық» қағидасына байланысты мәселе көтерілген. Нәтижесінде, 6 нысанға айыппұл салынса, 4 нысанның тиісті бөлігін бұзу бойынша сотқа талап-арыз жолданған. Бүгінде Желтоқсан көшесі №118 мекенжайында орналасқан (М.Исламова) қайта жаңғыртылған кафе ғимаратының 2-ші қабатына жапсарлас құрылыс және Абай даңғылы №135 «А» мекенжайындағы (С.Садыбеков) сауда дүңгіршегі секілді 2 нысанды меншік иелерінің есебінен сүру бойынша тиісті шешімдер қабылданып, Тараз қаласының мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімі тарапынан атқару өндірістері қозғалып отыр. Осылайша, қала әкімі де заңсыз нысан құрылысын жүргізген кәсіпкерлердің мәселесін майшаммен қарап, қырғидай тиюде. Салынып қойған нысандарды бұзуға қатысты бұқараның пікірі екіге бөлініп отыр. Біреулері заң бәріне ортақ екенін айтып, әкімдік шешімін қолдаса, енді біреулері «нысанның құрылысы бітпей жатып кәсіпкерге неге ескерту жасалмаған» деп ішкі қынжылыстарын білдіруде. Алайда Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлерге қанша ескерту жасалса да, олар оны елемегенін алға тартуда.
«Бүгінде әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан «Кәсіпкерлік нысандарына неге алдын ала ескерту жасалмады?» деген сыңайда теріс пікірлер жазылуда. Осы ретте ерекше атап өтерлігі, С.Садыбековке көрсетілген мекенжайдағы жер теліміндегі рұқсат құжаттарын рәсімдемей, Абай даңғылының «қызыл сызық» бойында орнатылған сауда павильондарын өз есебінен бұзу туралы 2023 жылы 11 қазанда шығыс №09-1083 хабарламасы берілген. Ал 2024 жылы 26 ақпанда шығыс №09-179 хабарламасы қайтадан жолданған. Бұған қоса, меншік иесіне ҚР «Қазақстан Республикасындағы Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңының 17-бабы, 1-тармағы, 10-тармақшасының талабын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 323-бабына сәйкес хаттама толтырып, айыппұл салынды. Алайда С.Садыбеков тарапынан ешқандай шара қабылданбаған. Сол секілді М.Исламоваға қатысты да Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің 2023 жылғы 17 мамырдағы №09-454 хаты негізінде облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы арнайы тексеріс жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Соған байланысты хаттама толтырылып, әкімшілік айыппұл салынып, іс материалдары Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Бұл бұзушылықтарды жою туралы тиісті ұйғарым да шығарылды. Бірақ М.Исламова жоғарыда аталған шараларды елеместен рұқсат құжаттарынсыз құрылыс-монтаждау жұмыстарын жалғастыра берді. 2023 жылдың 19 қыркүйегінде Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі сотқа дейінгі реттеу шеңберінде М.Исламоваға қайтадан құрылыс жұмыстарын тоқтату және рұқсат етілмеген нысанның бөлігін бұзу туралы №09-298 хатты жолдады. Дегенмен кәсіпкер бұған да назар аудармай, құрылыс жұмыстарын тоқтатпаған», – дейді қала әкімдігінің өкілдері.
Әрине, мұндай жағдайда біреудікі дұрыс, әлде бұрыс деуден аулақпыз. Алайда жоғарыда аталған кәсіпкерлер қанша ескерту жасалса да, құрылысты тоқтатпауының басты себебі – қанатының астына алған бір қорғаушысының болғаны ғой. Соған сеніп, берерін беріп қойғаннан кейін алаңсыз ғимаратының құрылысын жүргізе берген. Ал енді жеме-жемге келгенде, кәсіпкер жер сипайын деп тұр. Қыруар қаржыға тұрғызып қойған нысанын бұзуға мәжбүр. Дәл сондай осы таңға дейін «қызыл сызыққа» салынып, бұзылған 100-ге жуық нысанның құрылысына да біреу рұқсат берді ғой. Кәсіпкер өздігінен ғимараттың орнын белгілеп, құрылысты бастап кетпегені анық. Сондықтан тексеріс тобына ең бірінші «қызыл сызықта» тұрған нысанды емес, оның құрылысына рұқсат берген жауапты адамды табу керек. Тек сол кезде тәртіп орнайды. Әйтпесе, кесірткенің құйрығын қанша кессең де, қайта өсіп шығатыны бесенеден белгілі нәрсе.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы