Жұрт мақтаған «жасыл көлік»

Көлік тізгіндегеннің қазіргі тренді – электромобиль. Әлем бойынша жылдан-жылға электромобильдерге сұраныс артып келеді.

Біздің елде де бұл көлікке қызығып жүргендер біршама. Биыл тіпті осы электрокарлардың саны 10 есеге өскен көрінеді. Осыған қарап болашақта көшеден тек электромобиль көрсеңіз таңғалмаңыз.

Отандық нарықтағы көшбасшылар кімдер?

Соңғы жылдары елімізде элек-т­ро­мобильдердің саны едәуір арт­қанын байқауға болады. 2019 жылы елде 200-дей ғана электрлі көлік бар болса, 2022 жылы олардың саны 570-ке жет­кен. Дегенмен қарқын еселене бер­ді, электромобильдер саны 2023 жыл­дың қорытындысында 7 680-ге, 2024 жылдың тамызында 10 700-ге жетті. Жаңа трендті алматылықтар тез қа­был­дап жатыр, 10 700 электрлі көліктің 6 300-і оңтүстік астана көшелерінде жүр­се, Астанада – 1 366 және Алматы об­лы­сында 522 электрлі көлік бар.

Алайда ұлттық статистика бюро­сы­ның есебінше, 2024 жылдың 1 мау­сы­мын­да Қазақстанда тіркелген авто­кө­лік­тер саны 5,4 миллионнан асты. Егер ша­малайтын болсақ, біз жоғарыда айт­қан 10 700 электромобиль елдегі жал­пы автокөліктер санының 1 пайы­зына да жетпейді. Сондықтан жаһандық трендте тұрған электромобиль саудасы Қазақстан нарығын толық билей қой­ған жоқ.

Қазақстанда кезіп жүрген элек­т­ро­мобиль­дің көбі шетелден импорт ар­қы­лы келген. Бірақ ресми сатылып жат­қан гибридті басқа модельдері де дес бермей жатыр. Гибридтің электр кө­ліктерінен айырмашылығы, оларда қай­та зарядталатын аккумулятор мен электр қозғалтқышы, сондай-ақ бен­зин­мен жұмыс істейтін іштен жану қоз­­ғалтқышы бар. Бұл дегеніміз, егер кө­­лік иесі аккумуляторды зарядтауды ұмы­тып кеткен жағдайда гибридті кө­лігіңіз стандартты бензин көлігі сияқты жүре алады. 

Қазақстанда электромобиль нары­ғының көш басында кімдер тұрғанын ұсынамыз. 

Бұл сегмент туралы нақты ста­тис­тика жоқ. Бірақ сұр нарық тұ­рақсыз екені анық, жаз ортасына дейін Zeekr-ге сұраныс көп болған, бі­р­ақ телематика бұғатталып қалуы мүм­кін деген жаңалықтан кейін оған қы­зығушылық төмендеді. Қазір тұрғындар Lixiang сияқты гибрид маркаларға на­зар аударып отыр. Kolesa.kz-те «Ли» мо­дельдерін сату туралы хабарландыру кө­бейе бастады. Бірақ мұнда да көш­бас­шы тез ауысатын сияқты. Осыдан екі жыл бұрын Алматыда электрокар аз еді, олардың саны осы қарқынмен арта бер­се, жақында Шымбұлақтағы элек­тромобиль тұрағына машина сыймай қалуы мүмкін.

Электр көліктерінің қарапайым бен­зинмен жүретін автомобильдерден қан­дай артықшылықтары бар екенін нақ­тылап өтсек: қоршаған ортаны лас­тамайды, бензинге қарағанда электр қуа­­ты әлдеқайда арзан, мұнай нары­ғына тәуелді емес, олардың қозғалыс барысында дыбысы шықпайды, салық тө­­леуде жеңілдіктер бар және кеп­те­ліс­терде көп энергия жұмсамайды.

BloombergNEF сарапшыларының сө­зінше, әлемде 2040 жылға дейін электро­мобиль сатылымы газбен жүре­тін көліктер сатылымынан озып кетуі мүм­кін. Сонда да электромобильдер нары­ғының жылдам дамуына бірнеше фактор кедергі келтіріп отыр. Атап айт­сақ, электромобильдердің қуаты көп қа­шықтыққа жетпейді, электро­мо­биль­дерді қуаттау көп уақытты алады, көлік бағасы қымбат, көлікті қуат­тай­тын бекеттер аз, нарықтағы бәсеке­лес­тер аз, көлік батареялары аз уақытта іс­тен шығып қалып жатады.

Инфрақұрылым қаншалықты қолайлы?

Электр көліктер үнемі қуатты қажет етеді. 1-1,5 сағатқа «жыл­дам» қуат, 10-12 сағатқа «баяу» қуаттау бар. Қыста температура төмендеген сайын электр энергиясын тұтыну орта есеп­­пен 30-40%-ға артады. Көбіне «жыл­­­дам» қуаттауды пайдалану мүмкін емес, себебі ол батареяны тоздырады. Де­­­­ген­мен «баяу» қуаттау стансалары көп емес. Мәселен, Ішкі істер министр­лі­гінің мәліметінше, Астана мен Алма­ты­да барлығы 50 бекет жұмыс істейді. Ал жалпы Қазақстанда барлығы 112 элек­тр қуаттау стансасы бар екен.

– Еуропа елдері тығыз орналасқан, шаһарлар бір-біріне тым жақын, сол се­бепті қалалар арасында элект­ро­мо­би­льдерді қуаттау стансасы көп. Ал Қа­зақстан секілді жері үлкен, халқы аз шо­ғырланған елдерде бұл процесс қиын­дау, электромобильмен алыс жол­ға шыға алмайсыз. Сондықтан электро­мо­бильдердің тиімділігі географиялық, ел­дің дамуы секілді факторлармен өл­шенеді. Тиімділігі толық дәлелден­бе­ге­ніне қарамастан әлемде электромо­би­льдер белсенді көбеюде, дәстүрлі на­рық­ты ығыстырып жатыр. Көпшілік­тің қызығушылығы бар, оны жоққа шы­ғара алмаймыз, – деп өз пікірін біл­дірді энергетика саласының сарап­шысы Абзал Нарымбетов.

Соңғы уақытта құрылыс компа­ния­лары тұрғын үйлердің тұрағына қуаттау стан­саларын да орнатуға көшті. 

Адам денсаулығына қауіп жоқ

Экологиялық мәселелерден бө­лек, электромобильді жүргі­зе­тін адамның қауіпсіздігіне, ден­сау­лы­ғына қатысты сауалдар бар. Мысалы, электрлі көліктен магнитті толқындар шы­ғатынын айтушылар жетерлік. Де­генмен дәрігер Әкім Тұрсынның сөзін­ше, электромобильдердің адам денсау­лы­ғына тікелей зияны жоқ.

– Бұл жердегі үрей магниттік тол­қын­ға байланысты. Электромобильдің ма­гниттік редукторлары алдыңғы және арт­қы бөлікте орналасқан. Ондағы маг­ниттік өріс МРТ, компьютерлік то­могра­фиядағыдай үлкен болмаған соң адам денсаулығына зиянды радиация бөлінбейді, – дейді сарапшы.

Қазақстанда 200-ден астам көлікке шолу жасаған автоблогер Олжас Оқас электромобильдің адамға зиян деген пікір­мен келіспейді.

– Әзірге электромобильдің зиянын кө­­ріп жапа шеккен адамды кездес­тір­ме­дім. Мен бұл алып-қашпа әңгі­ме­лер­ге аса көп сене бермеймін. электр қуа­­тымен жү­ре­тін көліктердің адамға емес, таби­ғат­қа көп әсері бар екенін атап өткіміз ке­леді. Себебі елімізде со­­ғылған не жүру­ге келмейтін электро­кө­ліктерді ути­лизациялайтын мекеме жоқ. Олар­дан бөлінетін батарея қал­дықтары өте зиянды болып келеді. Сосын қазір электромобиль мейнст­римге айналға­ны рас. Оған мінген қазақтар өзін eco-friendly, былайша айтқанда таби­ғат­қа зиянымыз жоқ деп сезінуі мүмкін, алай­да осы көліктерді қуаттау үшін жылу электр стансалары көмір жағып жат­­қанын біле ме екен?! – дейді автоб­ло­гер.

Қалай десек те, әзірге отандық на­рық­та электрокарлар саудасы қыза тү­суі неғайбіл. Оған әзірге біздегі инф­ра­құрылымның қолайсыздығы, еліміз­дің климаты, сондай-ақ қалалар ара­сын­дағы қашықтық кедергі болып тұр. 

Әсет ҚАЛИ