Жоба «AMANAT» партиясының бастамасымен, Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
«AMANAT»: Ақмола облысында білім беру сапасын арттыру үшін жаңа жоба іске қосылды
811
оқылды

Ақмола облысы Целиноград ауданы Қараөткел ауылында сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға бағытталған «Baquatty Audan» бастамасы аясында білім беру жобаларының таныстырылымы өтті. 

Пилоттық жоба ESEN Foundation, ANSA және BAQ қорларының консорциумы ұйымдастырған және «AMANAT» партиясының бастамасы мен Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Бастаманың басты мақсаты – Қазақстанның барлық тұрғынына, тұратын жеріне қарамастан, сапалы білім, денсаулық сақтау және тең мүмкіндіктерге қолжетімділікті қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта пилоттық жоба Целиноград ауданында іске асырылуда. 

Ауданда 48 мектеп жұмыс істейді, оның 6-ауы биыл салынған. Желтоқсан айында тағы бір мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда бұл мектептерде 20 мыңнан астам бала білім алуда. Инфрақұрылымның жақсаруына қарамастан, аудан мектептері оқушыларының функционалдық сауаттылық деңгейі төмендеу. Ауылдық және қалалық мектептер арасындағы алшақтықты қысқарту үшін бастама ауыл балаларының сапалы білімге қолжетімділігін дәл қазір қамтамасыз етуді көздейді.

«Біздің міндетіміз – өңірдегі адами капиталды дамытуға ықпал ету және ауданның барлық мектебіне озық білім беру тәжірибелері мен ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Қазақстанда ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім сапасының алшақтығы бірнеше жылдан бері жиі талқыланатын өзекті мәселелердің бірі болып келеді, бірақ, өкінішке орай, бұл мәселе әлі де шешімін таппай отыр. Сондықтан да біз жобалау кезеңінде ауыл балаларының бүгінгі күні сапалы білім алу мүмкіндігіне ие болуын қамтамасыз етудің маңызын түсінетін және осы құндылықты қолдайтын жетекші ғалымдарды, әдіскерлерді, практиктер мен ұйымдарды тартамыз. Бұл арқылы ауыл оқушыларының бүгіннен бастап жан-жақты дамуына, білім алуына және болашақта табысты әрі бәсекеге қабілетті азамат болуына жағдай жасаймыз. Біз, сонымен қатар, осы бастама табысты іске асқан жағдайда әлеуметтік жаңалыққа айналып, әрі қарай кеңінен таратуға болатын жаңа тәсілдер мен тиімді шешімдерді әзірлеп, оларды тәжірибе жүзінде сынақтан өткізуге күш саламыз», – деді «Baquatty Audan» бастамасының білім беру жобаларының жетекшісі Камила Башарова.

 «Білім мен денсаулық сақтау мемлекет кепіліндегі салалар екені бәрімізге мәлім. Әйтсе де ондағы түйткілді мәселелерді шешуге мемлекеттік мекемелермен қатар бейформалды  сектордың араласқаны – құптарлық жағдай. ESEN және ANSA жекеменшік қорларының осынау жобаны ұсынып, іске асыруға кіріскені аталмыш салаларды дамыту үшін инвестиция салуға мүдделі өзге демеушілерге үлгі болуы мүмкін. Президентіміз қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту қажеттігіне үнемі баса назар аударады. Бұл ретте мұғалімдерді қолдау мен бірегей қосымша білім беру арқылы балалардың қабілеті мен қызығушылығын оятып, шыңдауды көздейтін бұл әлеуметтік жобаның маңызы зор. Жоба ұйымдастырушылары алдына қойған мақсаттарына жеткізуіне тілеулеспіз және партия тарабынан қолдауға әрдайым дайынбыз», – деді AMANAT партиясының  саяси менеджмент академиясының  директоры Елдос Нұрлан.

Білім беру жобалары мектеп басшылары, педагогтар мен оқушылардың құзыреттілігін дамытуға бағытталған:

1. Мектеп басшыларының кәсіби, жеке және басқарушылық дағдыларын дамыту және жетілдіру. Жобаға ауыл мектептерінің басқару командалары, оның ішінде 30 директор мен олардың 60 орынбасары қатысуда, олар өз тәжірибесінде басқару және жоспарлаудың жаңа әдістерін енгізетін болады. Білім сапасын жақсартумен қатар, жоба ауданның білім беру жүйесін одан әрі дамыту үшін кадрлық резерв қалыптастырады. Жобаның серіктесі – Назарбаев зияткерлік мектептерінің Педагогикалық шеберлік орталығы.

Педагогикалық шеберлік орталығы директорының орынбасары Толқын Айдосова: «Жоба аясында өңір мұғалімдерінің кәсіби қажеттіліктеріне зерттеу жүргізілуде, мектеп басшылары мен пән мұғалімдеріне арналған оқыту бағдарламалары ұйымдастырылып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту курстары өткізілуде. Сонымен қатар, тақырыптық семинарлар, вебинарлар, әрі әсіресе маңыздысы, қатысушыларға курстан кейінгі қолдау шаралары қарастырылған».

2. Ауылдық педагогикалық академия ауданның білім беру жүйесінде тұрақты және сапалы өзгерістерді қолдау үшін құрылуда. Академияның мақсаты – мұғалімдер мен мектеп басшыларының кәсіби қауымдастығын қалыптастыру, олардың өзара және бірлесе оқуға, дамуға бейімделуіне жағдай жасау. Жобаны ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуді Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы қамтамасыз етеді, ал менторлық қызметті елдің түкпір-түкпірінен келген жетекші директорлар мен тәжірибелі педагогтар атқарады.

 «Ауылдық педакадемия» жобасының менторы Құралай Байтажикова: Мектеп директоры өзіне жоғары стандарттар қоя алса, оның орындалу мүмкіндігі де жоғары. Сәтті мектептер кейсі — кездейсоқтықтан бола салған жоқ. Бұл көшбасшыдан басталатын жоғары күтілімдердің нәтижесі.”

Айта кетейік, жобаға ауданның барлық 48 мектебінен 1000 педагог қатысуда, бұл әрбір ауыл мектебі мен педагогикалық ұжымға өзін-өзі үйрететін ұйым атмосферасын қалыптастыру мүмкіндігін береді.

3. Қызылжар және Талапкер ауылдарындағы мектептерде «5SANDYQ» ауылдық қосымша білім беру орталығының пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл орталықта балалар шығармашылық, спорттық, жаратылыстану, техникалық және цифрлық бағыттағы үйірмелер мен секцияларға қатыса алады. 2024 жылы 1000-нан астам бала өз таланттарын, қабілеттері мен дағдыларын дамыту үшін қосымша білім алуға мүмкіндікке ие болады. 2026 жылға қарай 20 мыңға дейін оқушыны қамту жоспарлануда.

ESEN Foundation өкілдерінің айтуынша, ауданда балалар мен мұғалімдер ғана емес, ата-аналар мен ауылдық қауымдастықтың басқа да тұрғындары қатыса алатын бірқатар байқаулар, турнирлер және жарыстар өткізу жоспарлануда.

Айта кетейік, «Baquatty Audan» бастамасы ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жүйелі және тұрақты түрде арттыруға бағытталған, әрі табысты шешімдерді басқа өңірлерге тарату мүмкіндігін көздейді. Пилоттық жоба жергілікті қажеттіліктер ескеріліп, Целиноград ауданында іске қосылған. Бастама білім беру, денсаулық сақтау және инклюзия саласындағы жобалар портфелін қамтиды.

Денсаулық сақтау саласында медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыруға арналған «Білімді Маман» бағдарламасын іске қосу, сондай-ақ 50 мың ауыл тұрғынына көмек көрсету мақсатында телемедицина мен мобильді медициналық орталықтарды дамыту жоспарлануда.

Инклюзия  бағыты бойынша ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы кабинеттер ашылып, білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін білікті мамандар даярлануда. Қазіргі уақытта инклюзияны қолдау кабинеті Қызылжар, Оразақ, Қараменді Батыр және Ыбырай Алтынсарин ауылындағы мектептерде ашылды.