Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Дербісәлі оқулары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шығыстануды дамытудың жаңа бағыты талқыланды
874
оқылды

Іс-шара оқу ордасының 90 жылдығы мен шығыстану факультетінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылды.  

Жиынға ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Жәнібек Жарасқанұлы, ҚазҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алтай Қазмағамбетов, ҚР дипломатиялық қызметінің құрметті ардагері, Әбсаттар қажы Дербісәлінің жары Рафия Бәкірқызы мен ұрпақтары, Иран, Қытай, Мысыр, Әзербайжан мемлекеттерінің елшілері мен консулдары жиналды. Сондай-ақ дін саласының қызметкерлері, белгілі ғалымдар, ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушы жастар қатысты.

 

Мақсат – Қазақстанда шығыстану ғылымы мен білімінің негізін салушы, ғалым, ҚР ҰҒА академигі Әбсаттар Дербісәлінің шығармашылық мұрасын зерттеу, ғылыми-академиялық ортада кеңінен насихаттау. Бұған қоса, аталған іс-шара шығыстанушы мамандардың өзара тәжірибе алмасуына, шығыс елдерінің тілі мен мәдениетін, тарихын, әлеуметтік жағдайын жан-жақты зерттеулерді бірлесіп жүргізуіне мол мүмкіндік береді.

Конференция жұмысын ҚазҰУ проректоры Алтай Қазмағамбетов құттықтау сөзбен ашты. «Биыл қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына – 90 жыл. Осы мерейлі датаға орайлас, білім ордасындағы шығыстану факультетінің құрылғанына 35 жыл толды. Бүгінде бұл факультетті  еліміздің түкпір-түкпірінде ғана емес, Таяу және Қиыр Шығыста, Орталық Азия елдерінде қазақстандық шығыстану білімі мен ғылымының негізгі базалық орталығы деп таниды. Әбсаттар Бағысбайұлы ҚазҰУ-да араб бөлімі мен шығыс тілдері кафедрасын және шығыстану факультетін ұйымдастырып, оның тұңғыш меңгерушісі және деканы болды. Кейінгі жылдары өзі алғашқы еңбек жолын бастаған шығыстану факультетінде дәріс беріп, жас ғалымдарды тәрбиелеп, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты. Ғалымның  тікелей жетекшілігімен 400-ден астам шығыстанушы маман, филология ғылымының докторлары мен кандидаттары дайындалды. Әбсаттар Дербісәлі арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылым докторы, тұңғыш профессоры мен академигі атанды», – деді проректор.

Өз кезегінде ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы  сөз сөйлеп, академик Әбсаттар Дербісәлінің отандық дипломатия саласын дамытуға қосқан үлесін атап өтті. «Әбсаттар Дербісәлі қазақ пен араб қатынасын нығайтуға зор үлес қосты. Ұлы тұлғаның көптеген шәкірттері бүгінгі таңда Таяу Шығыс, Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде елші және дипломат ретінде жауапты қызмет атқаруда», – деді Жәнібек Әбдрашов.

Халықаралық шарада Әбсаттар Дербісәлінің жары, ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген ардагері Рафия Бәкірқызы сөз сөйлеп, бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ғалым Әбсаттар Дербісәлінің өмір жолына тоқталды.

Сонымен қатар Иран, Қытай, Мысыр, Әзербайжан мемлекеттерінің елшілері мен консулдары, белгілі ғалымдар мен дін саласының қызметкерлері баяндама жасап, ғалым Әбсаттар Дербісәлінің қайраткерлік және тұлғалық қасиетін жоғары бағалады. 

Пленарлық отырыстан кейін конференция жұмысы секцияларда жалғасты.