Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумына қатысып жатыр.
Үкіметке Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан астық сатып алуды тапсырамын – Тоқаев
179
оқылды

Форумда агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу қажет екеніне тоқталды. 

"Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру ақсап тұрған саланың бірі еді. Биыл мемлекет бұл мәселені шешіп, бөлінетін қаржы көлемін айтарлықтай арттырды. Біз пайыздық мөлшерлемемен субсидиялау арқылы несиелеудің күрделі әрі көлеңкелі жүйесінен бас тарттық. Диқандар енді көктемгі егін егу және жиын-терін жұмыстарына 5 пайыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие алады. Мұндай несиелеу көлемі алғаш рет жарты триллион теңгеден асты (580 миллиард теңге, бұған дейін 180 милллиард теңге болған), алдағы уақытта бұл көрсеткіш 1,5 триллион теңгеге дейін жеткізіледі.

Дәнді дақылдар түсімі биыл гектарына 16 центнерді құрады. Бұл көпжылдық орташа көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары. Кейбір алқаптан гектарына 40 центнерден немесе одан да көп өнім жиналды. Бидай сапасы мен балауызының деңгейі (32 пайыз) жоғары. Бұған заманауи агротехнологияларды, жоғары сапалы тұқымды, тыңайтқыш пен пестицидтерді пайдалану, сондай-ақ ауылшаруашылық техникаларын жаңарту арқылы қол жеткіздік.

Енді біздің алдымызда жиналған өнімді сақтау және оның бағасын құлдыратуға жол бермеу міндеті тұр. Үкіметке Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан астық сатып алуды тапсырамын. Бұл нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін керек. Астықты өңірлердегі қоймаларды босату мақсатында Ауыл шаруашылығы және Көлік министрліктері бидайды басқа облыстарға тасымалдауды жедел қамтамасыз етуі қажет. Бұл істе облыс әкімдерінің үйлесімді жұмыс істегені маңызды.

Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін жұмыстарын дер кезінде қаржыландыру – мол астық жинаудың кепілі. Жыл сайын төлемдерді кешіктіру салдарынан шаруалар егін егу барысында көп қиындықты бастан өткереді.

Сондықтан менің тапсырмам бойынша, көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген несие биылғы желтоқсан айынан бастап берілетін болады. Соның нәтижесінде диқандар жанар-жағармайды, қосалқы бөлшектерді, басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді уақытында сатып ала алады.

Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда аталған салаға жеке инвестициялар тарту керек екенін айтқан едім. Агроөнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан субсидиялауды біртіндеп қысқартып, оның орнына банктердің ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруін ынталандырған жөн. Отандық қаржы институттары агрокәсіпорындарға ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаражат ұсынуға тиіс", - деді Президент.