Шаһардағы кептеліс тұрғындарды қажытты

Таңмен таласа оянып, қаладағы жұмысына екі, тіптен үш сағат бұрын ерте қамдану Алматы шаһары тұрғындары үшін күнделікті әдетке айналғаны қашан?! Оның басты себебі де бар. Ол тұрғындар мен көлік жүргізушілерін әбден титықтатып жіберген – кептеліс.

Қазір мегаполис тұрғындары үшін көлік кептелісі – өзекті әрі түйі­ні тарқамай келе жатқан мә­се­лелердің бірі. Тіпті, ондаған жыл бойы шаһарды мекен еткен тұр­ғын­дар бүгінде Алматыны кеп­теліссіз елес­тету мүмкін емес еке­нін айтады. Әлеу­меттік желілерде жел­дей ескен түрлі фото-видео, мем­дер, әзіл-қал­жың аралас кон­тент сөзімізді айғақ­тай түседі. Де­сек те, қаладағы кеп­те­ліс дең­гейінің артуына белгілі бір әсер етуші фактор бар екенін атап өт­кен жөн. Ең біріншіден, кейінгі уа­­қытта Алматы халқының саны ай­­тарлықтай өсті. Бұл өз кезегінде кө­лік санының артуына да бір­ша­ма ық­пал етіп отыр. Онымен қоса, жыл сайын қалаға сыртқы аймақ­тар мен елді мекендерден келетін кө­лік са­нын­да да өсу деңгейі бай­қа­лады. Ал олардың қалада қай уа­қытқа дейін жү­ретіні белгісіз. Мә­селен, соңғы екі жы­лда қалада тіркелген авто­кө­лік­тер­дің саны 24 пайызға өскен. Ма­мандардың бол­жамына сүйенсек, бұл көрсет­кіш 2030 жылға қарай 40 пайызға дейін жетуі ықтимал. Екін­шіден, қаладағы қоғамдық көлік инф­рақұрылымының шектеулілігі тұр­­­­­ғындардың жеке көлікті пай­да­­лануына әкеледі. Алып шаһарда мет­ро мен автобус жүйесі дамы­ға­ны­на қарамастан, бұл жыл сайын мың­даған турист ағылып келетін Ал­маты тұрғындарының қажетті­лі­гін қанағаттандыра бермейді. Сон­­дай-ақ автотұрақ орын­да­ры­ның же­тіспеушілігі жүргізу­ші­лер­дің ере­жені бұзып, көліктерін жол бойы­на қоюға мәжбүр етеді. Бұл сәй­­кесінше, жолды тарылтып, қа­ла­­­дағы көлік қозғалысын одан сайын қиындата түседі. Көлік кеп­телісін тудыруға негіз болатын кезекті екі маңызы фактор – ауа райы қолай­сыз­дығы мен сапасыз жолдарға жүр­гізілетін жөндеу жұ­мыстары та­ғы бар.

Қалада жүріп-тұру қиын

Бүгінде қала тұрғындары қар­­балас уақыт кірген бой­да адам­дар кептелісі бастала­тын Алма­тыда жүріп-тұру қиын­да­ғанын ай­тып наразы. Әсіресе, таңғы және кеш­кі уақытта қала­дағы аялда­ма­лар­да қоғамдық көліктің келуін сарыла күткен нөпір халықтың көрінісіне жиі тап боласыз. Бұл ретте кептеліс уа­қы­тында жолаушыларды тасы­мал­дай­тын қоғамдық көлік қызметі мә­­селесі туындайды. Қалада қоғам­­дық көліктің жай-күйі қалай ше­­ші­ліп жатыр? Алдағы уақытта қо­ғам­дық көлік саны арта ма? Осы жә­не өзге де сұрақтарымызға жауап алу мақ­сатында «Алматы­бас­жоспар» ҒЗИ бас директоры Асхат Садуовқа сауалдарымызды жол­даған едік. Оның сөзінше, Ал­матыда күн сайын таң­ғы және кеш­кі уақытта кептеліс дең­гейі 9-10 балға жетеді. Қазір ме­гапо­лис­тің әрбір төртінші тұрғы­ны­ның жеке көлігі бар. Сондықтан қа­­ла ішінде көлікпен қозғалу жыл­дан-жылға қиындап барады.

– Үлкен қалаларда көлік кеп­те­­лі­­сінің болуы заңды құбылыс. Қа­ла­лардың қарқынды дамуы, ха­лық саны­ның өсуі және эко­но­микалық бел­сенділіктің артуы жол­дағы жүк­те­мені еселей түседі. «Алматы­бас­жос­пар» ҒЗИ жа­нын­дағы Q-lab қа­ла­лық зерттеулер зерт­ханасының де­регіне сәйкес, «Қала тұрғыны ан­кетасында» кө­лік кептелісі ең күр­делі мәселе ре­­­тінде көрсетілген. Бұл мәселені ше­шу үшін қала әкімдігі қо­­ғам­дық кө­ліктің дамуына, қолда­ны­сын ке­ңейтуге басымдық беріп отыр, – деді ол. 

Қоғамдық көлікті пайдалану 64 пайызға артады

Биыл қаңтар айында шаһар­да көлік қозғалысы қаңқа­сы­­ның мастер-жоспары бекітілген еді. Мас­тер-жоспарды әзірлеген – «Ал­матыбасжоспар» ҒЗИ және ке­шенді кө­лік жобаларын іске асыру сала­сын­дағы сарапшылар, оның ішінде Future of Mobility ком­паниясы да бар. Аталған жос­пар қаладағы көлік инфра­құры­лы­мын жетілдірудің негізгі бағыт­тарын айқындайтын стратегиялық құжат саналады. 

Асхат Садуовтың айтуынша, мас­­тер-жоспардың негізгі міндеті – ха­лықты жеке көліктен қоғамдық кө­­лікке ауыстыру. Мамандар тұр­ғын­дардың қоғамдық көлікті пай­далану бойынша негізгі көрсет­кі­шін 2030 жылға дейін 64 пайызға арттыруды көздеп отыр. 

– Көлік қозғалысының қаң­қа­сы Алматы көшелеріндегі жағ­дайды түбегейлі өзгертеді. Басты идея – жоғары жылдамдықты ма­гистралдар мен дәліздер желісін құру. Жауапты мамандар Алматы халқының қоғамдық көлікке жап­пай көшуіне басымдық береді», – деді Асхат Садуов. 

Тәулігіне 100 мың адамға жеткен

Одан бөлек, Асхат Садуов мет­ро­политен жүйесі тұрғындар үшін ең тиімді қоғамдық көлік екенін жә­не қала ішіндегі метро қоз­ға­лы­сын реттеуде қаланың батыс бө­лі­гіне қарай жаңа стансалар салы­нып жатқанын мәлімдеді. Соның ішінде «Қалқаман» стансасын ашу­дың жоспарланған мерзімі – 2025-2026 жыл. Қазір мұнда құры­лыс-монтаж жұмыстары жүргі­зі­лу­де. Сондай-ақ жоспарда ке­зек­ті 3 стансаны салу мәселесі қарас­ты­рыл­ған. Желінің жалпы ұзындығы – 5,3 шақырым. 1-станса – Алатау даң­ғылы, Абай даңғылының сол­түс­­тігі, Сәбденов көшесінің оң­түс­­­тігі, Наурызбай ауданы әкім­ді­гі­­нің жанында болады. 2-станса – Алатау даңғылының бойында, Төле би көшесінің қиылысында, ал 3-станса «Барлық» базарының ау­мағында салынады. Жоғарыда атал­ған стансаларды 2030 жылға дейін ашу жоспарланған. Әкім­дік­тің мәліметінше, қазір жобалық-сме­талық құжаттама әзірленуде. 

– Көлік қозғалысының қаң­қа­сы қаладағы көлік жүйесінің жал­пы көрінісін және Алматы жол­да­рының жағдайын түбегейлі өз­­­гер­туге ықпал етеді. Көлік құрылымы қоғамдық көлік желісі арқылы қа­ланың бес полиорталығын, сон­дай-ақ қала орталығын және Ал­ма­ты агломерациясын бай­ла­ныс­ты­рады. Осылайша, тиімді жол-көлік кешені «тұрғындарға ар­­­налған жай­лы қала» қалып­тас­тыруға елеулі үлес қосады», – деп сөзін түйіндеді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас ди­рек­торы А.Садуов.

2023 жылы қалада метромен жү­ретін жолаушылар саны тәулі­гі­не 100 мың адамды құраған. Был­­­­тырғы жылдың соңында сұра­ныс­қа сәйкес метрода вагон саны 11 құрамға дейін артты. Әр құрам 4 вагоннан тұрады. Қазір 11 стан­са­дан тұратын метромен Райым­бек стансасынан Бауыржан Мо­мы­шұлы стансасына дейін 13,22 шақырымды небәрі 25 минутта жүріп өтуге болады.

Осыдан бірер күн бұрын шаһар­­­да қалың қар жауып, нәти­же­­сінде жол кептелісінің көрсет­кі­ші 11 балға жеткен еді. Қоғамдық көлікті пайдаланушылардың көптігі мен осы сәтті пайдаланған такси жүргізушілерінің жолақы құнын көкке шарықтатуы тұрғын­дарды межелі жеріне жаяу жетуге мәжбүр етті. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы