Замандастары мен қаламдастары тынымсыз Тоқтағазин атап кеткен Мұратбек Балқыбекұлының өмірін өнегеге айналдырған шығармашылық және күрескерлік жолын тәлімгерлік-тәжірибелік сипатта өрнектеген жиын мазмұнға бай, мәні мен сәні жарасқан сырлы естеліктерге толы болды.
Жиынға Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, TURKSOY Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының, Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері, отандық және шетел университеттерінің профессор-оқытушылары, БАҚ басшылары мен студент жастар қатысты.
Конференция шымылдығы мерейтой иесін құттықтауға толасыз келіп жатқан толайым тілектерге толы хаттар легімен ашылып, қазақтың жыр-дастандарына құлақ құрышын қандырып, уызынан жарып өскен Тоқтағазиннің журналистік және шығармашылық жолындағы күрескерлік соны соқпағына арналды.
Ізденіске толы қажырлы еңбек жолында Мұратбек Балқыбекұлының ұлт ұпайын түгендеп, қаламды қару еткен кездері, бел шеше кірісіп, белсене шешкен мәселесі көп деседі, әріптес, дәуірлес достары. Мәселен, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың Құттықтау хатында «Мұратбек Балқыбекұлы Тоқтағазин – белгілі журналист, ғалым, алғашқы журналистік қызметі дәл осы өңірдегі «Арқа ажары» газетінен бастау алды. Аға басылым «Социалистік Қазақстан» газетінің бұрынғы Целиноград (Ақмола) облысындағы меншікті тілшісі бола жүріп, астанамыздың бұрынғы қазақша атауының қайтарылуына зор еңбек сіңірген. Мұратбек Балқыбекұлы 2010 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Әзілхан Нұршайықов шығармашылығындағы деректік негіз және көркемдік сипат» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Мұратбек Балқыбекұлы журналистикадағы Халықаралық ақпараттандыру академиясының, Еуразиялық Телевизия және радио академиясының, Қазақстанның Гуманитарлық ғылымдар академиясының толық мүшесі (академигі), Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі, Масс-медиа зерттеушілерінің Ұлттық қауымдастығының, Бас редакторлар клубының мүшесі. Айта берсе, Мұратбек Балқыбекұлының кәсіби маман, ғалым, азамат ретінде қол жеткізген табыстары ұшан-теңіз» деген жолдар бар. Осындағы «..., астанамыздың бұрынғы қазақша атауының қайтарылуына зор еңбек сіңірген» деген сөйлемнің астарына үңілсек, тәуелсіздік тынысы әлі де тұншыға тыныстап тұрған тұста «Ақмола атауы үшін айқас» атты мақаласының Жоғарғы Кеңес төралқасының 1992 жылғы 6 шілдедегі «Орал, Целиноград, Шымкент облыстары мен Целиноград қаласының тарихи атауларын қалпына келтіру туралы» қаулысына қалай түрткі болғанын көреміз.
Ал Мұратбек Балқыбекұлы туралы бір нанды бөліп жеп, бір бөлмеде тұрған үзеңгілес досы, ғылыми жетекшісі, әріптесі, Президент кеңесшісі, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Омарұлының айтары бөлек, тілегі ерек екен. «Мұратбек Тоқтағазин эволюциясы: Студент. Журналист. Зерттеуші» тақырыбындағы баяндамасын «ғылыми конференциядағы ғылыми емес баяндама» деп, достық әзілге сүйей бастаған Бауыржан Омарұлы:
«Бүгін 60-қа келіп, алтын бау тағып отырған Мұратбек Тоқтағазиннің өмірі мен шығармашылығының өзіндік эволюциясы бар. Оны үш ағысқа бөлуге болады: Студент. Журналист. Зерттеуші. Ал сіз қайраткерлігі қалып қойды ғой деп дау айтарсыз. Келісеміз. Бірақ оның қайраткерлігі мектепте жүргенде-ақ басталып кеткен сыңайлы. Сондықтан жаңағы біз айтқан үш арнаның үшеуі де қарымды қайраткерлігінің қалтасында тұрады...», – деп қаламгерлік жолынан бұрын қайраткерлік қарымы қалыптасқан М.Тоқтағазиннің жыбырлақ, тынымсыз, жылдам, ширақ, өр болмысын Б.Омарұлына ғана тән өрнекпен өріп берді. «Өмірді көргің келсе, өңірге кет» деп қазақ баспасөзінің марқасқалары Ақселеу Сейдімбек пен Жомарт Әбдіхалықов екі қолынан жетектеп, арқаға алып келген М.Тоқтағазиннің тың идеяларымен тың өлкесіне тың серпін әкеліп, орысы көп сарыдаланың қазақыланып, қазақтың Астанасы болуына қосқан үлесі туралы Бауыржан Омарұлы тамаша баяндап берді.
Тоқтаусыз ізденіс, толассыз еңбектің арқасында Тоқтағазиннің қаламынан журналистиканың әртүрлі жанрында жазылған 300-ден астам материал жарияланыпты. «Деректілік пен көркемдік», «Ақмола үшін айқас», «Кітап басу ісіндегі коммуникативті саясат және жарнама», «Эпистолярные жанры в публицистике Беларуси, России и Казахстана», «Замансөз заңғары» атты кітаптары жарық көріпті. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ республикалық басылымдарда сүбелі-сүбелі материалдары шығып, көзіқарақты оқырманға белгілі бола бастаған М.Балқыбекұлы 2000 жылдан бастап өндіре жазып, ғылым жолындағы соны соқпаққа түсті. 2010 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың туындылары негізінде «Әзілхан Нұршайықов шығармашылығындағы деректік негіз және көркемдік сипат» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.
2011 жылдан бастап ЕҰУ-дың Баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті, соңғы 6 жылда профессоры ретінде журналистиканың, көсемсөздің өзекті мәселелерін кешенді зерттеп, 2 монография, 2 оқу құралын баспадан шығарып, 10 ғылыми жинақтың құрастырушысы, жауапты редакторы болды. 80-нен астам ғылыми-зерттеу мақалаларын Қазақстанның, Беларусь, Ресейдің және басқа шетелдердің ғылыми журналдарында, халықаралық басылымдарында жариялады. 2018 жылдан бастап әдебиеттану саласы бойынша қауымдастырылған профессор. Әлемдегі ірі библиографиялық және реферативтік Web of Science, Scopus деректер базаларында 5 ғылыми мақаласы жарияланды.
Алпыстың асқарында ғибратты ғұмыр иесін атанған М.Балқыбекұлына туралы филология ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижанұлы Қалижан «Тұлғаға айналған Тоқтағазин» десе, жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайсар Әлім «Әзілхантанудың зерделі зерттеушісі» деген баға берді.
«Массмедианы зерттеудің теориялық мәселелері және БАҚ коммуникациясының заманауи парадигмалары», «Отандық және әлемдік медиа кеңістік: дәстүрлер мен трансформациялар», «Тұлға зертханасы: Қазақстан және шетел журналистерінің, жазушыларының шығармашылық тәжірибесі» тақырыптарына бағытталған конференцияға онлайн қатысқан шетел ғалымдары да Мұратбек Тоқтағазиннің шығармашылығын жас ізденушілер үшін адастырмас темірқазық деп атап өтті.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ