Тыйым түйінді шеше ме?

«...Тек бір шартым бар». Әдетте, «баяғы бір заманда болыпты-мыс» делінетін аңыздар мен ертегілерде, әпсаналарда басты кейіпкерге әлдебір тыйым салғанда айтылатын бұл сөзді барлығымыз білеміз.

Бұл шартты орындап келіп, ақырында санасын қызығушылық жеңген әлдебір кейіпкер шартты бұзып жібергенде алдынан шытырман оқиғалар басталар еді. Осылайша, өзіне белгілі бір уақыт аралығында көз салмауға шарт еткен батырдың жары құсқа айналады, осылайша Зевстің «ашпа» деп берген қалбырын Пандора ашып жібереді немесе тағысын тағылар. Әдетте, біз бір нәрсеге тыйым жасау арқылы оған деген қызығушылықты оятамыз.

Құпияға құмарлық

Бала кезімізде мектеп оқуы­лы­­ғы­­нан оқыған «Жақсылық пен Жамандық» атты ертегіде жарты жол­да атынан айырған Жаман­дық­тың әрекетінен соң Жақсы­лық төбе басындағы бір күркеге тап болады. Ішіне кірсе, жан жоқ. Бірақ ортада бір үлкен қазан асу­лы тұр екен. «Айдалада қайнап тұр­­ған не қылған тамақ? Дәм та­тайын», – деп, бір саусағының ұшын батыр­ып, дәм татады да, күрке төбесіне шығып жатады. Бір уақытта қас­қыр, түлкі, арыс­тан үшеуі келіп, тамақ ішіп, әң­гімеге кіріседі. Түл­кі бір жерден бір алтын көргенін айтса, қасқыр пәлен деген байдың ауырып жат­қан бойжеткен қызын жаза­тын ала тоқтыны қарауылдай­тынын айта­ды. Кезегі келген арыс­­­тан түген деген байдың жыл­қы­сын тамақ ететінін, бір тайы­н­ан басқа ешбір жылқысы қуып жете ал­май­тынын айтады. Үшеуі­нің де сырын білген Жақсылық сол үш әрекетті орын­дап, мақсат-мұра­тына жетеді. Кейін азып-тозған баяғы Жаман­дық жолығып, бұл дәрежеге қалай жеткенінің мәні­сін сұрағанда: «Пәлен төбеде бір үй бар. Сен қазір соған жет. Оның ішінде асулы бір қазан ет бар. Бірақ оның ішіндегі еттен тек бір саусағыңды батырып, дәмін көр де үйдің төбесіне шы­ғып жат. Сон­да түлкі, қасқыр, арыстан кел­еді. Сен олардың әң­гі­месін тыңдай бер. Олар кеткен­нен кей­ін естіген сөздеріңді істе­сең, сен де осындай бола­­сың», – дейді. Бірақ Жаман­дық қазан толы етті көр­генде бой­ын­дағы ашкөздікті жеңе алмай, тыйымға қарамастан етке бас салады. Ақырында жыр­т­қыш­тардың жемтігіне айналады. Тый­ымды тыңдамаған мысалдар тек бұл емес. Барлығында ты­йым­­нан келетін қауіпті біле тұра, сол тый­ымды бұзуға деген ерен құл­шы­ныс­ты байқауға бол­а­ды.

Жазушы Төлен Әбдіктің «Ақиқат» по­весті көзіқарақты оқыр­­манға таныс болар, басты кей­іпкер Роберттің әлдебір діни ұйым­дарға қатысатын, қамкөңіл діндар шешесі кешкілік ұйықтарда бала­сының шашынан сипап жат­ып, ертек айтатын. Сол бір сәт был­ай­ша суреттеледі: «...Содан әлгі адам, – деді шешесі баяу үн­мен ертегін жалғастыр­ып, – жол­ау­шы­ны жер астында­ғы алтын күм­безді пат­ша сарайына әкеліп кір­гізеді: «Қалаған шара­бың мен тамағыңды іш, сұлу кәни­зактармен ойна, серуен құр, барлық есікке кіріп, алтын сар­айды тамашала. Тек мынау тұр­ған бір есікті ғана ашу­ға болмай­ды. Оны ашсаң ба­қыт­сыз бол­асың», – дейді шеше­сі». Шы­ғарма соңында өмірдегі бастан кешкен жағдайын ертегі­мен салыс­тыра отырып, Роберт­тің «мен сол есікті аштым» дей­тіні бар. 

Иә, кез келген құпия мен сал­ынған тыйымға адамзат әуелден әуес. «Өміріңе қауіп төнеді», «бақ­ыт­сыз боласың» деген тыйым­дар да пенде қызығушылығын тоқтата алмаған. Інжіл мен Құр­андағы аңыз бойынша, Құдай Адам ата мен Хауа ананы жарат­қан соң жұмақта қалағанынша өмір сүруі­не жағдай жасап, тек бір нәрсеге тыйым салған деседі. Ол – Эдем бағында мәуелей өсіп тұрған алма ағашы. Бірақ жұмақ­тың өзге де көптеген жемістері мен қызық­тары бола тұра жатса-тұрса да сол тыйым салынған жеміс­тің дәміне деген алғашқы жұптың ынтызар­лығы бір бас­ыл­май, ақыры тұла бой­ын көрсе­қыз­арлық жеңген олар Жарат­қан­ның қатал тыйым­ын бұзып, алма дарағынан дәм та­тып қоя­ды. Осылайша, Жарату­шы­ның қаһарына ұшырап, жұ­мақ­тан қу­ыл-ған деседі. Бұл аңызға сен­сек, адамның бойында қандай да бір тыйым болса соған құмар­лы­ғы болатындығын әйгілейді. Дәу­ір дөңгелеп, заман зулап, ке­з­ең­дер көшкенмен адам бала­сы­ның ты­йымнан тыйылған кезі болмаса керек. Тіпті, әлі оң-сол­ын танып біл­меген балаға әлден­ені «тиісуге болмайды» деп көз алдына қой­саң­ыз, оның не екен­дігін өзі ұстап сезінбейінше дег­бірі қалмасы анық. Мұны адам бойындағы жар­а­тылысынан туа біткен дүние­ні өзі танып білмек­ке деген құл­шынысы дерміз бәлкім? Мүмкін Хәкім Абай­дың 7-ші қара сөзінде ай­тылғандай: «Не көрсе соған тал­пы­нып, жал­тыр-жұлтыр еткен болса, оған қызы­ғып, аузына сал­ып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне бас­ып қарап, сырнай-кер­ней бол­са, дауысына ұмтылатын» жан құмары ма екен? Біз бүлдір­шін­дерге тыйым сал­ғанда «саған укол салады», «қас­қыр жеп кет­еді», «жалмауыз кем­пір алып кет­е­ді» деп қорқыту арқы­лы тый­ғымыз келеді. Иә, балаларды қауіптен түрлі жағдайда қорға­ғаны­мыз жөн. Себебі қазіргі қауіп-қатер бұрын­ғыдан да көп екені мәлім. Электр, газ, от, көп­қа­батты үйлер. Бұл қауіптен сақ­тандырғанымыз да дұрыс. Бірақ балалар үшін тыйым іс-әрекетке тікелей шақ­ыру екенін атап өт­кен жөн. Бала тыйымды игеру үшін іс жүзінде тыйым сал­ынған әрекетті жасауы керек. Бір­неше сынақтан кейін ғана ол бұл әре­кетті сана­сында елестете алады. Сосын бар­ып өз тәжірибе­сінен мұны жаса­мау керектігін ұғына­ды. 

«Тыйым салынған жемістің дәмі тәтті»

Енді неліктен бізге тыйым сал­ын­ған нәрсеге жиі ұмтылаты­ны­мызды әрі неге бұл бізге сон­ша­лық­ты «тәтті» болып көріне­тінін аны­қ­тауға тырысайық. Жо­ғары­дағы Адам ата мен Хауа ананың мысалы әлеуметтану­шы­лар мен фил­ософтардың зерттеу нысаны­на айналды. Мысалы, бір нәрсеге тыйым салынған немесе қолже­тім­ді болмаған кезде, бұл бізге қол жеткізуге, сынап көруге деген құш­­тарлықты тудырады. Тәуекел­ге бел будырады. Бұл құбылыс «тыйым салынған жеміс эффек­тісі» деп аталады. Бірін­ші­ден, тыйым қол жетімсіздік әсер­ін тудырады. Бір нәрсеге тыйым салынған кезде, адамдар оған қол жет­кізуге деген үлкен ықыласты сезінеді. Екін­шіден, тыйым шек­теулер қояды, бұл өз кезегінде кері реакцияның тууы­на себеп болмақ. Бұл біздің туа біткен ба­ғынбауы­мызға және таңдау ер­кін­дігіне деген ұмтылыс­ымызға байланыс­ты екен. Соны­мен қа­тар біз ере­желерді бұзған кезде немесе тыйым салынған нәр­сені жаса­ғанда, біздің денеміз адрен­ал­ин­ді – стресс гормонын, дофа­мин ту­дырады. Сондай-ақ бір нәрсеге тыйым салынған кезде, басқа адамдардың бұл тыйымды бұз­ғанын көргенде, оған қызығу­шы­­лық сезімі одан әрі арта түс­пек. Мәселен, тұтқынға түскен қыл­мыс­керге түрмеден қашуға бол­майды. Бірақ жазасын өтеу­ден бас тартып, түрлі шектеу­лер­ге қара­мастан қашып шыққан қылмыс­кердің оқиғасын бәріміз ынтығып оқимыз немесе тың­дай­­мыз. Біз де олар сияқты еркін бол­ғымыз кел­еді. Яғни, ереже­лер­­ді бұзуға әсер ететін компон­ент – қоғам. Адамзат қоғамында бұл принцип өткен ғасырдың 80-жылдарын­да пайда болған «сын­ған терезелер теория­сын­да» кере­мет суреттеледі. Зерт­теу­шілер Джеймс Уилсон мен Джор­­дж Кел­линг оны былай деп түсін­дір­еді: «егер ғимаратта бір тере­зе сынған болса және ол жөн­делме­се, жақын арада өзге де тере­зелер сына бастайды». Яғни, егер қо­ғамда бәрі ұсақ құқықбұзу­шы­лық­­тарға көз жұмса, бұл үрдіс көбейе бастайды. Тыйым неғұр­лым қатаң болса, соғұрлым «тәт­тірек» көрі­неді. Мысалы, алко­голь, есірткі, ойын-сауықтар. Мәселен, темекі қорабындағы шылымның тудыра­тын қауіпті аурулары туралы жаз­ыл­ған үн­деу­­лер пенде баласын бұл әдеттен алыстата алды ма? Кез­інде ішім­дік ішуге тыйым салмақ бол­ған алпау­ыт мемлекеттер түрлі заң­дар шығар­ғанымен, бәрі дерлік құр әурешілік болып шыққанын та­рихтан білеміз. Мысалы, 1919 жылы Америка Құрама Штат­тары алкогольді ішімдіктерге алғаш ты­йым салған кезде бұл шешім қо­ғамның адамгершілік қасиетін арттырады деп ойлаған, бірақ... Бірінші болып алкоголь өндірісі, спирт зауыттары және әртүрлі сыра зауыттары зардап шекті. Олар жа­былған соң эко­номика жаппай құлдырап, мың­даған жұмысшылар жұмыссыз қалды. Бұрын адамдарды тарту үшін алкогольді қолданған театрлар мен клубтар сияқты орын­дар өз биз­­несінің көп бөлігінен айыр­ылды. Алкогольді заңсыз жол­мен немесе заңды айналып өту арқы­лы алудың әр­түрлі әдістері шы­ғып, ұйымдас­қан қылмыс АҚШ-тағы үлкен мәселеге айнал­ды. Елде түрлі құпия орындар пай­да болды. Заңсыз сатылымдарда адам тұ­тынуына зиянды һәм кү­мәнді қос­палар жиі қосылып, ула­ну оқи­ғалары орын алды. Ақыр ая­ғында метил спиртін қол­данған жұрт мыңдап қырыла бастады. Дәл осын­дай жағдайлар Еуропа­ның бірнеше елдерінде, Канада­да және Жаңа Зеландияда да бол­ды. Тіпті, бертін келе бұл мұ­сыл­ман елдерін­де де көрініс тапты. 

Адам санасына ой «егу»

Атақты режиссер Кристофер Ноланның «Бастау» фильмінде кейіпкерлер адамды ұйықтату ар­қылы олардың түсіне кіріп, ми­ындағы ақпараттарды, идея­ларды ұр­лайды. Осы бір құпия ұйымның жұмысын біліп қалған танымал бір кәсіпкер істі жүр­гізе­тін ұйымға ке-л­іп: «адамның санасындағы идея­ны ұрлауға болатынын білдік, керісінше идеяны адам санасына орналас­тыруға, егуге бола ма?» де­ген сұ­р­ақ­ты қояды. Сонда әккі қыз­­меткердің бірі: «Мысалы, мен саған «піл тура­лы ойланба» де­ген­­де ең бірінші ойы­ңа не келе­ді?» деп қарсы сұрақ қояды. Кә­сіпкер: «Піл» деп жауап береді. Дәл сол секілді адам санасы­на «ол туралы ойланба» деу арқылы да вирусты түрде ақпарат енгізуге болатынын айтады. Тағы бір мы­сал. Зерттеу­ші­лер егер бір адамға: «осы нүк­теге қараңыз, бірақ мына бір нүк­­теге қарауыңызға болмайды» деп, оның көзінің қоз­ғалысын ба­қы­лайтын бол­саңыз, әлгі адам бейсаналы түр­де тыйым салынған нүктеге үнемі қарайтынын айта­ды. Британдық ғалымдардың тұж­ырымдарына сәй­кес, бұл пара­док­с­­тың бір себебі адамның санасына нақты ойларды енгізу факторынан туын­дайды деп есептейді. Мы­салы, егер зиянды тағам туралы көбірек ойласаңыз, дәл осы зиян­ды өнімді сынап көр­гіңіз келеді. Ғалымдардың пікірін 67 әйел мен 67 ер адам қатыс­қан экс­перимент растай түскен екен. Зерттеу барысында барлық қаты­су­шылардан шоколадтың екі түрлі сортын сынап көріп, өз әсерлерін жазбаша түрде білдіру ұсынылды. Осыдан кейін қа­тысу­шыларға шоколад туралы ойлау немесе ойламау жөнінден жеке тапсыр­малар беріледі. Нәтижесінде, шо­ко­лад туралы ойламауға тырыс­қан адамдар керісінше санасынан шоколад туралы ойларды алып тастай алмай қиналған екен.

 

Түйін:

Тыйым салудың психологиялық факторы да маңызды рөл атқарады. Осындай механизмдердің бірі – «алтын балық эффектісі». Яғни, біз алтын балық ұстап алсақ, онда біз үш тілегіміздің біріне қолымыз жетпей жүрген нәрсемізді айтар едік. Тыйым салу адамзат тарихында бастапқыда өте маңызды қорғаныс функциясын атқарғаны белгілі. Біз осынша уақыт аралығында ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүрлер, дін, мәдениет арқылы үлкен тәжірибе жинадық. Бұл тыйымдардың барлығы біздің өмірде тиісті әрекет етуімізге ықпал етпек. Ғалымдардың айтуынша, егер барлық тыйымдар тыйым ретінде өз күшін жоятын болса, онда адамзат дамуды тоқтатып, ақырында жойылады. 

Наурызбек САРША