Маңғыстау күйлері жайлы не білесіз?

Күй туралы тек сөйлей алмайсың, тебіреніп қана сөйлей аласың. (Әбіш Кекілбаев)

Күй өнерінде зерттеуді кештетіп бастаған, тарихы және теориялық тұрғыдан ғылыми-зерттеулер соңғы 20-30-жылда ғана жүргізіліп жатқан бірнеше күйшілік дәстүрі белгілі. Осылардың қатарында Маңғыстау күйшілік дәстүрі бар. Кеңес Одағы уақыты кезінде бірлі-жарым зерттеушілер өз еңбектерінде сол аймақтың бірді-екілі күйлерін қосып, нотасын жариялады демесеңіз, қалың көпшілікке арналған ғылыми-танымдық жұмыс жоқтың қасы. Тек 90-жылдардан кейін ғана Маңғыстау күйлері кәсіби жинақталып, түрлі оқулықтар баспадан жарық көре бастады. Дегемен кәсіби домбырашылар арасында танымал болғанымен, қарапайым халық арасында бұл күйшілік аймақ жайлы ақпарат көп емес. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Маңғыстау күйшілік дәстүрінің белгілі өкілдері жайлы жеке-жеке сөз қозғамақпыз. Біздің негізгі дереккөзіміз аталған аймақтың күйшілік өнеріне арналған «Нарату» атты еңбек екенін атап өтейік.

Абыл Тарақұлы

Абыл күйшінің (1820-1892) шын есімі Абылай болса керек. Үй іші бала кезінде еркелетіп Абыл атаған дейді. Орта дәулетті отбасында дүниеге келіп, Боғда, Қошқар сияқты күйшілерге шәкірт атанады. Күйшінің күйшісі ғана тарта алатын 62 тамырлы ақжелеңнің барлығын меңгерген екен. Бүгінде Абылдың күйі деп бірнеше ғана туынды жеткен. Ақселеу Сейдімбек «Күй шежіре» еңбегінде Абылдың «Абыл» күйі жайлы келесідей жазады:

XVIII ғасырдың соңын ала Кіші жүздің көптеген руы Жайықтан арғы алап пен Еділ бойы сияқты атақонысына тұяқ тигізуге зар болады. Табын, Тама, Жағалбайлы сияқты рулардың біраз бөлігі Орта жүздің ханы Абылайға салмақ салып, Сарыарқаға көшіп кетеді. Осы кезде Үстірт үстіне қарай ығысқан қалың Адай тайпасы ХІХ ғасырдың бас кезінде Маңғыстау түбегіне деңдей орнығады. Мұндай қыспақты бір жағы Иран шахынан, екінші жағы Ресей патшалығынан түрікмендер де көреді. Сөйтіп, тағдыр тауқыметі қазақтар мен түрікмендерді Үстірт үстінде тоқайластырады. Шыңырау құдықтың бір жұтым суы ағайын екі елді алакөз етеді.

Осындай бір қырбай шақ болса керек. Бірде жоқ қарап жүрген Абыл күйші түрікмендердің қолына түсіп қалады. Саны көп, күші басым түрікмендер Абылды сөзге келтірмей, сарт-сұрт қағып, қолын артына байлап, атқа көлденең салады. Сол бетінде салақтатып алып келіп, ауыл иесінің үйінің алдына сылқ еткізіп тастай салады.

Бұл кезде ауыл иесінің үйінде қонақтар бар екен. Қазақтың қолға түскенін естігенде даурыға гу-гулесіп, «алып кел, көрейік» дейді. Кешікпей-ақ қолы артына байланған Абыл үйге кіріп, босағаға тізе бүгеді. Түрікмендер алғашқыда Абылды келекелеп, қазақтарды бірауыз қыжырта сөз етіп алады. Содан бірте-бірте басқа әңгімеге ойысып, тіптен орталарында тұтқын қазақтың отырғанын да ұмытып кетеді.

Абыл көз қиығын салып қараса, төрде екі жағына ұстара жанығандай бір қара сұр жігіт ағасы есіп әңгіме соғып отыр дейді. Өзге жұрт «о, бақшы, е, бақшы» деп әлгі қара сұр түрікменді бір жайлы қылып, енді қазақ арасында болғанын, небір дүлдүл күйшілермен күй сайысқа түскенін, тіпті қазақ-түрікменге аты жайылып кеткен Абыл күйшінің өзін көргенін айтады. Отырған жұрт: «Апыр-ай, Абылдың өзін көрдім дейсіз бе?» – деп таңырқаса, әлгі қара сұр одан сайын лепіріп: «Көргенің не, өз қолынан күй үйрендім», – деп соғады. Абыл болса орайлы сәтті күтіп, үн-түнсіз босаға жақта отырып, әңгімені одан әрі тыңдайды.

Бір кезде әлгі қара сұр «Абылдың сондағы тартқан күйі еді», – деп бір күйді бастайды. «Аңқау елге арамза молда» деген, қайдағы бір ауыл арасынан естіген жыр-терменің сарынына салып, сүректете жөнелсе керек.

Осы кезде босағада отырған Абыл күйші әбден төзімі таусылып, мінез көрсетеді. Күйдің біткеніне қарамайды. Дутарды төпеп отырған қара сұрға: «Әй, бақшы», – дейді, – «Абыл олай тартпайды, тоқтат басты ауыртпай!» – дейді. 

«Ұрының арты қуыс» дегендей, қара сұр сап тиылады. Үйдегілер ошарыла бұрыла Абылға қарайды. Содан соң, о жер, бұ жерден «Е, сен қайдан білесің?», «Абылды танушы ма едің?», «Осының өзі күйші болып жүрмесін?» деген дабыр сөз естіле бастайды.

Сонда үй иесі өмір көрген, бір орнықты адам болса керек, «Жә, шуламаңдар, бұл қазақтың қолын шешіңдер, Абылдың қалай тартатынын өзі көрсетсін!» дейді.

Айтқанынша болмайды, бір жігіт лып етіп орнынан тұрып, Абыл күйшінің қолын шешеді. Екінші біреуі дутарға қол жалғайды. Абыл аз-кем қолын жазып, дутарды алады да, құлақ күйін келтіре бастайды. Дутардың ішегі шаңылтырланып шертіп тұр екен, босата бұрап, үйірінен адасқан сыңар қаздың үніндей қоңыраулатып алады да, қаға жөнеледі. Жаңағы бір даңғаза бопса желік әп-сәтте ғайып болғандай, үйдің ішін сабырлы саз жайлайды. Сабыр болғанда, немкетті бейжайлық емес, сырты түйіліп, іші егілген, сырты бүтін, іші жалын бір сиқыр отырғандарды лебімен тартып, сол ішкі ағынға ілестіріп үйіріп әкеткендей дейді.

Күй бітеді. Жай бітпейді, үйдегілердің еңсесін басып, тәубесіне келтіріп, мына дүние тіршіліктің алдын-артын ала қанға салғандай көз алдына келтіріп тынады. Онымен де қоймайды, түйінін өзі шешіп, байлауын өзі айтып тастағандай.

Түрікмендер өзгеге тоқтамаса да, күйге тоқтайды. Күй тілін түсініп, күйге күңіреніп, күйге жұбана алатын ел. Отырғандар тұғжыңдап төмен қарайды. Бетке шіркеу, беделге көлеңке түсетін бір іс жасап алып, тығырыққа тірелгендей. Үнсіздікті үй иесі бұзады: «Жарқыным, осы сен Абылдың өзі болмасаң игі еді?» дейді. Абыл: «Болсақ болармыз», – деп сабырмен тіл қатады.

Осыдан кейін-ақ  Абыл күйшінің иығына шапан жауып, жарылып төрден орын береді. Содан соң үй иесі: «Ал  шырағым Абыл, көңіл кірі айтса кетеді деген, сөйлет домбыраңды», –  дейді. Сол күні шер тарқайтындай күй тартылады. Одан ары адайлар мен түрікмендер арасындағы кикілжің ұмыт болып, ағайын елдің дәм-тұзы жарасады.

«Абыл» күйі туралы осындай әңгіме адай мен түрікмен арасында күні бүгінге дейін айтылады.

 

Есір Айшуақұлы

Есір күйші (1840-1904) Маңғыстау өлкесінің Жыңғылды жерінде дүниеге келген екен. Ел қатарлы өсіп, домбыра ұстап күйші бала атанған екен. Есейе келе мал бітпей, біреуге жалшы болып жүрсе керек. 1980 жылы патша әскері Хиуаға жорыққа аттанады. Түбектен өтіп бара жатқанда отын-суға көмекші, түйелерге қараушы керек деп, ел арасынан 9 адамды іріктеп алған екен. Ішінде Есір де бар. Осы сапарда оның «Тоғыз түйеші», «Көктөбе», «Манатау», «Ақжарма» секілді бірнеше циклді күйлері дүниеге келеді. Ал Есірдің атақты «Жалдықара» күйінің аңызы «Нарату» жинағында келесідей берілген.

Есір бір жылы ауылдастарымен бүгінгі Ақтөбе облысындағы Ойыл, Қарақамыс дейтін жерлерге барды. Сол жерден тары алып (малға айырбастап) қайтпақшы. Сондай керуеннің жолында, Жем өзені бойындағы тоғайда бір ауыл той жасап жатыр екен. Сол ауылдың шеткі үйінен ас ішіп бола бергенде домбыраның дауысын естіп, көре кетейін деп барса,  бір тұла бойы түк, жеңілдеу шапан киіп, шекпенінің иығынан қолын шығарып алып бір жақ төсін жалаңаштап, иығынан жалы төгіліп отырған кісіні көреді. Бұл баяғыда Төремұрат, Нарымбай ауылында жүрген Құрманғазының өзі болса керек. Есір оның домбыра тартысына риза болып, бірақ қол аласып танысуға реті келмеген екен. Көрген күйшінің шеберлігіне тәнті болып, «Жалдықара» атты күйін шығарған екен.

Есбай Балұстаұлы

Есбай күйші (1842-1910) Қарабау, Тайсойған жерінде туып-өсіп, күйші атанған уақыты Маңғыстаумен байланысты. Өйткені тағдырдың тәлкегімен жастайынан Адайдың Құнанорыс әулетінен тараған нағашыларын пана еткен. Осы жақта Бегімсал, Арал есімді күйшілермен дос болып, Абыл мен Есірдің күйлерін тартып жүрсе керек. Өзінің де жанынан күй шығарып, халық музыка тарихынан ойып тұрып алған. Ел арасында Есбайдың «Терісқақпай» күйінің шығуы жайлы келесідей аңыз бар.

Ертеде Маңғыстау жерінде ұлан-асыр той болыпты. Өңірдің бетке ұстарлары жиналған жиында күй тартысы да өтіпті. Күй тартысқа үш домбырашы қатысқан екен. Тоғызбай күйші, Науша қыз және Есбай домбырашы.

Бірінші кезек Науша қызға тиеді. Наушаның тартқаны «Шилеме, шегелеме» күйі. Аңызда Науша бұл күй жайында былай депті-міс: «Бірде далада «Ақсүйек» ойнап жүргенде, шоңқаймамды тасқа соғып, өкшесін сындырып алдым. Сонда бір құрбы жігіт, ұсталығы бар еді, айдың жарығында шоңқаймамның өкшесін кәдімгі шимен шегелеп берді. Сондағы құрбымның өнеріне азы болып шығарған күй еді».

Келесі кезек ата жолы үлкен Тоғызбайға тиеді. Тоғызбай «Қызыл қайың-Мамыт» деген күйді тартады. Бұл күйдің әңгімесін Тоғызбай былай деп түйген екен: «Бір жігіт бір қызбен көңілдес болады. Бірақ өзінің олақтығынан, келген сайын иттерді шулатып, елге жария болып қалады. Содан кейін бірде, әсіресе белсене шауып жүрген бір қайың-қаптал итті манағы жігіт айдалада қуып жүріп, әбден сабап, бір аяғын сындырып қоя береді. Міне, сонда, «итті алдай алмаған жігіт қызбен не сөйлеспек?» деп шығарған күйім еді», – депті.

Үшінші кезек Есбайға тиеді. Есбай сол жерде отырған халыққа қарап: «Уа, жарандар, мына екі домбырашы бұрыннан дайындап келген күйлерін тартты. Ал мен осы арада, табан астында шығарған күйімді тартамын. Және бұлар оң қағып тартса, мен теріс қағып тартамын», – деп, «Терісқақпай» күйін тартады.

 

Құлшар Ерназарұлы

Құлшар күйші Абылдан күй үйреніп, Есірдің замандасы атанған дейді. Нақты өмір сүрген жылдары белгісіз. Құлшардың шәкірттері ретінде Атажан, Қожахмет, Теңел секілді бірқатар есімдер аталып жүр. «Нарату» еңбегінде Құлшар күйшінің ұрпақтары Алматы облысының Жамбыл ауданында тұрады деп жазылған. 

Бүгінде Құлшардың авторлығымен аталып, бір оқиғаны баян ететін, циклдік күйлер бар. Мына видеода сол күйлердің әңгімесі айтылады.

 

Өскінбай Қалманбетұлы

Өскінбай күйші (1860-1925) жастайынан домбыраға әуес болып, той-томалақтың арасында жүрген екен. Тек күй тартып емес, жыр да айтып, байырғының сөздерін өз заманында қайта жаңғыртқан. Кейін «Адайдың атақты жеті қайқысының» бірі атанып, ел қошеметіне бөленіп жүрді.

Хатқа түсіп, кітапқа енген Ахмет Жұбановтың мына пікірі, күйшінің дәрежесін көрсеткендей. «Бір төбе  болып тұрған адайлық күйлердің негізгі қорын бір басына жинаған Өскінбайдың біздің халықтың аспаптың музыкасында алатын орны ерекше», – деп жазады А. Жұбанов. 

 

Маңғыстау түбегінің күйлері бүгінде күй концерттері мен байқауларында жиі тартылады. Жас домбырашылардың ықыласы жақсы. Десе де, бәрі тамаша деуден аулақпыз. Сондықтан Маңғыстау күйшілік дәстүрінің шебері, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Жұмабек Қадырқұловтың пікір сұрауды жөн деп таптық.

«Бүгінгі күні Маңғыстау күйлерінің насихаты жақсы. Әрбір өңірде Есбайдың, Есірдің күйлері тартылып жүр. Бұл, әрине алдымен аға буынның еңбегі. Сержан Шәкірат, Роза Айдарбаева секілді алдыңғы буынның еңбегі өлшеусіз. Кейінгі біздің буын да шамамыз келгенше оқулықтар мен зерттеу еңбектерін жазып жүрміз. Бізден кейін артымыздан ерген шәкірттеріміз де бұл үрдісті жалғастыруда.

Реті келген соң бір жайтқа тоқталып кетпесе болмайды. Өкінішке қарай, бүгінде ғылыми ортада «Маңғыстау күйлерінің басты ерекшелігі оң қолдың арлы-берлі қимылдауында» деген пікір айтып жүр. Бұл пайымға келісе қоймаспыз. Әрине, Есбайдың «Бөгелегі» мен Құлшардың «Кербез керік» сияқты күйлері оң қол қимылымен тартылады. Десе де, бұл жалпы өңірге тән емес. Сол Есбайдың «Екіндіде ел іздеген» немесе Есірдің «Ақжарма» күйлері ойын емес, философияға жақын. Сондықтан біздің ойымызша, Маңғыстау күйлері дегенде тек «қол бұлғау» күйлерімен қатар, сазы мен ырғағы тек Түбек күйшілік мектебіне ғана тән күйлерді де айтып жүруіміз керек», – дейді Ж.Қадырқұлов.

Құрметті оқырман, бұл жазғанымыз Маңғыстау күйшілік дәстүрінің алдыңғы қатар өкілдерінің қысқаша өмірі мен күйлеріне ғана арналды. Осы күйшілердің соңынан ерген Қоңыр Жүсіпұлы, Қартбай Қалқаманұлы, Шамғұл Ыбырайымұлы, Мұрат Өскінбайұлы секілді көптеген күйшілер де Түбек күйшілік дәстүріне еңбегі сіңіп, көптеген сазды күйдің авторы атанған.

Рүстем НҮРКЕНОВ, күй зерттеушісі