ҚМДБ мәһір мен қалыңмалды біріктірді.
ҚМДБ қалыңмал мен мәһірге қатысты мәлімдеме жасады
3,096
оқылды

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы қалыңмал мен мәһірге қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мүфтияттың баспасөз қызметінің мәліметінше, "әке еңбегі", "ана сүті" сияқты қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік мәһірге саналмайды. Сондай-ақ, қыздың жасауын әкесі өз мүлкінен алып берсе, бұл мәһір болып есептелмейді.

- Қазақ дәстүрінде қалыңмал – қалыңдық үшін берілетін мал-дүние. Егер екі жас ажырасқан жағдайда қалыңдық малы қыздың иелігінде қалатын болған. Осы тұрғыдан қалыңмалды мәһір деп санауға болады, - делінген ресми ақпаратта.

Осы ретте ҚМДБ баспасөз қызметі мүфтияттың шешімін жария етті.

- Шешім: Күйеуі тарапынан берілетін қалыңмалды қыздың разылығымен мәһірге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болады. "Әке еңбегі", "ана сүті" секілді қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік (кәдесый, т.б.) мәһірге жатпайды, - делінген ақпаратта.

Қалыңмал берілмейтін өлкелерде неке қию барысында мәһірді белгілеуі тиіс. Мәһір белгіленбеген жағдайда некесі дұрыс болады. Бірақ күйеуі мәһір-мисл береді.