Жапонның белгілі ғалымы Уяма Томохико 2001 жылы Мәскеу мен Токио бірігіп шығарған Мұстафа Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» деген еңбегіне жазған алғы сөзінде: «ХХ ғасырдың басында Ресейдің өз ішінде және оның төңірегінде Исмаил Гаспринский, Абдурашид Ибрагим, Мирсаид Сұлтанғалиев, Заки Валидов (Тоған), Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов, Махмудқожа Бехбуди, Абдурауф Фитрат, Файзулла Қожаев, Мехмед Эмин Расулзаде және тағы басқа көптеген мұсылман ұлы реформаторлары мен революционерлер шоғыры пайда болды» дей келіп, жаңа азат жолдан «Тіпті осы жұлдыздар ішінде Мұстафа Шокаев (1890-1941) немесе Шоқай бірегей орын алады» деген еді.
Бұл сөздердің шындығына ардақты тұлғаның кезінде әділеттілік пен заңдылықтың орталығы болған Франция астанасы Парижде жиырма жылдан астам тұрып, берісі Түркістанның, арысы бүкіл түркі жұртының тәуелсіздігі үшін сан қырлы саяси қызметі мен бірнеше тілде жазылған мол шығармашылық мұрасынан азын-аулақ хабардар болған оқырманның толық көзі жетеді.
Адамзат өркениетінің үлгісіндей болған Еуропа түгіл Ресейдің орталығынан алшақ жатқан сонау Қазақстанның Сыр бойындағы Наршоқы құмында дүние есігін ашқан Мұстафа Шоқайдың осындай бағаға ие болуының, әлемдік биікке көтерілуінің, мұсылман ұлы реформаторлары мен революционерлер шоғырында жұлдыздай жарқырауының сыры неде жатыр еді? Мұны тану үшін ұлы тұлғаның қайраткерлігі және шығармашылық қызметінің бедерлі-бедерлі деректеріне назар салайық.
Сыр еліне танымал атасы Торғай датқа (белгілі аймақтың басшысы) шаңырағында дүниеге келген Мұстафа жасынан ата баба дәстүрін, ұлттық салт сананы бойына сіңіре есейіп, ер жетті. Ауылдағы төрт жылдық медресені екі жылда бітірген туасы зерек перзентінің өз құқығын өзі қорғай алуы үшін әкесі Шоқай оның әрі қарай орысша оқуын қалайды. Оның санасында орыс қоныс аударушылары мен патшаның жергілікті шенеуніктері екі рет кірпіштен салынған үйін ақысыз-пұлсыз, ал егістігін тартып алғандары терең із қалдырған болатын. Содан 1899 жылы жазда Ақмешіттегі үш жылдық Перовск училищесіне апарып, келісіп қайтады. Бірақ Мұстафа оқу басталар алдында қара шешекпен ауырып, ұзақ жатып, училищеге бара алмай, қазіргі Сұлутөбе стансасындағы теміржол мектебінде оқуға мәжбүр болады. Елде қайта-қайта мектеп ашып жүрген көзі қарақты Әліш ағасы да, училище кісілерімен жүзбе-жүз сөйлескен әкесі Шоқай да Мұстафаның оқу үдерісінде Перовск училищесімен байланыс жасап тұрған болуы керек, әйтпесе 1874 жылы ашылған, Қазақстанның оңтүстік өңіріне талай тілмаш, тағы басқа кадр дайындаған оқу орны өзімен қатысы жоқ оқушыға 1902 жылы бітірді деп құжат бере қоймайды ғой. Осы құжатпен Ташкенттің сегіз жылдық ерлер гимназиясында оқуға түседі. Мұстафа осында өзінің орысша сауатын жетілдіріп алғаннан соң Түркістан өлкесі орталығының қоғамдық өміріне еркін араласа бастайды. Елден келген жергілікті халықтың арыз-шағымдарымен түрлі мекемеде, тіпті өлкелік генерал-губернатордың алдында да бірнеше рет болып, өлкедегі саяси-әлеуметтік өмірді тереңірек тануға мүмкіндік алады. Жұртшылықтың өзекті мәселелерін шешуде белсенділік көрсетеді. Гимназияны бітіргеннен соң Мұстафаны А.Самсоновтың тілмаш ретінде жұмысқа шақыруының осындай негізі бар болатын.
Мұстафа Шоқайдың болашағы үшін араларында үзілісі бар бас-аяғы 6-7 жыл Петерборда болуы маңызды болды. Император университетінің Заң факультетінде оқып, берісі Ресейдің, арысы Еуропаның білімі мен ғылымының тәтті дәмін татты, ерекше алғырлық қабілетімен сол кездегі орыс қауымындағы демократиялық үрдістерді бойына сіңірді. 1910-1914 жылдарғы саяси жағдайларға байланысты студенттермен бірге көшелерде өткен демонстраттар қатарында Үкіметке қарсы шешімдер қабылдауға қатысады.
Сондай-ақ болашақ саяси қайраткердің дүниетанымының қалыптасуында оның Орталықтағы Ресей мұсылмандары қоғамдық ұйымдарының жұмысына тартылуы да ерекше рөл атқарды. Әсіресе, бұл бағытта Алаш ардақтыларының, оның ішінде сонау гимназияда оқып жүргенде тағлымды сөзін естіген, Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, кейін «Алаш» партиясының негізін қалаған, Алашорда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейхан ықпалының жөні бөлек болды.
Ұстазының ұсынысымен 1916 жылғы тамызда Мемлекеттік Дума және Үкіметтің тыңдауына Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысын патша үкіметінің қатыгездікпен басқаны туралы арнайы материал жинау мақсатымен құрылған Дума жанындағы Мұсылман фракциясының төрағасы сенатор К.Тевкелев пен Дума мүшесі А.Керескийдің жетекшілігімен құрылған комиссияның аудармашысы, хатшысы және маман зерттеушісі ретінде Түркістан өлкесінде болуы айрықша мәнді болды. Соңғы сапар Мұстафа Шоқайды Думаның Мұсылмандар фракциясының кеңесші бюросына қызметке әкелді. Бұл оның Түркістан туралы мәліметтер жинауына, фракция өкілдеріне өлкеге қатысты материалдар дайындауына мүмкіндік берді.
Ресей орталығындағы сан салалы күрделі өмір Мұстафа Шоқайдың саяси қайраткер ретінде қалыптасуының нағыз саяси университеті болды десек кателесе қоймаспыз. Бұған оның 1917 жылғы сәуірдің басында Петербордан Ташкенттен кетер алдында өзіне бұрыннан таныс, сол тұста бүкіл Ресей территориясында маңызды рөл атқарған Петербург жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің төрағасы Николай Семенович Чхеидземен кездескендегі әңгіме тақырыбы дәлел бола алады. Ол Мұстафа Шоқайдан өздерінің жұмысы туралы сұрағына Түркістан автономиясына әзірлік жасап жатқанын айтады. Бұл сөзден шошынған Чхеидзе автономия елді дереу дербестікке, бөлінуге апаратынын айтқанда, Мұстафа орыс революцияшыл демократиясы ұлттардың бостандығы туралы талай жылдан бері көтерген ұранына берік болса, бөлінуден қорқудың реті жоқ екенін еске салады. Бұл кездесу екі мәселені ашық байқатады. Біріншісі – Алаш ұлт азаттық қозғалысының автономия үшін күресінің басталғанын көрсетсе, екіншісі –Мұстафа Шоқайдың саяси өресін, шынайы қайраткерлік болмысын танытты.
Бойына адалдық пен әділеттілік, қайсарлық пен қарапайымдылық, білімділік пен біліктілік, жауапкершілік пен қайраткерлік сияқты адами қасиеттерді сіңірген Мұстафа Шоқайдың саяси қызметінің алғашқы асуы, Қазақстан мен Орталық Азия аумағындағы Түркістан Мұқтарияты болды. Саяси-әлеуметтік һәм экономикалық жағынан, әсіресе діни жағынан аса күрделі өлкеде саяси және рухани мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, жергілікті халықтың жетекші өкілдерін басты мақсатқа ұйыстыра алудың нәтижесінде жаңа тұрпатты мемлекеттік құрылымға қол жеткізу айрықша басқарушылық нақты көрінісі болатын. Алайда Түркістан Мұқтарияты барлығы 64 күн ғана өмір сүрді. Автономияның «Алаш» партиясының бағдарламасындағы «Ресей – «демократичесая, федеративная республика» болу («Демократия мағынасы – мемлекетті жұрт билеу. «Федерация мағынасы – құрдас мемлекеттер бірлесуі. «Федеративная республикада» әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді) деген қағидатты норма Кеңес үкіметіне ұнамады. Содан автономия құлатылды. Қоқан қанды қырғынға айналды. Ал басына 1000 сом бәйге жарияланған Мұстафа Шоқай шетелге кетуге мәжбүр болды. Өмірінің 20 жылдан астамын эмигранттықтардың екінші отаны саналған Францияда болғанда ерекше қажыр-қайратымен, сан тақырыпты қамтыған шығармашылығымен отандық эмиграциялық қызметтің тұңғыш жарқын беттерін жазды, ірі қайраткер санатында әлемге танылды.
Эмиграцияда арнайы құрылған саяси ұйымы, саяси партиясы жоқтығына қарамай, Мұстафа Шоқай өзі кезінде қызғыштай қорғаған автономия туралы идеяны артқа тастап, тәуелсіздік, толық дербестік үшін кең мағыналы күреске шығып, бұл бағытта Түркістандағы озбыр кеңестік саясатты барынша жан жақты көрсете білу үшін ең бірінші Батыс елдерінің кеңестік кезеңдегі Түркістан мәселесін қандай дәрежеде білетіндігі мен түсінігін орыс отаршылдығына қарсы күрестің стратегиясының құрамды бөлігі деп санап Ыстанбұл, Париж, Лондон, Берлин, Варшава тағы басқа қалалардың тиісті мінбелерінде сөз сөйлеп, Кеңес Одағындағы түркі халықтары көріп жатқан большевиктік саясатты барынша әшкерелеген баяндамалар жасады, түрлі басылымда мақала жариялады. 900-ден астам еңбегінде Мұстафа Шоқай кеңестік жүйенің Түркістандағы ұлттық саясатының бар бағытын ғылым тұрғыдан терең талдау жасап, кеңестанулық ғылым тұрғысынан жан-жақты және терең баға берді.
Шетелде сан түрлі қайраткермен қарым қатынасқа түсіп, кейде әділеттілік үшін айтысқа да барған, көзбен көргені де, ойға түйгені де мол түркі тектес эмигранттардың кемел көсемі ғана емес, түйінді сөздің шешені де болған энциклопедиялық білімдар Мұстафа Шоқай жоғарыда аталған еңбектерінде Кеңес үкіметінің ұлттық саясаты, Түркістанның азаттығы үшін күреске аса қажет «ұлтшылдық», «ұлттық рух» сияқты адами қасиеттер, тәуелсіз ұлттық мемлекет, олардың мәні мен мазмұны, оларға жетудің жолдары мен амалдары, қоғамдағы саяси қайраткерлер мен зиялы қауымның орны, оларға қойылатын талап тілектер тағы басқа тақырыптар туралы сан салалы саяси әлеуметтік ой тұжырымдары жасады. Бұлардың қысқаша мазмұны 1936 жылы Берлин радиосынан Түркістан жастарына арналған сөзінде былайша керемет бейнеленді: «Біздің құбыламыз – өзіміздің атажұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір мұхаббат уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек! Түрік халқы – батыр халық, түрік халқы – арыстан, ер халық».
Түркістанның тәуелсіздігіне қатысты бұл идеялар «Яш Түркістан» журналының тұңғыш санында жарияланған «Біздің жол» атты мақаладан бастау алады. Онда мынандай жалынды сөздер жазылды: «Біз Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды». Бұл ойлар әрі қарай дамытыла түсіп, күрестің түпкі мақсаты: «Большевиктер «Түркістан республикалары түрі – ұлттық, мазмұны – пролетарлық» деседі. ... Ал біздің мұратымыз – Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» деп айқындады.
Патшалық Ресейді соның саяси жалғасындай болған Кеңес үкіметін терең әрі жан-жақты батыл сынаған Мұстафа Шоқай үшін дереккөздер қызметін, ең алдымен, өзінің басынан өткен жағдайлар атқарды. Кеңес үкіметінің екі жарым жылдай өмір сүрген Алаш үкіметін тарауға мәжбүр еткені, тағдыры екі айдан астам ғана болған Қоқан автономиясына қару жұмсағаны белгілі. Сондай-ақ Мұстафа Шоқай кеңестің жауапты қызметкерлерінің жазған мақалаларынан, сөйлеген сөздерінен, «Еңбекші қазақ», «Қызыл Өзбекстан», «Правда Востока», «Правда» тағы басқа бұқаралық ақпарат құралдарынан алынған бұрынғы патшалық, кейінгі пролетарлық Ресейдің езгісіндегі отар елдердің объективті шындығынан мол мәліметтер алды. Әрине, бұл шындық өз иелеріне жақпады. Бұл сонау Мәскеуге жетіп жатты. 1925 жылдың 29 мамырында И.Сталиннің РКП (б) Қырғыз өлкелiк комитетiнiң бюро мүшелерiне жолданған хатында: «Бiз өкiметтi, жастарды саяси және идеологиялық тәрбиелеудi партияда жоқ буржуазиялық интеллигенттерге табыстау үшiн алғанымыз жоқ. Бұл шайқас толығымен және еш қалдықсыз коммунистердiң пайдасына шешiлуi қажет. Олай болмаған жағдайда Қырғызстанда (Қазақстанда – автор) шоқайшылардың жеңiске жетуi әбден мүмкiн. Ал бұл Қырғызстандағы коммунизмнiң идеологиялық және саяси күйреуiмен теңбе-тең» деп жазуы тегіннен тегін емес болатын. Кеңес көсемінің бұл хаты Мұстафа Шоқайға қарсы күреске жаңа қарқын беріп ғана қойған жоқ, оның атын Кеңес Одағына кеңінен мәлім етті.
Мұстафа Шоқайды әлемге әйгілі еткен оның адами болмысын, қайраткерлік тынысы мен энциклопедиялық білімдарлығын мына мысалдар да толық дәлелдейді. 2012-2914-жылдары жарық көрген он екі томдық шығармаларының толық жинағына енген еңбектері қазақ, орыс, ағылшын, грузин, неміс, өзбек, поляк, түрік шағатай және француз тілдерінде жарияланды.
Халықаралық өмірдің сұңғыла сарапшысы Мұстафа Шоқай 1920 – 1930-жылдары негізінен орыс, француз, ағылшын, неміс, поляк және түрік-шағатай тілдерінде жазылған 150-дей мақаласында Англия, АҚШ, Аустрия, Германия, Италия, Жапония, Қытай, Польша, Палестина, Франция, Чехославакия, Шығыс Түркістан тағы басқа елдердің сыртқы саясатына, жалпы халықаралық өмірдің өзекті мәселелеріне саяси талдау жасады. Сыртқы саясаттың Түркістанға оң әсерін білу автордың басты мақсаты болды.
Осындай себеппен Мұстафа Шоқай 1924 жылдан 1933 жыл аралығында Лондонда бес-алты рет болып, француз тілінде баяндамалар жасады. Оның лекцияларына ағылшындардың үлкен қызығушылық білдіргеніне 1933 жылғы 30 наурызда Лондондағы Корольдің Халықаралық қатынастар институтындағы оқылатын лециясына қатысты «Корольдің Орталық Азия» қоғамының, ағылшын парламеті Қауымдастар палатасының мүшесі, Кавказ өңірінің зерттеушісі У.Алленнің және Кездесулер департаментінің хатшысы Г.Ровеннің тиісінше 13, 15 және 17 наурыздағы хаттары толық дәлел бола алады. Ал Корольдің Халықаралық қатынастар институтында оқылған дәрістен соң институт Кеңесінің төрағасы Н.Мальколм Мұстафа Шоқайға мынандай мазмұнда хат тапсырады: «Құрметті Шокаев мырза! Сіздің «КСРО және Қытай Түркістаны» атты тақырыпта сөйлеген сөзіңізге Корольдің Халықралық қатынастар институты еңесінің атынан алғысымды жазып отырмын. Институтқа көрсеткен қызметіңіз сіздің тарапыңыздан үкен игілікті іс болды. Сөйлеген сөзіңізді оған қатысушы мүшелер шын ықыластарымен тыңдап, риза болды».
Мұстафа Шоқайдың білімпаздығын, ерекше мәмлегерлігін, қағидатты көзқарастарын, әділеттілік жолына шын берілгенін, саяси-әлеуметтік болмысын 100-ге тарта әртүрлі елдің, әртүрлі ұлттың өкілімен, саяси қайраткерлерімен, ғалымдарымен қарым-қатынасының нәтижесіндей болған, сол кездегі өзекті сан түрлі мәселелерді қозғаған үш жүздей хаттарды қамтыған эпистолярлық мұрасынсыз толық түсіну мүмкін емес. Бұл хаттар Мұстафа Шоқайдың эмиграциядағы мұсылмандардың көшбасшысы болғанын айқын да нақты көрсетеді.
Бүгінде Мұстафа Шоқайдың ұлттық рухтың шынайы «ұлтшылдық» ұғымына қатысты ойлары да маңызды. Тәуелсіздігімізге отыз жылдан асса да, ресми ақпараттарда бұл ұғымға кешегі кеңестік көзқараспен қараушылар табылады. Сондықтан нағыз ұлтшыл күрескердің кейбір ойларына тоқтай кетсек артық болмас. «Халқымыздың мәдени және рухани жақтан қол жеткізген жетістіктерінің бәрі тек ұлтшылдық қозғалысына тән» деген ұлтшыл күрескер: «Қанқұмар коммунистер халқымызға хайуандық пен зұлымдық істей отырып, ұлтшылдық идеясынан баз кештіре алар ма? Егер кімде кім бұл өлмес идеяны Мәскеудің күнде өзгеріп тұратын түсі сияқты деп білсе, сөзсіз қателескен болар еді. Ол – халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді» деп жазды. Ал ұлтшылдықты қалай түсінуге болады дегенге былайша жауап беріп еді: «Біздің ұлтшылдығымыз Түркістанда ұлттық үкіметтің үстемдігінен басқа ешбір күшті мойындамау негізіне құрылған».
Тәуелсіз ұлттық мемлекет мүшелеріне, әсіресе зиялы қауымға, саяси қайраткерлерге қатысты айтылған ойлар да тағылымды. Мұстафа Шоқай қоғам дамуында, жалпы мемлекеттің жаңаруында ойы өрісті, сөзі келісті, еңбегі жемісті, ұлттық рухы жоғары, шынайы отаншыл зиялылардың рөліне ерекше көңіл аударды. «Ұлттық зиялы» деген мақаласында ұлттық зиялыға кімдердің жататынын мына сөздермен бедерледі: «Біздіңше, белгілі бір мұрат мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат мақсаттар төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады», ал «Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады». Зиялылардың міндеті ұлы да қасиетті болуы себепті өте ауыр екенін атап көрсете отырып, оның бір қырын былайша түсіндірді: «Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жүктеледі».
Мұстафа Шоқай – саяси қайраткерлер туралы, олардың тамаша кісілік қасиеттері жөнінде де өнегелі өсиеттер қалдырды. «Шығыс Түркістан, сыртқы дүние және біздің міндеттеріміз» деген мақаласында ұлттық күрестің мүддесі осы күреске белсене қатысқан әрбір жеке адамның мүддесіне немқұрайды қарамауды талап ететінін, ал ұлттық қозғалыстарды басқарып, жетекшілік ететін жеке тұлғаларды қорғап қана қоймай, олардың беделін арттыруға күш салудың қажеттігін: «Біз саяси қайраткерлерді оның ұрандарына қарап емес, іс қимылдарына қарап бағалаймыз» деген ойымен айқындай түсті. Сонымен қатар мемлекеттің саяси сипаты да, әлеуметтік әлеуеті де оның тікелей басшысына байланысты болатынын да терең түсінген Мұстафа Шоқай «Кеңестің негізгі заңы» атты мақаласын Алманияның ұлы мемлекет қайраткері Бисмарктің: «Әкімшілігінен ынсап кеткен жерде заңнан қайыр жоқ» деген сөздермен бастауы жайдан жай емес еді. Саяси басшылардың жеке билігі қоғамның қай саласының болмасын әлсіреуіне, төмендеуіне әкеліп отыратынын тарих талай дәлелдеді. Оны «генсектердің» ақыл ойына сүйенген кешегі кеңестік биліктің тағдыры толық дәлелдеген еді. Мұны алғашқы жылдары қажет болған, алайда тәуелсіздік жылдары жалғаса түсуімен көптеген қайшылыққа душар еткен еліміздегі суперпрезиденттік басшылық та көрсетіп берді.
Тәуелсіз жылдары Мұстафа Шоқай айтқан «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» деген қағидатты идеясына жете мән бермей, мыңдаған жыл ата бабамыз күш жігерін, тіптен ғұмырларын да құрбан етіп, қол жеткізген азаттықты тиісінше қадірлей, қастерлей, мақтаныш ете алмайтын жандарды аз көріп жүрген жоқпыз. Осы сәтте Мұстафа Шоқайдың сонау 1923 жылы тәуелсіздікке қол жеткізген туысқан Түркия елін реті келгенде әркез үлгі етуді ұсынғаны еріксіз еске түседі: «Біз бүгін «Шығыс рухы» басым болуы себепті мешеу қалған» деп саналатын Түркияда Батыс білімі жергілікті жағдайларға сәйкес сәтті қолданылып жатқанын көріп отырмыз. «Батыс білімін» «Шығыс рухымен» ұштастыру үстіндегі Түркия тәжірибесі біз үшін аса құнды. Біздіңше, дүние тарихында бұрын соңды көтерілмеген жетістіктердің түпкі себептері – Түркия ұлттық күштерінің Еуропа тәрбиесін алған түрік зиялылары мен шығыс зерделі зиялылары түркі менталитетін (Mentalitet) сәтімен үйлестіре алуында жатыр».
Түркістандықтардың күндердің күнінде азаттық алатынына, туған елінің тәуелсіздікке қол жеткізетіне Мұстафа Шоқай кәміл сенді. «Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз» деген асқақ арманы орындалды. Бүгінде ұлы тұлғаны сағыныштан сарғайтқан Отаны – өзіндік экономикасы мен саясаты, өркениеті мен мәдениеті бар Тәуелсіз Қазақстан бүкіл адамзат қауымдастығынан өзіне лайықты орын алды. Бірнеше ғасыр құрсауда болған қазақ халқы «өз жерінің нағыз қожасы» болып отыр.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылым докторы