Халықаралық валюта қоры биыл Қазақстан экономикасының даму болжамын 3,5% деңгейінде қалдырды.
Рейтинг тұрақты болса да, табыс төмен
564
оқылды

Сондай-ақ әлемдік экономиканың қазан айындағы шолуында қор еліміз 2025 жылы 4,6% экономикалық өсімге қол жеткізбек деп мәлімдейді. Бұл шілде айындағы болжаммен сәйкес келеді. ХВҚ Қазақстандағы орташа жылдық инфляция 2024 жылы 8,6%-ға дейін төмендейді деп есептейді. Былтыр ол 164,6% деңгейінде еді. Сонымен қатар халықаралық ұйым сарапшылары елімізде 2025 жылғы инфляция 7,2%-ға дейін баяулайды деген оң долбар жасап отыр.

World Economic Outlook: Policy Pivot, Rising Threats шолуында ХВҚ маман­дары 2024-2025 жылдарға арналған әлемдік инфляция сәйкесінше 5,8% және 4,3% болмақ деген тоқтамға келген. Ал әлемдік экономика өсімі 3,2% деңгейінде өзгеріссіз қалып отыр.

Әлемдік экономика ахуалы

Шикізат экспортына тәуелді ел ретінде біз үшін баға болжамы маңызды екені даусыз. Бұл тұрғыдан ХВҚ биылғы мұнай бағасының баррелін 81,29 доллар деп бағалайды. Бірақ келер жылы ол 10,4%-ға төмендеп, 72,84 долларға дейін арзандауы мүмкін екенін атап өткен. 

«Жалпы инфляцияға қарсы жаһан­дық күрес оң нәтиже көрсетті. Дегенмен бірқатар елде баға қысымы әлі де сақ­тал­ып қалады. 2022 жылдың III тоқса- н­ын­да­ғы жылдық инфляция шыңы болған 9,4% көрсеткіштен кейін бұл көрсеткіш бүгінде 3,5%-ға дейін төмендеуі керек» делінген шолуда. Сонымен қатар ХВҚ жаһандық тәуекел­дерге тоқталып өткен. Олар: аймақтық қақтығыстардың кү­шеюі, Қытай эконо­микасының тежелуі және протек­ционизм.

Ал ТМД елдері аумағыннан Беларус­сия экономикасының өсуін 2024 жылы 3,6%-ға, ал 2025 жылы 2,3%-ға дейін жақ­сарт­ты. Қырғызстанда 2024 жылы 6,5%-ға, ал 2025 жылы 5%-ға өседі деп бол­жануда. Әзербайжанның ЖІӨ 2024 жылы 3,2%-ға көтерілуі керек. Соның ішінде айтарлықтай өсімге қол жеткізуі мүмкін елдердің қатарында Грузия бар. Оның ЖІӨ бойынша өсімі 2024 жылы 7,6%-ға дейін, ал 2025 жылы алдыңғы шолу­да 6%-ға дейін деп көрсетілген. ХВҚ­ сонымен қатар Түрікменстан эко­но­ми­касының 2024 жылы 2,3% өсуін күтуде. Сонымен қатар ХВҚ Ресейде 3,6% өсім болады деп күтуде. Ал 2025 жылдың болжамын керісінше 1,3%-ға дейін төмендетті.

Отандық өсімнің өзегі

Ал Fitch Ratings халықаралық рей­тинг агенттігі еліміздің тәуелсіз кредит­тік рейтингін «BBB» деңгейінде, яғни «Тұр­­ақ­ты» деген болжамын сақтап қал­­ды. Агенттік Қазақстанның халық­аралық рейтингін қолдайтын басты себептердің бірі ретінде мұнайдан түс­кен қаражат жинақталған Ұлттық қор және алтын-валюта резервтерін көрсет­кен. Бұл қор­лар елге қаржылық қиын­дық­тарға төтеп беруге мүмкіндік береді және оны рей­тинг­тері ұқсас елдерден мықтырақ етеді.

ҚР Ұлттық қорының валюталық ак­­тивтері мен ресми алтын-валюта ре- з­ерв­тері ЖІӨ-нің 38% баламасына жетті. Бұған ықпал еткен негізгі фактор – 8,4% деңгейіндегі инвестициялық кіріс пен алтын бағасының өсуі.

Сарапшылар мұнай саласына тәуел­ді­лікті біртіндеп азайтуға ықпал ететін көлік және жаңартылатын энергия сынды секторларды дамыту бойынша жасалып жатқан қадамдарды айтты.

коллаж: Елдар ҚАБА

Бұған қоса, Агенттік салыстырмалы түр­де кең ауқымды қайталама санкция­лар салудың тәуекелі төмен екенін атап өтті. Бұған дейін Азия Даму Банкі (АДБ) 2024 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімі 3,6% болады деп болжаған. Сарапшылар оны елі­міздің солтүстігінде­гі көктемгі су тас­қыны­мен байланыстыр­ған еді.

Ал отандық экономистер отандық сауда мен экономика салаларының өсуі­не мемлекеттік шығындар әсер етіп отырғанын алға тартады. Себебі мемле­кет бір жыл ішінде экономикаға айтар­лық­тай көп қаржы жұмсаған. Бұл шы­ғын­дар жоспарланған деңгейден аспаса да, былтырғы жылмен салыстырғанда жоғары деңгейде белгіленген. Мемлекет шығынының артуы былтырғы жылдың экономикалық базаның жоғары болуы­на байланысты. Яғни, мемлекет өткен жыл­ғы белсенді экономикалық саясатты жалғастырып,  экономиканы қолдауға бағытталған шығындар да сол деңгейде сақталған. Сонымен қатар бюджетке түсуі тиіс негізгі салықтардың аз түсуі шы­ғыс­тардың кірістерден асып түсуіне әкелді. 

Пайыздық мөлшерлеме неге төмендемейді?

HalykFinance сарапшыларының пікірінше, экономиканы қолдау үшін мемлекет жоспарлаған шығындар негіз­гі салық түсімдерінен жоғары болған. Сондықтан мемлекет бюджет тапшылы­ғын жабу үшін Ұлттық қордың қаража­тын көбірек пайдалануға мәжбүр болды.

«Үкімет  жыл соңына дейін экономи­каға түсетін қосымша 2 трлн теңге көле­міндегі трансферттер туралы хабарлады. Осылайша, салық түсімдерін жоспар­лау­дағы қиындықтар және жоғары мемле­кет­тік шығындар Ұлттық қордың мұнай қаражатын артығымен пайдала­ну­ға себеп болды. Жыл қорытындысы бой­ын­ша, экономикаға Ұлттық қордан түсе­тін қаражат 6 трлн теңгеге жетуі керек. Оның ішінде «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акцияларын сатып алу шығындары да бар, бұл өткен жылғы рекордтық көр­сеткіштерден асып түседі», – дейді сарап­шы Мадина Қабжәлелова HalykFinance есебінде.

Маманның пікірінше, бұл Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігін шектейді. Өйт­кені нақты мөлшерлеме инфляция­ның төмендеуіне қарамастан әлі де жоғары деңгейде қалып отыр, бұл несие беру мен экономиканың өсуіне теріс әсер етуде. Үкіметтің шығынды көбейт­уі ин­фляцияны арттырып жібере ме деген қауіп бар. Сондықтан Ұлттық банк эко­номиканы ынталандыру үшін пайыздық ­мөлшерлемені төмендет­пейді, себебі бұл инфляцияны бақылау­дан шығарып жіберуі мүмкін.

«Валюта бағамы да алғашқы жарты­жыл­дықта Ұлттық қордан түскен қара­жат көлеміне қатты тәуелді болды. Ал үшінші тоқсанда оның құбылмалылығы артып, іргелі факторларға әлсіз байла­нысы байқалды. Ұлттық банк үшінші тоқсанда Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қоры үшін валюта сатып алғанымен, оның көлемі алдыңғы айларға қарағанда едәуір жоғары болды. Алайда таза валю­та сатылымы әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Соған қарамастан, теңге бағамы әлсіреп, нарық қатысушылары мен халықтың сенімін төмендетіп, инфляциялық күтілімді өсірді», – дейді маман.

Экономика өсуінің үшінші тоқсан­дағы оң динамикасына қарамастан, HalykFinance жыл соңына дейін 3,9% деңгейінде болады деп болжап отыр. Сарапшылардың айтуынша, оған тау-кен өндіру секторындағы әлсіз дина­мика мен сауданың тұрақсыз өсуі ықпал етуі мүмкін.

Кәмила ЕРКІН