Шымкент тұрғындарының жалақысын көтеруге жергілікті бюджеттен 10 миллиард теңге бөлінді

Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 23,5 млрд теңге қаралып, есепті кезеңде 15,5 млрд теңге болатын 3 734 жобаға қолдау көрсетілді.

Шымкентте шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда оң өзгерістер байқалады. Бұл бағыт қала экономикасының негізі болып саналады. Нарықта белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 136 мыңнан асып, онда жұмыспен қамтылғандар саны 226 мыңға жетті. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікпен өндірілген өнім көлемі қала экономикасының 56%-ын құрап отыр. Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 23,5 млрд теңге қаралып, есепті кезеңде 15,5 млрд теңгені құрайтын 3 734 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл жайлы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ОКҚ көшпелі баспасөз конференциясында мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Оның айтуынша, қалада алғаш рет шағын және орта кәсіпкерлердің жаңа бастамаларын қолдау үшін «шағын өндірістік алаңдарды құру» жобасы бастау алды. Бұл жерде толық инфрақұрылыммен қамтылған дайын өндіріс алаңдары кәсіпкерлерге қолжетімді болады.  Бүгінде  аумағы 54 мың шаршы метр құрайтын 3 өндірістік алаңды салу жұмыстары басталды. 

«Кәсіпкерлер үшін тағы бір жақсы жаңалық болған осы жылдан бастап бөлшек салық мөлшерін 4%-дан 2%-ға дейін төмендету бойынша шешім қабылданды. Бұл кәсіпкерлерді ашық жұмыс істеуге ынталандырып, бүгінде осы салық түрінен бюджетке түсетін түсім 4,4 есеге артып отыр. Одан бөлек, кәсіпкерлерге ыңғайлы орта құру үшін 7 базарды стандартқа сәйкестендіру жұмыстарын қолға алдық. Биыл 3 базар модернизациядан өтетін болады», – деді шаһар басшысы. 

Жұмыс орындарын құрып, халық табысының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыр.  Өңірдегі белсенді жұмыс істейтін азаматтар саны  468 мыңнан асты. Биыл жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында, жұмыспен қамту шараларына 45 мыңнан астам адам тартылып, 32 мыңға жуығы тұрақты жұмыспен қамтылды.  

Жұмыспен қамту және мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30%-ға пайызға азайды. Өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 4,9%-дан 4,8 %-ға төмендеді.  

«Экономикалық көрсеткіштердің өсімі халықтың өмір сапасына тікелей әсер етіп отыр. Өздеріңіз білетіндей, Шымкент қаласы жалақы мөлшері төмен өңірлер қатарына жатады. Осы ретте, өңірдегі жалақыны арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылдап, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жергілікті бюджеттен 15 мыңға жуық еңбекақысы төмен азаматтық қызметшілердің жалақысын қосымша 50 мың теңгеге көтердік. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын барлық бюджеттік қызметкерлердің жалақысы 140 мың теңгеден асты. Қазіргі таңда өңірдегі орташа жалақы көлемі 12,5 %-ға өсіп, 304 мың теңгеге жетті», – деді спикер.

Биыл Шымкентте 978 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда 42%-ға өсті. Жыл соңына дейін көрсеткішті 1 миллион 360 мың шаршы метрге жеткізу көзделуде. Дегенмен  халық санының қарқынды өсуіне байланысты баспанаға деген қажеттілік өзекті болып тұр.  Әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 51 мыңнан асты. Мәселені шешу үшін 4 830 пәтерлі 92 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 2 094 пәтерлі 55 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл жайлы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ОКҚ көшпелі брифингінде хабарлады.

Оның айтуынша, жұмысшы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 604 пәтер сатып алу қарастырылып, бүгінде оның 1 240-ы  алынды. Сонымен қатар жергілікті «Қамқор» тұрғын үй бағдарламасына бөлінетін қаржыны 2 есе  арттырып, кемінде 400 отбасына жеңілдетілген несиелер беруге 8 млрд теңге қаржы бөлінді.  

«Жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік көмек ретінде табыс деңгейі төмен 392 отбасына тұрғын үй сертификаты берілді. Одан бөлек, «Отбасы банктің» тұрғын үй бағдарламалары арқылы 1 666 азаматты кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Жалпы есепті кезеңге 2 004 азамат әлеуметтік тұрғын үймен қамтылып, жыл соңына дейін қосымша 1 270 пәтер беріледі», – деді әкім.

Экономика өсімі қала инфрақұрылымының дамуына да қарқын беріп отыр. Елді мекендердің инженерлік жүйелері жыл сайын жақсарып келеді. Атап айтқанда, биыл 5 елді мекенде ауызсу жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде Сайрам, Құрсай және Бозарық елді мекендерін ауызсу жүйелеріне қосу жұмыстары басталды. Алайда жауапсыз мердігерлер жұмысқа үлкен кедергі келтіріп отыр. Мысалы, олардың бірі «Құрсай» шағынауданындағы ауызсу жүйелерінің құрылысын 2021-2022 жылдары жүргізіп, қаржысының 95%-ын алып қойған. Алайда, іс жүзінде жұмыстар толық аяқталмаған және кемшіліктері өте көп. Жауапсыз мердігер есебінен халық ауызсуға қол жеткізе алмай отыр.  

«Біз халық мұқтаждығын және мәселенің өзектілігін ескеріп, шешу жолдарын жан-жақты қарастырдық. Бүгінде демеушілер есебінен жұмыстар атқарып, тұрғындарды суға қосу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сол сияқты «Ұлағат» шағынауданында «Алемстрой-1» ЖШС тарапынан 2022 жылы кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталып, қаржысы толық аударылған.  Алайда 7 шақырым кәріз жүйесі мүлдем жүргізілмегені анықталды. Бүгінде  мәселе құқық қорғау органдарымен қылмыстық іс аясында тергеліп жатыр», – деді қала басшысы.  

Электр энергиясымен қамту бағытында да жұмыс атқарылуда. 5 елді мекенде электр желісінің құрылысы басталып, осы жылы 6 мыңнан астам халқы бар Асар-2 шағынауданы сапалы электр қуатымен қамтылды. Сонымен қатар электр қуатын арттыратын 2 қосалқы стансаның құрылысы жүргізілуде. Жеке инвестор есебінен қуаты 36 МВт құрайтын «Дендропарк» қосалқы стансасы іске қосылды. Станса 7 500-ден астам абонентті қосу арқылы тұрғындар мен бизнестің сұранысын қамтитын болады. 12 елді мекенде табиғи газ жүйесінің құрылысы басталды.  

Бірнеше жылдан бері өзекті болып келген 60 мыңнан астам халқы бар Қайнарбұлақ елді мекенінде газ жүйелерінің құрылысы аяқталды. Қазір ішкі монтаждау және абоненттерді қосу жұмыстары жүргізілуде.  Осы сияқты Қаратөбе, Бозарық-2 елді мекендерін газ жүйесіне қосу жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін қосымша Тассай, Ынтымақ-2, Қайтпас-1, Еламан, Бозарық-1 және Бозарық-3 елді мекендері қамтылатын болады.  

Қалада 2 магистральді кәріз коллекторы және 6 нысан құрылысы жүргізілуде. Биыл 120 мыңға жуық халықты кәріз жүйесіне қосу мүмкіндігі бар коллектор пайдалануға беріледі.  

«Қаланы жылумен қамтуда бірқатар мәселе  бар. Жылу жүйелерімен үздіксіз қамтамасыз ету және тозу деңгейін төмендету мақсатында осы жылы 30 шақырым жүйелер жөндеуден өтті. Айта кететін жайт, өткен жылдары жалған дайындық төлқұжаттары берілуіне байланысты, ақаулар болған болатын. Биыл бұл мәселе басты назарға алынып, әрбір тұрғын үй және нысандар мұқият тексерілгеннен кейін ғана дайындық төлқұжаты берілді. Дегенмен жылу сапасы бойынша халық шағымы көп. Мұның басты себебі КСК жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Сондықтан  олардың жұмысын әкімшілік тарапынан қолға алуға мәжбүрміз», – деді шаһар басшысы.

Сонымен қатар тұрғындардың өтінішімен жылу маусымында ғана ыстық су беріліп келген 241 көпқабатты тұрғын үйлерге алғаш рет тұрақты ыстық су берілді.  Қаланың демографиялық өсімі және өндіріс алаңдарының тұрақты өсу үрдісін ескеріп, инфрақұрылым қуаттылығын арттыратын 6 су жинақтағыш қондырғы, 7 электр қосалқы станса, 1 газ тарату стансасы, 1 кәріз тазарту қондырғысын салу жоспарланып отыр.

Қазір Шымкенттегі 13 елді мекенде мектеп жоқ және 21 мектепте орын тапшылығы бар. Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 28 мың оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде 3 200 орындық 2 мектеп пайдалануға тапсырылып, 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан» 3 мектептің құрылысына 7,9 млрд теңге қаралды. Одан бөлек, инвесторлардың жеке қаражаты есебінен 2 800 орындық 5 мектеп пайдалануға берілді. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ОКҚ көшпелі баспасөз конференциясында осылай деді.

Оның хабарлауынша, Тұран шағынауданында 500 орындық Оқушылар сарайының құрылысы 80%-ға орындалды. Биыл 4 мектеп, 1 колледжге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, аталған нысандар жыл соңында іске қосылады.  

«Жастардың жоғары оқу орындарында сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында жергілікті бюджеттен 285 грант бөлінді. Қосымша біліммен қамту деңгейі жыл сайын артып келеді. Бүгінде бала саны 225 мыңнан асып, қамту деңгейін 86%-дан 89%-ға жеткізу көзделуде. Технологиялық кәсіпкерлікті дәріптеу, ІТ қоғамдастығын қалыптастыру мақсатында  Shymkent HUB  өңірлік ІТ орталығы іске қосылды. Бүгінде аталған ІТ  хабта 40-қа жуық қауымдастықты дамыту және аймақтағы стартап жобаларды қолдауға бағытталған іс-шаралар өткізілді. Онда 600-ден астам адамға қызмет көрсетілді», – деді Шымкент қаласының әкімі. 

Мәдениет саласында да ілгері жылжу бар. Қалада халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізілетін көпфункционалды 2 066 орындық Конгресс холл пайдалануға берілді. Жергілікті бюджет есебінен қала орталығынан шалғай орналасқан 4 елді мекенде жаңа мәдениет үйлері іске қосылды. Мегаполистің мәдени өмірін жандандыру және тұрғындардың өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында, саябақтар мен мәдениет үйлерінде «Шымқала кештері» мерекелік іс-шаралары өткізіліп келеді. 

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының» 95 жылдығына орай  IХ Орталық Азия елдерінің  халықаралық театры фестивалі өтіп, оған 7 мемлекеттің белгілі театр өкілдері қатысты.  

«Қаладағы өзекті мәселенің бірі – көше атауларын беру. Мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келген. Көмек көрсету қызметтерін шақыру кезінде көше атауларының болмауы қиындықтар туғызған. Осыны ескеріп, атаулары қайталанатын және идеологиялық тұрғыдан ескірген 377 көшеге, 6 шағын аудан, 1 саяжай және 1 аллеяға атау бердік», – деді шаһар басшысы. 

Шымкентте спорт саласының дамуына да ерекше назар аударылуда. Бүгінде бұқаралық спортпен шұғылданушылардың үлесі 42%-ды құрап отыр. Жыл басынан бері қала спортшылары Қазақстан, Азия және әлем чемпионаттарына қатысып, жалпы 768 алтын, 642 күміс, 724 қола медаль жеңіп алды. 

Биыл жергілікті бюджет есебінен құрылысы басталған 1 750 балаға арналған 2 спорт мектебінің біреуі пайдалануға беріледі. Жеке инвесторлар есебінен 1 000 адамға арналған «ЕЛАМАН» спорт кешені пайдалануға тапсырылды. Жыл соңына дейін 500 адамдық  SPORT LIFE  шағын футбол орталығының құрылысы аяқталады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықаралық деңгейдегі 35 мың орындық заманауи жаңа стадион құрылысы басталды. Қазіргі таңда жер жұмыстары жүргізілуде.  

Әкімдік алдындағы маңызды міндеттердің бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау, оларға сапалы медициналық көмек көрсетіп, қоғамдық өмірге бейімдеу.  

«Өкінішке қарай, бұл санаттағы азаматтардың саны жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан бөлінген қаржы көлемі ұлғайтылып, 38 мыңға жуық әлеуметтік қолдау көрсетілді. Биыл заманауи үлгідегі 150 орындық оңалту орталығының құрылысы басталды. Одан бөлек, №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығына 50 орындық қосымша ғимарат салу және №6 орталыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде», – деді спикер.  

Қалада денсаулық сақтау саласындағы қызмет сапасын арттыру қолға алынды. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы көлемі ұлғайтылып, бүгінде медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту деңгейі 86,5%-ға жетті. 2 ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соңғы 2 жылда 13 жекеменшік емхана ашылып, мемлекеттік ұйымдардың орташа жүктемесі 26 мыңнан 21 мыңға азайды. 

Биыл 46 дәрігер Ресей, Түркия елдерінің клиникаларында біліктілігін арттырды, жыл соңына дейін 29 дәрігер тәжірибе алмасу курстарына қатысатын болады. Алғаш рет балалар ауруханасы мен перинаталдық орталықта госпитальдық фармация бөлімшелері ашылды. Жыл соңына дейін осындай 5 бөлімше іске қосылады. Сонымен қатар биыл балаларға арналған кардиохирургия орталығын ашу жоспарда бар. Жедел жәрдем қызметінің сапасын көтеру мақсатында  23 арнайы автокөлік алынды. 

«Жергілікті мамандардың біліктілігімен 828 адамға нейрохирургия отасы және 2 бауыр, 9 бүйрек трансплантациясы жасалды. Алдағы жылдары 1 көпфункционалды аурухана және 200 орындық жаңа заманауи перзентхана, әрқайсысы ауысымына 500 адамға арналған 4 емхана салу жоспарымызда бар», – деп түйіндеді қала әкімі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.