ХХ ғасырдың басы – қазақ әдебиетінің ұлттық сана-сезімді оятып, мәдени құндылықтарды жаңғыртқан кезеңі. Бұл уақытта әдебиет тек шығармашылық көрініс емес, сонымен бірге халықтың рухани жаңғыруына қызмет еткен маңызды құрал болды. Осы дәуірде жарық көрген әрбір туындының өзіндік орны бар.
«Айқап» беттерін ақтарсақ...
820
оқылды

Солардың бірі – Шайбай Аймановтың Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арнап жазған «Жапырақтар һәм олардың көркі» атты өлеңі. Бұл шығарма 1915 жылы «Айқап» журналының 11-санында жарияланған. Өлең табиғат сұлулығын суреттей отырып, адам өмірі мен тағдырына қатысты терең философиялық ойларды жеткізеді.

ЖАПЫРАҚТАР ҺӘМ ОЛАРДЫҢ КӨРКІ

(С.Т. - ге арнаймын)

Гүлденген біткен жапырақ,

Бұтақтарда салбырап.

Уақыты еді жетілген,

Көз тартарлық балбырап;

Лебінен де аз жылдың,

Ұялып бұққан қалтырап.


Өзіне бұрған ойыңды, 

Маужыратып бойыңды.

Япырым-ау, бұл не ғажап –

деп бұрар ең мойныңды.

Маужыратып бойды алған,

Әніне торғай ұйымды.


Өсіп бәрі жеткендей,

Көңілді шад еткендей.

Шөптер де тұр балбырап,

Көрсең қайғы кеткендей.

Иісі де бар аңқыған,

Сарпынған жүрек тепкендей.


Жұмақты кіріп көргендей,

Сайран етіп жүргендей.

Басқаны жүрек ұмытып,

Дәуренді сонда сүргендей.

Жапырақтар да сыбдырлап,

Қарап тұр саған төнгендей.


Құшақтасып айқасқан,

Жапырақ басып жайнасқан.

Саласынан ағаштың,

Шымырлап бұлақ қайнасқан.

Әр жапырақ астынан,

Құрттар да қоныс сайласқан.


Көңілдің тосып әніне,

Мәз боп жапырақ сәніне.

Тұр едім жаным балбырап,

Жылы жел тиіп тәніме.

Көзіме түсті «құр жапырақ»,

Ойладым «мұның мәні не?!»


Көгеріп көркі ашылмай, 

Сарғайған түсі басылмай.

Тұрғанда жалғыз сорлыны,

Көк жапырақ тұр жасырмай.

Үзілгелі өзі тұрса да,

Өзгеге тұр бас  ұрмай.


Өзгелері бұралып,

Біріне-бірі оралып.

Жапырақтан күмбез жасап тұр,

Бас-аяғы құралып.

Араласпай бұларға,

«Сары жапырақ» тұр бұралып.

Қынапқа тұрмас салғандай,

Есі дертін алғандай.

Көгерет дейтін үміт жоқ,

Құрт түсіп қатып қалғандай.

Дірілдеп жерге қарап тұр,

Жалғаннан көзі талғандай...

Шайбай АЙМАНОВ

Өлеңнің алғашқы жолдары оқырманды табиғат сұлулығымен баурайды. Жапырақ­тардың гүлденген көрінісі, олардың жаз­дың ортасында әсем болып көрінуі ақын­ның табиғатқа деген сүйіспеншілігін көр­­сетеді. Бірақ бұл көрініс тек сұлулықты сипаттаумен шектелмейді. Ақын табиғат арқылы терең символика жасап, өмірдің өткіншілігін, адам тағдырының қилы кезең­­дерін суреттейді.

Бұл өлеңнің Сұлтанмахмұтқа арналуы кездейсоқтық емес. Сұлтанмахмұт Торай­ғыров – қазақ әдебиетінде шындық пен әділдіктің жаршысы болған тұлға. Оның шығармалары табиғат пен адам болмысы­ның үйлесімін терең зерттеген. Шайбай Айманов осы өлеңі арқылы Сұлтанмах­мұттың дүниетанымына үн қосып, табиғат пен адамның рухани байланысын ерекше атап көрсетеді.

Шайбай Айманов жапырақтардың өмірлік циклін адам өмірімен салыс­тыра­ды. Көгерген жапырақтар жастық шақтың көркі мен үмітін бейнелесе, сарғайған жапырақтар өмірдің өткіншілігі мен жал­ғыз­дықты сипаттайды. Өлеңде табиғаттың әр бөлшегі символикалық мәнге ие:

«Көгеріп көркі ашылмай,

Сарғайған түсі басылмай,

Тұрғанда жалғыз сорлыны,

Көк жапырақ тұр жасырмай».

Бұл жолдарда сарғайған жапы­рақтың жалғыздығы тағдырдың ауырт­палығын, өмірдің қиындық­тарын бейнелейді. Ақын табиғаттағы әрбір элементті адам өмірінің кезең­дері ретінде көріп, оқырманға терең философиялық ой салады.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығар­малары табиғат лирикасының тереңдігімен және философиялық астарымен ерекше­ленеді. Оның «Шығамын тірі болсам адам болып» немесе «Бір адамға» секілді өлең­деріндегі идеялар Шайбай Айманов өлең­індегі идеямен рухани үндеседі. Шай­бай­дың бұл шығармасы Сұл­тан­­махмұт­тың табиғат пен өмірге деген көзқарасын жаңа қырынан танытуға мүмкіндік береді.

«Айқап» журналының 1915 жыл­ғы 11-санында жарияланған бұл өлең – ұлт­тық әдеби мұрамыздағы құнды шы­ғар­малардың бірі. Журнал қазақ қоғамын­дағы әдеби және мә­дени қоз­ғалыс­тардың басты алаңы бол­ғандықтан, мұндай өлең­дер­дің жария­лануы халықтың ұлттық сана-сезім­ін оятуда маңызды рөл атқарды.

Шайбай Айманов табиғатты суреттеуде нәзік әрі дәл образдар жасайды. Жапыр­ақтардың қозғалысы, маусымдық өзгеріс­тері, ағаштар арасындағы қарым-қаты­нас – барлығы адамның жан дүниесіне әсер етіп, табиғатпен терең байланысуға итермелейді:

«Маужыратып бойды алған,

Әніне торғай ұйымды».

Табиғаттың дыбыстары мен бейнелері адамның рухани тыныштығы мен өмірдің мәнін іздеуге бағыттайды. Сұлтанмахмұтқа арналуы арқылы өлеңнің эстетикалық құндылығы мен философиялық тереңдігі одан әрі арта түседі.

Қорыта айтқанда, Шайбай Айманов­тың «Жапырақтар һәм олардың көркі» өлеңі – қазақ әдебиетінің табиғат лири­касындағы ерекше туынды. Оның Сұл­тан­махмұт Торайғыровқа арналуы екі тұлғаның рухани жақындығын көрсетіп, қазақ әде­биетінің ұлттық философия­сындағы маңызды бірлік пен сабақтас­тықты айқын­дайды. Бұл өлең арқылы Шайбай Айманов табиғаттың адам өмірі­мен терең үйлесімін көрсете отырып, оқыр­­ман­ға табиғатқа, өмірге және ұлттық мәдениетке жаңаша көзқараспен қарауды ұсынады.

Шайбай Аймановтың: «….Сұлтан­махмұт менен бір-ақ жас үлкен еді. Бірақ біз оны бәріміз де аға тұтатынбыз. Оның өлер алдында айтқан өсиет есепті ақылы да, бізге борыш етіп қалдырған тілектері де менің көкірегімде сақтаулы. Егер уақытым болса, Сұлтанмахмұт жөнінде өзімше арнайы очерк жазам ба деген ойым да бар. Мұның өзі марқұм Сұлтанмахмұт үшін де, оны сүйіп оқитын көпшілік үшін де пайдалы болар деп ойлаймын», – деген сөздері де оның ақын мұрасына қан­шалықты ізгі көңілмен қарайтынын аң­ғартады.

Абзал РЫМБЕК,

Бұқар жырау атындағы

 әдебиет және өнер музейінің 

қызметкері