Стрейзанд эффектісі: ақпаратты жасыру – оның даңқын асыру

Ғұмырын өлеңге арнаған, жан сыры мен бар мұңы жырында көрініс тапқан Хәкім Абай: «Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей» деп өзін сабырға шақыратыны бар емес пе?

Ал біздің өміріміз «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» бүгінгі ақпарат ғасырында әлеуметтік желі арқылы көпшіліктің көз алдында сырғуда. Барлық құжат пен қызмет сандық технологияға ауысқан цифрлық қоғамда «Сырымды тоқтатайын айта бермей» дегеніңізбен жарияға жар салмайтын, жасырып қалар сырыңыз да әшкере болып жататыны жасырын емес.  Яғни, қоғамның «өсекшісі» – әлеуметтік желі. Газетіміздің өткен жұмадағы санында қандай да бір затқа тыйым салу – сол затқа деген назарды бұратынын ғылыми дәлелдемелермен мысал еттік. Ендігі айтпағымыз, осы ұғыммен сабақтасып жатқан қоғамдық құбылыс жайлы болмақ. Мәселен, сіз қанша жерден әлдебір ақпаратты жасырғаныңызбен, соншалық сол ақпаратқа деген қызығушылықты үдете түсетінін білесіз бе?

Біздің заманымызға дейінгі 356 жылдың 21 шілдесіне қа­ра­ған түні Грекияның Эфес қа­ла­сында әлемнің жеті кереметінің бірі саналатын Артемида ғиба­дат­ха­насы өртке оранды. Осылайша, Ли­дия патшасы Крездің де­меу­ші­лі­­­­гімен салынған, құрылысы 120 жыл­ға созылған, бір ғасыр бойы күл­лі әлемді кереметіне тәнті ет­кен ғибадатхана бір түнде жермен-жек­сен болды. Адамзат өнерінің баға жетпес бейнесіндей болған ғибадатхананы Герострат есімді жер­гілікті тұрғын өртейді. Өмірі сәт­сіздіктерден көз ашпаған ол ғибадатхананы тарихта қалып, өз атын шығару үшін өртегенін айтқан. Қылмыскерді жазалау үшін қала басшылығы мен тұр­ғын­дары оны өлім жазасына ке­сіп, енді оның атын атамауды жә­не ол туралы деректі келесі ұр­­­­паққа жеткізбеуге серттеседі. Тіп­ті, ресми құжаттарға есімін ен­гізбей «Ғибадатхананы өртеген бір есалаң» деп қана жазып қояды. Алайда Геростраттың аты тарих бетінде жағымсыз бейнеде болса да, мәңгілікке сақталып қалады. Тіп­ті, Рим жазушысы Виктор Мак­симнің бүкіл әлемге тараған кі­та­бында Геростраттың атағын одан бетер әйгілей түседі. Осы­лай­ша, ғибадатхана құрылысында қол­таңбасы қалған сол заманның ең атақты шеберлерінің ешбірі ел есін­де қалмай, Артемида ғиба­дат­ха­на­сы десе, тек Герострат есімі ар­қылы айтылатын дәрежеге жет­ті. Демек, тарихта қалуды ойлаған «есалаң» өз мақсатына жетіп, оның атын келесі ұрпаққа жет­кіз­беу әрекетіне мықтап кіріскен қа­ла басшылығының мақсаты мүлде орындалмаған күйі қалады. Бұл мысалдан байқағанымыздай әл­дебір ақпаратты жасырып, қан­ша тыраштанғанымызбен оған деген қызығушылықты, назарды бұ­рып әкете алмайтындығымызды көр­сетеді. Енді бұл құбылыстың Ст­рейзанд эффектісі деп аталған тарихын баяндасақ. 

Стрейзанд эффектісі қалай пайда болды?

2002 жылы танымал фотограф Кен­нет Адельман California Coas-tal Records Project жобасы аясында Ка­лифорния жағалауындағы то­пы­­рақ пен қыртыстардың эрозия­сын зерттеу үшін әуеден көптеген су­­рет түсіреді. Жобаның сайтында Ка­­лифорния жағалауындағы әр­түр­лі үймен 12,2 мыңға жуық фо­то­­сурет жарияланды. Суреттердің бі­ріне әнші, әртіс, бірнеше та­ны­мал халықаралық марапаттарды иеленген Барбара Стрейзандтың ау­мағы ат шаптырым зәулім са­райы да түсіп қалған еді. Бұл ән­ші­нің ашуын туғызады. «Жеке өмі­ріме қол сұқты, үйімді рұқ­сат­сыз жарияға жар салды» деген ол 2003 жылы Кеннет Адельман мен Pictopia.com сайтын сотқа беріп, үйі­нің суретін таратуға тыйым салу үшін сотқа жүгініп, 50 мил­лион доллар өтемақы талап етеді. Аде­льман айыпты жоққа шыға­рып, бұл суреттің мақсаты басқа еке­нін және 12 200 фотосуреттің бірі екенін айтады. Ақыры сот ән­шінің талабын қанағат­тан­дыр­май, керісінше әртіске «Аде­ль­ман­ның сот шығындарына кеткен 150 мың доллардан астам соманы өте­сін» деп шешім етеді. Танымал әр­тістің сотқа жүгіну әрекеті осы­лай­ша қоғам назарын өзіне еріксіз бұра­ды. Сот дауы туралы алпыстан ас­там басылым жарыса жазып, оның ішінде The New York Times, Associated Press, BBC секілді ірі ба­сылымдар да ақпарат таратады. Америкалық журналист Пол Род­жерс бұл жағдайды зерттей келе, Ст­рейзандтың адвокаттары сотқа ша­ғым жасамас бұрын сурет 6 рет қа­на жүктелгенін, оның өзінде еке­уін адвокаттар жүктегенін, тек сот­тан кейін ғана оны бірнеше ап­та ішінде әлемнің түкпір-түк­пі­рінен 420 мыңға жуық қолданушы көр­генін анықтайды. Осылайша, «Суретті өшіртіп, назардан тыс қал­дырамын» деген актрисаның әре­кеті керісінше жағдайды ушық­тыра түсті. Екі жылдан кейін жур­налист Майк Мэсник басқа бір оқиғаны баяндағанда «Стрей­занд эффекті» тіркесін қолданады. «Стрейзанд эффектісі – бұл тыйым салуға немесе жоюға тырысатын ақ­­паратқа деген қызығушы­лық­тың артуы», – деп түсіндірді ол. Осы­лайша, бұл қоғамдық құбы­лыс ретінде айналымға еніп кетті. Яғни, қазақтың «Ит қорыған жер­ге өш» дейтініндей болып шы­ға­д­ы. 

Парадокс оқиғалар

Иә, Стрейзанд эффектісі – бел­­­­­гілі бір мәліметті жою оның тек одан да кең жайылуына себеп бо­лады деген феномен. Әсіресе, бұл құбылыс ғаламторда көптеп кез­деседі. Мысалы, суреттерге, құ­­­­жаттарға, сайттарға тосқауыл қою, ол мәліметтерге тек қызығу­шы­лықты арттырып, көптеген кө­шірменің пайда болуына алып ке­л­еді. Мысалы, Ресейдің тиісті ме­кемелері github.com сайтында суи­цид жасау жолдары жайлы жа­зылған ақпаратты анықтап, сайт­қа тосқауыл қояды. Нәтижесінде, бұл жаңалық жаппай таралып, мың­даған адам әлгі ақпаратты ін­детіп іздеуге кірісіп кетеді. Тіп­ті, кейбірі ақпаратты көшіріп, көп­­теген басқа ресурстарға да са­­лып қояды. Бір қызығы, github.com сайтынан тікелей мекен­жай­ды білмесең, өздігінен іздеп әлгі ақ­паратты табу мүмкіндігі өте тө­мен екен. Демек, Ресей үкіметі өз іс-әрекетімен тек мәліметтің кеңі­рек таралуына септігін тигізді де­ген сөз.

Ресейде осыған ұқсас тағы бір мысал бар. 2017 жылы Рос­комнадзор Telegram басшысы Павел Дуровты заң аясында Ресей билігімен ынтымақтастықтан бас тарт­қан жағдайда мессенджерді бұ­ғаттайтынын айтып, қорқы­та­ды. Тіпті, Ресейдің Тергеу коми­те­ті мессенджерде өзінің ресми ар­насын ашады. Бұл мәлімдемесі Telegram-ға деген көпшіліктің на­зарын бұрып, мессенджерді көп­теген адам ұялы телефондарына жүк­тей бастайды. App Annie қол­данбаларды талдау жүйесінің мә­ліметі бойынша, бес күн ішінде ме­с­­сенджер iPhone қолдан­ба­ла­ры­­­­­­ның рейтингінде 15-орынға кө­теріліп, тағы бірнеше күннен кейін бұл тізімде бірінші орынға шы­ғады. Қосымша басшысы 2020 жыл­дың мамыр айындағы Telegram-ның ай сайынғы 400 мил­лион белсенді аудиториясы­ның кем дегенде 30 миллионы Ресейден келгендігін айтады. 

Тағы бір мысал, 2014 жылы Лон­дон таксистері Uber такси қыз­метін пайдаланушыларға қар­сы шығып, жаппай наразылық ак­циясын өткізеді. Себебі Uber ар­қылы кез келген адам таксист бо­лып ақша таба алатын еді. Так­си жүргізушілері бүкіл қаланы қор­шауға алып өздерінің үндеуін жет­кізеді. Бәсекелестерінің қарсы ак­циясынан кейін Uber қосым­ша­сын біршама тұрғын жүктеп алып, көрсеткіші өткен аптадағы сол күнмен салыстырғанда 859%-ке асып түскен.

Еліміздегі мына бір мысал да осы бір құбылыстың бір үлгісі деу­ге болатындай. 2022 жылы кино ак­тері, продюсер, режиссер Нұр­тас Адамбай «Базз Лайтер» му­льт­фильміне тыйым салу керек деген бас­тама көтерді. Бұған себеп, атал­мыш мультифильмде біржы­ныс­тыларды насихаттайтын көрі­ніс­тің болуында. Елімізде актер бас­таған пікірталас қызу тал­қы­ла­нып кетті. Кейбірі бұл эпизодтың бейнежазбасын жүктеп салып, артық ештеңе байқамағандығын ай­тып жатты. Бұған дейін бұл му­льт­фильмнен бейхабар жұрт сол пі­кірталастың арқасында жа­па­тармағай ғаламтор беттерінен әлгі анимациялық өнімді іздестіре бас­тады. Осылайша, тыйым са­лыну­ға тиіс өнім лезде танымал­дық­қа ие болды.

 «Артық қылам деп, тыртық қылма»

Стрейзанд әсері бірнеше фак­тор­ға байланысты пайда болып, да­миды. Біріншіден, интернеттен ақ­паратты із қалдырмай жою өте қиын. Екіншіден, белгілі бір нәр­сеге тыйым салу табиғи түрде адам­ның наразылығын оятады. Стрейзанд эффектісі, ең алдымен, мына жағдайда пайда болады: ақпаратты жасыру әрекеттері әді­летсіз болғанда немесе заңсыз бо­лып көрінгенде, сондай-ақ ақ­па­рат дау туындатқанда. Сарап­шы­лар эффектінің пайда болуын ақ­параттың айналымына бай­ла­нысты түсіндіреді: «Сіз бірдеңені жоқ­қа шығара бастағанда, сіз те­ріс­ке шығарғаныңызды тағы бір рет қайталауға мәжбүр боласыз. Осы­­лайша, сіз тағы да өзіңізге жә­не ақпарат таратушыға назар ау­дарасыз», – дейді олар. 

Сарапшылар «Стрейзанд эффектісінен қалай қор­ғануға болады?» деген сұраққа бы­лай деп жауап береді: «Егер әл­дебір компания немесе танымал тұлға желідегі беделімен үнемі және дұрыс жұмыс істесе, оның Ст­рейзанд әсеріне ұшырау қаупі аз. Дегенмен бұл үшін бірқатар ал­дын алу шараларын жасаған жөн. Атап айтқанда: әрқашан ашық­тық саясатына сәйкес әре­кет етіңіз, ақпаратты жасыруға ты­­­­рыспаңыз. БАҚ-тың барлық сұра­ғына байыпты жауап беріңіз. Кері байланысты бақылау арқылы беделмен жұмыс істеудің ең тиімді әдіс­тері мен құралдарын үнемі қол­­­­даныңыз».

 

P.S:

Иә, интернет дәуірінде ақ­парат­­тың таралуын шектеу мүм­кін емес. Әдетте, жағымсыз ақпа­рат­­ты тек бір ресурстан алып тас­тауға болады, бірақ ол сөзсіз бас­қа жерде пайда болатынын, ақ­паратты жасыруға деген ұмты­лыс оған деген қызығушылықты арттыратынын ұмытпағанымыз жөн. 

Наурызбек САРША