«Кедергісіз келешек» жобасы аясында «AMANAT» партиясының қолдауымен жыл сайын Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырып келе жатқан «Жан Шуақ» қоғамдық марапаты – жанды жадыратып, адамдарды жақындастыра алатын игілікті, ізгі істердің бірі.
Жан жылуы – «Жан шуақ»
598
оқылды

«Жан Шуақ» ерік-жігері мен күш-қайратын қамшылап, таптаурын көзқарастарға төтеп бере білген жандардың еңбегі мен ерлігін бағалап, қошеметке бөлеудің жарқын үлгісі. «Жан Шуақ» 2008 жылдан бері 90-ға жуық адамның жанына шуақ сыйлапты. 

Әр адамға тең мүмкіндік қағидасына құрылған жобаның кезекті салтанатты рә­сімін Қазақстан мүгедектер конфеде­ра­циясының президенті Жанат Омарбекова құттықтау лебізімен ашты.

– Біздің басты міндетіміз – мүгедектігі бар адамдардың қоғаммен біте қайнасып кетуіне көмектесу, әлеуетін ашу, іске асы­ратын жаңа мүмкіндіктер беру және олардың айналадағы адамдарға қажет әрі белсенді болуға деген ұмтылысын қолдау, дамуға және алға ұмтылуға деген шешімін жан-жақты ынталандыру, – деді ол.

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» пар­тия­сының Төрағасы Ерлан Қошанов ерекше қажеттілігі бар азаматтардың тұрмысын жақсарту мәселесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін атап өтті. 

– Қоғамның жетілу деңгейі, адами, азаматтық жауапкершілігі оның ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген көз­қарасымен өлшенеді. Елімізде бұл көзқарас оң бағытқа қарай өзге­руде. Осы өзгерістердің өзегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік тұрғыда Әділетті Қазақстанды құруға ба­ғытталған саясаты жатыр. Біз ұзақ уақыт бойы мүгедектігі бар адамдар тек қорғау мен көмекті қажет етеді деген таптаурын қағидамен өмір сүрдік. Дәл қазір бұл стереотиптердің мәні жо­йылуда, – деді Ерлан Жақанұлы.

Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні аясында жыл құрғатпай өткізілетін марапат рәсімінің маңызы мен мәніне тоқ­талған Төраға «Жан Шуақ» сыйлығына қа­тысушылар – ерік-жігер мен ұлтжанды­лықтың нағыз үлгісін көрсетіп келе жатқан жеңімпаздар екенін жеткізді. Оған – ұлт­тық құраманың биылғы Паралим­пиа­дада табысты өнер көрсетіп, Париж төрінде спорт­шыларымыздың 9 мәрте жеңіс тұғы­рына көтерілгені айқын дәлел. Пре­зидент осы толағай табысты де ерекше атап өтіп, ел мерейін асырған барлық Пара­олимпиада жүлдегерлері мен бапкерлерін мемлекеттік ордендермен марапаттаған-ды.   

Ерлан Қошанов өз сөзінде «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауал­ды бағдарламасын жүзеге асыру аясында мүгедектігі бар адамдардың тауарлар мен қызметтерге тапсырыс беруіне арналған Aleumet қосымшасы іске қосыл­ғанын, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар 15 мыңға жуық адам жұмысқа орна­лас­­­тырылғанын атап өтті. Сонымен қатар «Кедергісіз келешек» жобасы ая­сын­да осы жылдың өзінде 4 мың әлеу­меттік және көлік инфрақұрылымы ны­сандары мүгедектігі бар азаматтарға сай бейімделгені туралы айтты. 

– Екінші жыл қатарынан Мәжілісте «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы жұмыс істеуде. Оның құрамында Парла­мент­тің 20-ға жуық депутаты бар. Олар ауқымды жұмыс атқарып, нәтижесінде тұрғын үй саясаты жөніндегі заңда мүге­дектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар бала асырап отырған отбасылардың тұрғын үй алуына бірінші кезекте құқық беру көз­делді, мүгедектігі бар адамдарды колледж­дерге қабылдау квоталарының саны ұл­ғайтылды. Биыл Мемлекет басшысы мә­­­жі­­­ліс­мен әрі «Инклюзивті Парламент» депу­­таттық тобының мүшесі Кенжеғұл Сейт­жанды Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындады, – деді Е.Жақанұлы.

Ал Мәжіліс депутаты, «АМANAT» пар­тиясы мүшесі, Наталья Дементьеваның айтуынша, партияның Әйелдер қанаты инклюзивті қоғамды қолдау бағытында да көптеген іс-шара атқарып жатыр.

– Қазақстан мүгедектер конфеде­ра­ция­сы мен «АМANAT» партиясының Әйелдер қанаты тығыз байланыста. Мысалы, мүм­кіндігі шектеулі ерекше дарынды адам­дар­ды қолдау мақсатында «Тең мүмкіндіктер әлемі» балалар инклюзивті спорттық фестивалін республикамыздың барлық аймағында өткізуді қолға алдық. Желтоқ­санның екісі күні Астанада қорытынды республикалық фестиваль өткіземіз. Инклюзивті спорт фестивалі – бұл ерекше қажеттіліктері бар оқушылар мен дені сау балалар арасында достық және ұзақмерзімді байланыс орнатуға бағытталған спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізудің жаңа тәсілі. Бұл жобаларды іске асыру инклю­зивті қоғам құруға ықпал етеді, яғни мүм­кіндігі шектеулі балалар интегра­цияланған, олардың әлеуметтік дағдылары барынша дамыған, қауіпсіз орта мен барлығы үшін болатын орта қамтамасыз етілген қоғам құруға мүмкіндік жасайды, – деді ол. 

Инклюзивті орта қалыптастыру, әр адам­ға тең мүмкіндік сыйлау бағытында биыл он жетінші рет өткен рәсімде ұйым­дастыру комиссиясының шешімімен ашық дауыс арқылы іріктелген 8 лауреат мара­патталды.

Олар: «Күш-жігері және жеңіске тал­пынысы үшін» сыйлығының иегері – Давид Дегтярев, Қазақстан тарихындағы тұңғыш екі дүркін Паралимпиада чемпио­ны, пауэрлифтер.

«Мүгедектігі бар адамдардың ғылым мен білім беру қызметін дамытуға қосқан үлесі және оқуға талпынысы үшін» сый­лығының иегері – Ермек Бәкиев  бес жыл бойы «Отырар» телеарнасында «Ерекше жандар» бағдарламасының жүргізушісі бола жүріп, мүгедектігі бар адамдардың шығармашылығы мен жетісті­гін наси­хаттады, Шымкент қаласының тұрғыны. 

«Кәсіпкерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығының иегері Жеңісгүл Дәулетова әйгілі қолөнер шебері, 20 жыл­дан бері көрпе, жастық және қазақ халқы­ның ұлттық киімдерін тігумен айналысып келеді, Алматы облысы М.Түймебаев ауы­лының тұрғыны.

«Мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгеруіне қосқан үлесі үшін» сыйлығының иегері – Нұрлан Сыздықов, қоғам қайраткері, ерекше қа­жеттілігі бар адамдарға арналған көпшілік жарыстардың қатысушысы және ұйымдас­тырушысы, Астана қаласының тұрғыны.

«Өнер саласындағы үздік жетістіктері үшін» сыйлығының иегері – Абылайхан Асылбай, Зергер – «ЭКСПО – 2017» рес­публикалық сәндік-қолданбалы өнер ше­бер­лері байқауының финалисі, Семей қала­сының тұрғыны.

«Мәдениет саласындағы үздік жетіс­тіктері үшін» сыйлығының иегері – Sensitive есту қабілеті бұзылған бишілер теат­рының шығармашылық ұжымы. Солтүстік Қазақстан облысының ансамблі 18 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ара­лығында олар Қазақстанда ғана емес, әлемге танымал ұжымға айнал­ды. Биыл Франциядағы халық­аралық фестивальда Sensitive Канн шығар­машылық өнер фестивалінің үздік хореографиялық ұжымы ретінде танылды.

«Спорт саласындағы үздік же­тістіктері үшін» сыйлығының ие­гері – Гүлім Құрманбаева, Қазақ­станның бірнеше дүркін чем­пионы, Азия паралимпиада ойындарының қола жүлдегері, Ақтөбе облысы Қандыағаш қала­сының тұрғыны. 

Қоғамдық қызметтегі еңбегі үшін Иран Омарбеков атындағы қордың арнайы сый­лығымен Қызылордадан келген бло­гер Зәуре Өксімбае­ва­ ма­ра­патталды. 

Салтанатты рәсімнен кейін жүлдегер­лерді тамаша жеңістерімен құттықтап, сөзге тартқан едік. 26 жасында парас­порт­қа келген Гүлім Құрманбаева был­тыр «Жан Шуақ» марапатына қонақ ретінде қатысып, сол кезде «Келесі жылы мен де үміткер боламын, қалайда мақсатыма жетемін» деп ой түйгенін айтты. 

– Қазір спортта жүргеніме он жылдан асып барады. Спортқа келіп, өмірден өз орнымды тап­тым. Спорт саласы бойынша оқу оқып, білім алдым. Болашақта бапкер бола аламын. Бірақ қазір шәкірт тәрбиелеуге дайын емеспін. Әлі де өзімді шыңдауым керек. Аптасына төрт рет, үш-төрт сағаттан жаттығамыз. 2019 жылы Шымкенттің өзім сияқты тағдырлас жігітіне тұрмысқа шықтым. Ол кісі қазір менің мотиваторым. Спортты жалғастыруыма рұқсатын берді. Биыл сәті түсіп, марапатқа іліктім. Бұл сыйлық менің осы уақытқа дейін атқарған еңбегімнің, төккен маңдай терімнің нәтижесі деп білемін. Мұнда әр облыстан ең мықты деген жандар келіп жатыр. Солардың арасында болғаныма қуаныш­тымын, – деді Гүлім Құрманбаева. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ