Пациенттер бейінді мамандарға жедел қаралуға мүмкіндік жоқ десе, Қаржы министрлігі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін (ТМККК) қаржыландыруға қаражат жеткіліксіз дейді.
Гибридті қаржыландыру моделіне жүйе қатысушыларының көңілі толмайды. Дер кезінде медициналық көмек ала алмау, емханадағы жалған қабылдаулар, жүйенің оңды-солды қаражат талап етуі, ай сайын жарна төлеп отырып, ақылы медициналық талдауларды қолдану, маман жетіспеушілігі және тағы басқа өзгерістер медициналық сақтандыру саласына сұрақты көбейтпесе азайтқан жоқ.
Қазақстандағы денсаулық сақтау саласын реформалау барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізу арқылы көптеген проблеманы шешу көзделген болатын. Тұрғындардың көпшілігі денсаулығыңды тексертіп, қажетті медициналық көмек алу күннен-күнге қиындап бара жатқанын айтуда. Оның үстіне, міндетті медициналық сақтандыру төлемін төлемесең дәрігер қабылдауына жазыла алмайсың. Мысалы, көпбалалы ана Рысгүл Рамазанованың айтуынша, заңдағы қайшылықтардың кесірінен декреттік демалысқа шыққан кәсіпкер әйелдер тегін медициналық көмектен қағылады. Өйткені бір ай төлем жүргізілмегені үшін емхана медициналық қызмет көрсетуден бас тартады.
Кәсіпкердің құқығы қандай?
– Фотограф болып жұмыс істегендіктен жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, биылдан бастап тұрақты медициналық сақтандыру төлемін жүргізе бастадым. Төлем жүргізбесіңе де қоймайды. Бір ай кешіксең салық комитетінен сіздің қарызыңыз бар деп ай сайынғы медициналық сақтандыру төлемін жүргізбегенің үшін өсімпұл енгізеді. Осыдан 10-15 күн бұрын тіркелген емханам сіздің статусыңыз сақтандырылмаған деп емге қабылдамай қойды. Қыркүйек айына (декреттік демалысқа байланысты) медициналық төлем төленбей қалғандықтан, мені УЗИ-ге түсіруден бас тартты. Қолдан келер қайран жоқ, амалсыз ақылы қызмет алуға тура келеді, – дейді ол.
Кәсіпкер ананың бұл шағымына Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Тәжібаева былай дейді:
– «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес мемлекет тарапынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарналары аталған заңның 26-бабының 1-тармағында көзделген тұлғаларға, соның ішінде жүктілік және босану, жаңа туған баланы асырап алу және үш жасқа дейінгі балаға күтім жасауға байланысты демалыста жүрген тұлғалар үшін төленеді. Сондай-ақ «МӘМС туралы» заңның 14-бабының 6-тармағына сәйкес, салық есептілігін тоқтатқан немесе Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес әрекетсіз деп танылған жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдардан басқа тұлғалар: біріншіден, аударымдарды және жарналарды уақытылы, толық көлемде төлеуге, сондай-ақ толық төлемегені үшін өсімпұл төлеуге; екіншіден, өз бетінше аударымдар және жарналар мөлшерін есептеуге немесе қайта есептеуді жүзеге асыруға міндетті. Егер тұлғаның қандай да бір кірісі болса, заң оны МӘМС жарналарын төлеуден босатпайды, – дейді ол.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушы отандастарымыз тап болған тағы бір өзекті мәселе бар. Ол – бір тұрғынға екі жерден медициналық сақтандыру төлемін алу фактісі. Астаналық тұрғын, инженер жобалаушы Азамат Сембайұлы жеке компанияда қызмет етеді. Жұмыс беруші тарапынан ай сайын медициналық төлем жүріп тұр. Одан бөлек, жеке кәсіпкер ретінде өз қалтасынан тағы да медициналық төлем жасайтынын айтады.
– Жалдамалы жұмысшы ретінде және жеке кәсіпкер ретінде МӘМС-ке ай сайын екі рет жарна төлеймін. Жас болған соң ба, емханаға мүлдем бармаймын. Барсам өз мекемеміздің жеке сақтандыруы бойынша жеке меншік клиникаға қаралып, толықтай тексерілемін. Бірақ ЖК атынан да, мекеме атынан да тұрақты аударамын. МӘМС арқылы соңғы 4 жыл ішінде ешқандай көмек алмадым. Жиналған ақшам қайда кетіп жатқаны қызық. Меніңше, жұмысшының жарна төлемеуге де құқы болу керек, – деп өз ойын айтты.
Яғни, Қазақстан азаматтары осы күнге дейін жиналған медициналық төлемдердің қайда кетіп жатқанын көру мүмкіндігі болса, я болмаса жиналған қаржыны басқа да мақсаттарға пайдалану мүмкіндігінің болғанын қалайды. Қордаланған мәселенің түйінін анықтау үшін МӘМС өкілі тарқатып берді. Оның сөзінше, заңда мұндай мүмкіндік қарастырылмаған.
Қор басшылығы жүйенің әлеуметтік бағытталған және әділеттілік қағидаты бойынша құрылғандығын алға тартты.
Қолжетімді көмекке мұқтаждар кім?
Медициналық сақтандыру жүйесінің тиімді тұстары көп екенін айта кету керек. Мәселен, өте ауыр дерттерді тегін емдеу, медициналық бақылаудан тегін өту, жұмыссыз ретінде тіркелсе, тегін емделу мүмкіндігі, ЭКО арқылы жүктілік, отаны тегін жасату сияқты медициналық көмек түрлерін еліміздегі әртүрлі әлеуметтік тап өкілдері тегін алуда. Жасы 70-тен асқан қария ата-енесін тұрақты емдетіп жүрген Ділда ханым бұл ойды растап отыр.
– Менің 70 жастан асқан ата-енем бар. Жас ұлғайған сайын ауруы да көбейеді, емханаға бару да жиілейді. Атамның көзі өте нашар көреді, екі көзіне де тегін ота жасалды. Әр тоқсан сайын емханаға жатып, тегін емеділіп, қажетті дәрі-дәрмегін алады, – дейді ол.
Ал енесі қант диабетімен есепте тұрады екен. Бүйректің нашар жұмыс істеуіне байланысты гемодиализді тегін алыпты.
– 3 ай сайын рецепт бойынша тегін дәрілерін, қант өлшейтін, қан қысымын өлшейтін құралдарын алып отырамыз. Гемодиализдің өзін тегін жасайды, өздері аптасына 3 рет үйден өздері алып кетіп, алып келеді. Яғни, барлығы жолға қойылған, жақсы дәрежеде атқарылады. Дәрігерлердің де білімі мен деңгейі жоғары екенін атап өткім келеді, – деп қосты Ділдә.
Цифрлық қызметтің қайшылықтары
Елімізде бүгінде кез келген саланы цифрландыру және автоматтандыру процесі қарқынды жүріп жатыр. Осы мақсатта медицина саласындағы ұзынсонар кезекті азайту үшін және тұрғындардың денсаулығына қатысты деректерді қолжетімді қылу үшін DAMUMED мобильді қосымшасы іске қосылды. Дәрігерге жазылу, сараптама қорытындыларын қарау, кері байланыс қалдыру мүмкіндігі қарастырылған қосымша арқылы жеке тұлғаның медициналық көмекке жүгіну барысын мониторинг жасау мүмкіндігі бар. Алайда тұрғындар осы қосымшаға өздерінің медициналық көмекке жүгінбесе де жүгінгендігі тіркелетіндігін байқаған.
– Осыдан жарты жыл бұрын балама Damumed арқылы қабылдау жүргізілгенін көріп таң қалғанмын. Өйткені ол кезде дәрігерге жүгінген жоқпыз. Жалпы, мұндай жағдай бірнеше рет қайталанды, – дейді декреттегі ана Рысгүл Рамазанова.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілі мұндай шағымдар түскен жағдайда, Қор медициналық ұйымға жоспардан тыс мониторинг жүргізетінен айтты. Егер ақпарат расталса, экономикалық шаралар қолданылады.
– Сізге көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы, оның ішінде DAMUMED қосымшасы арқылы ақпараттар келсе, онда сіз қордың www.msqory.kz сайтында, Telegram арнасы арқылы https://t.me/Saqtandyrybot сілтемесі бойынша, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасында немесе 1414 байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы шағым қалдыра аласыз. Сондай-ақ кері байланыс үшін eOtinish порталы қолжетімді. Сонымен қатар жалған деректердің алдын алу мақсатында қор Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, медициналық қызмет көрсету фактісін мобильді құрылғылар арқылы QR, FACE-ID және SMS растау жүйесін енгізу мәселесін қарастырып жатыр, – дейді Сәуле Тәжібаева.
Медициналық сақтандыру туралы жекеменшік емхана педиатры Мөлдір Есіркеп тұрғындарға және медицина мамандарына түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмейтінін айтады. Есіркеп Мөлдірдің пікірінше, МӘМС мазмұны қағаз жүзінде бәрі жақсы болғанымен, іс жүзінде қызметтік тарифтердің төмендігінен кедергілер көп болып жатыр. «Дәрігердің жекеменшік қабылдауы рыноктағы құнынан МӘМС құны шамамен 3 есе төмен. Сәйкесінше, МӘМС-пен жұмыс істейтін емханаларға түскен қаржымен жаңа құрылғылар, жөндеу жұмыстары және басқа да шығандарды еңсеру қиын. Сол себепті бірнеше учаскені бір терапевтке қарату, окулист, кардиолог, невропотолог сияқты жеке салалық мамандардың күн сайын аз сағатқа келуі және сол аз уақытта өте көп адам қабылдауы да тарифтің аздығынан», – дейді Мөлдір Есіркеп
Бүгінде көптеген емханада ақылы зертханаларда кездесетін медициналық талдау түрлері жоқ. Айына МӘМС қорына арнайы жарна төлесе де емханадан жолдама ала алмай, ақылы анализ тапсыруға тура келеді. Осыған байланысты қор өкіліне МӘМС жүйесі емханалардан стандартты көтеру жайында талап қоя ала ма деген сауал жолдадық.
– МӘМС жүйесінде көрсетілетін консультациялық-диагностикалық қызметтердің тізімі Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 27 сәуірдегі № ҚР ДСМ-37 бұйрығымен бекітілген амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидаларымен реттеледі. Бұл тізімге 3 000-нан астам консультативтік-диагностикалық қызметтер кіреді, оның ішінде 1 000-нан астамы – зертханалық қызметтер, – дейді С.Тәжібаева.
– Алайда МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтер тізімі жүйенің кірістері мен медициналық көмек көрсетудегі міндеттемелерінің теңгерімділігін ескере отырып қалыптасатынын түсіну маңызды. Шет елдермен салыстырғанда жарна мен аударым мөлшері төмен болғанымен, Қазақстандағы МӘМС жүйесі аясында медициналық қызметтердің кең ауқымы қарастырылған. Жалпы, МӘМС жүйесінің қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, медициналық қызметтер тізімін, оның ішінде консультациялық-диагностикалық қызметтерді жоспарлы түрде кеңейту мәселесі қарастырылып отыр, – деді ол.
Қымбатшылық қалтаға соғып тұр
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына сәйкес, дамушы экономикасы бар елдерде денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы үшін ЖІӨ-нің 5%-дан 8%-ға дейін, ал дамыған елдерде кемінде 9%-ын жұмсау қажет. Ал 2023 жылы Қазақстанда бұл көрсеткіш 3,8%-ды құрады, бұл ДДСҰ ұсынған көрсеткіштен әлдеқайда аз.
Басқарма басшысының орынбасары МӘМС жүйесі іске қосылғанға дейін аударымдар мен жарналар мөлшерлемелерін төмендету туралы шешім қабылданғанын айтты. Бұл бастапқы қаржылық модельден ауытқудың негізгі себебі болды. Сәйкесінше, ол жүйені жеткіліксіз қаржыландыруға және медициналық көмек шығындарының кірістерден асып түсуіне алып келген.
Дегенмен жыл сайын денсаулық сақтау жүйесінің шығындары өссе де, қаржыландыру тапшылығы болса да басты міндет – халықты сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету және қаражатты тиімді жұмсау.
– Осыған байланысты, ең алдымен, медициналық қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптарды қатаңдататын және бұзушылықтар анықталған жағдайда қаржылық ықпал ету шараларын күшейтетін құқықтық база өзгеруде. Сапалы медициналық көмек көрсететін жеткізушілермен медициналық қызметтерді ұзақ мерзімді сатып алу шарттарын жасау тетігі қолға алынып, қор тарапынан ұсынылатын медициналық қызметтерді 100% қамтитын медициналық қызметтерді мониторингтеу жүйесін автоматтандыру кезең-кезеңімен енгізілуде, – деді Сәуле Тәжібаева.
Айгүл ДӘДЕН