Мол астық жинап алғанымен, теріскейдегі шаруалардың қазіргі ахуалы мәз болмай тұр. Бітік шыққан бидайдың құны қазір диірменде үгілген дәннің қауызы – кебектің құнымен бірдей деңгейге жеткен.
Бидайдың құны кебекпен тең
коллаж: Елдар ҚАБА
104
оқылды

Ала жаздай тыраштана еңбек­теніп, маңдай терін төккен ди­қан­ға бұл жағдай тағы да шығын кел­тірмек. Онсыз да былтыр ек­кен астығы қоңыр күзде сібірлей жауған жаңбырдан көктеп кетіп, ар­тынан қызып шіри бастаған соң қоқысқа төккен шаруа көк­тем­де бар жиған-терген тиын-те­бенімен қоса несиеге кіріп дән ек­­кен еді. Биыл көктемде қалың ел­ді дүрліктірген алапат топан су да жер емшегін емген диқан қауым­ға аса ауыр зардабын тигіз­ген. Алайда көктен иіп, жерден беріп молынан өнім шыққанымен «сапасы жоқ» деген желеумен мол астықты іс жүзінде игеру тұ­тас теріскей аймақтағы шаруа­лар­дың жағдайын шатқаяқтатып жі­берген... 

Егін орағы аяқталмастан облыстық әкімдіктер мен Ауыл шаруашылығы министрлігі астықтың көлемі бұрын соңды бол­маған рекордтық көлемде, яғни 26,5 миллион тоннаға жет­ке­нін қуана жариялаған. Алайда бұл «біреулерге» қуаныш болға­ны­мен, біреуге мұң болып тұр. 

Ресми дереккөздерге сүйен­сек, бидайдың құны өткен жыл­дар­мен салыстырғанда, 30-45 мың теңгеден, тіпті одан да көп мөл­шерге арзандап кеткен. Тіпті, бар күнкөріс кәсібі тек осы егін ша­руашылығымен ғана байлан-­ған, жер көлемі шағын ғана қара­пайым шаруалар астықтың баға­сы тым төмендеп кеткенін айта­ды. 

Ақмолалық шаруалар бидайын өткізе алмай жүр

Алты жарым миллион тонна­дан астам өнім жинағанымен ал­тын астығы тау-тау болып үйі­ліп, қайда жіберерін білмеген ақ­молалық диқан көп. Ресми де­ректер бойынша, қазір өңірдегі он­даған элеватор аузы-мұрнынан лық толып тұр. Орташа есеппен нан қабылдау пунктері өз жүк­темесінің 70 пайыздан астамына жеткен. Облыста 66 нан қабылдау бекеті тәулік бойы штаттық ре­жим­де жұмыс істегенімен, мол ас­­тықты қабылдап үлгерер емес. 

– Біздің элеватор штаттық ре­жимде жұмыс істеп жатыр. Жал­пы, сыйымдылығымыз 100 мың тонна астық қабылдауға қау­қарлы. Қазір 80 пайызға дейін то­лып тұрмыз. Астықты тәулік бойы қабылдап, кептіреміз. Кү­ніне 70-80 кейде 100 көлікке дейін қабылдай аламыз. Бірақ мол астықтың бәрін қабылдап үл­геру мүмкін емес, – дейді эле­ва­тор өндірістік учаскесінің бас­шы­сы Галина Баранюк. 

Элеваторлар астықты қа­был­дап жатырмыз деге­ні­мен жергілікті шаруалар асты­ғын тапсыра алмай, тіпті өткізе ал­мағанын айтып зар илейді. Қы­руар астығын қайда қоярын біл­мей жатқан шаруаның бірі – зе­ренділік Қайыркен Хасенов. Биыл шағын шаруа қожалығы 8 мың тоннаға жуық астық жи­на­ған. Астықтың бір бөлігін малға жем-шөпке арнаған шаруа қал­ға­нын егін орағы тұсында сатып үлгерген. Бірақ өнімнің жартысы­на жуығын күні бүгінге дейін өт­­­­­кізе алмай отыр. Элеватор қа­был­дамайды. Ал нарықтағы баға кет­кен шығынды да жаба алмай­ды. 

– Қазір бірнеше элеваторлар ас­тықты мүлдем қабылдап жат­қан жоқ. Бидай мен арпаны өт­кізе алмай жүрмін. Астықтың ба­­­ғасы 60-70 мың теңгеден ас­пай­ды. Бұл күрделі жағдай туғы­зып тұр. Бізге шығынымызды жап­қаннан бөлек жұмысшыларға жа­лақы, қарыздар мен лизинг­тер­ді төлеу керек қой. Оның үсті­не, өткен жылдардағы қарызда­ры­мыз бар. Өте қиын жағ­дай­дамыз, –дейді Қайыркен Хасенов. 

Жергілікті құзырлы басқарма бас­шылығы егер элеваторлар ас­тық­ты қабылдамаса, онда мә­се­лені шешуге көмек беретінін ай­та­ды.  

– Элеваторлардың бағаны жа­санды түрде төмендетіп жат­қа­нын білу үшін тәуелсіз сарап­та­маға талдауға тапсырып, анық­тауы­мыз қажет. Егер элеваторға көңілі толмаса, басқасына баруға бо­лады. Егер элеватор бағасын тө­мендетсе, бізге ресми түрде жү­гінуге болады. Қазір астықты тап­сыруға бар жағдай жасалған. Мем­лекет диқан қауымына ас­тық­­ты сату үшін жан-жақты қол­дау көрсетуде. Астық қабылдау бе­кеттерінде 2,5 миллион тонна ас­тық қабылдайтын орын бар. Би­дай бағасы нарыққа тәуелді бо­лып тұр, – дейді Ақмола облы­сы Ауыл шаруашылығы және жер қа­тынастары басқармасының бас­шысы Кенеш Әлімжанов. 

Қостанайлық шаруалардың да жағдайы қиын

Өңір биылғы жылы 6 мил­лион тоннаға жуық өнім жинаған. Мол астықты қамбаға төк­кенімен көктемге дейін сата ал­маса, іріп-шіріп құр ысырап бо­ла ма деп алаңдап отыр. Же­р­гі­лікті шаруалар элеваторлармен қатар ұн тартатын диірмендердің өзі бидай алмай жатқанын айтып зар илейді. 

– Қазір барлық элеваторлар тү­гелге жуық толып тұр. Оның үс­тіне, ұн тартатын диірмендердің өзі мол астықтан аузы-мұрнынан шық­қан. Кәсіпорындардың ай­туын­ша, қоймаларда ұн мен би­дай қап-қабымен үйіліп тұр. Сон­дықтан ірі диірмендердің өзі ас­тықты көп қабылдамай жатыр. Қан­шалықты сата алады, сол кө­лемде ғана қабылдайды. Бағасын әр фирмамен әртүрлі келісіп жа­тырмыз. Өте арзан бағаға кетіп жа­тыр. Нарық заңына сәйкес ұсы­ныс көбейген соң сұраныс  азайып кетеді. Қазір ұн тартатын диір­мендер шаруалардан жақсы би­дай­дың тоннасының өзін 45 мың теңгеден алып жатыр, – дей­ді «Азат және Д» серіктес­ті­гі­нің басшысы Марат Ахметов. 

Шаруалардың айтуынша, сапасы төмендеу би­дай­ды 20 мың теңгеге сата алмай қи­налып жүргендер де бар­шы­лық. Яғни, бидайдың бағасы су те­гін болып, тіпті кебекпен теңе­сіп кеткен. Қостанайлық шаруа­ның бірі Александр Бородиннің айтуынша, биыл азық-түлік ке­лі­сімшарт корпорациясы бағаны өт­кен жылдармен салыстырғанда, 30-45 мың теңгеге төмендетіп жі­­­берген. Мәселен, былтыр 3 клас­­ты бидай 130 мың теңгеден қа­былданса, биыл небәрі 85-90 мың теңгеге әзер өтіп жатыр. Ал қым­бат болмаған соң шаруа­лар­дың көбі астықты қоймаларында сақ­тауға мәжбүр. Ал астықты эле­ваторларда кептірмесе, мол астық көк­темге дейін бұзылып кетуі ға­жап емес. 

Бірақ қостанайлық Ауыл ша­р­уа­­шылығы басқармасындағылар да астықтың бұзылмайтынын, эле­ваторларда орын жеткілікті еке­нін айтып отыр.

– Жиналған мол астық бұзыл­май­ды, далада да қалмайды. Өңір­­де элеваторларда орын жет­кі­лікті. 35 лицензиясы бар астық қа­был­дау қоймаларының сыйым­ды­лығы – 3 миллион тонна. Қа­зір элеваторларда 1,5 миллион тон­на астық бар. Яғни, тек 50 пайыз­ға ғана толған. Сондықтан эле­ваторлар толып астық қабыл­да­май жатыр деген дұрыс ақпарат емес. Элеваторлар кезексіз астық қа­былдап жатыр, – дейді Қос­та­най облысы Ауыл шаруашылығы бас­қармасының басшысы Ибра­гим Бекмұхамедов.  

Теріскейлік диқанның астығы шіріп жатыр...

Ал Солтүстік Қазақстан об­лы­­сындағы жағдай бұдан да күр­делі. Теріскейлік шаруалар эле­ва­тор­ларға астығын тапсыра ал­ма­ған­дық­тан мол астық қарлы жаң­быр­дың астында қалып шіри бас­та­ған. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты Свет­лое селосының тұрғыны, тіпті жағ­дайдың аса ауыр екенін ай­тып, әлеуметтік желіде Пре­зи­дент­тен көмек сұрап, бейнежазба қалдырған. 

– Міне, мұнда бидай, одан әрі ар­па жатыр. Осылай жиналған ас­тықты қырманда сақтауға мәж­бүр­міз. Бәрі бұзылып, шіріп жа­тыр. Өйткені жақын маңдағы бар­лық элеватор толып тұр. Би­дайды қабылдамайды. Вагон жоқ дейді. Былтырғы жылы да аса қиын болған. Өнімді дұрыс сата ал­мадық. Биыл тағы қайталанып жа­тыр. Бұл мәселе жылдан-жыл­ға осылай қайталанып, шешімін тап­пай келеді. Күзгі егін орағы бас­талғанда барлық жүк таситын ва­гондар «жоғалып» кетеді. Эле­ва­торлар «толып» қалады. Иә, тек мол өнім жинаған жылы дәл осы­лай болады. Жығылғанға жұды­рық болғандай, камазшылар да жа­қын жердегі элеваторға жет­кі­зіп беру үшін бидайдың әр ке­лі­сі­не  қымбат  сұрайды. Ал дел­дал­дар, тіпті келісін он теңгеден ала­ды. Сондықтан сізден жағ­дай­ды реттеп шара қабылдауыңызды сұраймын, – дейді кәсіпкер.  

Үкімет бағаны ұстап тұру үшін дәл бүгін шаруалар­дан астық сатып алу үшін «Азық-тү­лік келісімшарт корпорациясы» ар­қылы 10 миллиард теңге жұм­сау туралы шешім қабылдапты. Ауыл шаруашылығы министрі Ай­дарбек Сапаов дәл бүгін сатып алу бағасы жария болатынын мә­лімдеді. Оның айтуынша, бірінші кезеңде шамамен 155 мың тонна ас­тық сатып алу жоспарланған. Сон­дай-ақ министр бидайды та­сы­малдау шығындарын суб­си­дия­лау ережесі де бекіту кезеңінде екенін атап өтті. 

 

P.S. 

Мәселе, жыл сайын қайталанғанымен құзырлы министрліктегілер де, жергілікті әкімдіктегілер де шыбық басын «сындыра» алар емес. Бұлай жалғаса берсе, елдегі ата кәсіптің бірі – ауыл шаруашылығы күйреп кете ме деген қауіп басым. Сондықтан Үкімет пен Парламент басқа да құзырлы органдар ауыл шаруашылығын реттейтін тың реформалар мен заңнамаларды қолға алып, дереу шара қабылдағаны абзал. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы