Ала жаздай тыраштана еңбектеніп, маңдай терін төккен диқанға бұл жағдай тағы да шығын келтірмек. Онсыз да былтыр еккен астығы қоңыр күзде сібірлей жауған жаңбырдан көктеп кетіп, артынан қызып шіри бастаған соң қоқысқа төккен шаруа көктемде бар жиған-терген тиын-тебенімен қоса несиеге кіріп дән еккен еді. Биыл көктемде қалың елді дүрліктірген алапат топан су да жер емшегін емген диқан қауымға аса ауыр зардабын тигізген. Алайда көктен иіп, жерден беріп молынан өнім шыққанымен «сапасы жоқ» деген желеумен мол астықты іс жүзінде игеру тұтас теріскей аймақтағы шаруалардың жағдайын шатқаяқтатып жіберген...
Егін орағы аяқталмастан облыстық әкімдіктер мен Ауыл шаруашылығы министрлігі астықтың көлемі бұрын соңды болмаған рекордтық көлемде, яғни 26,5 миллион тоннаға жеткенін қуана жариялаған. Алайда бұл «біреулерге» қуаныш болғанымен, біреуге мұң болып тұр.
Ресми дереккөздерге сүйенсек, бидайдың құны өткен жылдармен салыстырғанда, 30-45 мың теңгеден, тіпті одан да көп мөлшерге арзандап кеткен. Тіпті, бар күнкөріс кәсібі тек осы егін шаруашылығымен ғана байлан-ған, жер көлемі шағын ғана қарапайым шаруалар астықтың бағасы тым төмендеп кеткенін айтады.
Ақмолалық шаруалар бидайын өткізе алмай жүр
Алты жарым миллион тоннадан астам өнім жинағанымен алтын астығы тау-тау болып үйіліп, қайда жіберерін білмеген ақмолалық диқан көп. Ресми деректер бойынша, қазір өңірдегі ондаған элеватор аузы-мұрнынан лық толып тұр. Орташа есеппен нан қабылдау пунктері өз жүктемесінің 70 пайыздан астамына жеткен. Облыста 66 нан қабылдау бекеті тәулік бойы штаттық режимде жұмыс істегенімен, мол астықты қабылдап үлгерер емес.
– Біздің элеватор штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Жалпы, сыйымдылығымыз 100 мың тонна астық қабылдауға қауқарлы. Қазір 80 пайызға дейін толып тұрмыз. Астықты тәулік бойы қабылдап, кептіреміз. Күніне 70-80 кейде 100 көлікке дейін қабылдай аламыз. Бірақ мол астықтың бәрін қабылдап үлгеру мүмкін емес, – дейді элеватор өндірістік учаскесінің басшысы Галина Баранюк.
Элеваторлар астықты қабылдап жатырмыз дегенімен жергілікті шаруалар астығын тапсыра алмай, тіпті өткізе алмағанын айтып зар илейді. Қыруар астығын қайда қоярын білмей жатқан шаруаның бірі – зеренділік Қайыркен Хасенов. Биыл шағын шаруа қожалығы 8 мың тоннаға жуық астық жинаған. Астықтың бір бөлігін малға жем-шөпке арнаған шаруа қалғанын егін орағы тұсында сатып үлгерген. Бірақ өнімнің жартысына жуығын күні бүгінге дейін өткізе алмай отыр. Элеватор қабылдамайды. Ал нарықтағы баға кеткен шығынды да жаба алмайды.
– Қазір бірнеше элеваторлар астықты мүлдем қабылдап жатқан жоқ. Бидай мен арпаны өткізе алмай жүрмін. Астықтың бағасы 60-70 мың теңгеден аспайды. Бұл күрделі жағдай туғызып тұр. Бізге шығынымызды жапқаннан бөлек жұмысшыларға жалақы, қарыздар мен лизингтерді төлеу керек қой. Оның үстіне, өткен жылдардағы қарыздарымыз бар. Өте қиын жағдайдамыз, –дейді Қайыркен Хасенов.
Жергілікті құзырлы басқарма басшылығы егер элеваторлар астықты қабылдамаса, онда мәселені шешуге көмек беретінін айтады.
– Элеваторлардың бағаны жасанды түрде төмендетіп жатқанын білу үшін тәуелсіз сараптамаға талдауға тапсырып, анықтауымыз қажет. Егер элеваторға көңілі толмаса, басқасына баруға болады. Егер элеватор бағасын төмендетсе, бізге ресми түрде жүгінуге болады. Қазір астықты тапсыруға бар жағдай жасалған. Мемлекет диқан қауымына астықты сату үшін жан-жақты қолдау көрсетуде. Астық қабылдау бекеттерінде 2,5 миллион тонна астық қабылдайтын орын бар. Бидай бағасы нарыққа тәуелді болып тұр, – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов.
Қостанайлық шаруалардың да жағдайы қиын
Өңір биылғы жылы 6 миллион тоннаға жуық өнім жинаған. Мол астықты қамбаға төккенімен көктемге дейін сата алмаса, іріп-шіріп құр ысырап бола ма деп алаңдап отыр. Жергілікті шаруалар элеваторлармен қатар ұн тартатын диірмендердің өзі бидай алмай жатқанын айтып зар илейді.
– Қазір барлық элеваторлар түгелге жуық толып тұр. Оның үстіне, ұн тартатын диірмендердің өзі мол астықтан аузы-мұрнынан шыққан. Кәсіпорындардың айтуынша, қоймаларда ұн мен бидай қап-қабымен үйіліп тұр. Сондықтан ірі диірмендердің өзі астықты көп қабылдамай жатыр. Қаншалықты сата алады, сол көлемде ғана қабылдайды. Бағасын әр фирмамен әртүрлі келісіп жатырмыз. Өте арзан бағаға кетіп жатыр. Нарық заңына сәйкес ұсыныс көбейген соң сұраныс азайып кетеді. Қазір ұн тартатын диірмендер шаруалардан жақсы бидайдың тоннасының өзін 45 мың теңгеден алып жатыр, – дейді «Азат және Д» серіктестігінің басшысы Марат Ахметов.
Шаруалардың айтуынша, сапасы төмендеу бидайды 20 мың теңгеге сата алмай қиналып жүргендер де баршылық. Яғни, бидайдың бағасы су тегін болып, тіпті кебекпен теңесіп кеткен. Қостанайлық шаруаның бірі Александр Бородиннің айтуынша, биыл азық-түлік келісімшарт корпорациясы бағаны өткен жылдармен салыстырғанда, 30-45 мың теңгеге төмендетіп жіберген. Мәселен, былтыр 3 класты бидай 130 мың теңгеден қабылданса, биыл небәрі 85-90 мың теңгеге әзер өтіп жатыр. Ал қымбат болмаған соң шаруалардың көбі астықты қоймаларында сақтауға мәжбүр. Ал астықты элеваторларда кептірмесе, мол астық көктемге дейін бұзылып кетуі ғажап емес.
Бірақ қостанайлық Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар да астықтың бұзылмайтынын, элеваторларда орын жеткілікті екенін айтып отыр.
– Жиналған мол астық бұзылмайды, далада да қалмайды. Өңірде элеваторларда орын жеткілікті. 35 лицензиясы бар астық қабылдау қоймаларының сыйымдылығы – 3 миллион тонна. Қазір элеваторларда 1,5 миллион тонна астық бар. Яғни, тек 50 пайызға ғана толған. Сондықтан элеваторлар толып астық қабылдамай жатыр деген дұрыс ақпарат емес. Элеваторлар кезексіз астық қабылдап жатыр, – дейді Қостанай облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов.
Теріскейлік диқанның астығы шіріп жатыр...
Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай бұдан да күрделі. Теріскейлік шаруалар элеваторларға астығын тапсыра алмағандықтан мол астық қарлы жаңбырдың астында қалып шіри бастаған. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты Светлое селосының тұрғыны, тіпті жағдайдың аса ауыр екенін айтып, әлеуметтік желіде Президенттен көмек сұрап, бейнежазба қалдырған.
– Міне, мұнда бидай, одан әрі арпа жатыр. Осылай жиналған астықты қырманда сақтауға мәжбүрміз. Бәрі бұзылып, шіріп жатыр. Өйткені жақын маңдағы барлық элеватор толып тұр. Бидайды қабылдамайды. Вагон жоқ дейді. Былтырғы жылы да аса қиын болған. Өнімді дұрыс сата алмадық. Биыл тағы қайталанып жатыр. Бұл мәселе жылдан-жылға осылай қайталанып, шешімін таппай келеді. Күзгі егін орағы басталғанда барлық жүк таситын вагондар «жоғалып» кетеді. Элеваторлар «толып» қалады. Иә, тек мол өнім жинаған жылы дәл осылай болады. Жығылғанға жұдырық болғандай, камазшылар да жақын жердегі элеваторға жеткізіп беру үшін бидайдың әр келісіне қымбат сұрайды. Ал делдалдар, тіпті келісін он теңгеден алады. Сондықтан сізден жағдайды реттеп шара қабылдауыңызды сұраймын, – дейді кәсіпкер.
Үкімет бағаны ұстап тұру үшін дәл бүгін шаруалардан астық сатып алу үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы 10 миллиард теңге жұмсау туралы шешім қабылдапты. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаов дәл бүгін сатып алу бағасы жария болатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бірінші кезеңде шамамен 155 мың тонна астық сатып алу жоспарланған. Сондай-ақ министр бидайды тасымалдау шығындарын субсидиялау ережесі де бекіту кезеңінде екенін атап өтті.
P.S.
Мәселе, жыл сайын қайталанғанымен құзырлы министрліктегілер де, жергілікті әкімдіктегілер де шыбық басын «сындыра» алар емес. Бұлай жалғаса берсе, елдегі ата кәсіптің бірі – ауыл шаруашылығы күйреп кете ме деген қауіп басым. Сондықтан Үкімет пен Парламент басқа да құзырлы органдар ауыл шаруашылығын реттейтін тың реформалар мен заңнамаларды қолға алып, дереу шара қабылдағаны абзал.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы