Мәжілісте вице-спикер Альберт Раудың төрағалығымен Үкімет сағаты өтті. Онда мұнай саласының қазіргі қызметі мен даму перспективалары талқыланды. Тақырып жөнінде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов баяндама жасады.
Мұнай саласын дамыту маңызды
175
оқылды

Отырысты ашқан Альберт Рау Мемлекет басшысы 2020 жылғы Жолдауында ұзаққа созылған мұнай дәуірі аяқталуы мүмкін екенін айтқанын еске салды. Осыған байланысты 2021 жылы қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент көмірсутек шикізатын қарқынды игеру үшін жаңа ынталандыру шараларын қабылдауды тапсырды.

– Тәуелсіздік жылдарында Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сынды ірі өнеркәсіптік мұнай кен орындары игерілді. Қызылорда және Жамбыл облыстарында жаңа өндіріс орындары ашылды. Мұның бәрі мұнай өндіруді ұлғайтуға және экспорт әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беріп, экономикаға оң әсер етті. Дегенмен саланың дамуына кедергі келтіретін факторлар да бар. Бұл көмірсутек шикізатын өңдеуге жеткілікті қуаттың жоқтығы, мұнай-газ өңдеу және мұнай-химия кәсіпорындарындағы ескірген технологиялар, – деді Мәжіліс Төрағасының орынбасары. 

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев­тің айтуынша, мұнай-газ саласының жалпы ішкі өнім құрылымындағы үлесі шамамен 16 пайыз­ды құрайды. Ол ел бюджетіне түсетін түсім­дердің 28 пайыздан астамын және экономикадағы инвестицияның 15 пайыздан астамын қамтамасыз етеді.

– Мұнай-газ секторын шикізатқа бағдарлану­дан жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге қайта бағдарлаудың бір бағыты – мұнай-химия саласын дамыту. 2024 жылдың 10 айында мұнай-химия өнімдерін өндіру көлемі 461 мың тоннаны құрады. Жыл соңында 530 мың тонна өнім өндіріледі деп болжанып отыр. Бұл былтыр­ғы жылмен салыстырғанда 1,5 есе артық, – деді Энергетика министрі.

Бұл ретте 2030 жылға қарай мұнай өндіруді 111,8 миллион тоннаға дейін, ал оны өңдеуді жылына 18 миллион тоннадан 28 миллион тоннаға дейін немесе жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту есебінен 50 пайызға арттыру жоспарланған. 2030 жылы мұнай-химия өнімдерін өндіру көлемі 2,2 есе артады деп болжануда.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов компания 2022 жылы қуаттылығы 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт салғанын айтты. Бұл – елімізде іске асырылған алғашқы шикізаттан бастап дайын өнімге дейін­гі толық циклді технологиялық кешен. Іске қосылғалы полипропилен импорты 63 пайыздан 17 пайызға дейін төмендеген. 

Ал ішкі нарықтағы бағасы тоннасына 1400-ден 970 АҚШ долларына дейін төмендеді (ҚҚС-сыз). Қазір «ҚазМұнайГаз» Қазақстандағы барлық мұнай өндірудің 26 пайызын, мұнай тасымалдаудың 56 пайызын және мұнай өңдеудің 80 пайызын жүзеге асырады.  

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин қосымша баяндамасында бүгінде мемлекет есебінде 348 көмірсутек шикізатының кен орны бар екенін, еліміздегі мұнай қорының жалпы көлемі – 4,3 млрд тоннаны құрайтынын атап өтті. Сондай-ақ соңғы 25 жылда жүйелі, ауқымды геологиялық зерттеу-барлау жұмыстары жүргізілмегеніне тоқталды. 

– Соңғы бес жылдағы мұнай қорларының өсімі орта есеппен 73 млн тоннаны құраса, өндіру көлемі – 80 млн тоннаға жетті. Яғни, мұнай қорының толығуынан, өндіруіміз қазірдің өзінде 7 млн тоннаға артық. Бұл – мұнай-газ саласындағы зерттеу жұмыстары мен өндірудің арасындағы дисбалансты нақты көрсетіп отыр. Геологиялық барлаудың қазіргі баяу қарқыны мен мұнай өндірудің бүгінгі деңгейі сақталар болса, таяудағы 15 жылда еліміздің көмірсутек ресурстарының қоры таусылатыны анық, – деді Е.Жаңбыршин.

Сонымен қатар комитет төрағасы геология, мұнай өндіру, шикі мұнайды өндіру және тасымалдау, энергетикалық және экологиялық қауіпсіздік, импортты алмастыруға қатысты өзекті мәселелерге тоқталып, сұрақтары мен оларды шешуге бағытталған ұсыныстарын айтты.

Талқылау барысында депутат Мархабат Жайым­бетов Қазақстанда жыл сайын кездесетін битум тапшылығы мәселесіне тоқталды.

– Жылда елімізде битум тапшылығы болады. Мемлекет басшысы 2022 жылғы Жолдауында 90 млн тонна мұнай өндіретін ел үшін мұның ұят жағдай екенін атап өтіп, Үкіметке мәселені шешуді тапсырған еді. Әсіресе, шілде, тамыз айларында жол құрылысында үлкен тапшылық болады. Энергетика министрі өз баяндамасында жылына 500 мың тонна битумды Ресейден алатынымызды айтты. Мәселені қалай шешеміз? Құрамында битумы бар пайдалы қазба қорлары кен орындарын пайдалану үшін қандай шаралар қажет? – деп сұрады депутат.

Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда битум өндірумен төрт компания айналысатынын айтты. Олар жыл бойы 1,2 миллион тонна өнім өндіре алады. Негізгі тұтыну уақыты жазда жол құрылысы жұмыстары кезінде болғандықтан өндірушілер осы кезеңде толық қамтамасыз ете алмайды. Осыған байланысты ақпан айында битумға өтінім беруді бастау үшін құрылыс компанияларымен келісім жасалып, Көлік министрлігімен бірге тиеу кестесі әзірленген. Сондай-ақ зауыттарға жылы бөлмелерде сақтауға болатын қапталған битум шығару тапсырылды. Бұл ретте битум өндірісін жылына 1,45 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. 

 Сондай-ақ депутаттар Үкіметтің жауапты мүшелеріне мұнай өндіру қарқынын арттыру, ішкі нарықты мұнаймен қамтамасыз ету, мұнай өңдеу көлемін ұлғайту, жанар-жағармай тапшылығын болдырмау, көлік логистикасын жаңғырту, авиациялық жанармай бағасын төмендету және басқа да сұрақтарын қойды.

Талқылау нәтижесінде мәжілісмендер Үкіметке мұнай саласын дамыту бойынша ұсыныстарын айтты. Соның ішінде заңнамалық деңгейде жол-құрылыс жұмыстарын және битум қоймасының инфрақұрылымын салуды қаржыландыру тәртібін өзгерту, маусымдық тапшылықты бол­дыр­мау мақсатымен мұнай өнімдерін сақтау үшін қосымша сыйымдылықтарды кеңейту немесе салу бойынша шаралар қабылдау мәселелері қозғалды.

Өз кезегінде депутат Әділ Жұбанов біздің кен орындарын дамытуға жауапкершілікті өз мойнына ала алатын отандық басқарушы компанияларды даярлаудың ұзақмерзімді стратегиясын әзірлеуді және саланы жоғары деңгейде басқаруға мамандар дайындауды қолға алуды ұсынды.

Сөз соңында Альберт Рау мемлекет алдында экономиканы көтеру міндеті тұрғанын, оны мұнай өндіруді арттыру арқылы шешу мүмкін еместігін атап өтті. Жетекші компаниялардың мұнай өңдеуге баса назар аударуы керектігін айтты. Бұл ретте геологиялық барлауға және ішкі нарықтағы тұрақтылыққа жеткілікті көңіл бөлінуі керек. Бұл мұнай өнеркәсібіндегі теңгерімсіздіктерді жойып, оның дұрыс дамуын қамтамасыз етеді.

Үкімет сағаты аясында Мәжілісте тақырыптық көрме өтіп, онда мұнай компаниялары өз қыз­­метінің нәтижелері мен жоспарларымен бөлісті.

 Кәмила ЕРКІН