Биыл еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан талай білікті кадрларды даярлап шығарған қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне – 90 жыл.
Farabi – 90: университеттің ғылыми әлеуеті қандай?
462
оқылды

Қазір білім ордасы торқалы тоқсан жылдығы аясында университет ішінде біршама ауқымды іс-шараны жүзеге асырып келеді. Соның бірі таяуда ғана өткен – «Farabi – 90» баспасөз-туры. Төртінші билік өкілдерінің басын қосқан жиында ҚазҰУ-дың бүгінгі тынысы, қолға алынған бірлескен жаңа жобалар мен атқарылған істердің нәтижесі таныстырылды. 

Ең алдымен сапар нүктесі ҚазҰУ қалашығында орналасқан Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығынан басталды. Заманауи үлгіде жасақталған ғимаратта креативті индустрия, жасанды интеллект және стартап жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік қарастырылған. Бір қызығы, жалпы ауданы 5 мың шаршы метрді құрайтын хабта әлемге танымал ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорациясы мен өзге де шетелдік компаниялардың орталықтары, университет базасындағы ғылыми-зерттеу институттары орналасқан.

Ел экономикасының дамуына күш салатын сапалы мамандарды дайындап шығаруда, ең алдымен, оқу орнының ғылыми әлеуеті маңызды. Білім беру саласындағы осындай маңызды тетіктерді қамтыған университетте қазір «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» орталығы жұмыс істейді. Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бойынша жасыл технология әзірлеуді мақсат тұтқан ғылыми орталыққа 10 инновациялық зертхана кіреді. Мұнда климат және модельдеу, цифрлық картография және қолданбалы геодезия, GlobalSky тұрақты туризм, су ресурстарының сапасын, ландшафттардың деградациясын геоақпараттық талдау, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік, топырақ экологиясы, қоршаған ортаны бақылау жұмыстарын жүзеге асырады. Орталықта орналасқан әрбір зертхананың мақсаты мен белгіленген қызметтері бар. 

Ғылымды өрістетуге бағытталған кезекті орталық – «Жерді қашықтан зондтау технологиясы» деп аталатын қазақ-қытай зертханасы. Мамандардың айтуынша, бірлескен зертхана Орталық Азия деңгейінде жұмыс істейтін, сонымен қоса табиғи ресурстарына мониторинг жүргізе алатын жалғыз орталық саналады. Зертханада Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруі нәтижесінде болған су тапшылығы, жердің құнарсыздануы, құрғақшылық және тағы басқа экологиялық бағыттағы өзекті мәселелерге мониторинг жүргізіледі. Одан бөлек, қашықтан бақылау арқылы аймақтағы табиғи қауіпсіздік алдын ала ескертіледі. Бұл экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді. Мамандар зертханада жүзеге асырылған зерттеулер нәтижесі Қазақстан, Қытай және Орталық Азия үшін халықаралық ресурстық және экологиялық платформа құруға мүмкіндік беретінін атап өтті. 

Баспасөз-туры барысында журналистер Farabi суперкомпьютер орталығының негізгі қызметімен танысты. Өткенге шегініс жа­са­сақ, 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Рес­публикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуі нәтижесінде елімізге суперкомпьютер әкелу туралы келісімге қол қойылған еді. Биыл Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары барысында екі мемлекет басшысы Орталық Азиядағы ең жоғары суперкомпьютерді ҚазҰУ-ға орнату туралы шешім қабылдады. 

Технологиялық құрылғы бірнеше маңызды функцияларды атқаруға мүмкіндік береді. Нақтырақ айтсақ, құрылғының көмегімен ғалымдар деректердің үлкен көлемімен жұмыс істей алса, екіншіден, суперкомпьютер орталығы мемлекеттік органдардың түрлі жағдайын модельдеуге, үшіншіден, елдің IT-инфрақұрылымын өркендетуге көмектеседі. Аталған технологиялық құрылғы әлемдегі ең үздік 600 суперкомпьютердің тізіміне енеді. Университет мамандары жоғары өнімділігі 1,94 PFLOPS құрайтын қуатты құрылғы жасанды интеллект технологияларын, университет қызметінің негізгі бағыттары бойынша ғылымды қажетсінетін есептеулерді жасау, IoT-объектілерді басқару және ұйымдастыру, Smart-технологиялар объектілерін басқару жөніндегі бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу үшін пайдаланылатын жеткізді.

Сондай-ақ БАҚ өкілдері оқу орнында жаңадан ашылған Farabi Chem Science кластерінің қызмет барысын көрді. Құрамына 9 зертхана кіретін кластердің негізгі бағыты химия мен материалтану саласындағы озық зерттеулерді дамытуға бағытталған. Қазір Chemical Coating Innovations ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары кәдесыйлар мен зергерлік бұйымдарын өңдеп, арнайы гальваникалық қаптамалар шығарумен айналысады. Ал гальваникалық қаптама өнімнің қызмет ету мерзімін ұзартуға әсер етеді. Ғалымдар бұл әдіс өнімді тат басудан қорғау үшін тиімді тәсіл екенін айтады. 

Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде ҚазҰУ ғалымдары 400-ге жуық жобаны жүзеге асырып келеді. Жобаның жалпы құны 32 млрд теңгені құрайды. ҚазҰУ ғалымдары 2025 жылы Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетімен бірлесіп ғарышқа микроспутник ұшыруды жоспарлап отыр. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы