Бұл хабарды естіген колледж басшылығы оқу орнының бола­ша­ғына алаңдаулы. Бір қызығы, Батыс Қазақстан облыстық Жоғары медициналық колледжін сату туралы шешімді оқу орны басшылығының сыртынан қабылдап жіберген.
Колледжді сатпақ болған кім?
175
оқылды

Колледждің басқарма төрағасы Хамидолла Ирменов бұл хабарды ұзынқұлақтан бір-ақ естіпті. Кейін бұл өсек әңгіменін жайдан-жай шықпай, шынымен аукционға колледждің шыққанын бір-ақ көрген. Жоғары медициналық колледжінің басқарма төрағасы Хамидолла Ирменовтың сөзінше, колледж ұжымы бұған қарсы. 

«БҚО-дағы жалғыз мемлекеттік медициналық колледжді жекеге сатпақшы» деген сыбыс осыдан 2-3 ай бұрын шықты. Басында жай сөз, әңгіме шығар деп мән бермедік. Бірақ бұл жай әңгіме болмай шықты. Облыстағы ең мықты мамандарды тәрбиелеп отырған медициналық оқу орнын жеке кәсіпкерге беру не үшін қажет болды? Мамандар даярлау ісі қалай болады? Сапа жоғалып кетпей ме? 

Ойымыздағы бір бума сұрақпен біз «Батыс Қазақстан Жоғары медициналық колледжі» ЖШС басшылығына келдік. Ойымыз – колледждің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу. 

Облыстағы медициналық колледждің 100 жылдық тарихы бар. Бұл – жалпы Қазақстан тарихындағы медициналық білім беруді бастаған алғашқы оқу орны. Колледж өз жұмысын 1916 жылы бастаған.

БҚО Жоғары медициналық коллед­жінде қазір 1 653 студент білім алып жа­тыр. Колледж 7 мамандық, 8 біліктілік бо­йынша білім мен тәрбие береді. 

Медициналық колледж директорының орынбасары Мәншүк Аймурзиева бізге колледждің іші-сыртын түгел аралатып көрсетті. 

– Студенттердің білім алуына барлық жағдай жасалған. Бұл жерде өте бай кітап қоры бар. Және соңғы 5 жылда өзіміздің ғалымдарымыз медициналық тақырыптарға жазған бірнеше кітабы бар. Спортзал, теннис залы, зертханалық жұмыстар істеуге арналған орындар бар. Біз соңғы жылдары техникалық базамызды нығайтып жатыр­мыз. Студенттерге алған білімі түсінікті болуы үшін робот манекендер алдық. Бұл ақпараттық жүйеге қосылады. Роботтар жүрек, асқазан секілді ішкі органдарды зерттеп көрсетуге арналған. Егер студент алған білімін дұрыс түсінбеген болып, аппаратты қате қосса немесе инені қате салса, бұл роботтар «Ауыртып жатыр, жайлатсаңшы» деп айқайлайды. Ал анау тұрған әйел робот құдды босанып жатқан әйелдей айқайлап, баланы «дүниеге әкеледі», – деп атап өтті Мәншүк Аймурзиева. 

Біз колледж қабырғасына кірген бойда «Медициналық колледжде қаржылай қиындық бар ма? Сіздер өз шығындарыңызды жауып отырсыздар ма?» деген сұрақ қойдық. Бұл сұраққа Жоғары медициналық колледжінің басқарма төрағасы Хамидолла Ирменов өзі жауап берді. 

– Біздің колледжде ешқандай проблема жоқ. Құдайға шүкір, бәрі бар, жетеді. Бала санынан ешқандай пробле­ма болған емес. Студент те жетеді, техника­лық ба­за­мыз да бар. Мені ешкім шақырып сіз басқаратын колледжді сатамыз деп айтқан жоқ, алдыма да келген емес. Бұл әңгімені сырттан естіп отырмын. Біз­дің сыр­ты­мыздан шешім шығарып, пор­талға салып сатып отыр. Біз, әрине қарсылық таныттық, комиссия құрамында болған басқа да азаматтар қарсы болып жатыр. Себебі бұл – медицина мамандарын да­йын­дайтын оқу орны. Ертең кім сатып ала­ды, қандай адам сатып алады, мамандар­дың болашағы не болады? Бізді осы сұрақ­тар алаңдатады. Бұған дейін екі аукцион­ өтті. Әзірге ешкім сатып алмады, – деді Хамидолла Ирменов.

Студент саны демекші, бүгінде колледжде 2000-ға жуық студент оқиды. Мұның ішінде 736 студент мемлекеттік грант негізінде білім алса, 917 студент ақылы не­гізде білім алып отыр. 

Жалпы, жоғары медициналық колледжді сату туралы әңгіме осыдан үш-төрт жыл бұрын да айтылыпты. Ол кезде жоспар бойынша колледжді Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті сатып алуы керек болыпты. 

– Бұл әңгіме осыдан 3-4 жыл бұрын да көтерілген еді. Колледжді жекеге сату керек пе, керек емес пе, мұны бізден ешкім сұ­­рап жатқан жоқ. Біздің бар білетініміз – «бұл нарық заңы» деді. Біз сол кезде Ас­фен­дияров атындағы Қазақ ұлттық меди­цина университетімен келісімшартқа отырдық. Жоспар бойынша олар үш жылдан кейін бізді сатып алып, өз құрамына қосу керек болған еді. Өкінішке қарай, Қазақ ұлттық медицина университетінің басшылық құрамы ауысып кетіп, біздің жобаны тоқтатып тастады, – дейді Хамидолла Ирменов.

Біз БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне хабарластық. «Колледжді не үшін сатып жатырсыздар?» деген сауалға не басқарма, не облыстық әкімдік жауап берген жоқ. Басында басқарма әкімдікке сілтеді, әкімдік кері басқармаға сілтеді. 

Кейін бұл шешім жоғарыдан, яғни Үкі­мет жақтан қабылданған. «Біз бұл сұ­раққа жауап бере алмаймыз» деп құтылды. 

«ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №908 «Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» және Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2024 жылғы 12 маусымдағы №136 қаулысына сәйкес ЖШС-ның жарғылық капиталындағы мемлекеттің 100% қатысу үлесі 2024 жылы жекешелендіруге жатады» – біздің қолымызға осындай қаулы түсті. Ұзын-шұбақ сөйлемнен тұратын қаулыны БҚО әкімдігі қабылдаған. Әрі 2024 жылы жекешелендіруі тиіс дегендей емеурін бар. Мемлекет меншігіндегі медициналық колледжді сату туралы қаулы бар, шешім шығып қойған. Тек атқарушы орган «не үшін сатасыздар?» деген сұраққа жауап бере алмай отыр. 

Біз БҚО Мемлекеттік сатып алу жә­не коммуналдық меншік басқармасына ха­бар­ластық. Біздің сұрағымызға жауап берген Фарида Тоқтасынова есімді ма­ман «Біз жекешелендіру ісіне қатысты құ­жат­тармен ғана айналысамыз. Яғни, тек ұйымдастыру жұмыстарына жауап береміз. Колледжді сату туралы ше­шім­ді шығарған біз емес. Оның неге са­ты­лып жатқанын да білмейміз» деп жауап берді. 

БҚО Мемлекеттік сатып алу және ком­муналдық меншік басқармасы Жоғары медициналық колледждің сатылымға шыққанын растады. Бұған дейін екі аукцион өтіпті. Тек сатып алушы табылмағандықтан, аукцион тоқтатылған. 

– Тәуелсіз бағалаушы ұсынған жекешелендіру объектісінің құны 1,2 млрд-тан астам теңгені, кепілдік жарна 110 млн-нан астам теңгені құрады. Тендер ашық, мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталында өтеді. Басқармамен ұйымдастырылған бірінші және екінші тендер 2024 жылдың 24 қазаны мен 20 қараша күні болып, қатысушылар болмауына байланысты өткізілмеді деп танылды. Объектіні үшінші тендерге шығару туралы қорытынды шешім жекешелендіру жөніндегі комиссиясымен жақын уақытта қабылданады. Колледжді сатып алған адам 50 жыл бойына осы бағыттағы білім беруді жалғастыруға міндеттеледі, – делінген БҚО Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасынан келген жауапхатта. 

Жоғары медициналық колледжінің басқарма төрағасы Хамидолла Ирменов екінші аукционда колледж құны 600 млн-ға дейін түскенін атап өтті. Енді үшінші аукцион кезінде баға тағы 50 пайызға түсуі мүмкін. 

Сонда бірғасырлық тарихы бар, облыс­тағы ең мықты медицина мамандарын даярлап отырған оқу орны бар болғаны 300 млн-ға сатылып кете ме деген сұрақ туады. Өкінішке қарай, біздің бұл сұрағымызға ешкім жауап бермей отыр. Тіпті, «медициналық колледж неге сатылады?» деген сауалымызға да жауап таба алмадық. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы