Бұл ретте елімізде жылыжай шаруашылығын дамыту мақсатында көптеген кешенді шаралар қолға алынып жатқаны белгілі. Дейтұрғанмен, халық арасында екі маусымда елді көкөніс, бақша дақылдарымен қамтамасыз етуді көздейтіндердің жұмысына айтылар сын-ескертпелер аз емес.
Сыр өңірінде де жылыжайлар санын көбейтіп, көл-көсір өнім алуды көздейтін көптеген шаруалар атқарылып жатыр. Алайда әрбір атқарылған жұмыс оң нәтижемен өлшенетіні белгілі. Бұл тұрғыда өңірде арагідік «әттеген-ай» дейтін тұстар қылтиып көрініп қалып жатады.
Көп жағдайда қоғамда жылыжай шаруашылығы көбейіп, бәсекелестік қалыптасса, өнім бағасы арзандап, халықтың қалтасына салмақ салмайтын еді деген түсінік бар. Бұл – заңдылық. Бірақ бүгінде елімізде аталмыш шаруашылықты ілгерілетуге ниеттілер қатары аз болмағанымен, өнім бағасы халықтың көңілін көншітпейтіні жасырын емес.
Жылыжай шаруашылығын жандандыруға бетбұрыс жасап, кейіннен игі бастамасы аяқсыз қалған жайттар ел арасында кездесіп қалады. Соның айғағындай, бұған дейін Сыр өңірінде қараусыз қалған жылыжай кешенінің күйі көпті толғандырғаны мәлім. Бір кездері қыруар қаржыға іргесі қаланған кешеннің бүгінде жетімнің күйін кешіп тұрғаны шынында да күмәнді ойларға жетелейді.
Нақты айтқанда, бұл келеңсіздік Қызылорда қаласының іргесіндегі «Ягодка» саяжайында болғаны ең алғаш әлеуметтік желіде жарияланған еді. Бастапқыда қаз-қатар тізілген сәулетті жылыжай кешенінің кейіннен жұлым-жұлымы шыққан кейпі алаңдатады.
Кейіннен бұл шаруа 2012 жылы бастау алғаны жария болды. Жоба әу баста халықты арзан бағада көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге негізделген. Алайда игі бастама жар ортасында тоқтап қалған. Бұл шаруа қыруар қаржыны талап ететіні айтпаса да түсінікті. Мәліметке сәйкес, 120 жылыжайдан тұратын кешенді салуға 700 млн-ға жуық қаражат жұмсалғаны да мәлім болды. Алайда жоспарлы жұмыстар жүйелі жүргізілмей, кейіннен кешен қараусыз қалып тұр.
Сол уақытта халықты арзан өніммен қамтамасыз етуге негізделген бірегей жобаны жүзеге асыруға бастамашыл болған Аграрлық несие корпорациясының Қызылорда облыстық филиалынан мәселенің мән-жайын да анықтаған едік. Белгілі болғандай, филиал тарапынан жылыжай құрылысын жүргізуге ниет білдірген кәсіпкерлер лизинг шартымен қарастырылған төлемдерді өтей алмауына байланысты сотқа талап-арыз беру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Сонымен қатар жылыжай жұмысын қайта жалғастыру үшін техникалық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, жобаны толық аяқтау үшін қомақты қаржы қажет екені нақтыланғаны да айтылды. Әзірге соттағы талап-арыздың шешімі күтіліп, соған сәйкес жобаны қайта жалғастыруға ниетті инвесторларды іздестіру жұмыстары жүргізілетіні тілге тиек болды. Бірақ әлі күнге дейін жылыжай кешені қараусыз, «қу кетті, іс бітпедінің» күйін кешіп тұр. Оның қашан жалғасатыны әлі де беймәлім күйде қалып тұрғанға ұқсайды. Жалпы, осындай келеңсіздіктер жылыжай шаруашылығын дөңгелетуге кері әсерін тигізіп жатады.
Негізінен, өңірде жылыжай жұмысын жандандырып, көкөнісін көркейтіп отырған кәсіпкерлер де жоқ емес. Жылыжай жұмысын жандандыруға өз үлестерін қосып жатқан мұндай кәсіпкерлердің еңбегі көпке үлгі.
«Бүгінде аймақта жалпы көлемі 12,1 гектарды құрайтын 21 жылыжай жұмыс істейді. Соңғы жылдары бұл жылыжайлардан 8 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналды. Қарқынды жұмыс жүргізіп жатқан жылыжайлар да бар. Осы орайда, АӨК цифрландыру және ішкі нарықты көкөніс өнімдерімен маусымдық кезеңде қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 2 гектарды қүрайтын «КазАгроМир» ЖШС-ның автоматтандырылған жылыжай кешенін ерекше атап өтуге болады. Бұл жылыжай цифрландырылған жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар жылыжайда өсірілетін көкөністердің жыл бойына температурасы реттеліп, суару, тыңайтқыштарды беру процестері автоматты түрде жүргізіледі. Бұдан бөлек, 2023 жылы облыста жеңілдетілген несие беру арқылы жылыжайлар салу мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 34 жылыжай іске қосылды. Осындай игі жұмыстар өңірді көкөніс өнімдерімен табиғи және тиімді бағада қамтамасыз етуде септігін тигізетін болады», – деп түсіндірді бұл жайында Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының егіншілік бөлімінің басшысы Асылжан Жарылқасынов.
Соңғы жылдары жылыжай ісін дамытуға мектептер мен жоғары оқу орындарының да қосып жатқан үлесін жоққа шығаруға болмас. Әсіресе, Сыр өңіріндегі іргелі оқу орындары жанынан ашылып, жүйелі жұмыс істеп жатқан жылыжай кешендерін көргенде жүрегіңе жылылық ұялайды.
Жалпы, жылыжай жұмысын ілгерілету де оңай шаруа емес. Оған құйылатын қыруар қаржыны айтпағанның өзінде, мол өнім алу мақсатында күтіп-баптау мен топырағын құнарландыру жұмыстары қажырлы еңбек пен табандылықты қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Ал жылыжайымыз жайқалса, елдің ырзық-несібесі молая түсері сөзсіз.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы