Бүгінде халықтың 40 пайызы ауылда тұрады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 2,5 пайызбен кредит беріле бастады. Нәтижесінде, 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.
Күре жолдың бойында жолаушыларға арнап асхана ашсам деймін – Гүлжанат Амангелдиева
Фото Гүлжанат Алпамысқызының жеке архивінен алынды
496
оқылды

Ауылда кәсіп ашу оңай емес. Тауар тасымалдау үшін логистика дамымаған. Телефон байланысы мен жолы нашар. Ауылдағы мәселелер жуырда Астанада өткен Әйелдер форумында  жан-жақты талқыланды. 

Соған қарамастан, шалғайдағы ауылда тұрақты жұмыс орнын ашып, кәсіпті дамытуға әйелдер де қомақты үлес қосып отыр. Кәсібін тәтті нан пісіруден бастаған еңбекқор жанның бірі – Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Қауылжыр ауылының тұрғыны Гүлжанат Амангелдиева.

Қарауылжыр – 250-дей шаңырақ түтін түтетіп отырған елді мекен. Ауылда тәтті нан пісіруді қолға алған Гүлжанат көрші-қолаңның алғысына бөленеді. Уақыт өте келе кондитерлік өнімдердің түрін көбейтеді. Үйде торт пісіріп, сатуды бастаған кәсіпкер 2019 жылы 400 АЕК көрсеткіш мөлшерінде кәсіпкерлерге арналған грант ұтып алады. Jako fast food, Gulzhanat_cakes кондитерлік өнімдер пісіретін орталық ашты. Күн сайын тапсырыспен тағам даярлайды. Түрлі тәтті нан, бәліштер пісіреді. 

«Кәсіпкерлерге арналған жәрмеңкелерге қатысып, өз өнімімді таныстырып, көпшілікке ұсындым. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде кәсібімді дамыттым. 2019 жылы күйеуім Жансерік өмірден өтті. Тағдырдың сынағы ауыр тиді. Үш баланы бағып-қағып жеткіземін деп белді бекем будым. Жансерікті құрметіне кондитерлік орталықтың атауын Jako fast food деп атадым. 50 адамға арналған қоғамдық тамақтану орталығын кеңейтсем деймін. Үлкен тойхана ашқым келеді. Іргемізде Шалқар – Қандыағаш бағытында тасжол салынып жатыр. Күре жолдың бойынан жолаушыларға арнап асхана ашсам деген мақсатым бар. Ауылда әлі де болса қызмет көрсету орындарын көбейту керек», – дейді кейіпкеріміз.

Кәсіп ашу, оны дамыту қажырлы еңбек пен табандылықты талап етеді. Шалғай ауылдарда тұратын кәсіпкерлерге құқықтық көмек, қажетті ақпарат бәріне бірдей жете бермейді. Әлеуметтік желіні пайдалану қолайлы болғанымен, кәсіпті ұлғайту үшін қаржылай қолдау қажет. Кәсіпкерлер үшін өткізілетін жиындарға белсенді түрде қатысудың артықшылығы көп екенін айтады.

«Форумдар кәсіпті жаңа бағытта дамытуға септіген тигізеді. Өзім сияқты кәсіп бастап, оны дамытуға бет бұрған замандастардан үйренетін дүние көп. Кәсіпкерлердің мәселесі талқыланатын жиыннан жаңа идея алуға болады. Бизнес-жоспарды жазу, жүйелеу, грант ұтып алу, салық төлеу және тағы басқа да мәселені жүйелеуге пайдасы көп. Құнды ақпарат аламыз. Кәсіпте  үнемі ізденіс, тынымсыз еңбектің нәтижесінде жеңіске жетесің»,  – дейді Гүлжанат Алпамысқызы.   

Кәсіпкер қайырымды іс жасап, тұрмысы төмен отбасыларға да көмектесіп отырады. 2020 жылы «Үздік кәсіпкер» атанып, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың алғысхатына ие болады. 2022 жылы «АMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы  Е.Данағұлов Шалқар ауданының дамуына үлес қосқаны үшін «АMANAT» партиясының алғысхатымен марапатталады.

 

Сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының алғысхатымен марапатталған. 2023 жылы Ақтөбе облысының  «Үздік жас кәсіпкері» атанды. Шалқар ауданының әкімі Ж.Жидеханов  ауыл әйелдерінің мәртебесін көтеріп, ауданның өркендеуіне үлес қосқаны үшін алғысхатпен марапаттады. «Ақтөбе медиа» директоры Р.Отыншин «Ауыл аманаты» жобасына белсене қатысқаны үшін, Қауылжыр ауылдық округінің әкімі Т.Балымов ауылды көркейтуге атсалысқаны үшін алғысхат табыстады.

Бұған дейін  Ауыл әйелдері кәсіпті ұршықша иіріп алып кете алатынын жазған болатынбыз. 

Фото Гүлжанат Алпамысқызының жеке архивінен алынды.