Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.
Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы
375
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мем­лекеттік сапармен келген Ресей Фе­де­рациясының Президенті Владимир Пу­тинді елорда әуежайынан қарсы алды. Мәр­тебелі қонақты күтіп алу үшін әуе­жай­да Құрмет қарауылы сап түзеді.

Одан соң «Ақорда» резиденциясында Қа­­зақстанға мемлекеттік сапармен кел­­­ген Ресей Президенті Владимир Пу­тин­ді сал­танатты қарсы алу рәсімі өтті. 

Қарсы алу рәсімінен соң президенттер ша­ғын құрамда келіссөз жүргізді. Мем­лекет басшысы Қазақстанға сапармен келу­ге шақыруын қабыл алғаны үшін Вла­димир Путинге алғыс айтты.

– Бұл стратегиялық серіктестік пен одақ­­тастыққа берік негізделген мем­ле­ке­таралық қарым-қатынасымыздағы өте маңызды оқиға екені сөзсіз. Сіздің қа­зақ­стандық ақпарат құралдарында жа­рия­ланған бүгінгі мақалаңызды мұқият оқып шықтым. Ал менің мақалам Ресей бас­пасөзінде жарияланды. Біз болашаққа ба­ғытталған екіжақты ынтымақтастықты да­мыту жөніндегі көшелі ойларымызды жан-жақты жеткіздік. Өз мақаламда Қа­зақстан осындай күрделі кезеңде Ре­сей­дің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақ­тасы екенін және алдағы уақытта да бұл бағыттан айнымайтынын атап өттім, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуын­ша, Қазақстан мен Ресей екіжақты серік­тес­тіктің оң қарқынын сақтап қана қой­май, оны еселей түскен. Осы күнгі келіс­сөз­дер қорытындысы бойынша қабыл­дана­тын 20 келісімнен тұратын маңызды құжаттар қос елдің тату көршілік және серіктестік рухындағы ынтымақ­тас­ты­ғымызды одан әрі дамытуға тың серпін бер­мек. Олардың қатарында Бірлескен мә­лімдеме және түрлі саладағы ықпалдас­тығымызға қатысты құжаттар бар.

Өз кезегінде Ресей Президенті Влади­мир Путин қазақ жерінде көр­се­тіл­ген ерек­­ше сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

– Сізге зор ризашылығымды біл­діре­мін. Біз достас елдерміз. Қарқынды да­мып келе жатқан іскерлік қарым-қаты­нас­­ты да қолдаймыз. Өзіңізді жыл соңын­да Санкт-Петербургте өтетін ТМД аясындағы бей­­­­рес­ми кездесуде күтемін. Сондай-ақ Ұлы Жеңіс­тің 80 жылдығына арналған сал­та­натты шараға шақырамын. Бұл – біздің ор­тақ жеңісіміз, – деді Владимир Путин.

Ресей Президенті екіжақты байла­ныс­тардың қарқынын жоғары бағалап, мем­лекеттік сапарының мәні мен маңы­зына тоқталды.

– Ресей Қазақстанның ең ірі сауда-эко­номикалық серіктесінің бірі болып қа­ла береді. Сауда айналымы өсті, был­тыр оның көлемі 28,5 миллиард долларды құра­ды. Қазақстан экономикасына құйыл­­ған инвестиция 13 миллиард дол­ларға жетті. Әрине, біз азаматтық қоғам, бі­лім, ғылым және мәдениет бағытында да­­мып келе жатқан гуманитарлық бай­ланыстарымызды бағалаймыз. Бұл тұр­ғыда Ресейде білім алатын шетелдік сту­денттердің басым бөлігін қазақ­стан­дық жастар құрайтынын айтсақ жеткі­лік­ті. Аймақаралық ынтымақтастық та та­бысты өрбіп келеді. Бүгін Уфада кезекті іс-шара өтіп жатыр, – деді Ресей Пре­зи­ден­ті.

Одан соң Мемлекет басшысы Ресей Пре­зидентімен кеңейтілген құрамда ке­ліс­сөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев ша­ғын құрамда өткен келіссөз қоры­тын­дысына оң баға беріп, оның барысында екі­жақты күн тәртібіне қатысты барлық өзек­ті мәселе талқыланғанын жеткізді. Қа­зақ­стан мен Ресейдің сауда-эконо­ми­ка­лық байланыстарының қазіргі жай-күйі­не назар аударды. 

– Өзара сауда-саттық үздіксіз дамуда, таяу уақытта екіжақты тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін жеткізуге мол мүмкіндік бар. Инвестиция саласын­да да оң үрдіс байқалады. Бүгінде жалпы инвестиция көлемі 18,3 миллиард доллар бо­латын 93 бірлескен жоба жүзеге асты. Со­ның нәтижесінде Қазақстанда 22 мың­нан астам жаңа жұмыс орны ашыл­ды. Алдағы уақытта шамамен құны 29,5 мил­лиард доллар болатын және 20 мың­нан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 49 жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Владимир Путин Мәскеу мен Астана арасындағы ықпалдастық барлық бағыт бойынша белсенді өрбіп келе жатқанын мәлімдеді.

– Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз және сенімді одақтасымыз. Шағын құрамдағы келіссөз барысында екіжақты байланыстар аясында туындайтын проблемаларға назар аудардық. Ең бастысы, барлық сауалдың жауабын табуға ортақ ұмтылыс бар. Мен екі ел арасында шешілмейтін түйткіл жоқ екенін жақсы білемін. Ал мұндай ниеттестік үлкен жетістіктерге ұласады. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан толайым табыстарға қол жеткізді. Біз бұған қуаныштымыз. Өйткені екіжақты ынтымақтастықтың ауқымы артып келеді. Қазіргідей қиындықтарға қарамастан, ықпалдастығымыз кеңеюде әрі қос тарапқа да тиімді, – деді Ресей Президенті.

Қос келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, отын-энергетикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық және мұнай-газ өнеркәсібі, энергия ресурстарының тасымалы, қаржы, білім беру, өнеркәсіп кооперациясы сынды тағы да басқа салалардағы ықпалдастықты дамыту перспективасын талқылады.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бейнебайланыс арқылы Қазақстан-Ресей ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысып, сөз сөйледі. Қазақстан Президенті жиын қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, 20 жыл ішінде аталған форумның екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтатын тиімді алаңға айналғанын атап өтті.

– Сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация салаларындағы ынтымақтастық тұрақты өсіп келе жатыр. Шын мәнінде, тауар айналымы арта түсті. Былтыр оның көлемі 27 миллиард долларға жетті. Бұл ретте сыртқы саудамыздың 20 пайызға жуығы Ресейдің үлесіне тиесілі. Ресейден келетін тікелей инвестицияның жалпы көлемі 25 миллиард долларға жуықтады. Жыл сайынғы инвестиция мөлшері де айтарлықтай артты: былтырғы қорытынды бойынша екі есе, яғни 3 миллиард долларға дейін ұлғайды. Қазақстанда 23 мың ресейлік және бірлескен компания табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл еліміздегі шетелдіктердің қатысы бар кәсіпорындардың жартысына жуығын құрайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екі елдің түрлі сала­дағы ықпалдастығының негізгі бағыттарына тоқталды. Президенттің пікірінше, Қазақстан мен Ресейдің отын-энергетика саласындағы ынтымақтастығы мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Мәселен, «Лукойл» компаниясымен бірге «Қаламқас теңіз», «Хазар» ірі кен орындары игерілуде. Жобаға құйылатын инвестиция көлемі 6 миллиард доллардан асады. Бұдан бөлек, ресейлік әріптестер мұнай-газ химиясы жобаларын жүзеге асыруға белсенді атсалысуда. Олардың қатарында «Сибур» компаниясымен бірге 2022 жылы Орталық Азиядағы ең ірі полипропилен өндірісінің іске қосылғанын, бұл зауыттың жылына 500 мың тонна өнім өндіріп, ішкі нарықты ғана емес, Ресей, Қытай, Түркия және басқа да елдерге экспорттап отырғанын атай кетуге болады. Биыл қыркүйек айында жылына 1,2 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы басталды. «Татнефть» компаниясымен бірлесіп, қуаты жылына 340 мың тонна бутадиен шығаруға жететін жоба іске асырылып жатыр. Газ саласында да айтарлықтай табысқа қол жеткізілді. Ресей газы Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға алғаш рет тасымалдана бастады. «Газпром» компаниясымен Қырғызстанға көгілдір отын тасымалдау туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар Ресейден Қазақстанға газ жеткізу мәселесі пысықталып жатыр. Осы ретте Мемлекет басшысы бір жыл бұрын Қазақстан мен Ресейдің энергетикалық жүйелерінің қосарлас жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы үкіметаралық келісімге қол қойыл­ғанын еске салды.

– Көкшетау, Семей мен Өскемен қалаларындағы жылу электр станцияларының құрылысы бойынша нақты келісім жасалды. Серіктестігіміз жаңартылатын қуат көздері саласында да белсенді дамып келеді. Ресей тарапының қатысуымен елімізде жалпы қуаты 370 МВт болатын жобалар пайдалануға берілді. Қол жеткізілген уағдалас­тықтар аясында жақын арада 1 ГВт экологиялық таза қуат көзін іске қосу жоспарланған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент биыл Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасының қабылданғанына бес жыл толғанын айтты. Аталған бағдарлама аясында жалпы инвестиция көлемі 18,5 миллиард долларға жуықтайтын 93 бірлескен жоба жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде 22 мыңнан астам жұмыс орны пайда болды. Сол сияқты агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде де әлеует зор. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистика құрылымын нығайтуды тағы бір басым бағыт ретінде атады. Мұның Қазақстан мен Ресей үшін стратегиялық мәні зор. Еліміз 2030 жылға дейін 11 мың шақырым жолды жөндеп, 5 мың шақырымнан асатын жаңа темір-жол салуды жоспарлап отыр.

– Елден тысқары жерлерде заманауи мультимодальді орталықтар мен «құрғақ порттар» желісін құруға басымдық береміз. Мұндай сәтті серіктестіктің бір мысалы – Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Селятино станциясындағы жаңа көлік-логистика орталығының құрылысы. Қытайдың Сиань қаласында жуырда ғана салынған қазақстандық терминал транзит дәлізінің екінші қиырынан жүк жөнелтеді. Осылайша, Қытай – Қазақстан – Ресей бағытындағы жүк тасымалы жүйесінің негізгі тірек бекеттері пайда болады, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Президент туризм секторын дамыту мәселесін қозғады. Қазіргі уақытта Қазақстан 86 мемлекеттің азаматына визасыз режим ұсынады және әлемнің 31 елімен тікелей әуе қатынасын орнатқан. Бұдан бөлек, басты демалыс аймақтарына көлік қатынасын жақсартуға арналған дәйекті шаралар қабылданып жатыр.

ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Дмитрий Патрушев, Қазақстан Республикасы Премьер-минис­трінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының жетекшісі Ғалымжан Қойшыбаев сөз сөйледі.

Осыдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалын ресми түрде ашу рәсіміне бейнебайланыс арқылы қатысты. Салтанатты іс-шараға Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Ресейдің Жоғары білім және ғылым министрінің орынбасары Константин Могилевский қатысып, екі ел арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастық жөнінде баяндама жасады.

Ресейде тұңғыш рет ашылған қазақстандық жоғары оқу орнының филиалына талапкерлерді қабылдау 2025 жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Қазақстан мен Ресей үкіметтері студенттерді оқыту үшін арнайы 200 грант бөлді. Қазіргі уақытта филиалда оқу-әдістемелік қызметке арналған 10 кабинет жасақталған. Атап айтқанда, студенттер Шоқан Уәлиханов атындағы кеден ісі, Абай атындағы қазақ тілі және Нәзір Төреқұлов атындағы халықаралық құқық кабинеттерінде дәріс тыңдайды. Бұдан бөлек, басшылық пен профессор-оқытушылар құрамы үшін 5 кабинет, 7 оқу аудиториясы және коворкинг орталығы қарастырылған.

Осыдан соң Қазақстан мен Ресей президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, бірлескен мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы Ресей Президентінің мемлекеттік сапарын екі ел қарым-қатынасының дамуындағы маңызды кезеңге жол ашатын тарихи оқиға деп атады. Ол Владимир Путинмен егжей-тегжейлі келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық се­рік­тестігінің перспективті бағыттары бел­гіленгенін жеткізді.

– Күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, екіжақты қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді деген ортақ ұйғарым жасадық. Келіссөздер барысында экономика мәселесіне баса мән берілді. Стратегиялық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету және өзара тауар айналымын одан әрі арттыру негізгі міндет ретінде айқындалды. Осы мақсатта бірқатар үкіметаралық құжат қабылданды. Олардың қатарында 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді эко­номикалық ынтымақтастық бағдарламасы, 2024-2026 жылдарға арналған Бір­лескен іс-қимыл жоспары бар. Сонымен қатар Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында екі елдің аймақтары арасындағы және шекара маңындағы ынтымақтас­тығы жөнінде жаңартылған үкіметаралық бағдарламаға қол қойылды, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Ресей – Қазақстанның ең басты сауда серіктестерінің бірі және экономикамызға қаржы құйған үш жетекші инвестордың қатарына кіреді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастар тарихында Қазақстан да тұңғыш рет Ресейдің бес ірі сауда серіктесінің санатына қосылғанын мәлімдеді. Бұл екі елдің ынтымақтас­тық әлеуеті жоғары әрі берік екенін аңғар­тады.

– Осы оң динамика сақталса, бір-екі жылда өзара сауда-саттық 30 миллиардтық межеге жететініне сенімдімін. Қазақстан экономикасына Ресейден келген тікелей инвестиция көлемі 24 миллиард доллардан асты. Соңғы екі жылдың өзінде 4,5 миллиард доллардан астам қаржы құйылды. Қазақстан да Ресей экономикасына қомақты қаржы салды. Бүгінде оның көлемі 8,5 миллиард долларға жетті. Бұдан бөлек, Қазақстанда ресейліктердің қатысы бар 24 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Бұл – еліміздегі шетел капиталының үлесі бар жалпы кәсіпорын санының жартысына жуығы. Аталған көрсеткіштер стратегиялық қатынастарды одан әрі нығайтуға қос тарап та аса мүдделі және бір-біріне сенімі жоғары екенін растайды, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы шақырғаны және қазақ жерінде көрсеткен сый-құрметі үшін алғыс айтып, сапарының қорытындысына оң баға берді. Оның айтуынша, сапар барысында жүргізілген келіссөздер Ресей мен Қазақстанның көпжақты ынтымақтастығын одан әрі дамытуға нақты ықпал етеді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады.