Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бір топ депутатпен бірге жұмыс сапарымен Португалия Республикасында болды. Сапар аясында палата Спикері Португалия Ассамблеясының Төрағасы Жозе Педро Агиар-Бранкумен кездесті. Онда тараптар парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылап, алдағы бірлескен жұмыстың маңызды міндеттерін белгіледі.
Қазақстан дінаралық диалогты белсенді дәріптеп келеді
163
оқылды

Мәулен Әшімбаев Ассамблея Төрағасымен кездесуде екі елдің көпжоспарлы ынтымақтастығының мәніне назар аударды. Сондай-ақ ол парламентаралық байланыс екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңызды тетігі екенін айтты. 

Сенат Спикері былтыр БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Португалия Президенті Марсело Ребело де Соузаның кездескенін тілге тиек етті. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, бұл кездесу екі елдің де саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдіреді. Сонымен бірге ол Парламент­аралық Одақ және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы сияқты халықаралық парламенттік ұйымдар аясында да жүйелі жұмыс жүргізуге дайын екенін жеткізді.

«Парламентаралық ынтымақтастық – Қазақстан мен Португалия арасындағы екіжақты қарым-қатынастың ажырамас бір бөлшегі. Сондықтан достық топтарына мүше депутаттардың өзара сапарларын ұйым­дастыру және Сенат пен Ассамблеяның салалық комитеттері арасында байланыс орнату айрықша мән­ге ие. Мұндай қадам парламентара­лық ынтымақтастықтың дамуына айтарлықтай үлес қосады. Бүгінгі кездесу Қазақстан Парламенті мен Португалия Ассамблеясы арасындағы байланыс­тарды одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда жүр­гі­зіліп жатқан кешенді өзгерістерге тоқалды. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында жаңа экономикалық үлгінің негізгі қағидаттарын белгілеп берді. Сол арқылы өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, мұнай химиясы, көлік және логистика, туризм, ауыл шаруа­шылығы сияқты секторларға басымдық бере отырып, ұлттық экономиканы одан әрі әр­тараптандыруға арналған нақты мін­­дет­тер жүктеді. Осыған байланысты ал­дағы уақытта аталған сала­ларға шетелдік ин­вести­ция тартуға мүд­деліміз», – деді Мәу­лен Әшімбаев.

Сұхбат кезінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс­ты кеңейту мәселелері де талқыланды. Бұл ретте «жасыл» экономика, инфра­құрылым, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, ғылыми-технологиялық қызмет сияқты салаларда бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде ұсыныстар айтылды. 

«Португалия жасыл энергетика бойынша Еуропа елдері арасында көшбасшы екені белгілі. Біз сіздердің жаңартылатын энергия көздеріне қатысты тәжірибелеріңізге ерекше қызығушылық танытып отырмыз. Қазақстан Метан жөніндегі жаһандық келісімге қосылды. Алдағы уақытта екі ел де басымдық беріп отырған аталған бағытта нәтижелі ынтымақтастық орнатамыз деп үміттенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Жозе Педро Агиар-Бранку Португалия Парламенті көпжақты қатынастарды дамытуға мүдделі екенін айтты және Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси өзгерістердің тиімділігіне назар аударды.

Сенат Төрағасы, Әлемдік және дәс­түр­лі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Португалия Республикасына сапары аясында БҰҰ Өркениеттер альянсының 10-шы Жаһандық форумына қатысты. Іс-шара барысында адамзатты алаңдатқан өзекті проблемалар және оларды еңсеру жолдарын жетілдіру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ палата Спикері Форум алаңында БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришпен және БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен екіжақты кездесулер өткізді.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Жаһандық форумға қатысушыларға ілтипат біл­діріп, бүкіл адамзаттың игілігі үшін халық­тар, мә­дениеттер және діндер арасындағы диа­­логты ілгерілету жолында Альянстың мис­сиясы айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

«Біріккен Ұлттар Ұйымының Өрке­ниет­тер альянсы елдер мен халықтар ара­­сындағы өзара түсіністікті нығайтуға, сондай-ақ жауласуды, алалауды және ксенофобияны еңсеруге ықпал етеді. Біз алдағы уақыта да БҰҰ-ның өркениетаралық диалогты көздейтін мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға үлес қосуға дайынбыз. Альянстың мәдениеттерді жақындастыру, экстремизм мен терроризмге қарсы тұру, діни, нәсілдік және этникалық қақтығыс­тардың алдын алу бағытындағы ұстанымын қолдаймыз», – деді Мәулен Әшімбаев. 

Сонымен қатар Сенат Спикері адамзаттың дамуы жолында бейбітшілік пен толеранттылық идеяларын ілгерілету үшін Қазақстанның халықаралық арена­да белсенді қолданып келе жатқан тәсілдері­не тоқталды. Сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі мәдениетаралық және дінаралық диалог пен ын­тымақтастықты дамытуға арналған жа­һан­дық іске еліміздің қосқан үлесі екені ай­тылды. Бұл бастама БҰҰ Өркениеттер альянсының мақсаттарымен үндес және олардың миссиясы мен басымдықтары да ортақ екенін атап өткен жөн.

«Астанада өткен Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық қозғалыс қажет екенін айтты. Шын мә­нін­де, халықаралық қауіпсіздіктің қазіргі жүйесі бүгінгі қалыптасқан ахуалға жеткілікті деңгейде сай келмейді. Мұндай жағдайда бейбітшілікті, келісім мен өзара сенімді нығайтуға арнал­ған діни, саяси және қоғамдық көшбасшылардың бірлескен күш-жігері ерекше өзекті екені анық. Бұл Форум қазіргі таңда халық­аралық қоғамдастықтың алдында тұр­ған іргелі проблемаларды шешу жолында да күш біріктіруге оң септігін тигізеді деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Форум барысында қатысушылар дін­нің әлемдегі сындарлы және маңызды рөлін ескере отырып, дін көшбасшылары жаһан­дық сын-қатерлерді талқылауға бел­­сенді жұмылдырылуы керектігін айт­­ты.