Теменов тұлғасы

Тәкеңді алғаш «Жалын» журналында жарық көрген «Гүлнәз» әңгімесі арқылы таныдым.

1986 жылы болса керек, жып-жылы, әр сөзі, әрбір кейіпкері өзіме етене таныс осы әңгімені қыстың ұзақ түнінде шамның жарығымен таңға дейін бірнеше қайтара оқығаным есімде.  «Көзіңді құртасың, таң ататын болды, күн шыққасын оқисың ғой» деген апамның жанашыр сөздерін де елең қылған жоқпын.  «Осылай да жазуға болады екен ғой, Орал мен Гүлнәздің арғы тағдыры не болды?» деген сияқты мазасыз ойлар балаң сезімді жаңа қиырларға жетелей жөнелді.

Біз Тоқпановты, Аймановты көрмедік. Бірақ сондай саңлақтардың сарқыты Теменовті танимыз. Ұлылардан ұлағат алған, өзі де бүгінде мэтрге, мәдениет майталманына айналған Талғат Досым­ғалиұлының шығармашылық өзегі – мәңгілік тарқырыптар. Ол – жалғыздық, ол – махаббат, ол – сағыныш, ол – елдік пен ерлік. Сондықтан болар, Тәкең әлем­­дік әйдік классиктермен кейде жал­ға­сып, енді бірде жарысып, жарасып жатады. Низамидің «Ләйлі-Мәжнүні» мен Шекспирдің «Отеллосы» бізге жаңа қыры­нан ашылып, Әуезов пен Айтматов шы­ғар­малары жаңаша сөйлейді. Арылуға, тазаруға үндейді. Сондықтан туған жеріне Шук­шинше шұқшиған Талғат ағаның әр шы­ғар­масынан жусан иісі аңқып тұрады.

Әркез әлемдік ауқымдағы әлеуметтік мәселелерді көтеретін, асау ағысқа қарсы жүзуден, жаңа тәжірибелер жасаудан қаймықпайтын Теменовтің әр шығармасы көрерменге атан түйеге жүк боларлық салмақ салады, оқырманды ойландырады. «Адамдар арасындағы бөлтірікте» Адам мен Арал проблемасы жатса, «Қызғыш құста» Желтоқсан шындығы жаңғырады.

Адам баласы­ның көкейі қа­шан­да балалығын көксеп тұратыны белгілі. Өйткені он­да саф тазалық, риясыз күлкі, аппақ арман мен бұла еркіндік бар. Тазалыққа құш­тар, еркіндікке іңкәр Теменов таспалаған әр фильм, сахналаған әр спектакль бұл тақырыптарды айналып өтпейді. Кері­сін­ше, бірінен-бірін асырып осы өзекті дү­ниені үңги түседі.

Кейіпкерлері сол асыл сезімді құндылық ретінде қарап, оны солғындатпау жолында жанталасады. Былайша айт­қан­да, өз көзге көрінбес күш-жігерімен күреседі. «Махаббат бекетіндегі» Орал, «Адамдар арасындағы бөлтіріктегі» Самат, «Қызғыш құстағы» Санжардан бертінгі уақытта экрандалған «Қара қыздағы» Алмагүлге дейін жіті қарап отырсаңыз, бұл тұжырымға еріксіз иланасыз. Бұл тұрғы­дан Талғат Теменовті өлеңді қағазға емес, экран мен сахна арқылы жазатын ақын десек те болады.

Толстой атақты «Арылу» романында жігіттік желіктің жетегінде кеткен жас бекзаданың өзінің ішкі жан дүниесімен бетпе-бет келіп, арылу арқылы кісілік кемелдікке жетудің кезеңдерін керемет суреттейді. Бұл ретте Теменовтің кейіпкері Низамидің Мәжнүнінен бөлек, ол  пәруана сияқты, адами құштарлықтан арылу арқылы иләһи, шексіз махаббатқа ұласады.

коллаж: Елдар ҚАБА

Арылу – пенделік күнәдан тазару, ағару, жаңару ғана емес, ол – мейлінше мінсіз адами қалыпқа жақындау. Сондықтан ол сәт сайын үздіксіз жүретін құбылыс. Шыңғыс Айтматов «Адамға ең қиыны – күн сайын адам боп қалу» дегенде осыны меңзесе керек.

Көпке белгілі «Менің күнәлі періш­тем» фильмінде Тақаң сонау Адам ата мен Хауа анадан бері келе жатқан мәңгілік тақырыпқа барып, пендені періштеден де биікке көтеретін махаббаттың мәніне үңіледі. Расында, абыз Абай айтқандай, «адамзатты махаббатпен жаратқан» Алла сүйіспеншілікті тіршіліктің ұйытқысына айналдырған...

Көркем шығарма  көркем ойдан туады. Көркем ойлау, әрине тіршілік дүние­сінен бір саты жоғары көтеріліп, биіктен көз салу деген сөз. Сонда ғана айналаны, алысты көре алады. Көркем ойлайтын режиссер бұл тұрғыда көрерменін ылғи да кемелдікке жетелейді. Тіпті, әр күні әртүрлі әуеннің ырғағына тербеліп жүретіндей елестейді. Театр мен киноның тертесін тең ұстаған Теменов екеуінің ортасын нәзік ноталармен тұтастырып жібергендей әсер қалдырады.

Өнер деген құдіретке қапысыз қызмет етіп келе жатқан Тәкең  режиссер болмаса, ақын яки композитор болар ма еді, кім білсін? Әйгілі «Карменді» құйылып түскен қара өлеңмен қазақша сөйлеткен Талғат аға музыканың терең иірімдерін керемет пайдалана біледі.

Шарттылығы жоқ бәрі шын өмірдегідей болатын кино әлемін сол бір нәзік ноталармен жетелеп шарттылыққа бағынышты әмбе тар театр сахнасына алып кіргенде көрермен де сол сахнада бірге өмір кешіп жүргендей күйге бөленеді. Әйгілі Шыңғыс Айтматов­тың шығармасы бойынша сахналанған «Қызыл орамалды Шынарым» спектаклі соның дәлелі. Осы спектакльдегі Орал мен Гүлнәздің, Ілияс пен Әселдің махаббат әлемін одан сайын күрделендіре, ширықтыра түскен музыка, әуен, ырғақ, би көрермен есінен айлап, апталап шықпай қоя­ры анық. Сол әуенді тіл ұшында қайталап театрдан шығып бара жатқан талай көрерменді көзіміз көріп, құлағымыз естіді. Бұл тұрғыдан режиссерге музыкалық қабілеттің қаншалықты ауадай қажет дүние екенін біз Теменов арқылы терең сезіне түстік.

Әйгілі Диоген жарық күнде қолына шам алып, адам іздеп жүреді ғой, Теменов те жиырма бірінші ғасырда қазақ даласында ұлттық рух іздеп жүрген адамға ұқсайды. Алғашқы арманы философ болу еді, бәлкім содан да шығар, шындық пен тазалықты жанына серік еткен Талғат ұлттық рухты іздеуден талмайды, азаматтық ұстанымын, қоғамды толғандыратын ойларын бүгіп қалмайды, өзекті мәселелерге қашанда сергектік танытып, әлеуметтік желілер арқылы өткір пайым-пікірлері мен мөлдір естелік-эсселерін жариялап отырады. Бұл тұрғыда ол – табанды тұлға, зерделі зиялы, арлы азамат!

Театр тарланы, талғамы биік режис­сер, талантты жазушы, талабы зор ұстаз, танымы терең зиялы, табанды тұлға ретін­де Талғат аға бүгінде жетпіске желкен ашып отыр. Жаңа жасыңыз жетістіктер мен жеңістерге жетелей берсін! Мерей­тойыңыз құтты болсын!

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

сенатор