Тұнық жырдың қайнарындай, ар-намыстың қайрағындай болған Фариза Оңғарсынованың поэзиясы миллиондардың жүрегін жаулағаны рас. Қазақ әдебиетіне ол бөлек жыр боп енді.
Оңайгүл Тұржан, ақын: Ол өлеңдерін жаттап алуға «мәжбүрлейді»
2,141
оқылды

Қазақ әдебиетінің абызы Әбіш Кекілбаев жыр падишасы туралы: «Маған Құрманғазы өлең жазса, өзіне қай жағынан да жақын тұрған Махамбетше емес, бүгінгі Фаризаша жазатын сияқты, ал егер Фариза аяқ астынан композитор боп кетсе, тап Құрманғазыша сілтейтін тәрізді боп көрінеді де тұрады» деген екен. Алғашқы өлеңдерімен-ақ әдебиетші қауымды елең еткізген Фариза Оңғарсынова биіктерге самғап, бүгінде тұтас ұлттың құрмет тұтып, қадірлейтін ақынына айналған. Тірі болса, биыл жыр маржанының 85 жасын тойлар едік. Амал нешік?! Ақын Оңайгүл Тұржан бізге бүгін поэзия падишасы туралы әңгімелеп берді.

– Фариза Оңғарсынова – көркемсөз майданында өзіне ғана тән ерекше қас­иеттерімен ерекшеленген, қазақ поэзиясына жаңа леп әкелген жарқын тұлға. Айтыңызшы, ақынның шығармашылығы сіздің поэзияға деген көзқарасыңызға, шығармашылық өрлеу жолыңызға қалай әсер етті?

– Дәл осылай әсер етті деп, белгілі бір өлшеммен айту немесе сипаттау қиын. Әсер – өлшемге сыймайтын зат. Адам оны түсіндіріп те бере алмайтын шығар. Ақындық та түсініксіз әлемнің өзің ғана сезінетін шытырмандарын шарлатып қоятын, елсізде ес жиғандай күй кешетін сәттерден  тұрады. Ерте таңнан екіндіге дейін отырғызып қоятын да сәттері бар. Ақындықтан ада, қоғам кезген қарабайыр жандай күй кешетін кездерің де болады. 

– Сонда Фариза ақынның жыры сізге дәл сондай сәттерде әсер ете ме?

– Иә, негізінен осындай сәттерде.

– Мысалы?

– Сондай сәттерде «Бұ қалай болды?» деп, көш кеткен жаққа қарайлағандай халге түсіп қаласың ғой. Ондай тоқыраудан арылтып алатын парацетомол жоқ, аспирин де жоқ ішіп жіберсем, жарқырап шыға келем дейтін. Сонда Фаризаны ашып қалсаң, найзағай жырлары жалт қаратады.   

– Ол сонда шабыт бере ме, әлде сергіте ме? Қалай?

– Серпілтеді! Құла мидай шөлдерден өткен, адам жүрмес жерлерден өткен баяғы әулие-шайхы пірлердің сөздеріндей серпілтеді ол. Жаңа бір инсайттар алып келе бастайды көңіл төріне. Ой-санаңда жаңа бір аккаунтар ашылғандай болады. 

– Сосын өлең жаза бастайсыз ба?

– «Иә!» деу қиын. Өйткені өлең саулай жөнелмейді. Бірақ қазіргі визуалды қоғамның тұрғыны екенің есіңе түсіп, сөзі елпі, етегі желпі боп жүретін ортадан қашып бара жатасың. 

– Қайда? 

– Әрине, Фаризаның өткір жырларына! Мен ол кісінің қасында соңғы 25 жылдан астам уақыт бірге болдым ғой. Содан болар, шөлдеген сәтте құдыққа жүгіретін бая­ғының бәдәуйлері құсап, бірден апайдың кітабына жармасам.  

– Бұл не сонда, лирика ма?

– Лирика деген, әдетте жібек орамалдай есіліп тұрады ғой. Ал Фариза  өлеңдерінен «жібек орамал» табу қиындау. Оның махаббат сезімдерінің өзі таудың бұлағын­дай екпіндеп бара жатады. Ондай дина­микада бірдеңені жасырып отыру мүмкін болмай қалады шамасы. 

– Бұл ол кісінің поэзиясының шын­айылық сипаты дей аласыз ба?

– Фариза сезім шыңырауында жат­қанның ештеңесін жасыра алған жоқ. Жұмбақтамады. Жасырынбақ ойнамайды. Бәрін айтты. Шынын айтты. Ол айтқаны сіздің айта алмай отырғаныңыздың дәл үстінен түседі.  

– Оның қазақ әдебиетінде ерекше маңызға ие болуының да себебі осы ма?

– Солай шығар. Диагноз қою қиын. Өйткені оны тонометрмен өлшей алмайсыз, градусникке, сірә, көнбейді. Біздікі тек болжам ғана.

– «Поэзия падишасы» атанған көрнекті ақынның шығармашылығына арқау болған қандай тақырыптар бүгінге дейін қазақ қоғамында өзектілігін жоғалтпады деп ойлайсыз?

– Махаббат жыры қай заманда да өзекті. Және Фариза поэзиясының ерекшелігі – жырларының көпшілігі драмалық модельде. Бұл – өзгеше модель. Драма дегеніміз – шымылдығы ашылып-жабылатын сахнада ғана емес қой. Өлең жолдарының өзі де дәптердің бетін шымылдық қылып, әр бетін ашқан сайын, жаңа мизансценасымен баурайды. Ол жерден оқырман өзін де көреді. 

– Драма болғанда, ол не...? Кейіпкерлері бар ма?

– Бар!

– Кімдер?

– Оның поэзиясындағы микродрамалар негізгі үш кейіпкердің орбитасында жүреді. Ақынның өзі және Х-адам және оқырман. 

– Оқырман дейсіз бе?

– Иә! Оқырман болғанда да, ол жәй оқырман емес. 

 – Жәй оқырман емес дегеніміз қалай?

– Ол оқырмандар – ылғи ғашық болып жүргендер. Ол оқырмандар өте көп. Фаризаның махаббат жырларын жатқа айтатындар да  солар. Оның махаббат жырының бәрі драмаға құрылған.

– Драма деген шиеленістерден тұрмай ма?

– Шиеленістің көкесі де сол жерде, шегіністің шермендесі де сол жерде. Оны бастан өткергендердің бәрі біледі. Сіз де бастан өткердіңіз. Фаризаның асқақ та ақсүйек жырлары шиеленістің өзін көркемдікке айналдырады. Шегіністің өзін шәрбаттай етеді. 

– Рас!

– Оның ой-қиялының аспаны мен жері «күндіз айтсаң, түн болардай, түнде айтсаң, күн болардай» әсер береді. Шумақтардың арасындағы «горячие точки» деуге келетіндей микро-драмалар – нағыз өмірдің өрнегі. 

– Тағы қандай ерекшелігін атар едіңіз?

– Тағы бір ерекшелігі – ол өлеңдерін жаттап алуға мәжбүрлейді. (Мәжбүрлейді дегенім – тырнақшаның ішінде). 

– Ол қалай?

– Жоооқ, ол ешкімге «жатта» демейді. Өлеңнің өзі ішкі әлеміңді аралап, тіпті оны жазған өзің сияқтанып кетесің. Фаризадағы сезім саған көшкендей болады. Ол сезім онікі емес, сенікі сияқтанып, әлгі өлеңді іштей иеленіп аласың. Өйткені ол дәл сенің айтқың келгенді айтып тұрады. 

коллаж: Елдар ҚАБА

– Расымен де солай! Не құдірет сонда?

– Әлгі өзіңіздің Х-адамыңызға «мен сізді ұнатамын» дейсіз, «сізді ойлаумен атады бұла таңым», – дейсіз. Ол оны ести ме, естімей ме – ол маңызды емес. 

– Маңыздысы неде сонда?

– Маңыздысы – сенің жүрегіңде жұмақ орнағандай. Жүрегінде жұмағы барлар – бұлар мейірімді  және қайырымды адамдар. Фариза поэзиясының драмалық моделінің ықпалдылығы да, ерекшелігі де осында. Драма болғанда да қуатты және коммуникативті. Оқырманының өзін белсенді қылып алады. 

 – «Фариза – махаббатты жырлауда революция жасаған ақын» дейсіз. Оның революциялығы неде?

– «Фариза – махаббатты жырлауда революция жасаған ақын» дегенді алғаш рет тамаша дарын иесі, қазақтың қара өлеңінің Қасымы – Серік Ақсұңқарұлы айтқан. Махаббат болғанда да, тек екі адамның арасындағы махаббат сезімімен қарасақ, оны тым тар шеңберде түсін­гендігіміз болып шығады. «Сүю дейтіні олардың – төсекте жатқан түндері. Бұл дүниенің қасіреті менше, ұғыса алмайтын жандардың, түсініскен боп жүргені» дейді ғой ақынның өзі. «Біз екеуміз «сый­маймыз», несіне онда, татулықты күтеміз мына жұрттан?» дейді. 

– Сол махаббатты жырлауымен шығар, оның өлеңдерін жастар да, үлкендер де жақсы көреді. 

– Әр ақынның өз ерекшелігі бар ғой. Сол ерекшелігімен ол бәрімізге әсер береді. Оның жырлары кейде ызаланып, қабағын түйіп тұрғандай болады. Кейде еркелеп тұрады. Солардың астасып келуінен ерекше дәмділік пайда болады. Тілді үйіргендей. Дәл сізге арналып жайылған дастарқандай, ұзаққа дейін естен кетпейді.

– Апай қатал болған жоқ па?

– Жоқ! Өңі қатал сияқты көрінуі мүмкін. Оны өмірдің қалдырған іздері деп қарау керек. «Кінәм жоқ деп ақиқат қарғанбасым, Сыздатып тұр жүректі ар-қорғасын. ...Қателесу керек те шығар, бәлкім, Кешіре алар бір жандар бар болғасын». Ол өзгелердің қателігін де осылай кешіре біледі. Оның жырлары сүрінгендерді де аялайды: «Қайтем, қатал тағдырға жүгіндім мен, аңғалдарды жылатқан, түңілдірген. Әлі сені қимаймын кіналауға, өмір шығар сені де сүріндірген!» деп маңдайыңнан сипайды.

– Осындай жырларының өзінен-ақ ол кісінің мейірімі көрініп тұрады. Дегенмен?

– Дәл солай! Махаббаттың алдында қандай мықты иммунитеті бар адам болса да, оның жырларын оқыған адамның жүрегіне жүзімдей мөлдірлік орнайды. Жан-жағы түгел шуақтанып, қатып қалған сезімдері бұлақтанып бара жатады. Мына жарық дүниеге өкпе айту жүрмейтіндігін сезеді.

– Сіз қадір тұтқан ақынның өмірде ұстанған ең басты принципі қандай еді?

– Ол кісі тым момын, жігерсіз адамдарды ұната қоймаған сияқты. 

– Неге?

– Оларды өз несібесінен айрылып жүретіндер дейтін.

– Қандай тағамды жақсы көрді?

– Қандайын жақсы көрмеді деп сұрасаңыз, ыңғайлырақ болар еді жауап беруге.

– Иә, қандай?

– Балық жемейтін.

– Неге?

– Тіршілік иелерінің ішінде өздерін өздері жейтіндер – балықтар ғана дейтін.

– Мемлекеттік сыйлықтың иегері, драматург Роза Мұқанова ақынды ұлықтап, «Фариза» атты пьеса жазды. Қазір ол театр сахнасында қойылып жатыр. 

– «Фариза» қойылымы ақынның ішкі әлемін ақтара көрсеткен психологиялық драма болды. Иірімі – тереңде. Ақын мен ақынның, ақын мен ажалдың, ақын мен қоғамдағы әртүрлі ортаның түйісу, шарпысу сәттерін бейнелеген мықты туынды.

– Бұл спектакль туралы да кезінде әртүрлі пікір айтылды. Біреу мақтады. Біреу сын айтты. 

– Мұнда автор депутат болған немесе қайтыс болған ағасының 7 баласын өзі өсірген, кәдімгі ас ішіп, аяқ босатып жүрген пенде Фаризаны көрсетуді мақсат етпеген. 

– Спектакль сізге ұнады ма?

– Ұнады. Автор ақын Фаризаны, жалпы ақындықтың ішкі болмысын, басқалардан өзгешелігін, көзге көрінбейтін арпалыс-сағыныш сезімдер образын құрған. Оның үстіне, пьесаны сахналаған режиссердің де өз ұстанымы, өз талғамы болады. Оның үстіне, пенденің образын беру қиын емес, ақынның образын түсіндіру қиын. Оның үстіне, көрерменнің көпшілігі пенде Фаризаны көреміз деп күткен сияқты. Сахнада пенде көп. Пенде еместер сирек. 

– Болашақта өзіңіздің де ол кісі туралы жазу жоспарыңызда бар ма? Ширек ғасыр бойы қасында жүргенде, бір-бірлеріңізге айтқан талай сырларыңыз бар шығар?

– Жазу-жазбауды уақыт көрсетер. Дегенмен болашақ авторлар ақындығымен қоса, бала өсіріп, отбасын күйттеген Фариза туралы да пьеса жазатын болар. Бұл өте күрделі тұлға ғой. Бұл – аңыз адам. Олай еді, бұлай еді деп, мен де ол кісіні бір анықтаманың ішіне сыйғызып айта алмаймын.         

– Одан бөлек, қаламгерді есте қал­дыратын қандай іс-шаралар жасалды? 

– Астанада ол кісінің атында мектеп бар. Ол кісінің атында көше бар. Атырауда ескерткіш орнатылды. 

– Ол ескерткіш туралы да кезінде әркім әртүрлі пікір айтқан жоқ па?

– Айта берсін. Онда тұрған не бар. Біреуге ұнады, біреуге ұнамады. 

– Неге ұнамады деп ойлайсыз?

– Талғам әртүрлі. Ұнатпағанда, бұдан да жақсы  жасауға болар еді деген ниетте айтылды. Әрине, шеберлікте шек болмайды. Әлі де талай ескерткіш қойылар ол кісіге. Қалай болғанда да Фариза ескерткіш болып түрегелді. Тарихтың тұғырына қонды. 

– Кезінде Фариза Оңғарсыновадан «Тұмар» журналының ахуалы жайлы сұрағанда, «Бұл журнал туралы Оңайгүлден сұрағаның дұрыс болар еді. Ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан сол ақын сіңлім» деп жауап беріпті. 

– Иә, ол кісі сырқаттанып жүрді де, жауапкершілікті менің алып жүруіме тура келді. Сол кезде Әбіш ағаның (Кекілбайұлы) айтқан сөзі бар еді «Фаризаның журналды саған сеніп тапсырғаны – бұл тапсырма ғана емес, бұл – статус» деген. 

– Фариза апамыз қалдырған осынау мұраның қазіргі жай-күйі қалай? 

– Журнал шығару мәселесі қиындап кетті ғой. Қаражат табу қиын. Қазір қиын­­дығына қарамастан ол журналды ақын Әлия Дәулетбаева шығарып жүр. Электронды журналға айналдырамыз ба деген де ой бар. 

– Фариза ақын туралы тағы не айтар едіңіз?

– Фариза жырлары уақыт өткен сайын өткірленіп бара жатқан сияқты.

– Жүрмесе болды адамдар,

тұлғамды менің шатасып басқаға таңып,

жасықтар жүрсін, кездессе, жасқана қалып.

Несіне жүрем әйтпесе қара жерде мен,

жиырмасыншы ғасырдың жас шағы атанып!... – деп жазғаны бар. Жиыр­масыншы ғасырдың жас шағы болған Фариза ақын ХХІ ғасырдың да жас шағы. ХХІІ ғасырда да солай бола беретіні анық қазақ аман болса!  

– Әсерлі әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан 

Гүлзина БЕКТАС