Атырауда бір адамнан сібір жарасы анықталды. Қатерлі инфекцияны жұқтырған адам сібір жарасы анықталған «Асыл агро» мал базарында қасапшы болып жұмыс істеген. Онымен қоса, ауру малды тасымалдаған тағы 16 адам дәрігерлердің бақылауында.
Күйдіргі күйдіріп барады
коллаж: Елдар ҚАБА
386
оқылды

«Зертханалық талдау нәтижелері бой­ынша мал сою пунктінің бір жұмысшы­сы­нан тері сібір жарасы диагнозы расталды. Науқас ауруханада жатыр. Оған бекітілген медициналық хаттамаға сәйкес емдеу жүр­гізу қолға алынды. Қазір оның жағдайы тұрақты. Өзге адамдардан аурудың белгілері әзірге байқалмады», – деп хабарлады Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев.

Руслан Жұмағазиевтің айтуынша, «Асыл-Агро» шаруа қожалығының мал сою пункті аумағында 20 қарашада карантин енгізілді. Оған өлген сиырдан сібір жарасы­ның анықталғаны себеп болған. Қазір инфекция ошағында санитарлық және ветеринариялық нормаларға сәйкес жұ­мыстарды жүргізу жалғасып жатыр.

«Ветеринариялық бақылау мамандары карантин аумағында тұрған малдың бар­лығын толық вакциналауды аяқтады. Бұл аумақта дезинфекциялау жұмыстары жү­ргізіліп жатыр. Сібір жарасы ауруының анықталуына байланысты Атырау облысына ірі қара мал әкелуді бақылау үшін төрт поли­ция және ветеринарлық бақылау бекеті орнатылды. Мал әкелушілерден егу жүргізілгенін растайтын құжаттар талап етіліп, малдың жағдайы тексеріліп, термометрия жүргізілуде. Санитарлық қауіпсіздік мақсатында осындай шаралар Атырау қаласындағы мал сою пункттерінде де ұйымдастырылды. Ветеринариялық құжаттарсыз малды тасымалдауға және союға қатаң тыйым салынды», – деп нақ­тылады спикер Р. Жұмағазиев.

Күні кеше «Асыл агро» базарында тағы да мал өлімінің екінші дерегі тіркелді. Қазір ол малдың Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылынан әкелінгені анықталып отыр. Жануардың нақты қандай дерттен өлгені белгісіз. Дегенмен сынама алынды.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, сібір жарасына күдікке ілінген малмен бірге Оралдан 10 жануар әкелінген және оның сегізі сойылып кеткен. Алайда атыраулық атқамінерлер бұл ақпараттан бейхабар болып отыр. Дегенмен бұл мәліметті «Асыл агро» мал базарының әкімшісі Әбу Құлбасов растады.

«Ауру шыққан мал көршілес Батыс Қазақстан облысынан әкелінген болатын. Сол малмен бірге тасымалданып жеткізілген  малды иесі тиеп, қаладағы басқа базарларға алып кетті. Атырауда «Асыл агродан» бөл­­ек, мал сатумен және союмен айна­лы­сатын 4 базар бар ғой. Қалған сиырлар  сойылып кеткен болар деп ойлаймын. Сондықтан «Асыл агро» базарын ғана кар­антинге жабу жеткіліксіз», – дейді «Асыл агро» мал базарының әкімшісі Әбу Құлбасов. 

Еске сала кетсек, сібір жарасы анық­талған мал көршілес Батыс Қазақстан об­л­ысы Жанқала ауданы Жаңақазан ауылынан әкелінген болатын. Базар қыз­меткерлері 12 қараша күні таңертең өліп жатқан малды көріп, ветеринар шақырыпты. Қазір мал күтіміне араласқан адамның барлығы медициналық бақылауға алынып отыр. Аумаққа дизенфекция жасалып, базардағы өзге мал толықтай карантинге жабылды. 

Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін ат­қарушы Альмира Сабырғалиеваның пікірінше, сібір жарасы адамнан адамға жұқпайды.

«Бұл инфекциялық ауру ірі қарамен жылқыдан, қой мен ешкіден тарайды. Сібір жарасының қоздырғышы адам ағзасына негізінен зақымдалған тері арқылы, тыныс алу жолдарының немесе асқазан-ішек жолдарының шырышты қабаттары арқылы түседі», – деп мәлім етті Альмира Сабырғалиева.

Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бас­шысы Амангелді Сағидолладан анықтағаны­мыздай, жалпы Атырау облысы бойынша үй жануарларына сібір жарасына қарсы екпе салуға 19 миллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. 

«Сібір жарасына жылына бір рет вакцина салынады. Қазір карантинге жабылған базардағы малдың аталған вакцинамен егілген-егілмегенін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен бірге «Асыл агро» базарында өлген екінші мал­дың Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылынан әкелінгені анықталған болатын. Қазір малдан сынама алынды, сараптама қоры­тындысы жақын арада шығады. Қатерлі ин­фекцияның таралуының алдын алу мақ­сатында Сүйіндік ауылындағы үй жануарларының сібір жарасына егілген-егілмегенін анықтау жұмыстары жүріп жа­тыр», – деді Атырау облысы Ауыл шар­уашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысы Амангелді Сағидолла. 

Ветеринар мамандардың айтуынша, Атырауда бұған дейін сібір жарасы соңғы рет 1979 жылы тіркелген. 1997 жылы қатерлі дерттің белгілері болған, бірақ нақтыланбаған. Бүгінде карантинге жабылған базарда және облыс орталы­ғындағы мал сою пункттерінде сақтық шараларын ұйымдастыруға  Ветериналық бақылау және қадағалау комитеті, Сани­тарлық эпидемиологиялық санитарлық бақылау басқармасы, ветеринар мамандар қосымша жұмылдырылып жатыр. Әзірге қаланың карантинге жабылатыны немесе жабылмайтыны белгісіз. Эпиде­миологиялық ахуал нашарласа, карантин шаралары күшейтіледі. Қазір Атырауда сібір жарасына бай­ланысты «Асыл агро» мал базары қатаң карантиндік режимге жабылды. Карантин 8 желтоқсанға дейін жалғасуы мүмкін.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, бүгінде Атырауда сібір жарасына байланысты арнайы жұмыс тобы құрылған. 

– Сібір жарасынан күні бүгінде дейін үш сиыр малы өлді. Базардағы басқа мал­дың барлығына профилактика үшін сібір жарасына қарсы вакцина салынды. Баз­ар­­дағы инфекция ошағын жою үшін ол жер­де қазір арнайы мамандар карантин жағдайында жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ базардың өзі таза және лас аймаққа бөл­інді. Бүгін «таза аймаққа» малдың бар­­лығы толық көшірілді. Жануарлардың дене қызуын, жағдайын бақылау шаралары таза аймақта жалғаса береді. Атырау қаласы бойынша өзге де мал базарларынан және ет сату дүкендерінен сынама алу жалғасу­да, – деп нақтылады Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Белгілі болғанындай, бұған дейін сібір жарасын жұқтырған қасапшы инфекциялық ауруханада ем алып жатыр. Оның өзбек азаматы екені анықталды. Ауру малдың тасымалымен, күтімімен айналысқан тағы 16 адам және инфекция ошағында жұмыс істеп жатқан маманның барлығы дәрігер­лердің бақылауына алынды.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы