Енді базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылданды.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені белгіледі
650
оқылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Ұлттық банктің ресми сайты жариялады.

Олар бұл шешім жаңартылған болжамдар мен инфляция тәуекелдері балансының бағалауын ескере отырып қабылданғанын жеткізді. 

"Қазақстанда жылдық инфляция қазан айында 8,5%-ға дейін өсті. Бұл «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру аясында реттелетін қызметтердің айтарлықтай қымбаттауы мен теңгенің әлсіреуі салдарынан орын алуда. Оған қоса инфляцияның орнықты бөлігі де өсуде. Жоғары ішкі сұраныс жағдайында азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен нарықтық қызметтер бағасының өсуі инфляцияның жеделдеуіне ықпал етті. Бюджеттің кіріс бөлігін орындамауға байланысты жалғасып жатқан фискалдық ынталандыру есебінен экономика ішіндегі проинфляциялық қысым сақталуда. Қазан айында халықтың инфляциялық күтулері төмендегенмен, құбылмалы болып қалуда", – деп хабарлайды Ұлттық банк.

Олардың мәліметінше, жаһандық инфляция жалпы баяулауда. Дамыған экономикалардағы еңбек нарығындағы жағдайдың тұрақтануы және неғұрлым баяу іскерлік белсенділікті қоса алғанда, сыртқы монетарлық талаптардың біртіндеп жеңілдеуіне әкелетініне сенімді.

"Алайда сыртқы инфляциялық қысым соңғы айларда артуда. Оған азық-түліктің әлемдік бағасының өсуі, Ресейдегі неғұрлым жоғары инфляция және айтарлықтай бағамдық ауытқулар себеп болуда. Қаржы нарықтарында едәуір өскен құбылмалылық байқалуда, бұл белгісіздік пен инфляциялық күтулердің өсуіне әсер етуі мүмкін.

Базалық сценарийде Brent маркалы мұнайдың бағасы болжамды кезеңнің соңына дейін орташа есеппен бір баррель үшін 70 АҚШ долларына дейін төмендету жағына қарай қайта қаралды. Сценарий шарттары бағаның нақты динамикасын, Қытай тарапынан сұраныстың төмендеуін, әлемдік экономиканың баяулауын және Солтүстік және Оңтүстік Америкада өндірудің өсуін ескере отырып қалыптастырылған", – делінген хабарламада.

Олардың мәліметінше, 2024 жылға болжанған инфляция 8-9%-ға дейін нақтыланды. 2025 жылға арналған болжам – 6,5-8,5%-ға дейін, 2026 жылға арналған болжам 5,5-7,5%-ға дейін өсу жағына қарай қайта қаралады. Инфляцияның орнықты бөлігі 2026 жылы 5%-ға жақын қалыптасса, жалпы инфляция 2027 жылы нысанаға жақын қалыптасады деп болжады.

"Алдағы жылдарға инфляция бойынша неғұрлым жоғары болжам фискалдық ынталандырудың кеңеюіне, тұрғын-үй коммуналдық қызметтер (ТКҚ) реформаларының жалғасуына, айырбастау бағамының әлсіреуіне және сыртқы инфляциялық қысымның күшеюіне байланысты. Инфляция болжамының тәуекелдері ішкі сұраныс тарапынан қысымның өсуіне, сыртқы инфляцияның жеделдеуіне және инфляциялық күтулердің артуына байланысты. Сонымен қатар мемлекеттік қаржыны тұрақтандыру құралдарына қатысты белгісіздік сақталуда. Реттелетін бағалар мен тарифтерді одан әрі өсуі, оның қарқыны мен мерзімі де болжамның маңызды тәуекелі болып қалып отыр", – деп жазған ақпаратта.

2024 жылға болжанған Қазақстан экономикасының өсуі 4-4,5% деңгейінде нақтыланған. 2025 және 2026 жылдарға арналған болжам тиісінше 4,5-5,5% және 4,6-5,6%-ға дейін қайта қаралды. Онда да неғұрлым төмен болжамдар мұнайдың сценарийлік бағасының төмендеуіне және бірқалыпты сыртқы сұранысқа байланысты. Ұлттық Банктің бағалауы бойынша болжамды кезең ішінде экономика ішкі ұсыныс мүмкіндіктерінен асып түсетін сұраныстың кеңеюі жағдайында өседі. Бұл орнықты түрде проинфляциялық қысым көрсететініне сенімді. 

"Айырбастау бағамының әлсіреуі, инфляцияның өсуіне байланысты нақты мәндегі пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі, сондай-ақ оның алдағы жылдарға болжамдарының артуы аясында жиынтық ақша-кредит шарттары жұмсарды. Қаржы нарықтарында өскен құбылмалылықпен бірге бұл базалық мөлшерлемені көтеруді қажет етті. Қаржы және энергетика нарықтарындағы құбылмалылықты ескере отырып, Комитет инфляцияны орнықты баяулау траекториясына тезірек қайтару және 5%-дық таргетке жету үшін жақын арада шешім қабылдау кезінде ақша-кредит саясатын қосымша қатаңдату қажеттілігін мұқият бақылайтын болады", – делінген хабарламада.

Қабылданған шешім факторлары мен болжам туралы барынша толық ақпарат 2024 жылғы 9 желтоқсанда Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында Ақша-кредит саясаты туралы баяндамада ұсынылады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2025 жылғы 17 қаңтарда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланатынын еске салды.