Домбырасын дүмше молда сындырған Жаманқара күйші жайлы білесіз бе?

Бүгінде Жаманқараның өзі шығарған деген тоғыз күйі белгілі. Атап айтқанда, «Қарсы дау», «Ақжелең», «Кендір-Сендір», «Бейімбет Майлинге арнау», «Ауытқыма», «Көне шалқыма», «Күзембай», «Қаратамыр Қыстаубай» және «Ілме».

2021 жыл. Күз айлары.  Алматылық домбырашылардан Жаманқара күйшінің жинағы шықты деген сүйінші хабар жетті. Оқыдық та таңғалдық. Барлық деректі білеміз деп айта алмасақ та, осы күнге дейін біршама оқып-тыңдағанымыз бар. Бірақ Жаманқара есімді күйші жайлы естімеппіз. Жасыратыны жоқ, әуелгі ой «біреудің атасы, руласы шығар» деп те қалдық. Өйткені бүгінгі заман тенденциясы ғой, өзінің арғы бабасын өтірік-шынын араластырып ұлықтау. Бұл да «сол әуеннің сарыны» ма деп қалғанымыз сондықтан. Алайда қателесіппіз.

Шариғатта бір хадис бар. Бір адамды өлімнен арашалап, құтқарып қалсаң, барлық адамзатты аман сақтап қалғаныңдай сауап жазылады екен. Біз де осы шамалап «бір күйді аман сақтап, бүгінгі заманда домбырашылар репертуарына қайта қосқан адам, барлық күйді аман сақтап қалғандай» деп есептейміз. Бүгінгі әңгіме қолымыздағы «Күйші Жаманқара» (Алматы, 2021) еңбегі жайлы. Кітапты құрастырған, күйлерді жинақтап нотаға түсірген, Жаманқара жайлы барлық ақпаратты жиыстырған Құрманғазы атындағы ҚҰК профессоры Төлепберген Тоқжанов. Бүгінгі мақаламыз осы еңбек негізінде жазылады.

Жаманқара Сүгірбайұлы 1886 жылы дүниеге келген екен. Туған жері қазақтың байырғы жері, кейін кеңес заманында түрлі саяси шешімдерге байланыс Өзбекстан аумағында қалған – Тамды ауданы. Әке-шешесінен ерте айырылып, әкесінің інісі Іңгірбайдың қолында ержеткен екен. Домбыраны қолға ұстатып, алғашқы ұстазы атанған да осы – ағасы. Бұл алты жастағы кезі болса керек. Ал 10 жасында Қызылқұм даласына атағы шығып, «бала күйші» атанып үлгереді.

Жас күйшінің 15-16 жастағы кезі болса керек. Сыр бойында ұлан-асыр той болады. Көкпары мен бәйгесі бар, күресі мен аударыспағы бар тойдың тағы бір жүлдесі тігіледі. Ол үш үйде жеке-жеке жыршы, домбырашы мен қобызшыны кіргізіп, «таң атқанша елге өнер көрсетіңдер, жалықтырмай, есік алдын босатпай, халықтың көңілін таба білгенге бас бәйге беріледі» деген екен. Сондағы бір үйде отырған Жаманқара алдымен жеңіл күйлерді, түн ауа халық аңызын жақсы білетін тарихи күйлерді, таң ата «қауымның ұйқысын ашайын» деп әзіл күйлерді тартқан екен. Сондағы әзіл күйлері алдымен домбыраның бетінде қолды әрлі-берлі сермеу, иығына салып ойнақтату, қала берді аяқкиімін шешіп, башпайымен тарту екен. Таң ата келген төрешілер киіз үй алдында қаумалаған халықты көреді. Үйдің ішіне кірмек түгіл, жақындай да алмаған екен. Сонда бас төреші «5-6 мығым жігіт, үйді көтеріп алып, әрірек қойсын, ішіндегі күйшіні көрейік» деп пәрмен береді. Айтылған іс жасалды. Төрешілер үй ортасында отырған боз баланы көріп, таңғалса да «бас бәйгені осы алу керек» деп бір ауыздан шешім шығарған екен.

                                                                      Жаманқара Сүгірбайұлы

Бірде Жаманқара бір шаруамен жолға шығады Діттеген жері жеткізбей, өзі де шаршап, әбден қажиды. Астындағы аты да арып, тартпай келе жатыр. Жол жөнекей бір ауылды көріп, «тынығып, атымды ауыстырып алайын» деп барса, ауылдың байы жақтырмай, «ел кезген қаңғымаға беретін атым жоқ» деп теріс айналады. 

Күйшіге бұл сөз қатты батса да, сөзбен емес күймен жауап беремін деп тұрған жерінде домбыраны алып, бір күйді тарта жөнеледі. Домбыра дауысын естіген ел-жұрт елеңдемей тұра ма?! Бірден Жаманқараның жанына жиылады. Сол отырғаннан таң атқанша дейін отырыпты. Әлгі байдың да іші жылып, Жаманқара ауылдан аттанып бара жатқанда ат мінгізіп, құрметтеген екен. Бір аңыз бойынша бай алдындағы тартқан алғашқы күйі ел арасында «Қарсы дау» деп аталып кетті.

 

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін коммунистер байлар мен орта шаруаларды кәмпескелеп, мал-мүліктерін тартып алып өкіметке өткізе берген. Елде мал қалдырмай, бәрінің көзін құртқан. Қарсы шыққандарды атып-асып, айдап-соттап түрмеге жапқан. Сол себепті елдің ақсақалдары, игі жақсылары бастап сауғалап, елден үдере көшкен. Ауғанстан, Пәкістан, Түркияға өтіп кеткендер болған. Сондай бір көш Тамдыдан шығып биік төбенің басына тоқтапты. Сол сәтте еліне беделді бір үлкен кісі туған жерін қимай артына қарап тұрып, «Жаманқара бір күй тартшы!» – депті. Сонда күйші шарта жүгініп алып, күйді төккен екен дейді. Бүкіл ел сілтідей тынып тыңдапты. Күй біткенде барлығы орындарынан қозғалмай, үнсіз отырып қалған. Сонда, әуелгі күй сұраған үлкен кісі: «Қой болмайды екен, жерімізді тастап кетпейік, ізімізбен кейін қайтайық», – деп, көшті кейін қарай бұрған екен. (Тоқжанов Т. Күйші Жаманқара. Алматы, 2021. – 66-бет) Кейін ел арасында бұл «Ауытқыма» күйі деп аталып кеткен дейді.

Шамамен 1945-46 жылдар болса керек. Соғыс аяқталып ел есін жиып жатқан кез. Ауылда соғыстан аман-есен ер-азаматтар өздері жиналып, сауық сайран құрып отыр. Алпыстың сеңгіріне шыққан Жаманқара да осы жерде. Жиналғандардың сұрауымен бірде құстың сайрағанын, енді бірде қасқырдың ұлығанын домбыраға салып отыр. Бір кезде Құранның қарағатын (мақамын) күй сияқты тарта бастағанда, сол маңнан өтіп бара жатқан бір дүмше молда «қу таяқты тыңдамаңдар» деп домбыраны Жаманқараның қолынан жұлып алып, екіге бөліп сындыра салған екен. Ауыл халқы дүмшенің сөзіне иланып, көпке дейін күй тыңдамай кеткен дейді. Ал Жаманқара болса осыдан кейін домбыра ұстамай кетті дейді. Осылайша, күйші Жаманқара 1953 жылы туған ауылында дүниеден өтеді.

Бүгінде Жаманқараның өз шығарған деген тоғыз күй белгілі. Олар: «Қарсы дау», «Ақжелең», «Кендір-Сендір», «Бейімбет Майлинге арнау», «Ауытқыма», «Көне шалқыма», «Күзембай», «Қаратамыр Қыстаубай» және «Ілме». 

Жаманқара Сүгірбайұлының есімі мен күйлері кәсіби домбырашылық өнердің ортасына қосылуының бірден бір себепкер Төлепберген Тоқжанның пікірін сұрадық.

«Жаманқара туралы алғаш әкемнен естіген едім. Бала кезімізде біраз әңгімесін айтатын. Кейін Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» еңбегінде мәлімет берген екен. Ал осы Жаманқара жайлы деректің теңізін тауып берген Алмас Алматов еді. Бірде әңгіме арасында «Сыр бойынша Жаманқара күйші өткен, мәлімет таппай жүрмін» дей бергенім сол-ақ екен: «Оны білемін ғой, Жаманқараның баласы Совет Жаманқараев ақын, керемет күйші болған, беріректе өмірден озғы ғой» деп, сұрастыруға уәде берді. Бірнеше күн өткенде Алмас ағамыздан ақпарат келіп жатыр, келіп жатыр. Осылайша көктен іздегенімді Алмас Алматов тауып берді. Кейін Жаманқарадан қалған әулетке барып, танысып-білістік».

Төлепберген Төрахметұлының айтуынша, Жаманқараның күйлері Құрманғазы атындағы консерваториясының фольклорлық ғылыми зерттеу зертханасынан табылған. Ол жерге 1966 жылғы Тамды облысына жасалған экспедиция нәтижелері деп Болат Сарыбаев өткізген екен. Күйді тартқандар – Совет Жаманқараев пен Қуаныш Пірмашев. «Күйші Жаманқара» еңбегінің негізі болған осы аудиожазбалар. Төлепберген ағаның айтуынша, 1963 жылы Жаманқараның отыз шақты күйін Совет Жаманқараұлы Ғылым академиясына тапсырған екен. Сол жазбалардың ізі табылмай жүр дейді.

Рүстем НҮРКЕНОВ, күй зерттеушісі