Биыл – әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл...» деп ерекше көңіл бөлуі, ал туған күні 12 сәуірде «...Қаныш Сәтбаев – қазіргі қазақ ғылымының атасы» дегені ғұламаға берілген зор баға ғана емес, Шығыс елдерінен шыққан тұңғыш академиктің қадір-қасиетін айшықтау болып табылады. 1999 жылы ЮНЕСКО деңгейінде 100 жылдығы тойланған Ұлт мақтанышының 125 жылдығы – кең дәрежеде ұлықтауға лайықты тұлға және бұл туған халқының кемел кемеңгерге деген ыстық ықыласты сүйіспеншілікпен орындайтын парызы.
Қазақтың біртуар перзенті, есімі әлемге мәлім Орталық Азия мен Қазақстаннан шыққан алғашқы академик, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, адамгершілік қасиеттері мен кісілік келбеті халқының аузында аңыз болып қалған Қаныш Сәтбаевтың мерейтойын жоғары дәрежеде атап өту – баршамыз үшін ұлы тұлға алдындағы міндетіміз. Біртуар дарынның басшылығымен кен байлығы бар қазбалардың металлогендік болжау картасы жасалынып қана қоймай, сол арқылы осы күнге дейін пайдалы қазбаның жаңа көздері ашылып отырғандығы белгілі. Ғалымдардың есептеуі бойынша, бір ғана Жезқазған–Ұлытау аймағы мыс кенінен миллиардтаған доллардың қазынасын берген. Қаныштай мәңгі асылымыз қалдырған орасан зор сарқылмас байлықтың бұл бір ғана парасы және қазақ елінің даму жолындағы Ұлт мақтанышының ересен зор еңбегінің жемісі. Ел экономикасына сол қазына байлық әкелген пайдаға қаншама қалалар мен өндіріс орындары салынғандығының куәгері және игілігін көруші бүгінгі ұрпақ болып отыр.
Өзінің сүйікті саласы геология, ғылымдағы басты бағыты металлогениядағы еңбектері қаншама рет жарияланып шықса да, оның жан-жақты шығармашылық таланты, өз деңгейінде толыққанды дәріптеле қойған жоқ. Еліміздегі қара және түсті металлургия салаларын ашу және дамыту, металлургия зауыттарын салу, полиметалл, сирек металдар мен басқа да ірі кен орындарын ашу, өнеркәсіп ошақтарын сумен қамтамасыз ету сияқты сансыз көп ғылыми-ұйымдастыру жұмыстары әлі де тереңірек зерттелуді қажет етеді.
«Ұлытау атырабын жан-жақты өркендету – менің өмірлік арманым!» – деген Сәтбаевтың мақсатына жетіп, Жезқазған–Қарағанды теміржолының 414 шақырымдық негізгі бөлігі мен 458 шақырымдық Ертіс–Қарағанды каналын салудағы ұлан-ғайыр еңбегі арқылы қалалар бой көтеріп, шөлейт далалар гүлденді. Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы Қазақ жерінде шығатынын даңқты геолог дәлелдеді. Алтай мен Арал, Қаратау мен Алатау арасындағы қазына, тіпті Маңғыстау мен Атырау өңіріндегі мұнай мен газдың әлемдік мол көзін болжап, көрегендік көрсетті. Бүгінгі Астана Елорда болуы керек екенін де 1948 жылы алғаш айтқан Қаныш Сәтбаев болатын.
Әлем таныған Қазақтың Қанышының есімі шағын планетаға берілгендігі өз алдына бір бөлек, Қазақстан елді мекендерінде көтерілген еңселі ескерткіштер саны бойынша да ұлы Абайдан кейін екінші орында тұр. Халық арасында туған өңірлерін «Абай Елі», «Қаныш Елі» деп атау да осы ғұламаларға тән. Қазақ елін әлемге танытқан ғұламалар жыл өткен сайын зорайып, жаңа қырынан жаңғыра беретін, мәңгі өлмес данышпандарға айналуы да заңдылық.
«Әлемнің отыз алтыдан бір бөлігін бостандықсүйгіш қазақ халқы жайлап отыр. «Қазақ» деген сөздің өзінде еркіндік рухы атойлап тұр. Сол үшін де біздің халық талай ғасырды үздіксіз күреспен өткізді. Оның сана-сезімінде бұл сөз – аса қасиетті әрі аса ұлы ұғым» деп айтқан Қаныш Сәтбаевтың туған халқын қалай сүйетіндігі ғана емес, қазақ болып туғанын шексіз мақтан ететіндігі көзіқарақты әр азаматқа түсінікті деп ойлаймын. Осындай ұлағаты мол Қазақтың Қанышының ерен зор еңбектерін насихаттау, жалпы «Сәтбаевтану» ілімін нығайту жолында тәбәрік боларлық дүние жасап, ұлтына қалтқысыз қызмет еткен Қаныштай тарихи тұлғаны темірқазық етіп алсын деп ой тастау – бүгінгі және болашақ ұрпақты тәлімді өмірбаянымен ұлағаттылық жолына бағдарласақ деген ниет қана емес, сонымен қатар мұны «Халықаралық Сәтбаев қорының» қоғамдық кеңесі төрағасы ретіндегі мойнымдағы парызым деп те білемін.
«Академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Жалпыреспубликалық жоспар» қабылдануына бастамашы болып, арнайы депутаттық сауал жолдап, 2024 жыл бойы 52 пункттен тұратын Үкімет жоспарының орындалуына үйлестірушінің бірі болып, нәтижелі қызмет атқардық. Бұл республикалық ауқымдағы жоспар аясында Ұлттық банк монетасын, ал Қазпошта пошта маркасын шығарды. «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігіне есімі қайтарылды. Мерейтой шеңберінде ғылыми конференциялар, көрмелер, жалпы сансыз көп игілікті іс-шаралар республикамыздың түкпір-түкпірінде өткізіліп, ғылым мен білімге деген қызығушылықты арттырды. Көктемде Астанада Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы кеңінен аталып, жаз айында туған елі Баянауылда жалғасса, күзде Алматыда дүбірлі тойды Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті дүркіретіп өткізді.
Көп жылдан бері көтеріп жүрген мәселелер – Қаныш Имантайұлының кіндік қаны тамған жері Мұса Шорман ауылындағы академик Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп күрделі жөндеуден өткізілді, ауылдың көшелері асфальтталып, жол бойы электр шамдары бар бағандар орнатылып, «Баянауыл біртуарлары» аллеясы ашылды. Ұлы ғұламаның туған ауылы көріктендіріліп, бұл үлкен жоба да толығынан іске асты.
Ұлы тарихи тұлғаның мерейтойы маңызды ғибрат алуға мүмкіндік береді. Оның баянды өмір жолы – қажырлы еңбек, төзімді табандылық және өз мақсаттарына жетудегі қайсарлықтың жарқын көрінісі болып табылады. Ұлттық мүдде жолындағы жетістіктері көбіне күрделі жағдайларда, талмай ізденіс пен жанкешті еңбекқорлықтың нәтижесінде келген. Заңғар тұлға Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын лайықты атап өту бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін бірнеше маңызды мәнге ие.
БІРІНШІДЕН, бұл ғұлама ғалымның еңбектерін дәріптеу арқылы жастар арасында ғылымға, білімге және руханият саласына деген қызығушылықты арттыру.
ЕКІНШІДЕН, Сәтбаевтың Қазақ елінің қарышты дамуына қосқан орасан зор үлесі – еліміздің қазба байлығын тауып, табиғи ресурстарын халқының пайдасына жаратудағы баға жетпес рөлін ұғынуға мүмкіндік береді.
ҮШІНШІДЕН, оның өмірі мен қызметі патриотизм, еңбекқорлық және азаматтық борыш сезімін оятады.
ТӨРТІНШІДЕН, тұлғатану саласында біртуар тұлға ретінде жаңа серпіліске әкеледі.
БЕСІНШІДЕН, ұлттық тәрбие мәселесінде өнеге тұтарлық қағидаттарды тудырады.
Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту, оның еңбектерін жаңғырту, жаңа буынға жетістіктерін жеткізу – тарихымызды түгендеп, мәдениетімізді әспеттеп, руханиятымызды күшейтуге ықпал етеді.
Жыл басынан бері мерейтой шеңберінде ғылыми конференциялар, көрмелер, жалпы сансыз көп игілікті іс-шаралар республикамыздың түкпір-түкпірінде өткізіліп, ғылым мен білімге деген қызығушылықты арттырды. Жыл бойғы өткен іс-шаралар ғұламаның ғылыми жаңалықтарын дәріптеп, жас ғалымдарға шабыт берді деп ойлаймын. Бұл жаңа зерттеулер мен инновацияларға жол ашып, Сәтбаевтың табандылығы мен ізденіс жолы жалындаған жастарға жарқын үлгі болары сөзсіз.
Ұлы тұлғаның мерейтойы көп жағдайда тек мерекелік шаралармен шектелмеуі керек деп білемін. Мұндай мерейтойлардың негізгі мәні – сол тұлғаның қоғамға, ғылымға, мәдениетке қосқан үлесін қайта бағалауға, оның ойлары мен еңбектерін жаңа қырынан тануға, қазіргі заманға сай құндылықтарын ашуға тиіс. Бұл тұрғыда мерейтойды ой ойлау арқылы оның тереңдіктерін бойлай ашып, жаңа буынға мұрасын насихаттау аса маңызды.
Қазақ елін әлемге танытқан ғұлама жыл өткен сайын зорайып, жаңа қырынан жаңғыра беретін, мәңгі өлмес тұлғаға айналды. ХХІ ғасыр – Қаныштың ғасыры болады деген сөздер ақиқатқа айналып келеді. Академик Қаныш Сәтбаев – әлемдік деңгейдегі тарихи тұғырдан орын алуы, ғылыми және рухани мұраларының жалпыадамзаттық маңызға ие болуымен байланысты, сонымен қатар бір ұлттың шеңберінен шығып, бүкіл адамзат өркениетінің биігіне көтерілген қайталанбас планетарлық деңгейдегі біртуар тарихи тұлға. «Планетарлық деңгейдегі» тұлға Қаныш Сәтбаевтың, аса көрнекті ғалым, заңғар ғұламалығымен қатар Қазақ елі ғылымының басты ұйымдастырушы екендігі – еліміздің даму тарихындағы баға жетпес еңбегінің бір бөлігі ғана. Жалпы алғанда, академик Қаныш Сәтбаев өмір бойы ұлттық мүдде тұрғысынан терең ойлап, ел дамуының экономикасы, өндірісі, ғылымы, мәдениеті, руханиятында бағасы өлшеусіз мол мұра қалдырғаны, Қазақ елінің болашағы зор болсын деп жасаған ұшан-теңіз еңбегі – бірнеше кітап жазарлық дүние болып табылады.
«Халықаралық Сәтбаев қорының» қамқоршылар кеңесінің төрағасы болып, елордадағы Қаныш Сәтбаев ескерткіші Монументалды кешенінің тұжырымдамасын авторы ретінде әзірлеп, ескерткішті 2021 жылы тұрғыздық. Кешеннің тұжырымдамасын толығынан 2022-2023 жылдары іске асырып, академик Қаныш Сәтбаев алаңы Астанада пайда болды және тағзым етер құдіретті орынға айналып келеді. Еңселі зәулім ескерткіштің жанында гранитте таспаланған ақиық ақын Несіпбек Айтұлының «Қаныш» поэмасындағы үзінді Ұлт мақтанышының бүкіл болмысын ашып тұр:
Болмысы сүттен таза, нұрдан жарық,
Бақытты Сәтбаевты туған халық!
Атасы сол деп қазақ ғылымының,
Айтады сұрасаң да кімнен барып...
Тұратын жарқыратып алыстарды,
Үлгісі ұлылықтың Қаныш мәңгі!
Құдайға мың рақмет бере салған,
Қазаққа осындай бір данышпанды!..
Сәтбаев ғұмыр кешкен, міне, қандай,
Кім сірә, ғалам сырын біледі ондай?
Көз салып кең әлемге Елордадан,
Қарап тұр ескерткіші тірі адамдай!..
Алтынбек НУХҰЛЫ,
Парламент Сенатының депутаты