Өйткені олар бүгінгі ұрпаққа дейін жеткен Арқа төсіндегі ғашықтықтың мәңгілік символына айналған адамдар. Қос тарихи тұлғаның ұлы махаббаты жайлы талай ақын-жазушылардың қалам тербеп, ақық жырларын арнағаны да ақиқат. Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» драмасы, Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэ- масы, Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» романы, сондай-ақ Сыдық Мұхамеджановтың «Ақан сері – Ақтоқты» тарихи операсы боямасыз трагедиялы ғашықтық оқиғасын дәлме-дәл суреттейді. Бүгін тақырыбымыз – Ақан серінің Ақтоқтыға сыйға тартқан жүзігінің тарихына арналып отыр.
Ақтоқтыға арнап талай ән шығарған Ақан серінің оған сыйға тартқан жүзігінің күні бүгінге дейін көненің көзіндей асыл дүние ретінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа мұраға беріліп келе жатқанын біреу білсе, біреу білмейді. Ақан серінің Ақтоқтыға сыйға тартқан жүзігін бүгінде өзі де ардақты әже болып отырған Ақтоқтының жиен немересі – Орынбасар Төкенова көзінің қарашығындай сақтап отыр. Ғашықтық оқиғаның үнсіз куәгері әрі серінің қолының табы қалған жүзіктің тарихы да аса қызық.
Бүгінде Көкше өңірінде тұратын Орынбасар апа жүзікті сақтаудың өзі оңайға соқпағанын, талай адам қолқалап, тіпті сатып алмақ болса да көнбегенін айтады. Жүзікті Орынбасар апайға анасы Қанипа, яғни Ақтоқтының туған қызы әшекей бұйымдар сияқты құнды заттарымен бірге сыйлапты. Нағашы апасынан жеткен тарихы құнды жәдігер жүзік Кеңес үкіметінің қолдан ұйымдастырған ұжымдастыру, кәмпескелеу кезінде «Шаш ал десе бас алатын» шолақ белсенділердің қолына түсіп, жоғалып кетпес үшін жерге де көміліпті.
– Анам бұл жүзікті төрде тұратын сандығында әшекей бұйымдармен бірге көзінің қарашығындай ұқыптап сақтады. Бала-шағаға мүлде ұстатпайтын. Нағашы әжеміз – Ақтоқты бай-бағландарды кәмпескелеу кезінде құндыз жағалы тондар, әшекей бұйымдар, іс тігетін мәшінкелерімен бірге Ақан сері сыйға тартқан осы жүзікті де теріге орап, жерге көміп тастапты. Сол кездері үй-үйді тінтіп, ақтарып-төңкерген шолақ белсенділер дәулеті мол, бақуатты адамдардың үйіндегі бар дүние-мүліктерінен бастап, барлық ер-тұрман, пәуескелеріне дейін түгін қалдырмай артып әкеткен көрінеді. Анамның айтуынша, төрде әкесінің қайыстан сәндеп өрген қамшысы ілулі тұрады екен. Тінтушілер оны алуға батылдары бармапты, – дейді Орынбасар Төкенова.
Бейқам жатқан қазақтың кең даласына ауыр қайғы әкеп, зобалаң салған «Қызылдар қырғыны» Жалмұқан мен Ақтоқтының шаңырағын да қиындыққа душар етіп, бар мыңғырған малы мен дүние-мүлкінен айырады. Бір кездері берекелі тірлігі мен сән-салтанатты өмірі енді тек асқақ арманға айналған отбасы сол кездері азапты күндерді бастан өткеріпті. Дегенмен арада біршама уақыт өтіп, ел іші тынышталған кезде жүзікпен бірге Ақтоқтының барлық дүниелері жерден қайта қазылып алынады.
– Иә, аумалы-төкпелі заман өтіп, ел ішін алатайдай бүлдірген қырғын саябырлаған шақта Тоқан деген нағашы атамыз Ақтоқты анамыз көміп кеткен барлық бұйымды қазып алыпты. Бір ғажабы теріге ораған әлгі бұйымдардың бәрі сол күйі еш өңін де бермей сақталған екен. Анамда сол заманда мықты зергерлер мен шеберлер күмістен әдіптеп соққан шолпылар, сақиналар мен моншақтар көп болатын. Ұзатылған шағымда уыстап тұрып таратқаны әлі есімде. Қәзір тарихтан сыр шертетін құнды жәдігерлерге айналған шолпылар мен сақиналарды «қартайған кезіңде тағарсың» деп, ортасында тасы бар қаптырмаларын да ұсынды. Дәл осылардың ішінде ең қастерлі әрі құндысы осы жүзік болатын. «Мұны сенен талайлар сұрайды. Бірақ ешкімге беруші болма! Бұл Ақан серінің нағашы апаң Ақтоқтыға сыйлаған жүзігі» деп аманаттап тапсырды. Содан бері көздің қарашығындай сақтап келемін, – дейді Орынбасар апа.
Елдің еркесі әрі жігіттің төресі болған Ақан серінің ғашығы Ақтоқтымен арасындағы баянсыз махаббат дастаны күні бүгінге дейін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, боямасыз тарихымен халықтың жүрегінде өшпес мұра болып сақталып келеді. Сол ғашықтық хикаяның бір сәттерінде осы жүзіктің тұрмысқа шығып кеткен Ақтоқтыға Ақан серінің қалай сыйға тартқаны да арагідік айтылып жатады.
– Ақан серінің әніне арқау болған Ақтоқты анамыз аса сұлу болса керек. Жалмұқан атамыз да Ақан серімен арадағы жағдайды білгенімен, ол елдің еркесі болғандықтан шынайы құрмет көрсетіп, ерекше сыйлапты. Ақан сері Қызылағашта орын тепкен Жалмұқанның шаңырағында талай қонақ болған екен. Сері домбырасын шертіп таңды-таңға ұрып әнін әуелеткен күндердің бірінде нәрестелі болып, шымылдықтың ар жағында отырған Ақтоқты анамызға ешкімге сездірместен орамалға түйілген түйіншекті тастап кетіпті. Анамыз Ақан серіден екенін іштей сезіп, бесіктің астына бірден жасыра қояды. Орамалдағы түйіншекті содан үш күн өткен соң барып ашады. Сондағысы дәл осы жүзік екен, – дейді Орынбасар апай.
Орынбасар апайдың айтуынша, Ақан сері сыйлаған сол жүзікті Ақтоқты талай қиындықтарды бастан өткерсе де, өмірінің соңына дейін сақтаған. Оның ұлт тұлғасынан қалған мұра екенін түсінген. Бірақ жүрегінің түкпірінде жатқан сырын жан баласына айтпаған.
– Иә, жұрттың бәрінің көкейіндегі жалғыз сұрақ – біреу. Егер бір-біріне қатты ғашық болса, Ақан сері мен Ақтоқты неге қосылмаған? Бұл сауалды мен де анама талай қойдым. «Ақан серідей жігіттің сұлтанын кім сүймейді? Бірақ сол заманда осылай болды ғой. Несін айтасың» дейтін де қоятын. Анам екі жылдай төсек тартып, ауырып жатты. Ол уақытта мен тұрмыстамын. «Көкшетау правдасы» газетінде қызмет істейтінмін. Анам ауру әбден қажытып, тым қатты меңдеп кеткен шақта мені әдейі шақыртып алды. Төр алдындағы оюлы сандығын аштырып, орамалға түйілген күйі әшекей бұйымдардың арасында тұрған осы жүзікті алып шықты. Жүзікті қолына алған анам «Бұл – Ақан серінің менің анам, сенің әжең Ақтоқтыға сыйлаған жүзігі. Анамның аманатын өмірімнің соңына дейін сақтап келемін. Енді өзіңе аманаттап отырмын. Мұны Ақтоқты әжеңнің көзіндей көр. Ешқашан сата көрме! Ештеңеге айырбастауға болмайтын зат. Көзіңнің қарашығындай сақта! Бұл анаңның көзі ғана емес, Ақан серіден қалған жәдігер» деп көзіне жас алған. Айтқаны айдай келіп, жүзікті қоярда қоймай қызығып «Маған сат!» деп қолқалағандар көп болды. «Жассың бәрібір қолыңа тақпайсың. Одан да қолдан соғылған екі бірдей сом алтын сақинаға айырбаста» деді бір апайым. Анамның қадап тапсырған аманаты болған соң бере алмайтынымды айттым. Одан кейін де талай сұрағандарға бермедім. Сол күйі сақтап келемін, – дейді Орынбасар апай.
Ақан серінің 150 жылдық мерейтойында Сәкен сері Жүнісов те дәл осы жүзіктің тарихын естіп, Орынбасар апайды арнайы алдыртыпты. Орынбасар апай жүзікті өзімен бірге ала барған. Жиналған жұрттың бәрі таң-тамаша болады. Қаламгер жүзікті қолына алып тағып көріп, музейге тапсыру туралы ақыл қосқан екен. Бірақ Орынбасар апай бұған да көнбепті.
– «Үйіңде сандықта жатқанынан не пайда? Музейде қанша ел көреді. Жалмұқан мен Ақан серінің арасындағы ел аузында жайылып жүрген жаңсақ-жалған сөз де сап тыйылады. Серіден қалған жәдігерді елдің бәрі көргені жөн» деді. Бергім келгенімен, анамның алдында уәде еткен аманатқа қиянат жасауға қолым бармады. Өз қолымда сақтауды жөн көрдім, – дейді Орынбасар апай.
Сәкен серінің айтуымен, Ақтоқтыдан қалған тігін мәшінкесінен бастап әшекей бұйымдар сияқты басқа жәдігерлерді жергілікті музейге өткізгенімен, аманат болған жүзікті өзіне алып қалған. Қазір жүзіктің көшірмесі облыстық музей көрмесіне орналасқан. Ақан серінің махаббатының сертіне айналып, тарихы тереңге кеткен, күні бүгінге дейін еш сызат та түспеген күйі жүзік сақтаулы. Орынбасар апай жүзікті енді өз немересіне өсиеттеп табыстамақ ниетте.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы