Биыл мамырда жарияланған құжат елдің экономикалық әлеуетін кеңейтуге және бизнес ахуалын жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ құрылымдық экономикалық және құқықтық реформаларды жеделдету мақсатында дайындалған еді. Шараға қатысқан сарапшылар бұл маңызды құжат экономиканы одан әрі ырықтандырудың негізгі бағыттарын белгілеп бергенін атап өтті.
Бірінші бағыт – жекешелендіруге жол ашып, мемлекеттік кәсіпорындардың өсуіне жол бермеу арқылы экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін қысқарту. Екіншіден, «Самұрық-Қазынадағы» корпоративтік басқаруды жетілдіру және нарықтың барлық субъектілеріне тең жағдай жасау. Одан бөлек, қаржы нарықтарында адал бәсекелестікті қамтамасыз етіп, кәсіпкерлік еркіндіктің негізгі қағидаттарын жүзеге асыру.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) төрағасы Марат Омаровтың айтуынша, әділ бәсекелестіктің дамуына негізгі кедергілердің бірі – мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуы және мемлекеттік органдардың іс-әрекетінен туындайтын тосқауылдар болып табылады. Яғни, мемлекет жеке кәсіпкерлікке қолайсыз жағдай туындату және орынсыз тексерістер арқылы бәсекелестікке кері әсерін тигізуде. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелер кәсіпкерлерге артық бюрократиялық талаптар немесе күрделі рәсімдер енгізу арқылы қолдан кедергі келтіріп, кәсіпкерліктің дамуына және әділ нарықтық қатынастың қалыптасуына тосқауыл болуда. Оларды шешу үшін жекешелендіруді жеделдету қажет. Осы мақсатта биылғы жылдың маусым айында агенттік жанынан Жекешелендіру жөніндегі Ұлттық кеңсе құрылған болатын.
Бүгінде агенттікке қарасты осы кеңсе тарапынан тауар нарықтарына бастапқы талдау жүргізіліп, нәтижесінде 500-ге жуық кәсіпорын алдын ала іріктелгені белгілі болды. Спикердің сөзінше, жекешелендіру үшін жобаларды іріктеу бойынша жаңа әдістеме әзірленген. Бұрын бұл процесті әртүрлі мемлекеттік органдар қарап, шешім қабылдау ұзақ уақыт алса, енді БҚДА тізімді бірден Реформалар жөніндегі жоғары кеңеске жібереді. Сол жерде Мемлекет басшысы деңгейінде соңғы шешім қабылданады. Бұл өзгеріс жекешелендіру процесін тездетіп, оңайлатады және артық қағазбастылықты болдырмайды. Мұндай жаңалық процесті едәуір жеңілдетуге, бұрын басқа мемлекеттік органдар құрған бюрократиялық кедергілерден жедел өтуге мүмкіндік бермек. Ендігі жерде жекешелендіруге өтінім беру қағидаты енгізілген соң жеке сектордағы объектілер өздері өтінім беруге мүмкіндік алады. Сонымен қатар 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілді.
Тағы бір айта кетерлік іс – заңнамалық түзетулер. Бұл монополияға қарсы органға жаңадан құрылып жатқан мемлекеттік кәсіпорындардың ғана емес, бұрыннан бар кәсіпорындардың қызметін бәсекелестік қағидаттарын бұзу тұрғысынан қарауға мүмкіндік береді.
Талқылау барысында бірқатар сыни пікірлер де айтылды. Атап айтқанда, жекешелендіру қарқыны соңғы кезде айтарлықтай төмендеген. Сарапшылар арасында бұл үлкен алаңдаушылық туғызды. Мамандардың пікірінше, активтерді жеке сектордан мемлекетке қайтару («заңсыз активтерді қайтару бойынша») және «Самұрық-Қазына» мен оның еншілес компанияларының энергетикалық жобаларға белсенді қатысуы мемлекеттің экономикадағы рөлін күшейтеді, ал бұл ырықтандыру идеясына қайшы. Екібастұз ЖЭО сияқты нысандардың қайтарылуы жеке секторды әлсіретеді. Бұл Жарлықта көзделген мақсаттар мен нақты экономикалық саясат арасында диссонанс тудыратын мемлекеттік бақылаудың кеңейіп жатқанының көрінісі. Нәтижесінде, мемлекеттің экономикадағы үлесі жоғары болып қала бермек, ал мемлекеттік құрылымдарды басқаруға берілген активтер өсе береді. Үкімет Жарлықтың орындалуы туралы есеп бермесе, бұл көңілге күдік ұялатады.
Сонымен қатар «Алтыншы антимонополиялық пакет» Жаңа заң жобасы антимонополиялық органға (БҚДА) тек жаңа құрылатын мемлекеттік кәсіпорындардың ғана емес, сонымен қатар бұрыннан бар мемлекеттік кәсіпорындардың да әрекеттерін тексеруге мүмкіндік беріп отыр. Яғни, бұл ұйымдардың бәсекелестік ережелеріне сай жұмыс істеп жатқанын анықтау үшін олардың қызметіне талдау жүргізеді.
Жарлықтың басқа бағыттары бойынша агенттік төрағасы мынадай өзгерістерді атап өтті. Баға төрелігін және осыған байланысты нарықта туындайтын теңгерімсіздіктерді болдырмау үшін жанар-жағармай шекті бағаларын жою жөніндегі норма пысықталды. Агенттік өкілінің пікірінше, бұл бағаны реттеуден аулақ болу үшін сигнал. Дәл осындай өзгерістер қазір фармацевтикалық нарықта қарастырылуда.
Бұдан әрі «Самұрық-Қазына» қорының даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сатжан жекешелендіру және корпоративтік басқару бойынша шараларға талдау жүргізді. Сөз барысында қор агенттікпен бірлесіп 2025 жылы Жекешелендіру жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыратыны белгілі болды. Алайда тариф бағасының төмен болуы салдарынан қордың ірі активтерін жекешелендіру жеке сектор үшін тиімсіз болып отыр. Қор өкілінің пікірінше, инфляция мен қызмет тұтынушылар шығынының күрт өсіп кетпеуі үшін және әлеуметтік наразылықты туындамасын десек, тарифтер құнын біртіндеп арттыру қажет.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың көпшілігі бұл пікірге қарсы екенін жеткізді. Сарапшылар тарифтерді бірден нарық құнына теңестіру керек деп санайды, өйткені баға өзгермесе жеке инвесторлар бұл нарыққа қаражат тартуға құлықсыз болмақ. Мемлекет өз кезегінде халықтың әлеуметтік осал топтарына тариф құнымен барабар қолдау көрсету жолдарын қарастыруы тиіс.
Halyk Finance Басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановтың пікірінше, соңғы онжылдықтарда елде «мемлекеттік капитализм» моделі қалыптасқан. Мемлекет экономикада соның ішінде мұнай сияқты табиғи ресурстардан түсетін кірістерді басқару мен бөлуде маңызды рөл атқарады. Бұл еркін бәсекелестікке негізделген толыққанды нарықтық экономиканың дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан Жарлықты орындау – адал және еркін нарықтық экономиканы дамыту барысындағы басты міндетке айналып отыр. Сарапшы өз сөзінде қазір Жарлық шараларын орындау үшін жеткілікті күш жұмсалмай отырғанын айта келе, мынадай негізгі мәселелерге тоқталды:
«Осыған дейін Жарлық бойынша бірде-бір Үкімет отырысы өткізілмеді, сондай-ақ баспасөзге, сарапшыларға және жалпы жұртшылыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілген жоқ. 2029 жылға дейінгі жаңартылған Ұлттық даму жоспары Жарлықта көзделгендей мемлекеттің экономикадағы рөлін едәуір және жеделдетіп төмендету үшін шаралар ұсынады деп күткен едік. Алайда 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту және экономиканы ырықтандыруға байланысты нақты көрсеткіштер болмай шықты. Сонымен қатар жүзеге асыру мерзімі 2024 жылдың 18 қазанында аяқталатын Жарлықта қарастырылған бірқатар шаралардың орындалуы туралы мәліметтер жеткіліксіз», – деп түйіндеді М.Темірханов.
Пікірталас барысында мамандар бүгінде негізгі проблема Жарлық шараларын жүзеге асыру үшін біртұтас тәсілдің жоқтығы деген тоқтамға келді. Әсіресе, сарапшылар активтердің құнын арттырудың орнына инвестициялық компанияларға тән емес міндеттерді (Әлеуметтік, бюджеттік және тағы басқа) орындағаны үшін «Самұрық-Қазынаның» қызметін сынға алды. Премьер-Министрдің Қордың директорлар кеңесін басқаруы мүдделер қақтығысын күшейте түсті, себебі бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының корпоративтік басқару стандарттарына қайшы келеді. Қор қаражаты Үкіметке дивиденд ретінде төленудің орнына мемлекеттің әлеуметтік жобаларына, мысалы, жайлы мектептер мен спорттық орталықтар салуға жұмсалуда. Егер қаражат Үкіметке берілсе, бюджет бекіту барысында Үкімет белгілі бір есеп берер еді. Қазіргі жағдайда сатып алулардың қалай жүргізілетіні түсініксіз әрі депутаттар алдында да ешқандай есеп берілмейді.
Екі тараптың ортақ мәмілеге келген тұсы – инвестициялық жобалардың тартымдылығын арттыру үшін тарифтерді көтеру қажеттігі болды. Алайда тарифтерді көтеруден түскен қосымша кірістер қалай пайдаланылады деген сұрақ жауапсыз қалып отыр. Тәуелсіз сарапшы, қаржыгер Андрей Чеботарев бұл туралы өзінің эксперттік парақшасында инфрақұрылымды жаңғыртуға ұзақмерзімді инвестициялар мен әділ әрі ашық корпоративтік басқару қажеттігіне назар аударды. Әйтпесе, инфрақұрылым эксплуатациясының жай-күйі уақыт өткен сайын нашарлай түспек.
«Мәселен, ҚТЖ жағдайын еске алсақ, соңғы екі жылда тарифтер 24%-ға өскеніне қарамастан, компанияның орасан зор қарыздары әрі қарай да арта түскенін көреміз. «Кедентранссервис» және ҚТЖ-Экспресс сынды ҚТЖ-ның еншілес компаниялары жеке сектордың жұмысын қайталап, Yellow Pages (мемлекеттік кәсіпорындардың жеке сектормен арақатынасы – ред.) ережелерін бұзып отыр. Сондықтан бұл компанияларды жекеменшікке өткізуге ерекше назар аударылуда. Бұл қадам олардың бәсекелестік ортада дербес жұмыс істеуіне және мемлекеттік араласуды азайтуға мүмкіндік береді», – дейді ол.
Сонымен қатар сарапшы тарифтік саясатты реформалау кезінде атаулы әлеуметтік қолдаудың маңыздылығын ескерген жөн дейді. Әсіресе, нарықтық тетіктерге қарама-қайшы келетін «әмбебап субсидиялардың» орнына мұндай әлеуметтік көмек халықтың осал топтарына бағытталуы керек. Сондай-ақ экономиканы либералдандыру үшін реттеуші нормаларды жеңілдеткен абзал.
Қорытындылай айтсақ, экономиканы ырықтандыру туралы Жарлықта көрсетілген межеге қол жеткізу үшін елімізде шешуші реформалар қабылдап, мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту, корпоративтік басқаруды жақсарту және тарифтік кірістерді ашық бөлу қажет. Бұл шаралар жүзеге аспаған жағдайда, өршіл жоспарларға қарамастан экономикалық мақсаттардың жүзеге аспай қалу қаупі жоғары.
Кәмила ЕРКІН