Дисней жыл сайын фильмдердің әртүрлі тілдегі нұсқасын дайындайды. Соның аясында «Қазақ тілі» қоғамынынң атсалысуымен биылдан бастап ірі халықаралық студиялар әлемдік премьераларын қазақ тілінде ұсына бастады.
– Disney, Pixar және Sony компаниялары дүниежүзіне жаңа фильм шығарған кезде оны 30 шақты тілдерге аударып, таратады. Сондай тілдердің қатарына қазақ тілінің қосылғаны біз үшін – үлкен жеңіс. Бұған дейін біз фильмдерді өз қаражатымызға, демеушілердің көмегімен аударып жүрдік. Сондықтан бұл бастаманың маңыздылығы біз үшін өте үлкен. Биылғы жылдың өзінде «Ойжұмбақ», «Веном 3» сынды жоғары деңгейлі туындылар қазақ тілінде жарыққа шықты. Енді алдағы уақытта «Муфаса – арыстан патшасы» және «Ақшақар» мультфильмдері жарық көрмек, – деді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
«Моананың» алғашқы бөлімі көрермендерді эмоционалды оқиғасымен, батыл кейіпкерімен және әсерлі музыкасымен баурап алған еді. Көрерменді мұхиттың көгілдір суларына сүңгуге және Полинезия халықтарының мифологиясын зерттеуге шақыратын керемет мульфильм болып шықты.
«Моана 2» фильмінде көрермен сүйікті кейіпкерлері Моана және Мауимен қайта қауышады. Сондай-ақ жаңадан қосылған ержүрек теңізшілермен бірге қызыққа толы сапарға аттанады. Теңізші бабаларынан аян алған кейіпкерлер Океанияның шалғай, қатерлі аймағына сапар шегіп, естен кетпес шытырман оқиғаларды бастан өткереді. Мультфильмде Моананың көздеген мақсаты тек шытырман оқиғаны іздеу емес, өз халқын қорғау және әлемдегі тепе-теңдікті сақтау болды. Басқа да кейіпкерлермен олар барлық қиындықты жеңуге және жолындағы кез келген кедергілерді жеңуге көмектесетін жаңа күштерді ашады.
Бұл фильм Disney студиясының ағылшын тіліндегі нұсқасымен қатар жергілікті тілдегі нұсқасын шығарған алғашқы анимациялық фильмі болды.
Туынды Жаңа Зеландия кинотеатрларында «Моана 2 Reo Māori» деген атаумен таныстырылды. Фильмде Полинезияның байырғы тіліндегі дауыстық актерлік шеберлік болды. Сондай-ақ Маори тілінің бірнеше диалектісінің бірі тайравити тілі қолданылған.
– Бұл – мен шыққан тайпа. Ол әлі жағалауда тұрады. Сондықтан мұның зор мағынасы бар, өйткені біз теңіз адамдарымыз. Біз теңізде тұрамыз, теңіз жағасында өмір сүреміз, сонымен бірге теңізбен өте тығыз байланыстымыз, – деді мультфильмнің режиссері Твиди Вайтити.
Фильм кейіпкерлерін қазақ тілінде сөйлеткендер: қазақстандық әнші Назима, ол Моананың барлық әнін орындайды. Моана Құралай Өтепованың дауысымен сөйлейді. Актриса Айнұр Болат Моана мен Мауиге қатер төндіретін Матангиді дыбыстады. Ал Матангидің әндерін Гауһар Өмірзақова орындады. Қобыланды Болат алпамсадай жартылай құдай Мауиді дыбыстады. Бақытжан Әлпейіс – «күңкілдек бағбан» және Моананың тобының мүшесі Келені «сөйлетті». Елімізге танымал әнші Садраддин де Мониді дыбыстап дубляж қатарынан көрінді. Қазақ тіліндегі дубляж режиссері – Шах-Мұрат Ордабаев. Музыкалық жетекшісі Анель Сіргебаева болды.
– Осы жобаға келген кезде аудармашыларымыз, мәтін үйлестірушілеріміз де бар күш-жігерін салып дыбыстауға тырысты. Бірақ ақыр аяғында осы фильмді жасап жатқанда оның қаншалықты жеңіл, жарқын болғанын сездік. Моана – музыкалық туынды. Авторлар, композиторлар осы туынды үшін әдемі әндерді шығарды. Моана 2-нің тағы бір ерекшелігі, бізге жаңа кейіпкерлер қосылды. Олар сөзімен ғана емес, әндерін де айтып рөлдерін керемет алып шықты. Баршаңызда осы керемет бір мультфильмді көруге шақырамын, – дейді қазақ тіліндегі дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев.
Рауан Кенжеханұлының сөзінше, шетелдік танымал фильмдерді қазақ тіліне аудару тіліміздің кеңінен таралуына септігін тигізеді.
– Қазақ тіліне аударылып жатқан фильмдерді кеңінен насихаттап, кинотеатрларға барып, қазақ дубляжын қолдауға шақырамыз. Әлемдік студиялардың қазақтілді ортаның қызығушылығын ескеріп, туындыларын өз есебінен аударып, ұсынуы біз үшін өте жақсы жаңалық. Биылғы әлемдік премьералардың қазақ тіліндегі аудармасы бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіштерге жетті. Қазақша кино қарауға ықыласты қауымның көбейгені анық байқалды. Алдағы уақытта танымал туындыларды қазақ тіліне аудару дәстүрі жалғаса береді. Бұл тіліміздің, әсіресе балалар мен жастар үшін тартымдылығын арттыруға және кеңінен таратуға бағытталған тиімді тәсіл деп санаймын», – дейді ол.
«Моана 2» мультфильмі әлемдік экрандарды жаулап, кассалық табыста жаңа рекордтар орнатты. Халықаралық прокаттың алғашқы күні, бастапқы көрсетілімдерден түскен кірістерді қоса алғанда, жалпы табыс 54 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл анимациялық фильмдердің тарихтағы үшінші ең жоғары табысын көрсетті.
Бұған дейін Disney мен Pixar студиясы «Ойжұмбақ 2» фильмін қазақ тіліне аударып, кәсіби дубляж жасады. «Ойжұмбақ 2» фильмі алғашқы 4 күнде 40 миллион теңгеден астам қаражат жинап, бұған дейін көрсетілген туындылар арасында рекорд орнатты.
Әсет ҚАЛИ