Рахманқұл Бердібайдың 1958 жылы Әбікен күйші жайлы жазған мақаласы

Қасенов Әбікеннің репертуарында елу-алпысқа жуық күй бар екен. Солардың біразы жазылса да, көп күйлер әлі де граммафон пластинкасына түспеген.

Бүгін, 2 желтоқсан академик Рахманқұл Бердібайдың (1927-2012) туған күні. Филология ғылымдарының докторы атанып, әдебиеттануда орасан зор қызмет жасаған Рахманқұл атамыз өнер саласына, әсіресе, күйшілік өнерге сіңірген еңбегі аз емес. Сол еңбектің бірі ретінде ғалымның Арқа күйшілік дәстүрдің көрнекті өкілі, күйші Әбікен Хасенов (1892-1958) жайлы жазылған көлемді мақаласының кейбір тұстарын оқырманға таныстырмақпыз. Мақала «Қазақ әдебиеті» газетінің 1958 жылғы 6 сәуір күнгі санында жарыққа шыққан.

«Әбікен күйші» мақаласы автордың жалпы күйшілік аймақтардың сипаттамасымен басталады. Батыс аймақ күйлерін «екпінді, нөсерлі, дауылды», ал  Орталық аймақ туындыларын «сазды, ойлы, сұлу» деп сипаттайды. Бұл Кеңес дәуірінің дүркіреп тұрған шағында жазылғанын ескерсек, мақала бойы сол уақытты дәріптеу қалыпты жағдай болатынын қаперде ұстаған абзал. Рахманқұл Бердібайдың жазуынша:

Қазақта ежелден бері күйшілік өнердің екі үлкен мектебі болған. Соның бірі – осы күні халыққа кеңінен тарап кеткен екпінді, нөсерлі, дауылды батыс күйлері, екіншісі – сазды, ойлы, сұлу Орталық Қазақстан күйлері. Қазіргі кезде Құрманғазы, Дәулеткерей, Динаның күйлері зор даңққа бөленді. Ол күйлердің сұлу ырғағын бір Қазақстан емес, бүкіл Совет Одағының халықтары еститін болды. Құрманғазы күйлерінің атағы жер жүзіне тарады десек, артық айтқандық емес. Бұл біздің шын мақтанышымыз.

Келесіде автор Тәттімбет күйлерін шертілетін аймақты көрсетіп кеткен. Бүгінде ғылымда Арқа күйшілік дәстүрлі деп аймақ жайлы сөз қозғап, ерекшеліктерін атап кетеді. Және күйлердің шертілуі күрделілігін жазады. 

Бұрынғы кезде Шыңғыстаудан Қаратау мен Ұлытауға дейінгі елдердің халқы Тәттімбет стиліндегі күйлерді тартып келген. Ғажап сұлу бұл күйлер халқымызға осы кезде де аса сүйікті. Егер Құрманғазы күйлерінен жастықтың жалынын, зорлыққа қарсы ұмтылған ерлік айбатын, бостандық сүйгіш арманды байқайтын болсақ, Орталық Қазақстан күйлерінен, әсіресе Тәттімбет шығармаларынан адамның көңіл мұңын, өткені мен келешегін ойлаған жан толғауларын сезгендей боламыз. Көп адамның Тәттімбет күйлерінің тақырыбын, идеясын әртүрлі жоруы да ол күйлердегі тілмен айтып жеткізе алмастық сиқырлы сұлулық пен жарасымдылықтың молдығынан, адам сезімінің тебірене шыққан суреттерінің байтақтығынан болса керек. 

Сонау бір балалық шақтарға алғаш рет ауыл күйшілерінен естіп тыңдаған Тәттімбет күйлерінің әсері мәңгілік ұмытылмастай еді. Әрине, екінің бірі «Саржайлау» мен «Қосбасарларды» келістіре тарта алмайды. Екінің бірі былай тұрсын, саусағынан күй сорғалаған небір домбырашы өнерпаздардың да Тәттімбет күйлерін нақышына келтіріп тартуға қауқары жете бермейді. Сол алғашқы рет ауыл күйшісінің орташа ғана орындауынан-ақ бұл күйлердің ғажап көркемдігі байқалатын еді. 

Кіріспе сөзден кейін Рахманқұл Бердібайұлы Әбікеннің өзі жайлы сөзге көшеді. Екі ауыз сөзбен-ақ күйшінің қадірін арттырып, оқырманға сүбелі ой салып отыр. 

Қазақстанда Құрманғазы, Дәулеткерейдің күйлерін аса шебер тартатын тамаша домбырашылар аз емес. Олардың өнеріне әрдайым сүйсінеміз, орнымен бағалаймыз. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Сарыарқа күйшілік сазының теңдесі жоқ шебері Қасенов Әбікеннің орны тіпті өзгеше. Бір кезде атақты ақын Жансүгіров Ілияс Матайдағы Молықбай қобызшы туралы «Қазақта қобызшының қалғаны осы» деген еді. Сол секілді Қасенов Әбікенді де Орталық Қазақстанның Тәттімбет, Тоқа, Баубек тәрізді күй алыптарының шығармаларын кемеліне келтіре орындайтын бірден-бір күйші деп атасақ, бұған ешкім де қарсы болмас. 

Мақала жазылған уақытта шыныменде Алматыда шертпе күйлерін шертетін күйшінің саны некен-саяқ еді. Осы Әбікен мен Жаппас қана еді. (Жаппастың өзі домбырашы емес, қобызшы деп танылып, көп уақыт ол шерткен күйлері назардан тыс қалып отырды). Ал Қарағанды, Семей, Ақмола облыстарында күйшілер әлі бар еді. Көбі ауылда жатып, репрессияда көрген салқыннан әлі айыға алмай, домбыра ұстамай қашқалақтап жүрді. 37-38 жылдары «домбыра шертсең, халық жауы атанасың» деген үрейі бойында қалып, 60-70 жылдарға дейін көбі күй шертуге жүрексінетін.

Ары қарай Әбікеннің өз сөзі беріледі. Бұл жерде Әбікеннің айтқаны төл сөз ретінде берілгендіктен аса құнды дерек болып саналады.

Домбыраны жеті-сегіз жасымда молдадан дәріс алып жүрген кезімде үйрене бастадым, – дейді Әбекең, – Бізді Арқадағы Қаракесек ішінде сыртқы Бошан деп аталатын үш болыс ел болды. Сол елде бармағынан күй тамған небір дүлдүл домбырашылар көп еді. Біздің елден Баубек, Қыздарбек, Мақаш, Әбді, Ақмолда, Итаяқ деген атақты күйшілер шыққан. Бұлардың әрқайсысының да бойына өнер қонақтап өткен шын таланттар еді. Сонымен қатар Бошан руынан үлкен қобызшылар де көп шыққан. Соның бірі – Дүйсен қобызшы күйлері маңайдағы елдерге көп тараған болатын. Міне, менің күйшілік өнерімнің үлгі өнегесі осы орта еді. Жас кезімде домбыра да, қобыз да, гармонь да тарттым. Өлең айттым. Бірақ «өнерді үйрен де жирен» дегендей-ақ, бертін келе осылардың ішінен менің ұстағаным домбыра болды. 

Ары қарай автор күйшінің Алматыға келгенін, театрда әртіс болғанын, «Еңбек сіңірген әртіс» атағын, «Құрмет» белгілі орденін алғаны туралы жазады. Дегенмен театрдағы қызметі жайлы «өз алдына бөлек әңгіме» деп қысқа қайырып, күйшілігіне кеңінен тоқталады.

«Саржайлауды», «Қосбасарды», «Дайрабайды» тартатын атақты күйші Қасенов Әбікенді қазақ халқы тегіс біледі дедік. Ал ол осы даңққа қалай жеткен? Әбікен облыс-облысқа шығып тұратын концерт бригадаларына көп қатысқан емес. Немесе оның күйлерін екі күннің бірінде естіп жүрміз деп ешкім де айта алмайды. Өзінің барлық өнерпаздық қабілетін драма театры сахнасында көрсетіп жүрген артист тамаша күйлерін оқта-текте бір тартып жүрсе де аты әйгілі. Оның себебі біріншіден, Тәттімбет күйлері қазақ халқының көпшілік өлкесіне ежелден мол тараған күйлер болатын. Халық ол күйлерді әрдайым сағына күтіп отырады. Екіншіден, Қасенов Әбікен шертпе күйдің теңдесі жоқ шебері. Оның саусағы домбыра ішегіне тиісімен небір ғажайып сұлу әуен жүрегіңді тербей жөнеледі. 

Осы тұста бір ескертіп кететін жайт бар. Рахманқұл Бердібайдың өз мақаласында Әбікеннің тегін «Қасенов» деп жазады. Біз болсақ «Хасенов» деп жазамыз. Бұл жерде жай ғана қазақ тілінің заңдарын түрлі қолдануға байланысты деп қысқа түсіндіре кетейік.

Келесі сөз қысқа берілсе де, өте маңызды ой салады.

Қасенов Әбікеннің репертуарында елу-алпысқа жуық күй бар екен. Солардың біразы жазылса да, көп күй әлі де граммафон пластинкасына түспеген. 

Бүгін бізге Әбікен шертте деген он шақты күйдің аудиожазбасы ғана жетті. Мақала авторы «елу-алпысқа жуық күй бар» деп кесіп айтады. Оның сөзіне сөзсіз сенеміз. Келесі сөзінде «әлі де граммафон пластинкасына түспеген» деп жауап жазады. Біз болсақ сол пластинкаға жазылған мұраның өзін дұрыс сақтай алмадық. Мақала басында айтылған «Дайрабай» күйінің жазбасы бүгінде жоқ. 90-жылдары Қазақ радиосының архивін су басып, біраз пластинка мен ленталар келмеске кеткен екен. Ішінде осы «Дайрабай» да бар. 

Келесі сөз бүгінгі күнге де өте өзекті. «Домбыра ұстайтындар көп, күй тартатындар аз» деген сөз бар. Бүгінде афоризмге айналған. Кімнің қаламынан шыққанын білмесек те, орынды айтылғаны анық. Бұл ойды алпыс жыл бұрын Рахманқұл атамыз да жазып кеткен екен.

Ерте кезде шертпе күйдің неше алуан алыптары туған болса, осы заманда да олардың талантты мұрагерлері шығуы тиіс қой. Бірақ көп айтып, аз айтқанда Тәттімбет күйлерін жылдар бойы таратып келе жатқан жалғыз ғана адам бар. Ол – Қасенов Әбікен. Осыған қарап бір нәрсеге таңданбауға болмайды. Қазір Қазақстанда домбыра өнерімен әуестенушілер мыңдап саналады. Міне, солардың ішінен Тәттімбет күйлерін тартарлық бірде-бір талапкер шықпағаны ма? Бұлай деп айтуға тағы да болмайды. Өйткені екінің бірі бұл күйлердің теңдесі жоқ сұлулығын мойындайды, «шіркін, сол күйлерді тартар ма еді» деп армандайды. Шындап келсек, музыка мекемелері басшыларының қазақ күйлерінің тұтас үлгісі болған шығармаларды жеткілікті бағаламағандығында жатыр. 

Мақала Әбікен күйшінің көзі тірі кезінде жазылып, жарыққа шыққан. Өнерпаздың өзі газетті қолға ұстап, оқығаны анық. Оқып қана қоймай, авторға алғыс айтқаны да сөзсіз. 

Қасенов Әбікен қазір 66-да. Күйшінің елден асқан өнері туған халқын талай-талай қуанышты сезімге кенелткен. Тәттімбет күйлерінің классик орындаушысы Қасенов Әбікеннің сау-саламат болып, бар өнерін ұрпақтарға үйретіп, өшпес мұра қалдыруына жұртшылық тілектес. 

Мақала 1958 жылдың сәуір айында жарық көрсе, сол жылдың қазан айында Әбікен күйші дүниеден озды.

Бұған дейін Домбырасын дүмше молда сындырған Жаманқара күйші туралы жазған болатынбыз. 

Рүстем НҮРКЕНОВ, күй зерттеушісі