Алаштың алғашқы астанасы болған Қызылорда қаласында өткен дәуірден сыр шертетін тарихи ғимараттар аз болмады.
Сыр еліндегі сыр сандық
445
оқылды

Уақыт өте келе оның көпшілігі бізге белгісіз себептермен бұзылып кетті. Бүгінде ежелгі сәулет өнерінің әсем үлгісін паш ететін көне ғимараттардан қалғаны саусақпен санарлық. Соның бірі – өз заманында Мұстафа Шоқай дәріс алған көне Перовск орыс-қазақ училищесінің ғимараты. 

Дерекке сәйкес, ежелгі Ақмешіттің ажарын ашқан бұл сәулетті ғимарат 1878 жылы бой түзеген. Сол кездері нысан ин­женер, генерал Брюноның жобасы негізінде күйдірілген қыш кірпіштен са­лын­са керек. Аталған орын алғашында әс­керилердің балаларын оқытатын учили­ще ретінде жұмыс жасапты. 

Аталмыш ғимаратқа қарсы бетте сол заманның тағы бір сәулетті ғимараты орыстардың мінәжат ететін православ шіркеуі бой түзеген. Осы шіркеудің жаны­нан ертеде қаз-қатар барактар салыныпты. Осы барактарда офицерлер мен солдат­тардың отбасылары тұрған деген мәлімет айтылады. Бұл Перовск училищесінде сол кезде ел азаттығы үшін күрескен талай тұл­ғалар дәріс алыпты.

Мәліметке сәйкес, көп жағдайда күй­дірілген кірпіштен қаланған тарихи ғима­ратты қазақтың белгілі тұлғасы Мұстафа Шоқайдың есімімен тығыз байланыс­тырып жатады. Тарихшылардың дерегіне сәйкес, училищеде Мұстафа Шоқай 1899-1902 жылдар аралығында білім алған кө­рінеді. 

«Алаштың алғашқы астанасы – ежелгі Ақмешіт, қазіргі Қызылордада екі ғасыр­дың куәсіне айналған ескі ғимараттар қа­тары аз емес. Соның бірі де бірегейі бұ­рын Перовск орыс-қазақ училищесі болған нысанның тарихи маңызы зор. Әсіресе, училище болып құрылған жыл­дары бұл орында ел азаттығы үшін аянбай күрескен біртуар тұлға, ұлт болашағының жанашыры Мұстафа Шоқайдың қиын да қилы тағдыры тізбектеліп жатыр. Бұл жайында ұлт жанашырының екі томдық «Таңдамалы» кітабында көп деректерді кез­дестіруге болады. Шоқай өз шығарма­сында қилы заманның қиын кезеңдерін тебіреніспен баяндайды. Сонымен қатар бұл оқу орнында Қазақ ұлт-азаттық көте­рілісінің көрнекті өкілі, қазақтан шыққан тұң­ғыш шығыс сәулет өнері тарихын зерттеуші, ориенталист, ағартушы, заңгер, саясаткер, турколог, саяси қуғын-сүргін құрбаны, азаттық күрескері Сералы Ла­пиннің де ізі бар. Осындай ұлы тұлғалар тәлім алған орынның бүгінде назардан тыс қалып тұрғаны шындығында да ойланар­лық жағдай», – дейді Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хат­шысы Асхат Сайлау. 

Негізінен, бұл ғимарат ең алғаш «қыз­дар приход училищесі» ретінде жұмыс жасапты. Ғимараттың қилы кезеңде «қыз­дар прихрд училищесі» болып құрылуының тарихы өз алдына бір төбе. Тарихшылар сол кезеңнен жеткен деректер арқылы көп­теген мағлұматтарды алға тартып жа­тады. 

«Көне Қызылордада «Қыздар приход училищесінің» ашылуы жайдан-жай емес. Мұның астарында сол кездегі отарлау сая­сатының ұшы қылтиып көрініп қала­ды. Бұл жерден қыздардың тәрбиесін бұрмалау арқылы қоғамның көзқарасын өзгерту мақ­сатында сол кездегі Ресей империясының астыртын саясатқа көшуі бек мүмкін екені айтылады. Яғни, мұның астарында «әйел адам өзгерсе, тұтас бір ұлтты өзгертуге бола­ды» деген ұғым қа­лып­тасқан көрінеді. Бірақ уақыт өте келе училищеге қазақ отбасылары қыздарын бермей қалуы салдарынан жұ­мысы тоқы­рауға ұшырап, астыртын саясат­тың жүзе­ге аспай қалғаны жайында дерек бар. Училище жайында көптеген жазба­ларда осы сынды ақпараттар аз айтыл­маған», – деп ойын сабақтады музейдің ғылыми хатшысы. 

Уақыт ағымына ілесіп, «Қыздар приход училищесі» өз жұмысын тоқтатқасын, бұл нысан қазақ жастарын аудармашылыққа дайындайтын түземдік мектеп болған. Сол кезеңде бұл орын төрт класты болып дәріс берген екен.

 Бертін келе мұнда Перовск орыс-қазақ училищесінен кейін 1925-1929 жылдары ең алғашқы республикадағы баспахана ашылыпты. Баспаханада «Еңбекші Қазақ» («Егемен Қазақстан») және «Советская степь» («Казахстанская правда») газеттері орналасады. Сол заманның соңғы жыл­дары бұл ғимаратта аяқкиім фабрикасы ашылып, жұмыс істеген көрінеді. 

Ел Тәуелсіздігі жарияланып, тоқырау кезеңі басталған тоқсаныншы жылдары жекешелендіру науқанымен аталмыш ғи­ма­рат жекенің қолына өтіп, сауда дүкеніне айналды. Содан бермен қарай тарихи орын Сыр халқына «Аль-асад» сауда орны ретінде мәлім. 

Осы орайда тарихи нысанның қазіргі ахуалы төңірегінде Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама бас­қармасынан сұрап көрдік. 

«Бұл ғимарат қазіргі уақытта мемлекет қорғауына алынған жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш болып табылады. Ғимараттың қабырғасына 2017 жылы «Мұстафа Шоқай 1899-1902 жыл­дары аралығында осы Перовск училищесі ғимаратында оқыды» делінген тақта орна­тыл­ды. Сонымен қатар «Қазақ­станның киелі жерлері географиясы» жобасы ая­сында «Өңірлік қасиетті нысан­дар» тізімі­не енгізіліп, QR-код тақтайшасы орнатыл­ған. Ғимарат Қызылорда қаласы­ның құрылуындағы ең алғашқы сәулет өнерінің үлгісі ретінде тарихи маңызын жоймақ емес», – деп мәлімдеді бұл жайында бас­қарманың баспасөз қызметі. 

Жалпы, тарихи нысанның іргетасы бетоннан құйылып, төбесі шатырмен жабылған. Ғимараттың қасбеті қазақы ою-өрнекпен көмкеріліп, күйдірілген қыш кірпішпен өрілген. Еденіне бетон және плита төселген. 

Қалай дегенде де өткен кезеңнің өшпес ізін қалыптастырған тарихи нысанның әлі де жекенің қолында тұрғаны Сыр жұртшы­лығын алаңдатып отыр. Оның қашан мем­лекет меншігіне қайтарылатыны әзір­ге беймәлім күйде қалып тұр. 

Халық тарапынан тарихи орын жеке­ден қайтарылып, қилы кезеңнен сыр тар­татын мұражайға айналса деген ұсыныс-тілектерін айтып жүр. Ал жағдай осылай жал­ғаса берсе, өткен тарихымызды өшіріп, құнды жәдігерлерімізді құрдымға жіберіп алуға деген қорқыныш басым. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы