Сонда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ел чемпионатының жеңімпаздарын салтанатты түрде құттықтап, «Бұл – біздің қаламыз үшін маңызды жеңіс. Сіздерді тарихи жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Осы жеңістің арқасында Чемпиондар лигасының іріктеу ойындарына жолдама алып отырмыз», – деп қуанышты жүрекжарды тілегін білдірген-ді. Өкінішке қарай, шымкенттіктер былтыр қатты қуанып қойған секілді. Биыл «Ордабасы» футбол клубы бірқатар сәтсіздікке ұшырады.
Қала басшысы Ғабит Әбдімәжитұлы былтыр «Ордабасы» командасының әр ойынында стадионымыз жанкүйерге толды. Бұл – қала тұрғындарының футболға деген қызығушылығы артқанының белгісі. Осы жеңіске жанкүйерлеріміздің осылай қолдау көрсетуінің арқасында жеткенімізді атап өту қажет», – деп «Ордабасы» ойыншыларына шабыт берген болатын. Биыл керісінше қайта-қайта жеңіліске ұшыраған команда ойыншылары жанкүйерлердің қытығына тиді ме, стадионда адам азайып кетті. Осылайша, Шымкент қаласының мәртебесі мен мерейін асырады деп сенген команда үмітті ақтамады.
Чемпиондар лигасының іріктеу ойындарына жолдама алған команда ойыншылары шілде айында УЕФА Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде «Ордабасы» клубы екі матчта да бір гол соға алмай, ұятқа қалды. Олардың алғашқы қарсыласы Молдованың «Петрокуб» командасы болған. Шымкенттегі алғашқы ойын 0:0 есебімен аяқталып, қарымта кездесуде молдовалықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, қос матчтың қорытындысы бойынша «Петрокуб» екінші айналымға өтті. Ал «Ордабасы» ойынын Конференция лигасында жалғастырды. Айта кетейік, осы кезде елімізде «Ордабасы» командасының жеңілісіне қатысты түрлі пікірталас болып жатты. Молдова клубының жанкүйерлері бірінші матчтан кейін-ақ «Ордабасының» Қазақстан чемпионы екеніне күмәнмен қарағанын, шымкенттік команданың бюджеті де қарсыласынан бірнеше есеге көп екенін, клуб ойыншыларының шымкенттік 1,5 млн жанкүйердің үмітін ақтай алмағаны жөнінде наразылықтар болды.
Қазақта «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» деген сөз тура «Ордабасы» футбол командасына айтылғандай. «Ордабасы» футболшылары тамыз айында УЕФА Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Арменияның «Пюник» командасынан қарсы қарымта кездесуде жеңіліп қалды. Осылайша, команда еурокубок маусымын аяқтады.
Жеңіліс мұнымен біткен жоқ, қыркүйек айында футболдан Қазақстан премьер-лигасының 21-тур ойындары кезінде «Ордабасы» өз алаңында «Астанаға» есе жіберді. Елордалық клубтан 4:2 есебімен ұтылды. Қазан айында өткен турнир де шымкенттік команданың айын оңынан тудырған жоқ. «Ордабасы» тағы да өз алаңында ҚПЛ аутсайдері «Жеңістен» жеңіліп қалды.
Футболдан ел чемпионы биыл бұл атағын сақтап қала алмай қалды. Есесіне қала әкімдігі Ордабасыға бөлінетін қаржының азаятынын айтты. Былтыр бөлінген 5,3 млрд теңге клубты тығырықтан шығарып алу үшін қарастырылғанын атап өткен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков: «Биыл біршама бюджет қарастырдық. Олардың біразы бұрынғы «Ордабасы» басшылығы түзеп кеткен келісімшарттарды жабуға, ойыншылардың жалақысына жұмсалды. Әр келісімшарт үлкен нарықтағы басқа клубтардың алатын айлықтарынан жоғары деңгейде түзетілген», – деді. «Ордабасы» клубы бірқатар айлығы жоғары ойыншылармен қош айтысқан. Олардың саны жыл соңына дейін 16-ға жетті. «Ордабасы» футбол клубының жаңадан келген басшысы Асхат Сейсембек те ойыншыларының жоғары жалақысы таңдандырғанын жасырмады. Енді бюджетінің қысқарғанына қарамастан чемпионаттықтан үмітіміз мол деп отыр. «Команданың келесі жылға жоспары анық. Біз бәсекеге қабілетті команда жасақтап, еурокубокта ел намысын абыроймен қорғап, өз жанкүйерлерімізді қуанту үшін қолдан келгеннің барлығын жасайтын боламыз», – деді клуб басшысы.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы