Биыл қант қызылшасын қабылдау шаруаларды алаңдатқан мәселеге айналды. Өнімнің мол шығуы шаруаларды ғана емес, шенділердің өзін састырды.
Қызылша қарызы қашан қайтады?
712
оқылды

Билік басындағылар мұндай көлемдегі өнімді күтпесе керек, зауыттардың қуатты күшінен жаңылып, тіпті қырғыз ағайындарды жағалап кетті. Міне, осы қызылша жинау науқанының басталғанынан бері екі ай өтті. Не өзгеріп, не оңалды? Шаруалардың жанайқайы шенділердің құлағына жетті ме?

Жамбыл облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасының бас­шысы Қайрат Көшеновтің сөзіне сүйен­сек, өңірлік қазынадан қаралатын 3 млрд теңге қант қызылшасын зауыт­тар­ға өткізген 70-75 шаруашылыққа суб­сидия ретінде төленетін болыпты. Ал субсидия өтінімдері ақпараттық жүйе арқылы жүргізіледі. Яғни, шаруа­лар кезекке қалай тұрды, субсидия сол кес­темен берілмек. 

– 3 млрдқа дейін 400 млн теңге және одан кейін 172 млн теңге бөлінген бола­тын. Нәтижесінде, бас-аяғы қант қы­зыл­­шасы субсидиясын төлеуге 3,5 млрд тең­геден астам қаржы бөлініп отыр. Бұл ша­ралардың барлығы шаруаларға қол­дау көрсетіп, қант қызылшасын барын­ша кәдеге жарату бағытында қолға алыну-да, – дейді облыстық ауыл ша­р­уа­­­­­шылығы басқармасының бас­шы­сы Қайрат Көшенов.

Жамбыл облысы әкімінің орын­ба­са­ры Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, бұл қаржыға шарулар алдындағы қарыз­ды толықтай өтей алмайды екенбіз.Сон­­дықтан Үкіметтен бөлінеді делінген ақ­­шаға үлкен үміт артылуда. 

– Облыстық қазынадан қаралатын қаржы Ақсу және Меркі қант зауыт­тары­нан беріледі. Ақсу тарапына 1 млрд теңге белгіленсе, Меркіге 2,4 млрд тең­ге бөлінеді. Үкіметтен тағы 8-9 млрд тең­­ге күтіп отырмыз. Желтоқсан айы­ның алғашқы онкүндігінде беріледі де­­ген хабар бар. Сол қаржы бөлінсе биыл­­ғы қызылшаның қарызының бәрі жа­былады.

Біздің есебіміз бойынша желтоқ­сан айы­ның аяғына дейін өн­і­мін өткізеді де­ген шаруаларға қары­зы­мыз 12-12,5 млрд теңге болады деп жос­­­пар­лануда. Со­­ның әзірге 3,5 млрд теңгесі ға­на жа­бы­лады, – дейді облыс әкімінің орын­ба­сары.

Демек, Үкіметтен қаржы қаралмаса, шаруалар алдындағы қарыздан құтыла алмасымыз анық.Оған қоса, ол қаржы­ның өзі желтоқсан айының аяғына дейін қабылданатын тәтті түбірге есеп­тел­генін ескерсек, одан кейін қабыл­данған қызылшаға тағы қарыз болғалы тұрмыз. Бұл – санаға салмақ салатын мәселе. 

Қанша қызылша қабылданды? Қы­зылшаның қар астында қалмауы үшін қан­дай шаралар атқарылуда? 

– Желтоқсан айының 15-іне дейін күн жылы болады деп күтілген. Әзірге об­­лыстағы қант қызылшасының 78,5 пайызы жиналды. Яғни, 8 284 гектардың өнімі терілді. Енді қалып отырғаны – 2642 гектар. Екі қант зауытының қа­был­­дағаны – 331 мың тонна. Оның ішін­де, Меркі қант зауыты – 302 мың тон­на, Ақсу қант зауыты – 29 мың тон­на қабылдады. Жалпы, Меркі қант зауы­ты 450 мың тонна қабылдайды деп кү­тіп отырмыз. Қалғаны Ақсу қант зауы­тына жөнелтіледі. 

Қазір шаруаларға қызылшаны қар­дың астында қалдырмай, егістіктің ше­тіне жинап қоя беріңдер деп жатыр­мыз. Одан кейін қар жауады, мұз бола­ды, өнім­ді міндетті түрде тасып біті­ре­міз. Шу, Жуалы, Талас аудандарында ша­ма­мен қызылша өнімі жиналып біт­ті. Ал Жам­был ауданында бұл көрсет­кіш 83 пайыз, Меркі ауданы 75 пайызға жетті, – дейді облыс әкімінің орынба­сары. 

Әбілхайыр Тамабектің пікірінше, әлі жиналмаған 2 642 гектардың бар­лы­ғы жарамды деуге де келмейді екен. Ара­сында өнбей қалғандары да бар кө­р­інеді. Мысалы, «Арас» шаруа қожа­лы­ғындағы Мақсұт Несіпбаевтың 400 гек­тарға егілген қызылшасы сәбіздің кө­леміндей ғана болып өніпті. Сол се­беп­ті жергілікті билік өкілдері 1 жел­тоқ­саннан бастап шаруалармен бірге қал­ған егістіктерді аралап шықпақ. Сол сәт­те қанша өнім тасуға келетіні, ал қан­шауы жарамсыз екені нақты айтыл­мақ. 

Жамбылдық шаруалар жанайқайын білдіргенде, билік басындағылар Меркі қант зауыты маңынан екі қосымша алаң ашып берген болатын. Алайда бұл кезек мәселесін шешті дей алмаймыз. Себебі тәтті түбірді қабылдайтын машинаның саны алтау ғана. Сондықтан мамандар ке­зек қысқармайтынын ашып айтуда. Ақсу қант зауытында да кезек ұзындығы 8 шақырымға дейін жетеді екен. Зауыт­тың күнделікті өндіру қуаты 2 200 тонна бол­са, ал кіріп жатқан өнім 6 мың тон­на­ны құраса, кезектен құтылу мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті шығар.

Қош, биыл ары тарт та бері тартпен әй­теуір бұл қиындықты да еңсерерміз. Ал келер жылы қайтпекпіз? Жылда бар­мақ тістеп, сан соғып отырмаймыз ба?

– Келесі жылы Жамбыл облы­сын­да­ғы екі қант зауытын модернизациядан өт­кізу күтілуде. Меркі қант зауыты Қа­зақ­стан даму банкінен 16 млрд теңге не­сие сұрап отыр. Егер осы қаржы бе­ріл­се, келесі жылы зауыт қуатын 500 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік тумақ. 

Ал Тараз қант зауытының басшы­лы­ғы қызылшаға 2026 жылы ғана өтеміз деп отыр. Бірақ біз бұған келіспедік. Қа­зір зауыт құрылымын өзгертіп жатыр. Осы 10 айдың ішінде ол зауыт қы­зыл­ша­ға қосылатын болса, келесі жылы 15-16 мың гектар қызылша егуге бо­ла­ды. Егер олар бас тартатын жағдайда, он­да қызылшаны 7 мың гектардың ай­наласында егу жоспарлануда, – дейді об­лысы әкімінің орынбасары Әбіл­хайыр Тамабек.

Иә, билікке сұранысқа қарай өнім егу қағидасы енді жеткен­дей. Зауыт­тар­дың қуаттылығын зерде­леп барып, қан­ша гектарға қант қызыл­шасын егуді жос­парламақ. Бұл – қос қолдап қол­дай­тын жүйе. 

Әбілхайыр Ғалымұлының айтуын­ша, Жамбыл облысы 2023 жылы әртүрлі бағ­дарлама бойынша берілетін суб­си­дияға 12 млрд теңге қарыз болып шық­қан. Биыл бюджеттен сол қарыздар жа­былған. Ал бұрыннан келе жатқан ин­вест субсидияға 8 млрд теңге, пайыз­дық ставкаға 2,2 млрд, тыңайтқышқа 2,4 млрд теңге қарызымыз бар. Бұл бе­ре­шектің орны қалай өтелері әзірге белгісіз. Бір анығы биыл төленбейді. Осылайша, қарыз жылдан-жылға бір-біріне жамалып келеді. Былтыр Үкімет еліміз бойынша субсидияға 90 млрд тең­ге қарыз болса, биыл сол қарыз 314 млрд теңгеге жеткен. Яғни, үш есе кө­бейіп кетіп отыр. Сондықтан өзгеге көз тігіп, үміт артуымыз да бос бекершілік бо­лып қалуы мүмкін. Сол себепті сұлу ста­тистиканы қумай, көрпемізге қарай кө­сілейік. Әйтпесе, ертең шаруалардың қа­рызы қайтпай, арты тағы дауға ұласуы бек мүмкін.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы