Неге төмен теңгенің тегеуріні?

Биыл қараша айында теңге бағамы доллармен салыс­тырғанда 5%-ға әлсіреді. Сонымен қатар Қазақстан қор биржасындағы (KASE) шетелдік валютаның сауда көлемі де азайды.

Теңгеге қысымды азайту мақсатында Ұлттық банк 2,4 млрд АҚШ доллары көлемінде шетел валютасын сатқан болатын. Ал Желтоқсан айында бюджет трансферттерінен тыс ірі интервенция­лар немесе сатып алулар болмайды деп болжануда. Сондықтан отандық сарапшылар алдағы уақытта теңге бағамы тұрақталады деген долбар жасап отыр. Валюта нарығындағы дүрбелеңнің себебі мен оның инфляция­ға және тұтыну тауарларының бағасына әсері туралы тәуелсіз экономистер пікірін оқырман назарына ұсынамыз.

 

Мақсат ХАЛЫҚ,

экономист:

Инфляцияға әсер етпей қоймайды

Валюта нарығында шынында да дүрбелең болып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, нарық ойыншылары, яғни спекулянттар да ара­ласып, тұрақсыздық орнады десе де болады. Баға 2-3 есеге дейін өсуі мүмкін деп дақпырт ақпарат таратып жатқандар да кездеседі. Сондықтан сарапшы ретінде азаматтарға асығыс шешім қабылдап, АҚШ долларын сатып алудың қажеттілігі жоқ деп кеңес айтар едім. Өйткені қолдан тапшылық орнатуға тырысатындар жетерлік. Себебі Ұлттық банк бекіткен бағам бойынша емес, өте жоғары спекулятивті бағада сатылатынын атап өткім келеді. 

Бұл жағдай – уақытша үдеріс. Ал оның негізгі себебі – ресейлік рубльдің қатты құнсыздануы. Оған дейін де теңгеміз әлсіреуі керек болып тұрған еді. Өйткені АҚШ долларына шаққандағы теңге бағамы 500 болған күннің өзінде бұл мемлекеттің араласуымен сақталып тұрды. Соңғы 2 жылда Ұлттық қордан жыл сайын 10 млрд АҚШ долларынан астам қаражатты аударып отырдық. Нарықта тапшы шетелдік валютаны осындай жолмен жеткізіп отырдық. Биыл жыл басында ғана Ұлттық қор аударым­дарының 70 пайызы жұмсалып кетті. Ай сайын 800 млн АҚШ долларына тең аударым жасалып отырды. Әрине, ол ақша ішкі нарықта теңгені сатып алуға жұмсалады. Осылайша, ұлттық валютамыз қолдан нығайтылды деп айтуға болады. 

Жаз басында бұл көрсеткіш бірден екі есеге, яғни 400 млн АҚШ долларына дейін азайып кетті. Валюта нарығында бұл бірден сезілгені белгілі. Өйткені сол кезде 10 па­йызға бірден құнсызданған болатын. Сол үдерістерден кейін ҚР ҰБ Қазатомпром ацияларын сатып аламыз деп Ұлттық қор­дан тағы да ақша аударған. Ал тамыз айынан бері жасалып жатқан интервенцияларды бәріміз де көріп-біліп отырмыз. Бұл Ұлттық банктің Алтын-резерв қорындағы доллар­ларды сату арқылы нарыққа тікелей араласуы болып табылады. Әрине, оны төмен бағамен сатады. Осы жағдайдың барлығы рубль құнсыздана бастағанда бетке шығып отыр. Сондықтан ұлттық валютамыз бірден құнын жоғалтып жатқанын көріп отырмыз. Нарық ойыншылары да, халық та осындай жайттың болуын күткен еді.

Бірақ бұл үдерістер әрине, уақытша, алдағы уақытта жағдай тұрақталады деп сенеміз. Жыл соңында отандық ірі ұлттық компаниялар, яғни экспорттаушылар мемлекеттік салық төлемдерін жасайды. Олар шетелдік валюта арқылы пайда тапқанымен, соны теңгеге айырбастау арқылы ғана бюджетке салық төлеуі керек. Сол белгілі бір деңгейде теңгеге тұрақтылық алып келеді деген ойдамын. Яғни, жаңа жылдың бірінші тоқсанынан бастап теңге қайта күш алады. 

Негізінде, Ұлттық банк теңгені еркін айналымға жіберген соң валюталық интервенциялар жасамау керек. Бұл терминнің өзі нарыққа араласу дегенді білдіреді, нарық заңдылықтарына сәйкес баға сұраныс пен ұсыныс нәтижесінде қойылуы керек болатын. Бірақ өкінішке қарай, бізде олай болмай тұр. Дегенмен әу баста-ақ біз еркін айналымға жі­бергенімен, нарыққа интервенция жасау арқылы араласып тұрамыз деп мәлімдеген еді. 

Бұл үрдістің барлығы инфляцияға әсер етпей қоймайды. Мысалы, статистика бо­йынша егер ұлттық валюта 10 пайызға құнсызданса, инфляция 3 пайызға көтеріледі. Қазір теңге біршама құнсызданып кетті. Сондықтан мұның барлығы импорттық тауарлардың қымбаттауына алып келеді. Әсіресе, тұрмыстық техника мен тұрмыстық химия өнімдері, кәсіпкерлер үшін құ­рылғылардың құнын өсіреді. Кейбір отандық өндірушілердің өзі Қазақстанда шығарылады дегенмен, шикізатты шетелден алып келеді. Шетелдік валюта өссе, олардың да бағасы қымбаттайды. Импорттық тауар­лардан тыс кәсіпкерлер арасында қара бас қамын ойлап та бағаны орынсыз көтеретіндер кездесіп жатады.

 

Бауыржан ЫСҚАҚОВ,

экономист:

Мемлекет жағдайды бақылауда ұстап отыр

Отандық валюта нарығындағы ахуалға сыртқы және ішкі факторлардың әсері бар. Сыртқы факторға келер болсақ, ең біріншіден, АҚШ долларының әлемдік нарықтағы нығаюы. Мысалы, қыркүйектен бастап АҚШ долларын дамушы және дамыған елдердің валютасына қатысты позициясы күшейді. Әртүрлі индекстерге байланысты бұл валютаның құны 5,5 пайызға артып көтерілгені белгілі. Одан кейінгі валюта нарығындағы дүрбелеңге мұнай бағасының төмендеуі, әлемдік сұраныстың баяулауы әсер етіп отыр.

Оған ОПЕК+ ұйымына мүше елдердің мұнай бағасының барреліне 72 АҚШ долларына дейін төмендетуі әсер етіп отыр. Үшіншісі, ол – геосаяси факторлар. Мысалы, көршілес Ресей рублі 18 пайызға дейін төмендеді. Ішкі нарықта экономикалық белсенділіктің төмендеуі шетел валютасына деген сұраныстың арттырды. Сонымен қатар бюджет шығыстарының өсуі мен квазимемлекеттік сектордағы инфра­құрылымдық және инвестициялық жобаларға деген шығындарының ұлғаюы да әсер етіп отыр. Еліміздегі валюта ұсынысының шектелуінің де белгілі бір деңгейде ықпалы болғанын көреміз. Өйткені бұл өз кезегінде инвестициялық климатқа кері әсерін тигізіп, инфляциялық қысымның көбеюіне жағдай жасап отыр. Одан бөлек, спе­ку­лятивтік мәмілелердің де көбеюін жоққа шығара алмаймыз. Яғни, «доллардың бағасы қымбаттайды» деген жалған ақпа­раттың өзі де әртүрлі айырбас бағамындағы тұрақсыздықтың туындауына жағдай жасайды. Осындай факторлар теңгенің әлсіреуіне әкеліп отыр. Осыған байланысты Ұлттық банк квазимемлекеттік сектордағы субъектілердің валюталық түсімдерінің 50 пайызын міндетті түрде сатуды жоспарлап отыр. Бұл Ұлттық валютаның нығаюына әсер етеді деп ойлаймын.

Қазіргі жағдайдың тұрақтануына да сырты және ішкі факторлар әсер етеді. Бірінші кезекте, Қазақстан экономикасы да мұнай экспортына тәуелді болғандықтан, мұнай бағасы өссе, теңгенің нығаюына да ықпал етеді. Дегенмен мұнай бағасы тө­мен­демегені тиімді. Геосаяси ахуал тұрақтап, көршілес елдерге деген қысым азайса, еліміздің сыртқы саудасын арттырып, валюта нарығын да тұрақтандырар еді. Сонымен қатар АҚШ-тың ФРЖ пайыздық мөлшерлемені төмендетер болса, бұл біз секілді дамушы елдердің ұлттық валюта­ла­рына тиімді болмақ. 

Өз отанымызға оралар болсақ, жоғарыда айтып өткенімдей, квазимемлекеттік субъек­тілердің валюталық түсімдерін сату міндетті түрде жүзеге асырылса, инфля­циямен күрес тиімді жолға қойылып, экономиканы әртараптандыруға жол ашылса, нарықтағы теңгенің құны біршама тұрақтанар еді. Бұл өз кезегінде елімізге келетін инвестициялық түсімдердің артуы мен сауда-серіктестік байланыстардың қалыптасуына жағдай жасамақ.

Біздің жағдайда Ұлттық банк үшін нарықта валюталық интервенция жасауға қажеттілік туындады деп ойлаймын. Бірінші кезекте, валюта бағамының тұрақтылығын сақтау қажет. Бұл үшін соңғы айда 1 млрд АҚШ долларына тең валюталық интервенция жасалғаны баршаға мәлім. Қаржы реттеуші осы арқылы экономикадағы тұрақтылықты сақтап қалуға мүмкіндік алды. Әрі мұнай бағасының кенеттен төмендеуі секілді әр­түрлі геосаяси, қаржылық шоктарды алдын алу арқылы инфляциямен күресті ұзартты. Сонымен қатар бұл ұлттық валютаға деген сенімділікті арттыруды көздейді. Өйткені ҰБ интервенция жүргізу арқылы нарыққа «мемлекет жағдайды өз бақылауында ұстап отыр» деген сигнал береді. Оның қауіпті тұсы – ұзақ мерзім бойы интервенция жасау. Бұл Ұлттық қордың қаражатын кемітіп, резервтердің азаюына, инфляциялық қысымның артуына, нарық механизмдерінің бұзылуына әкеп соқтырады.

Ұлттық банк мұндай жағдайда азық-түлік тауарларының бағасына әртүрлі жолдармен әсер етуге тырысады. Біріншіден, ұлттық валютаның тұрақтылығын сақтау, мүмкін қысқа мерзімде интервенция жасау қысқа мерзім ішінде импорттық тауарлардың арзандауына және экспортттық тауарлардың қымбаттауына, осылайша бағаны тұрақтандыру амалын іске асырады.

 

Ғалымжан АЙТҚАЗИН,

Tengenomika каналының авторы:

Теңгені сыртқы қысымнан толық қорғай алмайды 

Теңге бағамының әлсіреуі – отандық экономика үшін объективті салдар. Жалпы, біздің ұлттық валюта теңгенің өзгермелі бағам режимінде жұмыс істейтіні және оның құны биржадағы сұраныс пен ұсыныс арқылы белгіленетіні бірнеше рет жария­ланды. Сондықтан да ҚР Ұлттық банкі инфляциялық таргеттеу қағидаттарын ұстана отырып, ұзақмерзімді үрдістерге тікелей әсер етпестен, керісінше валюта нарығындағы шектен тыс құбылулардың алдын алу мақсатында интервенция жасайды.

Біз теңгенің ағымдағы күрт әлсіреуі бірінші кезекте Ресей рублінің құлдырауынан туындағанын бірнеше рет мәлімдедік. АҚШ-тың соңғы санкциялары, соның ішінде Газпромбанкке қарсы шаралар, рубльге қысымды күшейтті, бұл валюта нарықтарында тізбекті реакция туғызды.

Мұндай жағдайда Ұлттық банктің ба­залық мөлшерлемесі (теңгедегі ақша құны) инфляцияны тежеу және шетел валютасына артық сұранысты шектеу үшін жұмада бір­ден 1 пайыздық тармаққа, яғни 15,25%-ға дейін көтерілді. Бірақ базалық мөл­шерлеменің тіпті жоғары деңгейі де не­гізгі серіктестің валютасы төмендеген кез­де теңгені сыртқы қысымнан толық қорғай алмайтыны анық.

Қазақстан мен Ресей экономикаларының өзара байланысы туралы бөлек еске салайық: отандық супермаркет сөрелеріндегі тауар­лардың көп бөлігі Ресейде өндіріледі, со­­ны­мен қатар аралық және инвестициялық тауарлардың импортына сұраныс сақталады.

Осы мәселелерді ескере отырып, тең­генің әлсіреуі – бұл нарықтың сыртқы өзгерістерге табиғи реакциясы деп есеп­теймін. Кейбір азаматтар айтқандай жағдай соншалықты «күрделі» емес екенін түсіну маңызды: курстың қазіргі ауытқуы уақыт өте келе тұрақтанатын шокпен байланысты.

Сонымен, Қазақстан экономикасы тұ­рақты, бірақ бұрынғыдай түбегейлі өз­ге­рістерді қажет етеді. Инвестициялық тартымдылықтың өсуі, экспорттың күрде­ленуі, бір ғана елге шектен тыс импорттық тәуелділікті азайту – бәрі де кезек күттір­мей­тін маңызды шара. Бұл шаралар бізге экономиканың осалдығын азайтуға кө­мек­теседі. Олар сондай-ақ валюта ба­ғамының сыртқы дағдарыстарға ұшырауын азайтады.

Дайындаған

Кәмила ЕРКІН