Ежелден қастер тұтып қадірлеген төрт түліктің төресі – жылқы. Өйткені әлемде тұңғыш рет қазақтың арғы ата-бабалары қолға үйреткен қылқұйрықты жануар көшпенділер тіршілігінің басты тірегі, һәм серігі де болған.
Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек!
330
оқылды

Қысы-жазы далада еркін жайылатын жылқы малының қиындыққа төзімділігі, еркіндікті сүйетіндігі тұтас қазақтың болмысымен астасып жатқандай. Дегенмен Қамбар ата түлігінің бүгінгі хал-ахуалы аса ойландырарлық. Теріскейдің сақылдаған саршұнақ аязына төтеп беретін, үйірін ит-құстан аман сақтайтын, жұмыр тұяғымен бетегелі боз даладағы жалтыр мұзды күтірлете сындырып, тебіндеп жүре беретін жылқының тұқымы құрып бара жатқаны алаңдатады... 

Олай деуге себеп те жоқ емес. Өткен жылғы Қазақстанның теріскей, ор­талық және шығыс облыстарындағы жұт кезінде жылқының қынадай қырылуының та­ғы бір себебі де осы – жылқы тұқымының тым нәзіктеніп бара жатқанын айғақтап бер­­се керек. Кейінгі жылдары келеңсіз кө­­рініс жылда қайталанатын болды. Жыл­қы түлігі қы­сы-жазы далада жайыла­тын­­дық­тан мал ұстайтын  ауылдағы жұрт жем­­­­шөбін қорасындағы қойы мен бес-алты ірі қарасына шақтап жинайды. Ал қыс­ты далада өз аяғымен өткізетін жылқы­ға шөп әзірлеу есте де болмайды. Не­гі­зінен, соғымға жылқы соятын қазақ үшін жылқының тауарлық өтімділігі де жоғары. Жемшөпті аса іздемей, далада бағыла­тын­дық­тан өзіндік құны да төмен. 

Дегенмен терісі қалың, тұяғы жұмыр, еті мен қымызы мол, қатты аяз бен суыққа тө­зімді, дене бітімі кесек, есік пен төрдей – таза жабы тұқымының қазір жартысы қалды ма екен? Ауылдағы ағайынның қазір қолын­дағы бағып отырған жылқының дене тұрқы  бұрнағы кезбен салыстырғанда да тым кішірейіп ұсақталып кеткені бай­қа­лады. Жылқымен етене жақын, жай-жап­сарын жақсы білетіндер қазақы ауыл­дарда, тіпті айғырлардың ауыстырыл­мауы­ның сал­дары­нан қазақы жылқылардың тұқымы азайып, ал қолда бары селекция­лық жұ­мыс­тардың жүрмеуінен бойында бар қадір-қасиеттерін жоғалтып бара жат­қанын айтады. 

Өткен тарихқа бір сәт үңілсек. Тек Ақ­мола облысының өзінде бірнеше жылқы зауы­тының, сондай-ақ Атбасар, Қоянды сияқ­ты ірі жәрмеңкелердің болғаны ақи­қат. Сондықтан Қырым мен Қы­тай­дан келген саудагерлермен бірге жыл­қы тұ­қымының қан алмасуы болатыны да анық. Сондай-ақ кешегі Кеңес заманында Қа­зақ даласында пайда болған да ондаған жылқы зауыттарында небір мықты жылқы тұқым­дарының пайда болғаны да рас. Бірақ көзден бұл-бұл ұшқан бұл жылқы зауыт­тарынан қазір тек Қостанайдағы «Қа­зақ тұлпары» жылқы зауытының ғана ды­бысы естіледі. Өзгесі құрып кеткелі қашан. Сал­дарынан, отандық жылқы тұқымының азып, селекция және генетикалық дамыту­дың кенжелеп, етті-сүтті жылқы да, бәйге жыл­қыларынан да әлем елдерінде көштің соңында қалғанымыз рас. 

Мұны жылқытанушы ғалымдар да рас­тап отыр. Олардың айтқан деректеріне жү­гінсек, елімізде қазіргі күні 4 миллиондай жылқы болса, соның тек 40 мыңы ғана асыл­тұқымды саналады. Яғни, іс жүзінде бір пайызға да жетпейді. Жылқының түгелге жуығы – жекеменшіктің қолында. Сондықтан оны асылдандыру, яки асыл­дандырмау жекеменшік шаруашы­лық­тар­дың өз еркіне берілген. Бұл орайда қолда бар жылқы малының тұқымын асылдан­дыру­да қолға алынуға тиіс жұмыс шаш етек­тен. Жылқытанушы ғалым Қайрат Ис­хан елдегі жылқы малын асылдандыруға қа­тыс­ты түйткілді бірнеше мәселені атады. 

– Иә, еліміздегі жылқыны асылдандыру мә­селесі тым кенжелеп кеткені рас. Тоқса­нын­шы жылдардағы тоқырау кезінде Кеңес­тер заманынан қалған жылқы зауыт­тары түгелдей тарап, тек Қостанай жылқы зауыты ғана аман қалды. Оның өзінде қазір бар-жоғы жүз бастай ғана жылқы қалғанын есті­дім. Жылқы тұқымын селекциялау, ге­не­тикасын анықтау, қазақтың жабы, кө­шім, мұғалжар, Қостанай және адай сияқ­ты қолда бар қазақы тұқымдарды көбейту ғы­лым мен өндірістің бір-бірімен тығыз бай­ланыста болуын қажет етеді. Қазір елі­мізде барлығы 4 миллион бас жылқы болса, со­ның тек 40 мыңы ғана асылтұқымды са­­­налады. Мұны көбейту керек. Ақтөбеде тә­жірибелік бекет базасында жаңадан жылқы институты құрылып жатыр. Қуана құп­таймын. Өте дұрыс әрі уақытында жа­сал­ған тірлік. Мұнда селекциялық, техно­ло­гиялық және азықтандыру бағытында жұ­мыстар жүргізіледі. Яғни, қазақ жылқы­ла­рының да басқа ағылшын, араб жылқы­лары сияқты көштен қалмайтын тұқымын қалыптастыру мәселесімен айналысады. Бір­ақ өкінішке қарай, қазір маман тапшы­лы­ғы бұл саланы да айналмай өтпеді. Қазір елімізде жылқы тақырыбын қорғаған 35 қа­на ғылым кандидаттары бар. Бірақ нақ­ты мамандар қасқалдақтың қанынан қат. Сондай-ақ жылқыны селекциядан өткізіп, тұқымын жақсарта алатын ғалымдар қар­тайып барады. Ең кәрісінің жасы қазір 86-дан асқан. Ең жасы – 46-да. Яғни, орта есеппен 75-ке келіп қалған адамдар. Жеке институт болып қаланып, ол әрі қарай іске асу үшін ең бірінші маман мәселесін шешу керек. Сондай-ақ оқу орындарында бұрын­ғы зоотехник мамандар оқытылға­ны­мен олардың баратын жері де жоқ. Сол үшін мемлекеттік жылқы зауыты ашылғаны жөн болар еді. Осыған дейін асылдандыру инс­пекторлары болатын. Қазір бұл мамандық мүлдем құрып кетті. Жылқы тұқымын асыл­дандыруға субсидия мәселесі де ше­шілмеген. Мәселен, шаруашылық айғыр сатып алса, жергілікті әкімдік арқылы 100 мың теңге субсидия ала алады. Бірақ жаба­ғысының құны 500 мың, айғыры 1 мил­лион теңгеден астам қаражат тұратын асыл­­­­тұ­қым­ды жылқыны сатып алуға көп шаруа­шы­лықтың қаржылық жағдайы кө­тер­мейді. Осындай түйткілді мәселе көп, – дейді жылқытанушы ғалым Қайрат Исхан. 

Мемлекет басшысының бастамасы­мен құрылған Жылқы институ­тын­да­ғы­лар да жылқы басын асылдандыру, ма­мандар тартуға баса назар аудары­ла­ты­нын айтады. 

– Жылқы шаруашылығы институты ашылды. Енді саладағы жұмыс қызуға тиіс. Келер жылдан бастап ғылыми зерттеу жұ­мыстары басталады. Қазақ даласында қан­дай жылқы бар? Қандай тұқым қалды? Олар­ды қалай асылдандыра аламыз? Өнді­ріс­ті ғылыммен байланыстырмай көтере ал­маймыз. Сондықтан салада қандай ға­лымдарымыз бар, соларды пайдаланып, ба­сын қосып, қолда бар жылқыларды да­мы­тып, оларды болашаққа шетелге шығара алу мақсаты бар, – дейді Қазақ жылқы шаруа­­шылығы және жемшөп өндіру ғы­лыми-зерттеу институтының басқарма тө­ра­ғасы Әлібек Базарғалиев БАҚ өкілде­рі­не берген жауабында. 

Институт құрылғанымен, жылқының ба­бын білетін мамандар мүлдем тапшы болып шықты. Яғни, еліміздегі аграрлық уни­верситеттерде мал шаруашылығы сала­сындағы мамандықтар оқытылғанымен Жыл­қытану кафедрасы мүлдем жоқ. Мұ­ны­мен қоса, елде осыған дейін ондап са­на­­латын жылқы зауыты жоққа тән. Тек жал­ғыз 135 жылдық көне тарихы бар Қос­танай жылқы зауыты ғана бар. Оның өзі мемлекеттің көмегі болмаса, жағдайы шат­қаяқтап қалған. Қаржыландыруы тө­мен болғандықтан тұқымы азайып кеткен. Қа­зір бар жоғы 90 жылқы болса, соның небәрі 77-сі – асылтұқымды. 

– Жаны ашығандықтан ғана қаншама ма­ман тұқымды сақтап қалу үшін жанын са­лып жүр. Жұмысшылар бес айдан жала­қы төленбей енді ғана беріліп жатыр. Сон­да да шыдады. Қораларға жөндеу қажет. Мамандарымыз тапшы. Ғылыми жұмыстар жүргізуге ақша керек. Жақында бұл мәсе­леге Президент назары ауған соң үмітіміз оян­ды, – дейді «Қазақ тұлпары» ЖШС зоо­тех­нигі Виталий Гофман. 

Жылқының еті мен қымызын өндіріп отыр­ған шаруалар да бірқатар шешілуге тиіс өзекті мәселелердің шетін шығарды. Әсі­ресе, ұлттық тағам – жылқының қымы­зы еш бағдарламаға енгізілмегені жылқы шаруашылықтарын аса қатты алаңдатады. 

– Жылқы бағатын шаруашылықтардың шымбайына бататын мәселелер жетерлік. Ең алдымен жылқы бағатын жылқышылар жоқ. Астанада басқа да қалаларда арнайы мамандар даярлайтын оқу орындары бол­са дұрыс болар еді. Екіншіден, жайылым жоқ. Астананың іргесіндегі ауылда жылқы баға­мыз. Айналаның бәрі егін. Сиырдың сүті, басқа да малдың сүтіне мемлекеттен кө­мек берілгенімен, қымыз ешқандай бағ­дарламаға енгізілмеген. Жылқы шаруа­шы­лығын өзіміздің қанымызда болған ата кә­сіп болғандықтан қолдан келгенше істеп жа­тырмыз. Бірақ мемлекеттің ұлттық өнім­ге жақындап, бағдарламаға енгізіп қол­дау білдіргені ауадай қажет болып отыр, – дейді кәсіпкер Нұржамал Бақытова. 

 

P.S. 

Жалғыз жылқы шаруашылығы институты еңсеріп кете алмасы анық. Сондықтан қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, заңнамалық тұрғыдан да, мамандар даярлау және өндіріс пен ғылымды байланыстыру мәселесінде де түйткілдерді бір арнаға тоғыстырмай, түйін тарқатылмайтын сияқты. Бұл орайда құзырлы сала өкілдеріне артылар жүк аса ауыр. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы