Қысы-жазы далада еркін жайылатын жылқы малының қиындыққа төзімділігі, еркіндікті сүйетіндігі тұтас қазақтың болмысымен астасып жатқандай. Дегенмен Қамбар ата түлігінің бүгінгі хал-ахуалы аса ойландырарлық. Теріскейдің сақылдаған саршұнақ аязына төтеп беретін, үйірін ит-құстан аман сақтайтын, жұмыр тұяғымен бетегелі боз даладағы жалтыр мұзды күтірлете сындырып, тебіндеп жүре беретін жылқының тұқымы құрып бара жатқаны алаңдатады...
Олай деуге себеп те жоқ емес. Өткен жылғы Қазақстанның теріскей, орталық және шығыс облыстарындағы жұт кезінде жылқының қынадай қырылуының тағы бір себебі де осы – жылқы тұқымының тым нәзіктеніп бара жатқанын айғақтап берсе керек. Кейінгі жылдары келеңсіз көрініс жылда қайталанатын болды. Жылқы түлігі қысы-жазы далада жайылатындықтан мал ұстайтын ауылдағы жұрт жемшөбін қорасындағы қойы мен бес-алты ірі қарасына шақтап жинайды. Ал қысты далада өз аяғымен өткізетін жылқыға шөп әзірлеу есте де болмайды. Негізінен, соғымға жылқы соятын қазақ үшін жылқының тауарлық өтімділігі де жоғары. Жемшөпті аса іздемей, далада бағылатындықтан өзіндік құны да төмен.
Дегенмен терісі қалың, тұяғы жұмыр, еті мен қымызы мол, қатты аяз бен суыққа төзімді, дене бітімі кесек, есік пен төрдей – таза жабы тұқымының қазір жартысы қалды ма екен? Ауылдағы ағайынның қазір қолындағы бағып отырған жылқының дене тұрқы бұрнағы кезбен салыстырғанда да тым кішірейіп ұсақталып кеткені байқалады. Жылқымен етене жақын, жай-жапсарын жақсы білетіндер қазақы ауылдарда, тіпті айғырлардың ауыстырылмауының салдарынан қазақы жылқылардың тұқымы азайып, ал қолда бары селекциялық жұмыстардың жүрмеуінен бойында бар қадір-қасиеттерін жоғалтып бара жатқанын айтады.
Өткен тарихқа бір сәт үңілсек. Тек Ақмола облысының өзінде бірнеше жылқы зауытының, сондай-ақ Атбасар, Қоянды сияқты ірі жәрмеңкелердің болғаны ақиқат. Сондықтан Қырым мен Қытайдан келген саудагерлермен бірге жылқы тұқымының қан алмасуы болатыны да анық. Сондай-ақ кешегі Кеңес заманында Қазақ даласында пайда болған да ондаған жылқы зауыттарында небір мықты жылқы тұқымдарының пайда болғаны да рас. Бірақ көзден бұл-бұл ұшқан бұл жылқы зауыттарынан қазір тек Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының ғана дыбысы естіледі. Өзгесі құрып кеткелі қашан. Салдарынан, отандық жылқы тұқымының азып, селекция және генетикалық дамытудың кенжелеп, етті-сүтті жылқы да, бәйге жылқыларынан да әлем елдерінде көштің соңында қалғанымыз рас.
Мұны жылқытанушы ғалымдар да растап отыр. Олардың айтқан деректеріне жүгінсек, елімізде қазіргі күні 4 миллиондай жылқы болса, соның тек 40 мыңы ғана асылтұқымды саналады. Яғни, іс жүзінде бір пайызға да жетпейді. Жылқының түгелге жуығы – жекеменшіктің қолында. Сондықтан оны асылдандыру, яки асылдандырмау жекеменшік шаруашылықтардың өз еркіне берілген. Бұл орайда қолда бар жылқы малының тұқымын асылдандыруда қолға алынуға тиіс жұмыс шаш етектен. Жылқытанушы ғалым Қайрат Исхан елдегі жылқы малын асылдандыруға қатысты түйткілді бірнеше мәселені атады.
– Иә, еліміздегі жылқыны асылдандыру мәселесі тым кенжелеп кеткені рас. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде Кеңестер заманынан қалған жылқы зауыттары түгелдей тарап, тек Қостанай жылқы зауыты ғана аман қалды. Оның өзінде қазір бар-жоғы жүз бастай ғана жылқы қалғанын естідім. Жылқы тұқымын селекциялау, генетикасын анықтау, қазақтың жабы, көшім, мұғалжар, Қостанай және адай сияқты қолда бар қазақы тұқымдарды көбейту ғылым мен өндірістің бір-бірімен тығыз байланыста болуын қажет етеді. Қазір елімізде барлығы 4 миллион бас жылқы болса, соның тек 40 мыңы ғана асылтұқымды саналады. Мұны көбейту керек. Ақтөбеде тәжірибелік бекет базасында жаңадан жылқы институты құрылып жатыр. Қуана құптаймын. Өте дұрыс әрі уақытында жасалған тірлік. Мұнда селекциялық, технологиялық және азықтандыру бағытында жұмыстар жүргізіледі. Яғни, қазақ жылқыларының да басқа ағылшын, араб жылқылары сияқты көштен қалмайтын тұқымын қалыптастыру мәселесімен айналысады. Бірақ өкінішке қарай, қазір маман тапшылығы бұл саланы да айналмай өтпеді. Қазір елімізде жылқы тақырыбын қорғаған 35 қана ғылым кандидаттары бар. Бірақ нақты мамандар қасқалдақтың қанынан қат. Сондай-ақ жылқыны селекциядан өткізіп, тұқымын жақсарта алатын ғалымдар қартайып барады. Ең кәрісінің жасы қазір 86-дан асқан. Ең жасы – 46-да. Яғни, орта есеппен 75-ке келіп қалған адамдар. Жеке институт болып қаланып, ол әрі қарай іске асу үшін ең бірінші маман мәселесін шешу керек. Сондай-ақ оқу орындарында бұрынғы зоотехник мамандар оқытылғанымен олардың баратын жері де жоқ. Сол үшін мемлекеттік жылқы зауыты ашылғаны жөн болар еді. Осыған дейін асылдандыру инспекторлары болатын. Қазір бұл мамандық мүлдем құрып кетті. Жылқы тұқымын асылдандыруға субсидия мәселесі де шешілмеген. Мәселен, шаруашылық айғыр сатып алса, жергілікті әкімдік арқылы 100 мың теңге субсидия ала алады. Бірақ жабағысының құны 500 мың, айғыры 1 миллион теңгеден астам қаражат тұратын асылтұқымды жылқыны сатып алуға көп шаруашылықтың қаржылық жағдайы көтермейді. Осындай түйткілді мәселе көп, – дейді жылқытанушы ғалым Қайрат Исхан.
Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Жылқы институтындағылар да жылқы басын асылдандыру, мамандар тартуға баса назар аударылатынын айтады.
– Жылқы шаруашылығы институты ашылды. Енді саладағы жұмыс қызуға тиіс. Келер жылдан бастап ғылыми зерттеу жұмыстары басталады. Қазақ даласында қандай жылқы бар? Қандай тұқым қалды? Оларды қалай асылдандыра аламыз? Өндірісті ғылыммен байланыстырмай көтере алмаймыз. Сондықтан салада қандай ғалымдарымыз бар, соларды пайдаланып, басын қосып, қолда бар жылқыларды дамытып, оларды болашаққа шетелге шығара алу мақсаты бар, – дейді Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Әлібек Базарғалиев БАҚ өкілдеріне берген жауабында.
Институт құрылғанымен, жылқының бабын білетін мамандар мүлдем тапшы болып шықты. Яғни, еліміздегі аграрлық университеттерде мал шаруашылығы саласындағы мамандықтар оқытылғанымен Жылқытану кафедрасы мүлдем жоқ. Мұнымен қоса, елде осыған дейін ондап саналатын жылқы зауыты жоққа тән. Тек жалғыз 135 жылдық көне тарихы бар Қостанай жылқы зауыты ғана бар. Оның өзі мемлекеттің көмегі болмаса, жағдайы шатқаяқтап қалған. Қаржыландыруы төмен болғандықтан тұқымы азайып кеткен. Қазір бар жоғы 90 жылқы болса, соның небәрі 77-сі – асылтұқымды.
– Жаны ашығандықтан ғана қаншама маман тұқымды сақтап қалу үшін жанын салып жүр. Жұмысшылар бес айдан жалақы төленбей енді ғана беріліп жатыр. Сонда да шыдады. Қораларға жөндеу қажет. Мамандарымыз тапшы. Ғылыми жұмыстар жүргізуге ақша керек. Жақында бұл мәселеге Президент назары ауған соң үмітіміз оянды, – дейді «Қазақ тұлпары» ЖШС зоотехнигі Виталий Гофман.
Жылқының еті мен қымызын өндіріп отырған шаруалар да бірқатар шешілуге тиіс өзекті мәселелердің шетін шығарды. Әсіресе, ұлттық тағам – жылқының қымызы еш бағдарламаға енгізілмегені жылқы шаруашылықтарын аса қатты алаңдатады.
– Жылқы бағатын шаруашылықтардың шымбайына бататын мәселелер жетерлік. Ең алдымен жылқы бағатын жылқышылар жоқ. Астанада басқа да қалаларда арнайы мамандар даярлайтын оқу орындары болса дұрыс болар еді. Екіншіден, жайылым жоқ. Астананың іргесіндегі ауылда жылқы бағамыз. Айналаның бәрі егін. Сиырдың сүті, басқа да малдың сүтіне мемлекеттен көмек берілгенімен, қымыз ешқандай бағдарламаға енгізілмеген. Жылқы шаруашылығын өзіміздің қанымызда болған ата кәсіп болғандықтан қолдан келгенше істеп жатырмыз. Бірақ мемлекеттің ұлттық өнімге жақындап, бағдарламаға енгізіп қолдау білдіргені ауадай қажет болып отыр, – дейді кәсіпкер Нұржамал Бақытова.
P.S.
Жалғыз жылқы шаруашылығы институты еңсеріп кете алмасы анық. Сондықтан қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, заңнамалық тұрғыдан да, мамандар даярлау және өндіріс пен ғылымды байланыстыру мәселесінде де түйткілдерді бір арнаға тоғыстырмай, түйін тарқатылмайтын сияқты. Бұл орайда құзырлы сала өкілдеріне артылар жүк аса ауыр.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы