Жаңа 2025 жылы мемлекеттің тұрғын үй саясаты түбегейлі реформаланады. Осы аттас заң өмірге жолдама алды.
Баспана саясатында бетбұрыс басталды
1,247
оқылды

Тұңғыш рет барлық өңірдегі баспанаға мұқтаж тұрғындарды кезекке қоюды, олардың арасында тұрғын үйді бөлуді орталықтандырылған түрде, бір жерден жүзеге асыратын республикалық ұйым пайда болады. Үй кезегіндегі көптеген адам одан шығарып тасталады. Өзге де жаңалығы жетерлік.

Жаңа институт құрылады

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 22 қарашада «Кейбір заңнамалық ак­тілерге тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған болатын. Құжат ертең кү­шіне енеді. Бірақ оның бірқатар бабы осы заң алғашқы ресми жария­лан­ған күнінен кейін 6 ай өткен соң, алдағы жылғы мамырда ғана қолда­ныс­қа енгізілмек.

Мұндай өтпелі кезең бірнеше себеппен беріліп отыр. Біріншіден, осы жарты жыл ішінде Отбасы банкі «ұлттық даму институты» деген жаңа мәртебесіне сай қайта құрылады. Екіншіден, содан кейін бүкіл 20 өңір­дің әкімдігі бірыңғай республикалық электрондық базаға енгізу үшін өзіндегі тұрғынжайға мұқтаждар есебінде тұрған Қазақстан аза­маттары, қандастар туралы мәліметтерді жаңа ұлттық даму институтына бере­ді. Осыдан кейін ондаған жыл бойы әкімдіктер жүргізіп келген үй кезе­гі тарих қойнауына жол тартады. Жұртшылық соған дейін кезекке тұ­рып қалуға жанталасып, әкімдіктерді шабуылдап, дүрбелең туғызуы мүм­кін, мемлекет соған дайын болғаны жөн.

Үшіншіден, 6 ай ішінде Отбасы банкі жанынан «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» құрылады. Ол аталған бір­ыңғай республикалық электрондық базаны жүргізеді, оған азаматтар мен қандастарды есепке қоюмен айналысады. 

Алдағы тұрғын үй реформасының басты бір жаңалығы сол, Отбасы банкінің қазіргі екінші деңгейлі мемлекеттік банк мәртебесі «ұлттық даму институтына» өзге­р­еді. Екінші жаңалық та осыдан туын­­­дайды: тұрғынжайға мұқтаждардың бір­ыңғай, орталықтандырылған, респуб­ли­калық тізімін жүргізу соған тапсыры­лады.

– Қолданыстағы заңнама бойынша жергілікті әкімдіктер мемлекеттік тұрғын үй қорын есепке қоюмен, кезекті жүр­гізу­мен, үйлерді бөлумен айналысады. Жаңа заң бойынша осы функциялар Отбасы банкіне беріледі. Бірақ мұндай мемлекеттік қызметтерді банк жүзеге асыра алмайды, сондықтан ол ұлттық даму институтына айналдырылады. Сонымен бірге Отбасы банкінің өзі қазір тұрғын үй салмайды. Сондықтан оны квази­мемлекеттік ұйымдары арқылы тұрғызып немесе нарықтан сатып алып, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету әрі қарай да жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде қалады, – деп түсіндірді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Мұның сыртында Отбасы банкі үй кезегіндегілер жалға алған жекеменшіктегі пәтерлердің жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауды, жеңілдетілген ипотека беруді жалғастырады.

Тұрғын үй кезегі жекешелендіріле ме?

Министрдің айтуынша, бұл реформа 2021 жылы әзірленген. Алайда заңы қазір ғана қабылданып отыр. Осыған орай кейбір сарапшы оны ескіріп қалды деп санайды. Өйткені жуырда Отбасы банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова төл реформаларына қатысты ұсыныстарын бөлісті. Ұсыныстары мемлекет шығысын қысқарту үшін От­басы банкінің үлкен бөлігін IPO арқылы жекешелендіруді және онда тұрғын үй құрылысы жинағын жинайтын клиент­терге жыл сайын төленетін мемлекеттік сыйақыны шектеуді қарастырады. 

Экономист Ғалымжан Айтқазин Отбасы банкі БЖЗҚ-дан тұрғын үй құрылысы жинақтарына бөлінетін барлық қаржының операторына айналғанын, ата-аналардың өз баласының болашағына жинайтын білім депозиттері де соған берілгенін еске салды. Келесі жылы бүкіл ел бойынша ортақ баспана кезегін жүргізу және тұрғынжайды мұқтаж аза­маттар арасында бөлу функциялары соған тапсырылады. Ал бұл – тікелей мемлекеттің функциясы. 

– Мұндай жағдайда Отбасы банкін жекешелендіру мүлдем қисынсыз. Себебі мемлекет те, азаматтар да осы банкке қатты тәуелді болып қалады. Ендеше, халық пен билік тәуелді ұлттық даму институты жеке, бөтен біреудің қолына тисе, ол елімізге өз билігін жүргізіп, өз саясатын таңа бастамай ма? Демек, бұл мәселеге ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан өте мұқият қарауы керек. Ибрагимова IPO аясында бірнеше кезеңмен мем­лекеттік акциялар пакетінің басым бөлігін жекешелендіру идеясын іл­герілетпек. Мен мұны орынсыз санаймын. Мемлекет толығымен тәуелді активті сатып жіберу ақылға қонбайды, – деді экономист. 

Оның пікірінше, Отбасы банкіне мемлекеттік қолдау қысқарса немесе тоқтаса, оның барлық активі құндылығын жоюы мүмкін. Алайда 2017 жылғы ақпаннан қазірге дейін Отбасы банкін табан аудармай басқарып келе жатқан Ләззат Ибрагимова жекешелендіру идеясын жұртшылыққа жария етіп қойды. Ал ол өз бастамаларын аяғына дейін жеткізетін менеджер ретінде танылған. 

Елді толғантқан екі қадам

Сарапшылар жаңа реформа кейбір отбасыларға жан күйзелісін әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Үкімет болса, оған мәж­бүрлі түрде барып жатқанын алға тартты. Шенеуніктер мен әкімқаралар жетімбұрыш жағалаған қазақстандық­тардың бәрін баспанамен қамти алмады. Қамтымағаны тұрсын, үй кезегі кейінгі жылдары еселеп ұлғайып барады. Мысалы, ресми дерек бойынша 2021 жылы әлеу­меттік баспана алу кезегінде 287 мыңдай адам тұрыпты. 2024 жылы баспана кез­егін­дегілердің қатары 650 мың адамға жетті!

Үкімет осы кезекті барынша қысқарту үшін қос радикалды қадамға барады. Бірінші қадам – үй кезегіне түгендеу-инвентаризация жүргізіп, одан жүздеген мың адамды шығарып тастамақ. Бұл процесс басталып та кетті. Биылғы жыл­дың жеті айында ғана әкімдіктер жалпы саны 34 мыңдай азаматты кезектен шы­ғару туралы қаулы қабылдады.

Өнеркәсіп және құрылыс мин­истрлігінің дерегінше, бүгінде тұрғын үй кезегінде тұрған 650 мың қазақ­стандықтың тек 255 мыңы ғана халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады. Қалғаны – бюджет қызметкерлері, сот, құқық қорғау органдарының қызмет­кер­лері, әскерилер, мемлекеттік қыз­метшілер, қандастар және басқасы. Мин­истрлік «тұрғын үй кезегінде тұр­ғандардың тізімін жыл сайынғы түгендеу Қазақстанда 300 мыңға жуық адамның тізімнен шығарылуы мүмкін екенін көрсеткенін» жария етті.

Министр Қанат Шарлапаевтың түсіндіруінше, ашықтықты қамтамасыз ету үшін келесі жылдан бастап, Отбасы банкінің интернет рес­урсында үй кезегінде тұрғандардың тізімдері ашық жария­ланады. Бұған қоса, тоқсан сайын 1 рет ин­вентаризация жүргізіледі. Оның бары­сында кезекте тұрған азаматтардың заң­нама талаптарына сәйкестігі тек­серіледі. Салыстырсақ, қол­даныстағы заңнамаға сәйкес инвен­таризация жұмыстарын әкімдіктер жы­л­ына тек бір рет жасайтын. Оның қоры­тындысында тізім оңтайландырылып тұрады.

Екінші қадам – мемлекеттен баспана ала алатындардың санаты азайтылады. Сенатор Ләззат Рысбекованың түсін­діруінше, аталған жаңа заңда аза­мат­тар­дың кейбір санатына арналған қол­даныстағы жеңілдіктер мен басым­дықтар қайта қаралды.

– Заңда Қазақстан азаматтары мен қандастарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж деп тану шарттары өзгертілді. Бұдан былай келесі санаттар мұқтаж деп танылмайды, оларға мемлекеттік баспана берілмейді. Бірінші­сі – өздерінің тұрып жатқан тұрғынжайы белгіленген санитариялық-эпидемиоло­гиялық және техникалық талаптарға сай келмейді деп танылғандар. Екіншісі – жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда екi және одан да көп отбасы тұрып жатқан жағдай. Үшіншісі – отбасы құрамында денсаулық сақтау ведомствосы бекіткен аурулардың тiзiмi бойынша кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын науқастар болып, онымен бiр үйжайда, пәтерде бiрге тұру мүмкiн болмайтын жағдай, – деді Сенат депутаты.

Үйді адам емес, автомат үлестіреді

Қазіргі қолданыстағы заңнама бойын­ша олардың бәрі мемлекеттен баспана ала алатын. Енді ондай құқығынан жап­пай айрылады. Осы мақсатта аталған жаңа заңмен қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 69-бабына өзерістер енгізілді және осы айтылған азаматтар 2025 жылы тұрғынжайға мұқтаждар қатарынан алып тасталады. Жаңа заң бойынша әлеуметтік осал топ­тар сыртында, тек жалғыз тұрғынжайы «апатты-авариялық» деп танылғандар ғана мемлекеттік тұрғынжаймен қамта­масыз етіледі. 

Сенатор Л.Рысбекова санаттарды қысқарту мәселесі Парламент қабыр­ғасында қызу талқыланғанын айтады. Жұмыс топтарының отырыстарында егжей-тегжейлі қаралған көрінеді. Ақыры үш санатты алып тастап, мемлекеттен баспана сұрайтындар қатарын күрт азайтуға шешім қабылданған. Сенат депутаты тек шенеуніктер бұрынғы заң­наманың игілігін пайдаланып, кезекке тұрып қойғандарды үй кезегінен қуып шықпайды деп үміттенеді. 

«Жаңа заңды жүзеге асыру баспана алу кезегіне тұрып үлгерген азаматтардың жағдайын нашарлатпауға тиіс деп санаймыз. Олардың саны көп те емес. Мысалы, ауыр дерттермен ауыратын және отбасы мүшелері онымен бір бөл­меде тұра алмайтын науқастардың үй кезегіне тұра алғанының саны бүкіл еліміз бойынша 745 қана. Бұл азаматтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе арендалық үйден баспана алу құқығын сақтауы керек», – деді Ләззат Рысбекова. Алайда оларды кезекте сақтай ма, әлде қуып шыға ма, оны әрі қарай депутаттар емес, жауапты шенеуніктер шешеді.

Отбасы банкінің бас­шы­сы Ләззат Ибра­гимова болса, түгендеу кезінде олардың шы­ғып қалуы мүмкін екенін жасырма­ды. 

– Бұл 3 жағдай бойынша тоқсан сайын кем дегенде 1 рет инвентаризация жүргіземіз. Бірінші санатты алсақ, сани­тариялық-эпидемиологиялық, техникалық талаптарға сай емес үйде отбасының бірге тұратын әрбір мүшесіне Денсаумині бекіткен нормаға сәйкес, 15 шаршы метрден аз келсе, сонда ғана кезекте қа­ла­ды. Айталық, 45 ш.м. ауданда 4 адамнан құралған отбасы өмір сүрсе, олар инвен­таризациядан табысты өтеді, кезекте тұра береді. Бір шаңырақ астында бірнеше отбасы ресми тіркеліп тұрып жатса, олар­дың да осы нормаға сәйкес баспана алу құқығы сақталады, – деді Л.Ибрагимова.

Ол кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын науқастары бар отбасылардың үй кезегіне тұрып үлгер­гендерінің саны аз екенін, оларды қамтуға мемлекеттің қауқары жететінін айтты. Бірақ ондай ауруы бар екені мемлекеттік ақпараттық жүйемен рас­талуға тиіс екен. Инвентаризация кезінде базада жоқ болып шықса, тиісті растаушы құжаттарды Отбасы банкіне әкелу құқығы берілмек. 

Отбасы банкінің басшысы ұлттық даму институтына айналуға, сондай-ақ баспана үлестіруді, үй кезегінде тұр­ғандардың ортақ есебін жүргізуді «бір тер­езе» қағидатымен бір жерден жүзеге асыруға дайын екендерін мәлімдеді. Л.Ибрагимова таяуда болашақта халыққа үйді осы институт қызметкер­лері емес, ро­бот, жасанды зерде тара­татынын жет­кізді. Қазірдің өзінде банк мемлекеттік бағдарламаларды No human (адам жоқ) қағидатына көшіріп жатқан көрінеді. Яғни, онда шешім қабылдауға адам қа­тыс­пайды, шешім мемлекеттік дерек­қорлар негізінде автоматты түрде қабыл­данады. Та­мыр-танысы көптер емес, кімнің кезегі кел­іп тұрса, баспана соған ұсынылуға тиіс. 

Жаңа заң бойынша Отбасы банк тұрғын үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж азаматтардың кезекке тұрған күні мен қазіргі табыс деңгейін ескеретін болады. Бұл тұрғын үй кезегінде ұзақ жыл тұрған адамдарды қамтуға жол ашады. Заң жобасын әзірлеушілердің тұжырымдауынша, реформа мемлекеттен баспана алу құқығынан айрылғандарға қиын тимек. Бірақ Үкімет кезекте қала алғандардың үй алу мүмкіндігі жақса­ратын­ына сендіреді.

Елдос СЕНБАЙ