Қазақ қоғамында дәстүрлі медиа ресурстардан гөрі мессенджерлердің ықпалы артып бара жатқанға ұқсайды. Рас, бұл саланы арнайы зерттеп, қандай да бір тұжырым жасау қиын. Өйткені мессенджерлер әлеуметтік желі мен БАҚ сияқты емес, адамдардың жеке қарым-қатынастарын негізге алады. Алайда Қазақстанда түрлі мессенджерлердің әсері күшейіп тұр. WhatsApp арқылы тарайтын аудио-видео өнімдер, мәліметтер жұртты талай мәрте елеңдеткенін көрдік. Мессенджерлер арқылы тараған фейк ақпараттарды жоққа шығару тіптен оңай болмай тұр. Туған-туыс, дос-жаранның мессенджерлерде құрылған топтарына атам заманғы деректер мен қауесеттер, фейк ақпараттар, видеолар жиі-жиі келіп тұратынын көз көріп жүр. Мәселен, қаңтардың боранды күндері Нұр-Сұлтан қаласына қасқыр кіріп кеткені жайлы ақпараттар да, қызық көрген кейбір дәрігерлердің коронавирустың елімізге еніп кеткені жайлы «әңгімелері» де алдымен осы мессенджерлер арқылы тараған. Демек, жаңа медианың осынау түрі қоғамдық пікірді қалыптастыруға қалай болғанда да ықпал етіп жатыр. Ендеше мессенджерлер дәстүрлі медиадан да ықпалды бола түскен жоқ па, оларды бақылау керек пе және ол мүмкін бе, қалай бағалаймыз деген сауалдар көкейге орала береді. Біз бұл сұрақтарды бірқатар жаңа медиа мамандарына қойған едік. Тимур БЕКТҰР, IT маман, блогер – Егер дәстүрлі медиа деген сөздің емеурінінде телевизияны да қосатын болсақ, онда жауап: жоқ! Мессенджерлер дәстүрлі медиадан ықпалды емес. Интернет дамыды, әлеуметтік желілер күшке айналды, мессенджерлер қарқын алып келе жатыр десек те, бізде болсын, әлемдік деңгейде болсын, телевизияны басып озып, одан да ықпалды боп кете қоймады. Мессенджерлер ықпалды күшке ие болды. Олардың ықпалы сол, жаңа медианың басты ерекшелігінде: жедел, жылдам, лезде және жан-жақтан. Жеделдігіне тәпсір жасап қажет емес, ал жан-жақтан дегенді нақтылай кетсем, БАҚ көздеріне де, БАҚ көздерінен де ақпарат шектеулі ғана жақтан келсе, халықтан БАҚ-қа және халықтан-халыққа мессенджерлер арқылы ақпарат жан-жақтан келеді. Тиісінше, домино эффектісі іске қосылады. Бүкіл дүние дүрлігіп сала береді. Әзірге бағалау мен бақылау стихиялы түрде деп айтар едім. Айталық, қандай да бір эпидемияның тарауы кезіндегі дүрліккен ақпарат немесе тұтас елді дүр сілкіндірген оқиғаларға жаппай реакция. Оған ешқандай дәлел мен факт қажет емес, барлығымыз көріп отырмыз. Осы жерде мен үшін қызық болатыны терең анализ. Қолда бар барлық ақпарат көзінде талқыланып жатқан оқиға мен жаңалықтардан басқа, кулуарларда яғни жекелеген аймақтар мен қоғамның негізгі сегменттері арасында не талқыланып жатқанын білмеген соң... Бірақ мессенджердің де өзге ақпарат көздерінен айырмашылығы сол боп тұр, екі адамның арасындағы әңгімені бақылау да, бағалау да заңды жолмен мүмкін емес. Сол үшін де мессенджерлерді deep media деп айтады. Нұрлан ЖАНАЙ, SMM маманы – Cтатистика бойынша, мессенджерлер дәстүрлі медианы әлі артқа тастаған жоқ. Мәселен, Facebook мессенджері әлеуметтік желінің өзін қолданатындардың санынан әлдеқайда аз. Ал тек қана WhatsApp, Telegram сияқты мессенджер қолданатындар молырақ. Мәселен, WhatsApp пайдаланатындар Instagram сияқты желілерді қолданатындардан мол болуы мүмкін. Себебі оларға тіркелу әлеуметтік желілерде аккаунт ашудан гөрі оңай. Мессенджерлерге таргет қосылған кезде ықпалы көбейеді де, дәстүрлі медиа мен әлеуметтік желі артта қалады деп ойлаймын. Әзірге олардың ықпалы дәстүрлі медианың деңгейіне жеткен жоқ. Бірақ бұл жерде әңгіме қаржылық мәселеге қатысты екенін ұмытпау керек. Ал ақпарат тұрғысынан қарастырсақ, мессенджерлер әжептәуір ықпалды. Алайда оның зардабы да бар. Өйткені ешкім контент жасамайды. Ешкім жауапкершілік алмайды. Фактчекинг төмендейді. Әдетте мессенджерлердегі ақпарат алмасу адамдардың өзара сеніміне, пікірлес болуына негізделген. Түрлі топтарды сыныптастар, туыстар, ауылдастар, әріптестер деп ашамыз. Ақпараттар да сондай топтар арқылы тарайды. Мәселен, WhatsApp арқылы досың бірдеңе жіберсе, сенесің ғой. Адамның бір-біріне деген сенімі олар тарататын ақпаратқа да алғашқы көзқарасты қалыптастырады. Оның үстіне мессенджер қолданушылар түрлі аудио-видео өнімдерді шебер жасайтын болып барады. Монтаждауға келгенде алдына жан салмайтын қолданушылар пайда болды. Сөйтіп, адамдар телеарналар мен радиолардан гөрі мессенджерлерге көбірек сенетінді шығарды. Сондықтан ресми құрылымдардың мессенджерлермен жұмыс істеу әдістері өзгергені дұрыс. Ақпараттарды WhatsApp, Telegram тәрізді мессенджерлерге бірінші болып жіберу арқылы күресу керек шығар. Ал бізде жалған ақпарат таратты деп кейбір адамдарды қамап жатыр. Әркімді соттап, қамап ештеңе өзгерте алмаймыз. Ержан ҚАЛЫМБАЙ, Ulys.kz диджитал журналының бас редакторы – Қазір қазақ қоғамында мессенджер арқылы ақпарат тұтыну көрсеткіші өте жоғары. Тіпті, жеке бір мәдениетке айналып кеткені рас. Яғни халықтың басым бөлігі мессенджерді негізгі ақпарат көзі ретінде көріп, аталған арна арқылы келген хабарларды талғамсыз тұтынуда. Әлбетте, өкінішке қарай, мессенджерлер арқылы дұрыстан гөрі, бұрыс ақпарат көп тарайтынын көріп жүрміз. Саяси, діни, манипулияциялық және ұлтараздық дүрдараздық сынды т.б. шетін тақырыптарға негізделген дүниелерді жиі көруге болады. Әрбір адам өзгелерден немесе өзі қосылған кемінде төрт-бес чаттан күніне жүздеген ақпарат, видео, аудио, мәтіндер алады. Көбі ойын-сауық, қызықтар, көңіл көтеруге арналған ақпараттарды алады да оқиды, тыңдайды, көреді сосын өзгелерге жібереді. Бұл жерде сапалы ақпараттың аздығы мен бөлісілетін хабарлардың көбінің нақты дерек көзі жоқтығы алаңдатады. Бұл ретте бұқараның ақпараттық сауаттылығын арттырып, талғамын көтеру мәселесі бар екені жасырын емес. WhatsApp, Telegram, VK Messenger, Viber, Facebook Messenger, iMessage, Snapchat секілді әлеуметтік желілердің мессенджерлері ішінде сөзсіз халық жаппай қолданатын WhatsApp Қазақстанда ең танымал әрі ықпалды деуге болады. Кез келген ақпарат, оқиға осы мессенджер арқылы қас пен көздің арасында тарап жатады. Бір жағы бұлардың көбі қорғалмаған коммуникация түрі, ол бір үлкен мәселе. Оны түсіну үшін біраз жыл керек шығар. Жалпы, мессенджерлердің қазіргі кезде салтанат құрып тұруының басты себебі де дәсүрлі медианың әлсіздігі немесе оларға деген сенімнің осалдығы деуге болады. Сондықтан мемлекеттің ақпарат саясатында, ұлттық қауіпсіздік мәселесінде мессенджерлерді тұтыну психологиясын түбегейлі зерттеп, ерекше мән берген дұрыс. Меніңше, бақылау тым артық дүние. Әлеуметтік желідегі ағаттықтар, мессенджерлер арқылы жалған ақпарат пен терроризмді насихаттайтын т.б. дүниелер таратқандарды жазалайтын Қылмыстық кодексте біраз бап бар, соңғы жылдары БАҚ туралы заңға да бірталай өзгеріс енді. Сондықтан бақылау емес, керісінше мессенджердің игілігін пайдалану керек. Әрбір адамға қолжетімді мессенджер мәселесін, әсіресе дәстүрлі медиа дұрыс пайдаланып, ақпарат беру тұрғысынан интеграция жасаса, халықты сапалы контентпен қамтамасыз етіп, аудиториясын арттыра алар ма еді?! Амангелді ҚҰРМЕТ