Жаңа Бюджет кодексі қабылданды

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар «Пошта туралы» заңға түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, сондай-ақ жаңа Бюджет кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады.

Сонымен қатар мәдениет, білім, тәлімгерлік және дипломатиялық қызмет мәселелері бойынша түзетулер қабылданып, екі халықаралық келісім ратификацияланды.

Жалпы отырыс «Пошта туралы» заң­ға енгізілген депутаттық түзетулерді қарау­дан басталды. Құжатты әріптес­теріне ұсына отырып, заң жобасының бастамашыларының бірі болған және жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева пошта саласы бүгінде трансформациядан өтіп жатқанын, бірақ қағазға жазылған хаттар мен мерзімді басылымдарды жеткізу қызметтері қысқар­ғанын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай жағдайда пошта қызметінің логистикалық инфрақұрылымын жоғалтпау және осы нарықты дамытудың оңтайлы жолдарын табу маңызды.

– Сондықтан заң жобасында жеткізу тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Цифрлық технологиялардың арқасында тиісті пин-код немесе куар-код болған жағдайда үшінші тұлғалар үшін поштаны алу мүм­кіндігі қарастырылған. Сонымен қатар бұл тауарды маркетплейстерден пошта бөлімшесіне және үйге жеткізуді жеңілдетеді. Сәлемдемелерді қабылдау үшін постоматтарды орналастыру және пайдалану тәртібі көзделген. Бұл норма оларды Кондоминиум нысандарына орналастыру үшін қажет, – деді Екатерина Смышляева. 

Кейбір қажетсіз әмбебап қызметтер алынып тасталады. Мысалы, пошта карталарын немесе бандерольдерді жіберу сияқты, сондай-ақ пошта инфрақұрылымы бойынша ескірген нормалар бар. Жарыссөз барысында мәжілісмен Еділ Жаңбыршин қаралып отырған түзетулер «Қазпошта» акционерлік қоғамына өңір тұрғындарына тегін дәрілік заттарды жеткізу бойынша логистикалық әріптес болуға жол ашатынын және дәрі-дәрмекпен қамту рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты. 

Депутаттар заң жобасын бірінші оқы­лымда мақұлдады, талқылау одан әрі жұмыс тобының отырыстарында жал­ғасатын болады.

 Мәжілісмендер екінші оқылымда жаңа Бюджет Кодексін және оған ілеспе бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу және «Концессиялар тура­лы» заңның күші жойылды деп тану туралы құжатты қабылдады. Аталған заңдар Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру мақсатымен әзірленді.

Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева кодекс шеңберінде нақты нәтижеге қол жеткізуге бағдарланған бюджет қағидаттарын күшейту жөнінде шаралар қабылданғанын айтты. Болжау сапасын арттыру және бюджет кірістерін ұлғайту үшін экономика салаларының түсімдер көлеміне әсерін талдау қолданылмақ. Бұл да шығыстардың басымдықтарын айқындау үшін негіз болатынын атап өтті. 

– Қаражатты тиімді пайдалану және қаржы ағындарын басқару аясында өңірлік бюджеттердің кірістерін асыра орындау сомалары бірінші кезекте борыштық міндеттемелерді өтеуге және газдандыру, сумен жабдықтау, жылу және электр желілері, жолдарды жөндеу сияқты бірінші кезектегі шығыстарды қаржыландыруға бағытталатын болады, – деді Татьяна Савельева.

Сондай-ақ аталған кодексте мемлекеттік қаржы ағындарының ашықтығы мен есептілігі қамтамасыз етіледі. Осы мақсатта республикалық бюджетке жүр­­гізіліп жатқан түзетулер туралы Пар­­ламентті хабардар ету және парламенттік бақылауды күшейту, оның ішінде дивидендтер төленгеннен кейін қалған таза пайданы пайдалану туралы есептер арқылы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне және олардың сыртқы қарыз алу лимитін белгілеу көзделген. Әл-ауқат қорының портфельдік компанияларынан түскен дивиденттердің кем дегенде 50 пайызы, ал квазимемлекеттік компаниялардың кем дегенде 70 пайыз табысын бюджетке аудару бойынша норма да бекітілді.

– Мемлекет басшысы бюджет қаражатын ұқыпты әрі үнемдеп пайдалану жөнінде бірнеше рет арнайы тапсырма бергенін білесіздер. Жаңартылған бюджет процесінде сол критерийлерді негізге алдық. Жоспарлау аясын кеңейту үшін енді 10 жылға арналған ұзақмерзімді болжам жасалады. Бұл тәсіл қысқа мерзімге және ұзақ мерзімге бюджет шығысын дұрыс жоспарлауға, бюджетті тиімді игеруге мүмкіндік береді, – деді өз сөзінде Мәжіліс Төрағасы.

Содай-ақ ол өңірлердің дербестігін одан әрі арттыру мәселесіне тоқталып өтті. Ерлан Жақанұлының айтуынша, кодексте бюджет кірістерінің бір бөлігін республикалық деңгейден жергілікті билік органдары деңгейіне беру шаралары көзделген. 

– Мұның бәрі келешекте жергілікті ресурстарды тиімді игеруге оң әсер етері сөзсіз. Жаңа кодекс Үкімет пен бюджет процесіне қатысушылардың Парламент алдында есеп беруін нығайта түсетінін атап өткім келеді. Бұдан былай Респуб­ликалық бюджетке енгізілетін барлық түзету туралы Парламентке хабарланатын болады. Сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметіне парламент бақылауы күшейеді. Енді Парламентте республикалық бюджет жобасын талқылау кезінде квазимемлекеттік сектордың ұстанымы ашық режимде тыңдалатын болады. Бұл ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етіп, мемлекеттік органдардың тәртібін күшейтеді. Сондай-ақ азаматтардың мемлекет қаржысына деген сенімін арттыратыны сөзсіз, – деп тоқталып өтті Төраға.

Бұдан бөлек, басқа да нормалар әзірленді. Оның ішінде бюджетаралық қатынастарды жетілдіру бойынша нормалар бар. Атап айтқанда, цифрлық майнинг үшін төлемдер, автокөлік құралдарының республика аумағы арқылы өтуі үшін төлем, радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат бергені үшін алым, ойын  бизнесіне салынатын салық, мемлекеттік баждар мен айыппұлдар республикалық деңгейден жергілікті деңгейге беріледі. Осылайша, жергілікті деңгейге берілетін түсімдердің сомасы шамамен 95,1 млрд теңгені құрайды (2023 жылғы деректер базасынан).

Талқылауды қорытындылай келе, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Үкі­мет әзірлеген кодекске депутаттар тарапынан өте үлкен өзгерістер енгізілгеніне баса назар аударды. 

– Әсіресе, Ұлттық қор ресурстарын тиімсіз жұмсау мәселесі жиі көтерілген болатын. Осы орайда жаңа Бюджет ко­дексінде сол қаражатты нақты мақ­сат­тарға пайдалану жөнінде норма бе­кі­тілді. Ел Президенті бізге осындай тап­сырма берген еді. Енді Ұлттық қор қаражаты тек өндіріске немесе елді мекендердің өмірлік маңызы бар инфрақұрылымына жұмсалады, – деді палата Спикері. 

Сонымен қатар ол Бюджет кодексі Парламентпен қатар өңірлерде де әртүрлі пікірталас алаңдарында егжей-тегжейлі талқыланғанын атап өтті. 

– Оған сарапшылар қауымдастығы кеңінен тартылды. Осы орайда жұмыс тобына, депутаттарға, мемлекеттік органдарға бірлесе атқарған жемісті жұмыс үшін алғыс айтқым келеді. Енді осы нормалардың барлығы дұрыс қолданылып, бюджет саясатын жақсартуға септігін тигізуге тиіс. Сонымен қатар тұрақты экономикалық өсім мен әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізуге негіз болуы қажет деп білемін, – Ерлан Жақанұлы.

Сондай-ақ екінші оқылымда Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодекске заңнамалық түзетулер қолдау тапты. Жұмыс тобының жетекшісі Унзила Шапақтың айтуынша, құжатпен жұмыс барысында қоғамдық жұмыстар түріндегі жаңа әкімшілік жаза институтын іске асыру тетігі айтарлықтай пысықталды, олардан жалтарған жағдайларда ішкі істер органдарының рөлі күшейтілді. Және инвесторларға қатысты дауларды қарау кезінде кассациялық сотқа жүгінудің және қайта қараудың, «заңсыз байытудың», прокурорлық «сүзгінің» бірыңғай қағидаларын енгізу мәселелерін реттейтін түзетулер көзделген. 

Сонымен қатар жалпы отырыста Парламент депутаттары бастамашы болған мәдениет, білім және тәлімгерлік мәселелері бойынша түзетулер қабылданды. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің пікірінше, заң білім және мәдениет саласындағы бірқатар міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Олардың бірі – дарынды оқушыларды қолдау.

– Қазіргі таңда біздің оқушыларымыз робототехника бойынша әлем чемпионаттарында және басқа да ғылыми жа­рыстарда жоғары нәтижелерге қол жет­кізуде. Осыған байланысты ең беделді халықаралық ғылыми байқаулардың жең імпаздарына университетке ҰБТ-сыз түсуге гранттар беру ұсынылады. Сондай-ақ халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары үшін «Болашақ» стипендиясы арқылы шетелдік жоғары оқу орындарында бакалавриат бағдарламасы бойынша оқу мүмкіндігі қарастырылған, – деді Асхат Аймағамбетов. 

Бұдан бөлек, цифрлық Ұлттық сөздік қоры мен Қазақ тілінің ұлттық корпусы құрылатын болады. Ол жасанды интеллекттің көмегімен мемлекеттік тілді дамытуға қызмет етеді. Жетім балаларға әлеуметтік қолдау көрсету үшін енгізілген тәлімгерлік институтын одан әрі заңнамалық реттеуге бағытталған арнайы нормалар көзделген. Білім беру саласындағы уәкілетті органның өкілеттіктері нақтыланады.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар Мұрат Әбенов пен Еділ Жаңбыршин қоғам үшін өзекті тақырыпқа айналған қыз алып қашу мәселесін көтерді. 

– Бұл тек қана Парламенттің, Ішкі істер министрлігінің жұмысы емес. Менің ойымша, біз заң арқылы мұндай мәселені музыка, кино немесе теледидар арқылы насихаттауға қатаң шектеу қоюымыз керек. Себебі қыз алып қашу жылдан жылға көбейіп келеді. Өткен жылы 13 алып қашу сотқа берілген болса, биыл тек қана Түркістан облысында 8 айдың ішінде 18 оқиға орын алған. Оның себебі қолға алынған нақты шаралар жоқ. Мысалы, адам алып қашу мәселесі 125-бапта қаралады. Бірақ онда егер 3-4 күн ішінде босатып жіберсе, жауапкершілікке тартылмайды деген қосымша бар, – дейді Мұрат Әбенов. 

Соңғы 3 жыл ішінде қыз алып қашуға байланысты 214 оқиға бойынша қылмыстық іс қозғауға ұсыныс берілген. Депутаттың сөзінше, оның 10-ы ғана сотқа жеткен, қалған оқиғалар қылмыс құрамы жоқ деген қорытынды шы­ғарылып, жабылған. Бұған дейін Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «қыз алып қашуды ұлт­тық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар, бұл мүлдем ақтауға бол­майтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік» деп атаған болатын. Мә­жіліс Спикері депутаттардың бұл мә­селені заңнамалық деңгейде шешу ту­ралы ұсыныстарын қолдады.

Сондай-ақ бүгін дипломатиялық қыз­мет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларға қатысты заң да мақұлданды. Ол туралы депутаттар алдында Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев баяндама жасады. Енгізілген түзетулер арқылы тиісті саланы реттеудің мақсаты, міндеттері мен қағидаттары белгіленеді, Сыртқы істер министрлігінің қайталанатын функциялары алынып тасталады. 

Құжатпен жұмыс барысында мә­жілісмендер бірқатар түзетулер енгізді. Оның ішінде халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін және еңбек қызметін аяқтаған дипломатиялық қызмет персоналының еңбек және әлеуметтік құ­қықтарын қорғауға бағытталған нормалар бар. 

Сонымен бірге оғаш себептермен жұмыстан шығарылған азаматтардың дип­ломатиялық қызметке кіруіне мерзімсіз тыйым алынып тасталады, сондай-ақ Қазақстанда халықаралық шарттар жасасуды жоспарлау оңтайландырылды. Құжатта басқа да бірқатар норма қамтылған. 

Мәжіліс «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда туралы» келісімді ратификациялады. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, бұл келісім Иранмен сауда үшін қолайлы жағдай жасау мақсатымен жасалған.

– Бүгінгі таңда біздің елдер тауарлардың шектеулі тізбесі үшін жеңілдетілген сауда режимін қолданады. Жаңа келісім тауар номенклатурасының 90 пайыз­ға жуығы бойынша бажсыз сауданы қарастырады. Иран тарапы көптеген тауарларға қатысты нөлдік баждарды қолдануға және саудаға шектеу қоймауға міндеттеме алады, – деді вице-министр. 

Дегенмен Ираннан ерекшеленген тауарларды әкелу кезінде импорттық кедендік баждар сақталады (ірі қара мал мен құс еті, сүт өнімдері, қант, спирт, темекі, балалар тағамы, бал, полимерлер және мұнай-химия өнеркәсібінің басқа да өнімдері, гербицидтер, орауыш қаптар және басқалары).

Жалпы отырысты ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер мен Сингапур арасындағы Еркін сауда туралы келісім мен жан-жақты экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім де ратификацияланды. Бірінші құжат ерекшеленген тауарларды қоспағанда, тауарлармен бажсыз сауда режимін ор­нату бойынша өзара міндеттемелерді бел­гілейді. Екіншісі, тараптар арасында­ғы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға негіз болмақ.

Кәмила ЕРКІН