Мысалы, үй шаруасымен, бала бағып үйде отырған аналарға лайықты зейнетақысыз қалу қаупі төнетіні мәлім. Елде енгізілген жаңа тетік табысы жақсы отағасының зейнетақылық жарнасы есебінен, сақтандыру жүйесінде үйбикелеріне жұбайымен бірге зейнетақы алуына жол ашты. Сақтандыру саласы 2025 жылға қандай жетістіктермен аттамақ?
Осыдан бірер жыл бұрын сақтандыру компаниялары туралы негізінен банктен ипотека алған қазақстандықтар ғана білетін. Клиент өз өмірін сақтандырмаса, банктер ірі несие бермейтіні мәлім. Мысалы, жуырда ғана, 2020 жылы еліміздегі сақтандыру секторының жиынтықты активі 439 млрд теңгені құраған-тын. Содан бері мемлекет бұл саланы дамыту үшін көптеген заң жобасын қабылдады.
Бүгінде сала «триллион» деп сөйлейтін дәрежеге жетті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, елде 24 сақтандыру ұйымы бар, оның 9-ы өмірді сақтандыруға маманданған. 2024 жылғы қыркүйектің қорытындысында (кейінгі айлардың нәтижелері әзірге шыққан жоқ), сақтандыру ұйымдарының жиынтықты активтері 2,8 триллион теңгеден асқан. 2024 жылдың басынан 13,4%-ға ұлғайды.
Сонымен қатар сақтандыру ұйымдарының міндеттемелері 2024 жылғы қыркүйекте 1,8% өсіп, 1,9 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері 21,4%-ға артқан. Агенттік мамандарының түсіндіруінше, бұл маңызды көрсеткіш бекітілген сақтандыру шарттарының саны да, күтілетін төлемдері де өскенін көрсетіп отыр. Мұнсыз сала дамымас еді.
Тағы бір маңызды жайт: бұрын бірқатар ұсақ сақтандыру компаниясы аты дардай болғанымен, заты жұрдай сауда орталығының бір бұрышында қысылып отыратын. Тіпті, баспанада тіркелген, өз меншігі миллионнан аспайтын кеңсесымақ болып келетін. Тек мұнай-газ алпауыттарымен, ірі жекеменшік және ұлттық компаниялармен тікелей ынтымақтастық орнатқандары ғана бедел-ажарға, дүние мен базарға ие еді. Нарықтың алыптана түсуі арқасында бұлардың әрқайсысы дерлік, тіпті еңселі жеке ғимараты мен жан-жақты филиалына ие апайтөс фирмаларға айналды.
Мысалы, сақтандыру ұйымдарының меншікті капиталы 2024 жылғы қыркүйекте, бір айда тағы 2,8%-ға немесе 24,3 млрд теңгеге артып, жалпы сомасы 898 миллиард теңгеге дейін жеткен.
Бұл – енді бұқаралық бизнес
2024 жыл басталғалы бері олар жеке және заңды тұлғалармен 16,9 миллион сақтандыру шартын жасасты. Айтқандай, сақтандыру полистерін бекіту бірте-бірте «бұқаралық бизнеске» айналып барады. Еуразия ұлттық университетінің студенті Оксана қолы бос кезде сақтандыру полистерін өткізумен айналысады екен.
– Кеңседе тапжылмай отыр деген жоқ. Барлығы онлайн жүреді, тіпті ұялы қосымшасы іске қосылды, бар шаруаңды сонымен атқарасың. Тәжірибең, жұмыс өтілің жоқ па? Қарамайды. Мен оқу курсынан өтіп алдым. Сақтандыру компаниялары енді кез келген кәмелетке толған жасқа ресми түрде сақтандыру полистерін сатып, ақша табуға мүмкіндік береді. Шетелге шығатын саяхатшылардың медсақтандыруын рәсімдеймін. Барлық таныстарға автокөлік пен пәтерлерді сақтандыру қызметін сатамын, – дейді студент қыз.
Ол әзірге айына жүз мыңның айналасында табады екен. Жұмыс берушісі – ірі сақтандыру компаниясы 300 мың теңгеге дейін кірісті уәде етеді. Ақшасы апта сайын картаға аударылып тұрады. Сақтандыру агенті неғұрлым көп полис сатса, соғұрлым көп табады. Жұмыс кестесі мен сату көлеміне қатысты агенттің өзі би, өзі қожа.
Басқа бір компанияның 3 желтоқсанда жариялаған хабарландыруына сенсек, ол сақтандыру агентіне 800 мың теңгеге дейін төлеуге дайын. Бірақ үміткерден 3 жылға дейін жұмыс тәжірибесінің болуын талап етеді. «Жұмыс кестесі: еркін, толық емес күн және қашықтан жұмыс. Төлемі ай сайын. Клиенттермен жұмыс істеуі, өнімдер бойынша кеңес-консультация беруі, полистер рәсімдеуі қажет. Бізден марапаттар, сыйлықтар, саяхаттар, акциялар», – дейді сақтандыру компаниясы.
Осындай бұқарамен тығыз ынтымақтастығының арқасында сақтандыру нарығы толық емес жылда 16,9 миллион сақтандыру шартын бекіту жетістігіне жетіп отыр. Бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 35,8%-ға артық! Яғни, өсім қарқыны алапат. Егер Қазақстанның бүкіл экономикасы осындай қарқынмен өссе, республика оншақты жыл ішінде дамыған елдерді қуып жетер еді. Негізгі, өсім жазатайым оқиғалардан сақтандыру (3,9 млн шарт, 160,4%-ға өсу!) және өмірді сақтандыру (497,3 мың шарт, өсімі – 22%) бойынша шарттарға тиесілі.
Мына жайтты біліп, тағы тамсаныңыз: кәсіби мамандары, студенттер, үйбикелер, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар сияқты қаптаған сақтандыру агенттері зыр жүгіріп, қоймай-қоймай қолқалап жүріп, полистер сату арқасында 2024 жылдың басынан бері сақтандыру компанияларына клиенттерден 1 триллион теңге сыйлықақы-премия түсірген! Бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 49,5%-ға көп. Мұндай ғаламат табысқа кез келген «желілік маркетинг» қызғана, қызыға қарары сөзсіз.
Сақтандырудан елге қайыр бар ма?
«Сақтандыру сыйлықақылары көлемінің ұлғаюы жасалатын сақтандыру шарттары санының өсу үрдісіне сәйкес келеді және елде сақтандыруға, әсіресе сақтандырудың ерікті түрлеріне сұраныстың ұлғайғанын көрсетеді. Сақтандыру сыйлықақыларының өсуінің негізгі драйвері ерікті жеке сақтандыру сыныбы болып отыр. Ол бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2024 жылдың 9 айында 546,3 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңінен 123,3%-ға көп! Өсу негізінен зейнетақы аннуитеттік сақтандыру сыйлықақысының ұлғаюына байланысты», – деді Қаржы нарығын реттеу агенттігі.
Мұның сыртында, ерікті мүліктік сақтандыру полистері бойынша сақтандыру сыйлықақылары жыл басынан 349,4 миллиард теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңінен 4,5%-ға көп. Өсу негізінен мүлікті залалдан сақтандыру бойынша жиналған сыйлықақылар сомасының ұлғаюымен байланысты (15,6%).
Жарнама, пиар, маркетингке еліккен ел өмірін, көлігін, баспанасын, басқасын белсенді сақтандырып жатыр екен. Ал содан оларға пайда бар ма? Агенттіктің мәліметінше, 2024 жылғы қыркүйекте, бір айда сақтандыру компаниялары сақтандыру жағдайына тап болған өз клиенттеріне 30,9 миллиард теңге өтемақы беріпті. Биылғы жылдың басынан төленген сақтандыру төлемдері 233,8 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңінен 22,9%-ға көп.
Бұрын сақтандыру компаниялары әрнені сылтауратып, сақтандыру жағдайы туындағанда тиісті төлемді төлемеуге ұмтылатын. Мұндай арамзалық әлі де кездеседі, бірақ нақты сандар олардың жомарт бола түскенін аңғартады. Биылғы төлемдердің өсуі, негізінен қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бойынша төлемдердің ұлғаюымен байланысты. Бұл 2024 жылы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жаңа «арнайы әлеуметтік төлемнің» (АӘТ) енгізілуімен байланысты.
Сауда көрігін жаңа өнімдер қыздырды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева сақтандыру нарығында жаңа өнім түрлері пайда болып жатқанын хабарлады. Оның бірі Президенттің тапсырмасымен биылдан бастап енгізілген «арнайы әлеуметтік төлем» (АӘТ). Оған сәйкес, сақтандыру компаниялары есебінен зиянды еңбек жағдайларында жұмыс қызметкерлерге АӘТ төленеді. Оны алу үшін 2 талап қана қойылады: экономиканың 19 саласында зиянды жұмыс атқаратын адамның жасы 55-ке толуы және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы.
БЖЗҚ мәліметінше, АӘТ тағайындау үшін міндетті шарттарға 2024 жылы – 37 мыңнан, 2030 жылы – 58 мыңнан, 2035 жылы – 95 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады. Мария Жамалқызы биылғы жылдың 9 айында 8,7 мыңнан астам қызметкер 2 миллиард теңгеге жуық осындай төлем алғанын айтты. Қосымша 19,7 миллиард теңгеден тұратын резерв қалыптастырылған.
Алдын ала дерек бойынша 2024 жылы АӘТ-тың орташа мөлшері барлық құрауышын қоса алғанда 208 мың теңгеден асады. 2030 жылы төлем орта есеппен 339 мың, 2035 жылы – 519 мың теңге болмақ.
Қаржылық реттеу агенттігі төрағасы орынбасарының дерегінше, отандық сақтандыру нарығына 2 жаңа өнім – «кейінге қалдырылған» және «бірлескен» зейнетақы аннуитеттері жолдама алды.
– Кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті азаматтарға 45 жастан аннуитет келісімшартын бекітуге мүмкіндік береді. Бұл жағдайда ол 55 жастан ай сайынғы және өмір бойғы зейнетақы аннуитеті төлемдерін ала бастайды. Бірлескен зейнетақы аннуитеті жақын туыстарға, ерлі-зайыптыларға БЖЗҚ-дан әкеткен зейнетақы жинақтарын өзара біріктіріп, зейнетақы аннуитетін сатып алуға мүмкіндік береді. Мысалы, ерінің зейнетақы жинағы үлкен, әйелінікі тым аз болса, біріктірген соң, жұбайлар 55 жастан кейін екеуі де өмір бойы әрі тұрақты зейнетақы аннуитеті төлемдерін ала алады. Мұның сыртында оларға мемлекет те зейнетақы төлейді, – деді М.Хаджиева.
Бұл өнім де сұранысқа ие. Осы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша елде жалпы сақтандыру сыйлықақысы 655,4 млн теңгені құрайтын 106 мың зейнетақы аннуитеті шарты бекітіліпті.
Тағы бір өнім – 2024 жылдың 23 қазанында Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру енгізілді.
– Сақтандырудың бұл түрі халықты дәрігерлердің, медицина қызметкерлерінің кәсіби қателіктерінен, сапасыз медициналық қызметтен қорғауды күшейтуге бағытталған. Сақтандыру полисін ресімдеу процесін жеңілдету үшін медициналық ұйымдарға сақтандыру шартын жасасуға, ал пациенттерге сақтандыру төлемін электрондық нысанда алуға мүмкіндік беретін бірыңғай сақтандыру пулының платформасы іске қосылды, – деді Мария Хаджиева.
Биылғы 20 қарашадағы жағдай бойынша медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандырудың 712 шарты жасалды. Сөйтіп, 155 мың қызметкердің жауапкершілігі сақтандырылды.
Қорыта айтқанда, сала дамып, алға басып келеді. Айтқандай, жуырда бір топ Мәжіліс депутаты Үкіметке жүгініп, міндетті сақтандыру бойынша төлемнің ең жоғарғы (шекті) сомасын көтеруді ұсынды. Ол сома көп жылдан көтерілген жоқ және 600 АЕК-ті құрайды. Депутаттардың пайымдауынша, бұл қаржы қымбатшылық пен девальвация жағдайында салоннан шыққан жаңа көлікті жөндеп, қалпына келтіруге жетпейді. Қымбат көліктің бір шамының (фара) өзі бірнеше миллион тұрады. Бірақ Премьер-Министр сақтандыру компанияларын одан көп төлеуге мәжбүрлеуді құптамады.
– Клиенттердің төлейтін сақтандыру сыйлықақыларын көтермей, сақтандыру төлемдерінің шекті сомасын жоғарылату қиын. Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (КҚИ АҚЖМС) құны Қазақстанда көп емес. Сақтандырудың орташа құны 15 мың теңге болғанда, биыл шекті сомасы 600 АЕК немесе 2 215 200 теңге болды. Салыстырсақ, Ресейде сақтандырудың орташа құны 7 300 рубль (35 989 теңге), төлемі – 400 000 рубль (1 972 000 теңге). Батыс Еуропада сақтандыру полисінің орташа бағасы 500 еуро (ресми бағам бойынша 275 955 теңге), төлемі – шамамен 5 000 еуро (2 759 550 теңге), – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, КҚИ АҚЖМС сақтандыру ұйымдарына үлкен табыс әкелмейді. Олардың төлейтін сақтандыру төлемдерінің сомасы кейде жинайтын сақтандыру сыйлықақысынан асып түсіп жатады екен.
Десек те, Олжас Бектеновтың айтуынша, қаржылық реттеушіге (агенттік) нарықта бой көтерген жаңа мәселелерді қорытып, заңнамаға түзетулер әзірлеуге тапсырма беріліпті. Қалай болғанда, сақтандыру саласы әлдебір өмірлік қиын жағдайға қалған азаматтарға көмекке келетін әлеуметтік міндетін атқару сыртында, экономиканың артуына да қал-қадари үлесін қосып жатқаны байқалады.
Айхан ШӘРІП